II ТАРАУ

2 бөлім. ҚАЗАҚТЫҢ ҚАНЫШЫ

Еңбек етпесең, жиған білімің кәдеге жарамай жатқан Минерал секілді. Оның ішін аршып асыл кенін жарқырату үшін еңбек керек, қол мен ой қимылы қажет.

Қаныш Сәтпаев

Алыпты алып қана арқалай алады, Абайдай данышпанды Мұхтар Әуезов әлемге танытты. Сәтбаевтың ұлы тұлғасын Медеу Сәрсеке ұлықтады.

Ә.Нұршайықов

МЕДЕУ СӘРСЕКЕ

Медеу Сәрсеке қай өңірде туып-өскен?

Медеу Сапаұлы Сәрсеке Шығыс Қазақстан облысына қарасты бұрынғы Абыралы ауданы Қайнар кентінде 1936 жылы 2 қаңтарда туған. Ауылдағы орта мектепті Алтын медальмен тамам- дап, Алматыдағы Кен-металлургия институтына түсіп, инженер-металлург мамандығы бойынша бітіріп шыққан.

Жазушы шығармаларының ерекшелігі неде?

Медеу Сәрсеке

(1936 жылы туған)

М.Сәрсекенің «Жаңғырық» романы өндіріс тақырыбына арналған. Ондағы тартыс өндірістік қарым-қатынастардан туады. Бірақ оның негізінде адамдық, адалдық үшін күрес бар... Роман өндіріс адамдарының өмірін бүгінгі ғылыми-техникалық прогресс заманының шындығымен байланыстырып, үлкен прозаның байсалды реалистік үлгісінде суреттейді.

Серік Қирабаев

«Лениншіл жас» газетінің редакциясында 1958-1959 жылдарда әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып еңбек етеді. 1959-1964 жылдары өз мамандығына қайта оралып, Семей цемент зауытында ауысым мастері, зауыт диспетчері, өндіріс-техника бөлімінің аға инженері қыз- меттерін атқарады. Ол өндірістегі мамандардың қызығы мен қиындығы мол өмірінен терең сыр шертетін кітаптар жазды. Солардың бірі – «Жаңғырық» романы. Оның жалғасы ретінде «Көмбе» романы да кейіннен жарық көрді.
Медеу Сәрсеке ғылыми-фантастикалық жанрға да қалам тартып, қазақ әдебиетіндегі аталмыш жанрдың өрістеуіне де айрықша үлес қосты. Мысалы, «Ғажайып сәуле», «Көрінбестің көлеңкесі» мен «Жетінші толқын» ғылыми-фантастикалық шығармалары басылып шықты. Жазушы Ұлттық ғылым академиясының академигі Ебіней Арыстанұлы Бөкетов туралы «Ебіней Бөкетов», сондай-ақ тарихшы Ермұхан Бекмаханов туралы еңбектер жазды.
Кез келген халық перзентін толғантатын Семейде болған ядролық сынақтың адамзатқа тигізген ауыр қасіреті жазушының да қолына қалам алып, «Семей қасіреті» атты көлемді шығармасын жазуына себепкер болды.

Медеу Сәрсеке еңбегі қалай бағаланды?

1970 жылы «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, 2001 жылы ҚР-ның «Құрмет» орденімен марапатталды. Медеу Сәрсеке – Республикаға еңбегі сіңген зейнеткер. Семей қаласы мен Баянауыл ауданының «Құрметті азаматы» және «Павлодар облысына еңбегі сіңген қайраткер» атақтарына ие. Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық және Ш.Құдайбердиев атындағы Семей университетінің «Құрметті профессоры», ҚР-ның «Құрметті кеншісі» және Геология комитетінің «Құрметті кен іздеушісі». ҚР Ақпарат және қоғамдық тарих академияларының толық мүшесі.

«Қаныш Сәтбаев» роман-эссесі

Өз елінің қара тасын мақтан ете алмаған, өзге жердің алтынын да мақтап жарытпақ емес.

Қ.Сәтбаев

Қаныш Сәтбаев не себепті шығармаға арқау болған?

«Қаныш Сәтбаев» роман-эссесінің сюжеті академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың өмір жолына арналған. Шығарманың негізгі оқиға желісі көнекөз

Ғұлама ғалым –Қаныш Сәтбаев қарттардың естеліктерінен бастау алып, нақты деректер арқылы өрбіп отырады. Имантай бидің отбасында дүниеге келгенінен басталған шығарма дарынды азаматтың әр жас кезеңін ерекше сюжеттік бірізділікті сақтай отырып, баяндау тәсілі арқылы оқырманға түсінікті тілмен жеткізген. Болашақ ғалымның балалық шағы әдеби көркем тілмен жазылған. «Көктем шыға ауыл жайлауға көшеді. Қаныш үшін бұл сағынып күтетін ерекше күн! Бұл сәтті балалар қыс бойы шыдамсыздана күтеді. Төр жайлауға жеткенше неше тәулік жол жүру керек. Үрдіс көшпей, жолшыбай бұлақ, суларға екі ауыл он-он бес күннен қонып, мал мен жанға тыныс беріп, біртіндеп жылжып отырады. Көбіне қонатын жерлері Батпақкөл, Шыбындыкөл, Шөптікөл, Айнабұлақ, Шабақайдың басы, ең ақырында Нияз таулары.
Жомарт табиғаттың сезімтал балаға әсері ерекше. Шыр етіп жерге түскеннен бері ол соның аясында. Даланың шыжыған ыстығын да, қарлы боран, қақаған суығын да қаршадай кезінен көріп келеді. Соның бәріне де етене болып көндігіп, күн санап қанаты қатайған қыран бүркіттің болат тұяқ балапанына ұқсап жетіліп келеді».
Бала Қаныш алғашқы сауатын молдадан ашады: «...Жұмаш молданың алдында Қаныш екі жыл отырады. Көп жылдар Имекең тәрбиесінде болып, кіші ауылда өскен Тармызи Әбсәліұлы бұл жайында: «Қанкенің оқуға зеректілігі сонда-ақ мәлім болған. Ол біз құсап ескі оқуды әлденеше қыс мыжыған жоқ, сөзді де ежіктемей бірден оқып кетті. Мұхтасар мен биданды тез меңгерді. Сол себепті, би атам оны молда алдында көп ұстаған жоқ...» дейді». Қаныш бұдан соң он екі жасында 15-16 жастағы жасөспірімдер оқитын болыстық мектепке барып, үздік оқуымен көзге түседі. «Төңіректегі жұрт бұл ұяны «ағаш үйдегі мектеп» атандырған. Қаныш болса, 1909-1911 жылдарда оған қатынаған балалардың еңқұртақандайы. Сірә, содан да шығар, ересек шәкірттер оны ерекше жақсы көреді. Өзі де біржосын сүйкімді де қылықты бала. Үстінде қынамен боялған сары тон, онысы өсетіндігі есептеліп бірер қарыс ұзын әрі кең пішілген... Әрине, ол жалғыз жүрмейді. Өз ауылының ересек балаларымен бірге келеді, көбіне Бапай, Жұмағұл, Нұрлан сықылды күтушілері әкеп салып, қайтарында да ат, шаналарын сайлап күтіп тұрады».

2

Қаныштың әдебиетке құмарлығы училище қабырғасында оқып жүргенде арта түседі: «Көркем әдебиет кітаптарды оқуға ынтасын аңғарған Әбекең де інісін бір күні халық үйіне ертіп барады. Бұл үй өздері тұратын көшеде. Соның бәрінен де балаға халық үйінің кітапхана мүйісі ұнаған-ды. Қашан барсаң да неше түрлі газет, журнал тігінділері үстел үстінде тізіліп тұрады. Мүйістің кітап қоры көп емес, бірақ Қаныш үшін жарап жатыр. Ағасының есеп карточкасымен алатын ұзын тізбеге көп ұзамай жаңа авторлар қосылды: Л.Толстой, В.Максимов, М.Сервантес, Ж.Верн... Ауылда жүргенде қолына түскен кітапқа мәз еді, қазір таңдап, авторларына қарап алады. Сірә, әдеби шығармаларды көп оқудың әсері шығар, екінші жылдан бастап Қаныштың мазмұндамалары училищенің үлгі тақтасынан түспейтін болды: жазу мәнері, бәлкім, аса көркем болмас, ал берілген тақырыпты жан-жақты сипаттап, орыс тілінде қатесіз, еркін жазуы жөнінен училищеде тең түсер шәкірт тегінде некен-саяқ...». Өзiндей жастар ойын-сауықпен уақыттарын өткізіп жатқанда Қаныш тасты тасқа ұрып, сындырып, неше түрлі шақпақтас жинап жүретін болған. Етігінің қонышына балға салып жүріп, таудың тасын сындырып, ішін ашып көретін. Осылайша бала күнінен білуге, көруге, жүруге ынтызарлық Ұлытау атырабының жерасты қазынасын барлаумен қоса геолог Қ.Сәтбаевты әрдайым жаңа ізденістерге құмар етіп, соны іздерге жолықтырып отырған. «Кен барлаушының жол дәптерінде жер жынысын сипаттаумен бірге жүрген сапарларында өзіне кездескен тарихи түрлі белгі, таңбаларды да аттап өтпей, суретін салып, көрген-білгенін жазып отырғаны анық. Айталық, Бұланты өзенінің оң жағынан, тақтатасты жыныстардан (сланец) тұратын қима жартас бетінен ол көптеген хайуанаттар суретін табады; нақ осындай тас бейнелерді ол Тамды, Жетіқыз өзендерінің бойынан да көрген; ал Ұлытаудың ұлы шыңы Едіге үстіндегі, Бала Жезді мен Сарысу өзендерінің жағаларындағы адам мүсіндері ше; немесе Алашахан, Жошы, Домбауыл кесенелерінің көне құрылыстық, сәулет өнерінің үлгісі ретіндегі сипаты...».
Автор Қ.Сәтбаевтың оқуын аяқтап, еңбекке араласқан кәсіби өміріндегі сан қилы жағдаяттарды шығармадағы коллизия мен конфликтер арқылы шым-шытырық оқиғалармен өрбітіп отырады. «Қаныш Имантайұлының төзiмi жарым жылға жетті. Сайып келгенде, өмірін мансұқ етіп жүрген ісі - Үлкен Жезқазған мүддесін тоғышар шенеуніктердің ойына келгенін жасап, еріктерінше бопсалауына беріп қойып, тыныш жүре алмасын түсінген». Себебі бастықтар геологтер конгресіне барған сапарында жыл басындағы уәделерінен тайқып, қаржыны бұрынғыдан да аз беретінін, Қарсақбай комбинатының геологиялық бөлімі етіп қалдыратынын ашық айтады. Сондықтан Қаныш тағы да дабыл қағып, ең жоғарғы деңгейде әңгіме көтеруге бел байлайды. Алайда Қарсақбай комбинатының кезекті жаңа директорын (ал олар аяқкиім ауысқаннан да жиірек өзгеріп жатады, мыс зауыты жылдан жылға тағайындаған жоспарды орындаған емес, соған орай комбинат басшылары да жұлынып қала беретін) тізе қосып қимылдау ойына иландыра алмайды. Жаңа директор: «Менің міндетім – 30 мың тонна мыс беру», - дегеннен жаңылмады...».
Жазушы шығармасында суреттелетін қалалардың тыныс-тіршілігі мен географиялық орналасуындағы ерекшеліктің адам мінезіне ортаның әсері болатын нын сездіреді. Баянауыл, Ұлытау-Жезқазған, Қарағанды, Қызылорда, Ташкент, Томск, Мәскеу, Ленинград (Санкт-Петербург) және Алматы қалаларындағы еңбек өнімділігімен қоса адами факторлардың жан-жақты танылуына аса мән берілген шығарма кейіпкерлері шынайылығымен ерекшеленеді. Роман-эсседе Қ.Сәтбаевтың геологиядан басқа да ғылым салаларындағы мәдениет пен тарихтағы белсенді әрекеттері дәріптеліп, сіңірген еңбектері де кеңінен баяндалады. Мысалы, Қаныш қазақтың ән мұрасын жинауға шыққан зерттеуші А.В.Затаевичке көптеген әндердің шығу тарихын баяндап, жаздырады.

«Қаныш Сәтбаев - жас қазақ инженері, Томск технология институтында білім алған, – депті Александр Викторович соңғы жинағының 267-түсінігінде. – Баянауыл әндерін ол өте көп біледі және келістіре орындайды. Мына жинақ үшін ол көптеген әндер мен әуендерді айтумен бірге, солар туралы өте құнды деректер қосып, әмбе әндер мәтінін орыс тіліне мұқият аударып та берді...». Сәрсекенің роман-эссесінен халқымыздың маңдайына біткен ғұлама ғалымның өмірдегі шынайы адами, тұлғалық болмысы мен азаматтық қасиеттерін жіті тани аламыз.
Ғалымның азаматтық тұлғасына шығармаларын арнаған өзге де ақын-жазушылар аз болмады. Мысалы, ақын Кəкімбек Салықов Қ.Сәтбаевтың шыққан биігін дүниежүзіндегі ең биік шың – Эвереске теңейді:

Жаманды жақсыменен өлшетуге,
Екеуін жалғастырып көрші етуге.
Қаныштар келген екен Жер бетіне,
Өресін кісіліктің көрсетуге.
Көп зерлеп тауларым мен ойпатымды,
Тудырды кен болжағыш ой татымды.
Кейбіреу аруағымен арпалысса,
Ол көкте жұлдыз болып қайта туды.
Анадан асыл тұлға туыпты ірі,
Туған ел сүйді заңғар біліктіні.
Ғылымның Гималайын жасады да,
Болды өзі Эверестей биік шыңы.

Мазмұны