VIII ТАРАУ

Қадыр Мырза Әлі

(1935-2011)

Ендi турасына көшсек, мүбәда қазақ поэзиясына осы ғасырдың орта тұсынан өме беріп, соңгы отыз жылда тек қана өзiне тән өзгеше мазмунын ашқан, тек қана өзiне тән өзгеше пiшiнiн тапқан шын мәнiндегi шынайы талант екеу болса - бірі, біреу болса - өзi - Қадыр Мырза Әлі.

Зейнолла ҚАБДОЛОВ

Қазақстан Республикасы Халық жазушысы, ақын Қадыр Мырза Әли 1935 жылы 5 қаңтарда Батыс Қазақстан облысының Сырым (Жымпиты) ауданында туды. 1958 жылы әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін үздік бітіргеннен кейін, ғылыми кеңестің шешімімен оны аспирантурада оқуға қалдырады. Алайда поэзияны пір тұтқан жас ақын жаңа ашылған «Балдырған» журналына қызметке орналасады. Содан арада төрт жыл өткенде республикалық әдеби журнал «Жұлдызға» ауысып, онда білім меңгерушісі, жауапты хатшысы, бас редактордың орынбасары болып қызмет атқарады. Сол уақыттан бері осынау көрнекті журналдың тұрақты редколлегия мүшесі. 1968-1973 жылдар аралығында ол «Жазушы» баспасында қазақ поэзия бөлімінің меңгерушісі, одан кейін Қазақстан Жазушылар Одағында поэзия секциясының кеңесшісі болады.
Қадыр Мырза Әли — еліміздегі аты мәшһүр жыр дүлділерінің бірі. Оның бірінші туындысы 1954 жылы республикалық «Пионер» балалар журналында жарияланды. Содан бергі уақыт ішінде оның жетпістен астам поэзиялық, прозалық, сондай-ақ әдеби-сын кітаптары жарық көрді, өлеңдері мектеп оқулықтарына енді. Ал әнге арнап жазылған өлеңдерінің саны екі жүзден асты. Олардың көбі халыққа кең тарады, «Күндер-ай» атты жеке кітап болып басылып шықты. Баспа бетінде Қадыр шығармалары туралы айтылған пікірлер өте көп. Қадыр Мырза Әли — қазіргі қазақ әдебиетінің майталман шебері, классигі. Мәселен, ақынның шығармашылығы жөнінде академик С.Қирабаев: «Туған жер туралы толғанысты оның тарихы, салт-дәстүрі, халықтың жақсы мінездері жайлы ойлармен ұштастыруда. Қ.Мырзалиевтің ізденістері өте бағалы. «Ой орманы», «Дала дидары» кітаптары қазақ тағдыры жайлы ақынды тебіренткен ойлардың біздің бүгінгі өмір-тіршілігіміздің мән-мақсатын сезінуге бастайтынын көреміз. Ол шындыққа, құбылыстың сырына, дала тарихына ой көзімен қарауға үйретеді-десе, академик З.Қабдолов: «Енді тұрысына көшсек, мүбәда қазақ поэзиясына осы ғасырдың орта тұсынан өте беріп, соңғы отыз жылда тек қана өзіне тән өзгеше мазмұнын ашқан, тек қана өзіне тән өзгеше пішінін тапқан, шын Қадыр Мырзалиев,» — деп оның өлеңдерін, поэмаларын аса жоғары бағалады.
Қ.Мырза Әли ең алғаш өзінің шығармашылық жолын балаларға арнап өлеңдер жазудан бастаған ақын. Ал балаларға арнап шығарма жазудың өзіндік ерекшелігі, көптеген қиындықтары бар. Балаларға арнап шығарма жазу үшін автордың балалардың мінез-құлқын, психологиясын, қабылдау дәрежесін жете білуі аса қажет. Қ. Мырза Әли балалардың психологиясын, мінез-құлқын, жазумен айналысқан педагог жазушы екенін танытты. Оның «Көктем» (1959), «Жаңғалақтар» (1960), «Кішкене Қожанасырлар» (1961), «Ноян қоян» (1962), «Алуан палуан» (1963), «Сабақ» (1964), «Шымыр жанғақ» (1984) сияқты кітаптары өзінің идеялық көркемдік сапасының шымырлығымен қазақ балалар әдебиетінің алтын қорына қосылған туындылар. Ақынның өлеңдері баланың ұғымына жеңіл оқуына оңай. Бәрі де бала жүрегін жаулап алатын, олардың жан-дүниесін тербетер, әдемі, көрікті. Өмірге келген әр жасөспірімнің білім қорын байытып, өмірлік сабақ алуына ұйымды түрде тікелей жәрдемдесетін еңбектер. Көркем өнерінің аса маңызды саласы балалар әдебиетінің өсіп-өркендеуіне Қадыр ақынның сіңірген еңбегін республика жұртшылығы лайықты түрде бағалаумен келеді. Оған дәлел: оның балаларға арналған көптеген кітаптарының қайта-қайта, жеткіншектердің күнбе-күн қолдан тастамайтын рухани игілігіне айналуы.
ХХ ғасырдың 60-жылдарынан бергі жарты ғасырға жуық ақын шығармалары ересек оқырмандарға айналды. 1965 жылы жарық көрген «Ой орманы» атты өлеңдер жинағындағы мазмұны терең, көркемдік дәрежесі биік өлеңдермен-ақ ақын қалың оқырманның жылы ықыласына бөленіп, бірден әдеби қауымға жете таныла бастады. Оған дәлел — 1966 жылы «Ой орманы» өлеңдер жинағы үшін ақынға Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының берілуі. Одан кейінгі жылдары ол өндіре жазып, көптеген өлең кітаптарын бастырды. «Дала дидары» (1966), «Бұл бағы» (1967), «Ақ отау» (1968), «Домбыра» (1975), «Алақан» (1977), «Қорамсақ» (1980), «Көкпар» (1981), «Күндер-ай» (1984), «Күміс қоңырау» (1985), «Қызыл кітап» (1986), «Қылыш пен қанжар» (19991), «Мәңгі майдан» (1992), «Заман-ай» (1997), «Еңіреп өткен ерлер-ай» (2001) т.б. 2001 жылы «Қазығұрт» баспасынан Қадыр ақынның таңдамалы туындыларының 12 томы жарық көрді. Сан жағынан да, сапа жағынан да осыншама мол әдеби мұрамен жиырмасыншы ғасырдағы қазақ әдебиетінің байлығын молайта түскен ақын халықтың рухани мәдениетінің байып, биіктей беруіне орасан зор еңбек сіңірді. Оның шығармаларының тақырыптары да әр алуан. Алайда өлеңін қай тақырыпқа арнаса да, Қадыр ақын негізгі нысанасы, адамда, оның еңбегін, дәстүрін, тұтастай тұлғасын танытуға ұмтылады. Адамды жырлауда Қадыр ақынның да өзіндік ерекшелігі, өзіндік мәнері, көркемдік қолтаңбасы айқын көзге шалынады. Мәселен, адамның жан дүниесінің алуан-алуан сырлары бар екенін, адам өмірінің күрделігін ақынның өзінше жыр өрнегіне түсіруге талпынуын көреміз.
Қадыр ақын үнемі адам бойынан ізгілікті, жақсылықты жарқын сипаттарды іздеп табуға ұмтылады. Адам басындағы сол ұнамды қасиеттерді биік шабытпен жырлайды. Оның өлеңдерінен ақынның адамға деген шынайы сүйіспеншілігі, махаббаты жарқырап көзге түсіп отырады. Еңбек — адамдарды, халықты өсіретін, алдына қойған арман — мұратына жеткізетін құдірет күш екенін Қадыр ақын шығармашылығында жеткізе айтқан. «Оянған өлке» атты өлеңінде ол келіп, еңбек арқылы жеткен ұлан-ғайыр тарихи табыстарын көркемдік бейнеге түсірген. Адамды ардақтап, көкке көтере жырлаумен қатар, Қадыр ақын оның бойында бар кемшіліктерді де көре біледі. Адамдарда жиі-жиі ұшырайтын ашқарақтықты, тойымсыздықты, қанағатсыздықты, ақша қуып байлықты арман ететін дүниеқорлықты ақын өткір жыр тәсілімен түйреп отырады.
Қадыр Мырза Әли — негізінде ұлттық ақын. Ұлттық ақын болғанда қазақ халқының ақыны. Оның туған халқының арғы-бергі өмірі, тіршілігі, туралы жазған өлеңдері өте көп. Сол өлеңдердің барлығын жинақтап айтсақ, қазақ халқы өмірінің көркемдік шежіресі, әдебиеттегі образды тарихы деуге де болады. «Бабамыздың шоқ басқан табанымен» атты ел аузында жатталып кеткен атақты өлеңінде ол қазақ халқының ғасырлар психологиясын, экономикалық, әлеуметтік, саяси бейнесін тарихи шындыққа сай үлкен көркемдік шеберлікпен суреттеп береді.
Өз елін, халқын өлшеусіз махаббатпен, жан-тәнімен, жалынды жүрегімен беріле сүюдің үлгі — өнегесін де Қадыр Мырза Әли өлеңдерінен танимыз. Ақынның бірсыпыра өлеңдерінде жер бетіндегі адамзаттың халыққа апат әкелетін қырғын соғысқа қарсылығы, бейбітшілік үшін қажырлы күресі суреттелген. Ол арғы-бергі тарихтағы Шыңғысхан, Бату, Напалеон, Гитлер, Муссолини сияқты басқыншы қолбасшылардың қолымен, жасалған жауыздық ізін жырға қосады, айуандықты айыптайды.
Әсіресе, Қадыр Мырза Әли өлеңдерінде 1941-45 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезеңдегі кеңес адамдарының қаһармандығы, тап болған алапат қиындықтарға төтеп берген төзімділігі, ғажайып жігер-күш танытуы айқын да көркем бейнелермен берілген. Бұл өлеңдерден Қадыр ақынның өзі қатар тұрғылыстарына әріптестеріне ұқсамайтын, өзіндік мәнері, тапқырлығы байқалады.
Қадыр Мырза Әли — достық атты адамдар бойындағы ең бір асыл қадыр- қасиеттің жыршысы. Оның «Миым менің қажығанда», «Досым болсаң!», «Айтқан бойда еретін», «Танып ниет теңіз», «Жолдас үшін үй жақын» т.б сияқты өлеңдерінде адамдар арасындағы достық сезімінің алуан-алуан әдемі суреттері бар. Адам бойындағы достық атты қасиетті, киелі сезімді жырлағанда Қадыр бұрын-соңды қазақ поэзиясында ұшырайтын көптеген көркемдік бояуларды қайталамайды. Ол тың поэтикалық өрнектерді табуға ұмтылады. Бұл адамдардың арасындағы шынайы достықты жырлау үстінде ақын тапқан қазіргі қазақ поэзиясындағы жаңа көркемдік — бейнелеу құралдары, тың да мәнді-мазмұнды поэтикалық өрнектер. Жеке адамдар арасындағы достық туралы өлеңдермен қатар, Қадыр ақын халықтар арасындағы қасиетті, қадірлі достыққа да өзінің көп өлеңдерін арнаған («Орыс досыма», «Цыган жыры», «Өзбек», «Қырғыз құшағында», «Тәжік топырағында», «Түркімен түрінде»). Бұл өлеңдерде ақынның қазақтардың достыққа дегенде аса қабілетті, өте берік, ешқашан айнымайтын ақжүрек адалдығын жақсы суреттеген. Жеке адамдарға арнап өлең жазу — қазақ поэзиясында ежелден үзілмей келе жатқан дәстүр. Махамбет, Абай шығармаларында кемелденіп, еңсесі биіктей түскен бұл көркемдік үрдістің жиырмасыншы ғасырдағы қазақ поэзиясында жалғаса түскені де баршаға аян. Сол дәстүрді ілгерілете түскен ақындардың бірі — Қадыр Мырза Әли. Туған еліне өлшеусіз еңбек сіңірген, өнерпаздарына, ақындарына арнаған Қадыр ақынның өлеңдері аз емес «Абылай», «Қабанбай асында туған ой», «Сырым Датұлы», «Амангелді», «Мәншүк» сияқты шығармаларында ол арғы-бергі қаһармандардың ерлік бейнесін шабытты жыр өрнектерімен сомдайды.
ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің алыптары Абайға («Күні келген кемеңгер»), Шоқанға(«Шоқан»), Ыбырайға(«Ыбырай»), ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің классиктері Ахметке («Ахмет Байтұрсынұлы»), Мұқтарға( «Мұқтар Әуезов»), Ғабитке («Қара шал») арнаған Қадыр ақынның өлеңдері қазақ поэзиясындағы арнау өлеңдерінің жақсы үлгілерінің қатарын толықтыра түседі. Ақын бұл шығармаларымен де ұлттық поэзияға тың серпін жаңа үн, соны көркемдік бояулар әкелді.
Қазақ әдебиетінің өркендеп өскен бір саласы — табиғат лирикасын молықтыруға да Қадыр ақын едәуір еңбек сіңірді. Оның Жаз(« Жаңбырлы жаз»), қыс («Қыс қамын ерте баста жабыла ойлап»), («Көк тоғай») т.б. жырлары туған елінің табиғатын үлкен ақындық шеберлікпен суреттеген туындылар. Ақынның табиғат жырлары — оқырманның эстетикалық сезімін байыптайтын, туған жердің табиғатына деген сүйіспеншілікті арттыра түсетін еңбектер. Ақынның табиғат туралы барлық жырларында да оның туған жерге, ел жұртына деген сүйіспеншілігі, перзенттік сезімі көрінеді. Әдебиеттің барлық өкілі жабыла жырлаған махаббатты да шарлап өткен шиырлардан бойын аулақ ұстап, өзінше тың пікірлер айтуға, қасиетті сиқырлы сезімінің жаңа бір қырларын ашпақ болған талпынысы да табыссыз емес. «Махаббат — ғашықтың пернесі» атты цикл өлеңдерін жазды.
Қадыр Мырза Әли өлеңді көп жазған ақын. Қадыр ақын — өзіне дейінгі аса ірі ақындардай, сөздері мірдің оғындай жыр дүлділі. Оның жоғарыда айтылғандай, көп шығармалардың ішінде қанатты сөздер, афоризмдері де жиі ұшырайды. Қадыр Мырза Әли — ХХ ғасырдағы қазақ поэзиясының жан -жақты өсіп, өркендеуіне, кемелденуіне зор еңбек сіңірген үлкен ақын. Оның өлеңдері ешқашан, Абай айтқандай, бөтен сөзбен былғанған емес. Қайта ол «қиыннан қиысып, тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін айналасы теп -тегіс, жұмыр» боп келеді. Сондықтан да, оның лирикасын қалың оқырман әр уақытта сүйіп оқиды. Ол сөз өнерін еркін меңгерген, халықтың ең етене жақын рухани серігіне айналған көркем сөздің зергері. Қадыр Мырза Әли — эпик ақын. Ол ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетіндегі поэма жанрының өсіп жетілуіне көп еңбек сіңірді. Оның поэмаларының көбі лирика — публицистикалық сипатта жазылған.

Қызыл кітап поэмасы

Мылтық көрсем төрлерден іліп қойған,
Менің мазам кетеді күдікті ойдан.
Жұртпен бірге мәз болып,
Ду-ду етіп
Қайта алмаймын одан соң күліп тойдан.
Аңшылыққа қалай жұрт қызығады?!
Қан жуады олардың ізін әлі.
Көргеннен-ақ мылтықты
Менің үшін
Дүниенің дидары бұзылады.
Аяймын мен анасыз,
Атасызды.
Аяймын мен құлынсыз,
Ботасызды.
Хайуанатқа жасаған қиянатың —
Бауырыңа жасаған опасыздық!
Қызыл түлкі даланың көрігі еді.
Жаға болып ол енді «керіледі».
Бөкебаймен бүркеулі анау қалпақ —
Қалпақ емес —
Қақпан боп көрінеді.
Тымырсығы-ай!
Қалада жел еспейді.
Жел есетін бұл жайлау емес дейді.
Анау киім ілгішке көзім түссе,
Бұғылардың мүйізі елестейді.
Ауылда, өспе, мейлі, сен қалада өспе,
Анаң сенің бәрібір
Дала емес пе?!
Терезеге ұстаған анау шілтер
Құсқа құрған торларды салады еске.
Айналайын бұлбұлым,
Бал таңдайым,
Саған тор да,
Қасқырға қақпан дайын.
Шынтақтаған жастықты
Көрінеді
Аққу-қазды жаныштап жатқандайын.
Өкпелетпеу керек қой қожайынды.
Айта алмайсың халыңды,
Не жайыңды.
Ұстай беріп айырды
Шошып кетем
Шаншығалы жатқандай дәу жайынды!
Тартып алған аңдардың бір киерін,
Қыз-келіншек үшін мен құр күйемін.
Кешіре гөр біздерді,
Әулие көл!
Кешіре гөр біздерді,
Қыр киелі!

2

VI бөлім

Ұстағандай тұтқасын әлдененің,
Кейбіреудің көрсеңіз дәндегенін?!
Құсты айтасыз,
Сөз боп па құс дегенің?!
Аңды айтасың,
Сөз боп па аң дегенің?!
Шүкір! Шүкір!
Сұмдықтан Далам аулақ.
Сол Далада өседі балам аунап.
Бірақ, бірақ,
Кәдімгі осы адамдар
Адам сатқан бір кезде,
Адам аулап!
Керек еді жазалау әңгілерді,
Кім тыңдаған ол кезде мән білерді?!
Құл сатушы кәззәптар
АҚШ-ына
Торға қамап жеткізген зәңгілерді.
Айдаһарға дауа жоқ жеті басты!
Кейбіреудің одан да ақылы асты.
Адам емес,
Маймылдың бір түрі деп
Зообақта ұстаған папуасты!
Жіберілген «жігіттер» әскер үшін
Мәз қылам деп Париждің жас перісін,
Тірідей-ақ
Парикке лайықтап
Үндендердің сыпырған бас терісін.
Күні бітсе құндыз бен құнулардың,
Ешқандай да қақы жоқ бұғуға ардың.
Сөйте тұра
Фашистер
Төсек үшін
Бұрымдарын қырыққан сұлулардың.
Тұла бойын тілгілеп сабау-қайғы,
Қара жердің жотасы алаулайды.
Орта ғасыр өткенмен
Кейбір елде
Адамдарды, бауырым, әлі аулайды!
Ысқырғанда құлдықтың қамшылары,
Белгілі ғой кімнен қан тамшылары!
Аңдып жүріп атады
Зәңгілерді
Ку-клукс-кланның аңшылары!
Бас орнында демесең,
Шаш орнында.
Өмірге аян мықтың да,
Нашарың да.
Африкалық бір король
Өз елінің
Премьерін жеп қашқан қашарында!..

IX бөлім

Кетем іштей тітіреп,
Түршігіп те:
Дүниені төңкерер бір шүріппе!
Жоқтайтұғын бүгінде хайуанат көп,
Ойланатын нәрсе көп тіршілікте!
Отыратын кез емес түңіліп құр.
Төзім тауы бор болып үгіліп тұр.
Айналаңа қарашы,
Адамдарға,
Өзіңе-өзің қарашы үңіліп бір!
Сөз болып па кәрілік,
Қарттығымыз!
Бізге лайық бір жүкті артты ініміз.
Кеткен жоқ па азайып ерлігіміз?!
Кеткен жоқ па жоғалып мәрттігіміз?!
Талай темір көк тасқа қайырылды,
Талай тәңір сенімнен айырылды.
Адамбысың сен өзі мейірімді?
Адамбысың сен өзі қайырымды?!
Тазамысың?
Тірлікке ризамысың?
Түтін толы әлдебір мұржамысың?
Алар жерге келгенде қанағатшыл,
Берер жерге келгенде мырзамысың?!
Өкпе емес пе осыным,
Наз емес пе?!
Кейбіреулер барына мәз емес пе?!
Туыс көп те
Жоқ бірақ туысқандық.
Адам көп те,
Адамдық аз емес пе?!
Қараңызшы үлкенге,
Кішіңізге:
Орынында ма санамыз?
Күшіміз де?!
Мамонт құсап
Жігіттік
Азаматтық
Қалған жоқ па көміліп ішімізде?!
Жақсылықтың алдында бас иетін
Бабалардың не істейміз өсиетін?!
Жер жоғалтса не болмақ перзенттерің?
Ер жоғалтса не болмақ қасиетін?!
Түгел жыртып,
Тастақты айдағандай
Отырмын мен,
Отырмын ойға қанбай:
Адамдығын жоғалтсақ адамдардың
Хайуанатты жоқтаудан пайда қандай?!

X бөлім

Одан көріп,
Ақыры бұдан көріп,
Таласқаннан не таппақ құлан, керік?!
Жоғалтқанды жоқтаған жөн болғанмен,
Жоғалтпаған жақсырақ одан гөрі!
Әттең, бірақ!
Аспанның бұлты биік
Жаңбыр емес,
Өтеді сілті құйып,
Жоқ боп кетті
Әдемі теке мүйіз,
Айғыр жалды көгілдір жылқы киік!
Қара жерді жылатып,
Еңіретіп
Кетті солай дронттың өмірі өтіп.
Екі ғасыр бұрын біз
Ең ақырғы
Су сиырды өлтірдік мөңіретіп.
Қызыл-жасыл,
Зер өңді,
Қалайы түр
Тотылардың музейде талайы тұр.
Адамдардың алдында
Ақырғы рет
Ышқынды да
Көз жұмды жабайы тур.
Осыны айтсаң,
Күрсініп,
Тоқтайды жел. Өкініштің мылтығын оқтайды шөл.
Солқ-солқ етіп жылайды
Опат болған
Перзенттерін еске алып,
Жоқтайды жер.
Одан көріп,
Ақыры бұдан көріп,
Таласқаннан не таппақ құлан, керік?!
Жоғалтқанды жоқтаған жөн болғанмен,
Жоғалтпаған жақсырақ одан гөрі!
Отыра алмас ұл шыдап,
Қызың шыдап.
Жоғалғандар тізімі — ұзын шұбақ.
Қызыл кітап —
Мезгілсіз кеткендердің
Бастарына қойылған қызыл шырақ!
Келеді кез,
Күрделі біздің бұл кез!
Жаутаңдайды адамға түзде мың кез,
Қызыл кітап —
Опат боп кеткен аңның,
Бастарына қойылған қызыл күмбез.
Қашқан кезде адамнан
Ізін қандап,
Тау ешкісі өтеді құзыңды аңдап.
Қызыл кітап —
Тірі жан тимесін деп,
Хайуанатқа берілген қызыл мандат.
Баяғыдай көбінің халы бірақ —
Мойындарын үзеді әлі бұрап.
Қызыл кітап —
Бұл өзі қызық кітап:
Тысы жұқа,
Астары қалыңырақ!

3

Сұлтанәлі Балғабаев

(1946 жылы туған)

Драмалық шығарманың міндеті дұрыс пен бұрысты, ұнамдылық пен ұнамсыздықты, ізгілік пен жауыздықты келістіру, бітістіру емес, қайта олардың тартысы мен күресiн әбден шиеленістіру, сөйтiп, әрқайсысының табиғатын терең ашу, жарамсыздықтың қандай түрiн болса да жерiне жеткізе әшкерелеу ғой.

Әбділда ТӘЖІБАЕВ

Сұлтанәлі Балғабаев 1946 жылы 21 мамырда Қызылорда облысы, қазіргі Шиелі ауданы, Мұстафа Шоқай ауылында дүниеге келген. Мектеп бітіргеннен кейін, 1964–1966 жж. туған ауылында шопан болған.
1971 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп, «Білім және еңбек» («Зерде»), «Мәдениет және тұрмыс» («Парасат») журналында, «Жалын» баспасында, Қазақстан Жазушылар одағында қызмет істеген. Он жылға жуық Ғ.Мүсірепов атындағы Мемлекеттік академиялық жастар мен балалар театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі болған. Қазір Дүниежүзі қазақтары Қауымдастығы төрағасының орынбасары, «Алтын бесік» журналының Бас редакторы. Қазақстан Жазушылар одағының соңғы үш құрылтайында одақтың басқарма мүшесі болып сайланған. Сонымен бірге қазір Жазушылар одағының Драматургия кеңесінің төрағасы. Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында ұстаздық қызметте.
1978 жылы «Жалын» баспасынан «Жұлдызың жансын» атты қазақ спортшылары туралы деректі повестер мен әңгімелер жинағы шыққан. Одан бергі уақытта оның «Алтын сағым» (1979), «Құм мен қызғалдақ», «Шөл» (1984), «Дала мен дария» (1988), «Красная гармонь» (1992), «Қазақтың қызыл кітабы» (1988) атты повестері мен әңгімелері, мақалалар жинақтары жарық көрген. 2009 жылы «Сырдария кітапханасы» сериясы бойынша қаламгердің «Сыр мен Сарысу», «Ғажайып көктем» атты екі томдық таңдамалы шығармаларының жинағы жарық көрген.
С.Балғабаев 80ші жылдардан бастап драматургия жанрында жемісті еңбек етіп келеді. «Қыз жиырмаға толғанда», «Біз де ғашық болғанбыз», «Қазақша күрес» (Қазақстан Мәдениет министрлігінің жабық бәйгесінде жүлде алған), «Әйелдер әлемі немесе ең жақсы еркек», «Ең әдемі келіншек», «Ғашықсыз ғасыр», «Тойдан қайтқан қазақтар», «Жымбала, Мико және қасқыр», «Сағыныш пен елес», «Өтірік айтпайтын адам», «Әйелдер әлемі» атты пьесалары республикалық театрларда сәтті қойылып жүр. Автордың драмалық шығармалары «Ең әдемі келіншек», «Біз де ғашық болғанбыз» деген атпен екі рет кітап болып жарық көрген. Халықарлық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің, «Қазақстан Республикасына 10 жыл», «Астанаға 10 жыл» мерекелік медалдарының иегері.

"Тойдан қайқан қазақтар" пьесасы

Бірінші бөлім

Шағын перрон. Көз байланған кез. Сахнаға Мэлис Әлібаевич, Асай Мүсеевич, Қошқарбай шығады. Соңдарында көркемөнерпаздар ансамблі. Ансамбль әндетіп, билеп келеді.

Жасасын біздің меймандар!
Біздің меймандар жасасын!
Жасасын жақсы меймандар!
Құрметті мейман жасасын!

Жасасын жақсы ағалар!
Асыл ағалар жасасын!
Жасасын қамқор ағалар,
Бастық ағалар жасасын!

Жігіттер музыка ойнап, қыздар мың бұрала билеп, думанды қыздыра түседі. МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. /бишілерге қосылып билеп кете жаздап/. Ай, керемет қой!.. Керемет!.. АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. /саусағын сыртылдатып биге қосылып/. Иә-иә, ғажап! Қандай әдемі!.. Қандай әдемі!..
ҚОШҚАРБАЙ. Біздің ауылдың бәрі осы!.. Шетінен әнші!.. Шетінен биші!..
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Жалпы, біздің халық дарынды халық қой!..
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Шетінен дарынды!.. Шетінен қабілетті!..
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Біздің қазақ ұлы халық қой!
ҚОШҚАРБАЙ. Дұрсы айтасыз! Біздің қазақтар деген... /әндетіп/

Жасасын біздің қазақтар!
Қазақтар біздің жасасын!
Ұлы қазақтар жасасын!
Дана қазақтар жасасын!
Көркемөнерпаздар қосылып әндетіп билейді:
Жасасын біздің қазақтар!
Батыр қазақтар жасасын!
Ақын қазақтар жасасын!
Дана қазақтар жасасын!

МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Өте керемет! Бүгінгідей той, бүгінгідей мереке өте сирек болады. ҚОШҚАРБАЙ. Бәрі сіздің арқаңыз, Мэлис Әлібаевич! Сонау Алматыдан өзіңіз келген соң жігіттер аянған жоқ! Барын салды!
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Ертең Алматыға барған соң айтамыз бұл туралы! Тиісті орындардың бәріне жеткіземіз.
ҚОШҚАРБАЙ. Оның үстіне мына кісінің де... /Асай Мүсеевичке қарап/. Асеке!.. Асай Мүсеевич дейім, сіздің баяндамаңыз... бүгінгі тойдағы баяндамаңызды айтам, сондай керемет болды!
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Ау, енді бүкіл Академияның атынан сөйлеген соң керемет болмаса болмайды ғой.
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Гениально!.. Классика!..
ҚОШҚАРБАЙ. Иә-иә, сондай!.. Әсіресе, батыр бабамыздың бес жасында шешен, он жасында қол бастаған көсем болды деген фактіңіз өте күшті екен. Айтпақшы, ол фактіні қайдан тауып жүрсіз?!
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Таптық қой!.. Ғалым болған соң іздену керек!.. Мен ол туралы бүкіл газетке жазғам!... Оқымайсыңдар!..
ҚОШҚАРБАЙ. Жо-жоқ, неге оқымаймыз?! Оқимыз ғой!.. Ойпырмай, бес жасында шешен, он жасында көсем – шынында ғажап!
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Мен үш жасында деп жазайын дегем!.. Қайта сыпайыладым ғой... МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Айтпақшы, тойдағы төбелес осы мәселеден шықты дейді... Біреулер оған сенбей ме, қалай? Асеке, осы фактіні архивтен алдым деген жоқ па едіңіз?
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Иә-иә, алуын алғам ғой... Бірақ енді ол тым ерте, осыдан үш жүз жыл бұрынғы жағдай... ол кезде халық сауатсыз... архив мәселесі нашарлау...
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Дұрыс айтасыз!... Қазақ деген қымызды ішуді білген... көп қатын алуды білген... ал архив жазуды білмеген. Соған да мен кінәлімін бе?
ҚОШҚАРБАЙ. Асеке, біздің жақта да үнемі осы... Той болса аяғы төбелес!
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Иә, біздің жақта да осындай!.. Бірақ сіздерде сұмдық екен!.. Қатындарына дейін төбелесті... Бәрі мас!..
ҚОШҚАРБАЙ. Әдейі жасайды!.. Бізде кірмелер бар!.. Басқа рудың адамдары... Солардың қастандығы!.. Көре алмайды иттер!..
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Иә, қазақ болған соң болады ғой ондай! Бірақ біз провокацияға жол бермеуіміз керек!
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Дұрыс айтасыз!.. Біз тарихты дұрыс білмейміз... Меніңше осы шежіре жазуды мемлекеттік деңгейде қолға алу керек!
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Ұсынысыңыз өте орынды! Елдің ертеңін ойлағын мәселе бұл! АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Әп, бәрекелді!.. Міне, басшылардың бәрі осылай ойласа ғой – біз қайда, ендігі талай жерге барып қалар едік!
ҚОШҚАРБАЙ. Мен де соны айтам! Қазақтың қайраткерлерінің бәрі сіздей болса ғой, шіркін!.. МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Е, қызмет істеген соң халықты ойлау керек! Сол үшін жүрміз ғой міне, күн-түн демей!
ҚОШҚАРБАЙ. Қандай тамаша сөз!.. Айтпақшы, Мэлис Әлібаевич, тағы бір шаруа бар еді... Кішкене шай дайындап қойғанбыз...
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Жо-жоқ, пойыздан қалып кетеміз!
ҚОШҚАРБАЙ. Қалмаймыз! Бұл «Қазақстан» пойызы ешқашан уақытында келген емес... Үнемі кешігіп жүреді.
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Сонда да болмайды! Ертең жиналыс... Баяндама жасау керек!
ҚОШҚАРБАЙ. /сыбырлаңқырап/ Оның үстіне шамалы конвертымыз де бар еді...
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. /ол да сыбырлаңқырап/ А, солай ма? Е, онда баяндама күте тұрады ғой... /Мэлис Әлібаевичке қарап/. Мәке дейім! Мынау Қошқарбай деген жігіт өзі азамат жігіт екен! Бармасақ ұят болады! Ренжіп жүрер!
ҚОШҚАРБАЙ. Иә-иә, солай!Ештеңеден алаңдамаңыздар!.. Біз сіздерді пойызбен келесі ауданның шекарасына дейін шығарып саламыз!
Бәрі сыртқа беттейді. Көркемөнерпаздар әндетіп соңдарынан ереді:

Той жасағандар жасасын!
Ас бергендер де жасасын!
Шапан жапқандар жасасын!
Ат мінгендер де жасасын!

Екінші көрініс

Сол перрон. Вокзалға «Қазақстан» пойызы келіп тұрғаны аңғарылады. Перронда 60 жастар шамасындағы бір кісі вагонды жағалап жүгіріп жүр. Бұл – Билетсіз жолаушы БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. /жанұшыра айқайлап/. Әй, ағайындар! Прәбәдниктер! Мені Сұлутөбеге дейін ала кетіңдерші! Сұлутөбеге дейін! Бір-ақ адаммын!
Бір вагонның есігінен Жолсерік келіншек көрінеді:
ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Не болы? Біреу бауыздайын деп жатқандай, не болды сонша ойбайлап?! БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Қарағым, қарындасым! Сұлутөбеге дейін ала кетші!
ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Қайдан көрсең осы – ылғи сандалбай қазақ! Сыған сияқты қаңғырады да жүреді. Үйлеріңде отырмайсыңдар ма? Билет қайда?
БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Билет жоқ!.. Билетті енді алайын деп тұр едім, депутатпын деп біреу тап алдымнан қақты да кетті.
ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Обалың депутатқа болсын! Билет жоқ болса орын да жоқ, бар айда!..
БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Қарағым! Жүзің жылы жақсы бала екенсің!.. Мен түрегеп-ақ барам! ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Жарайды, қанша бересің!
БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Бергенде – берем ғой... Өзінің бағасын берем!
ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Тапқан екенсің ақымақты!
БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Қарағым-ау, оқудағы балама барып... қазіргі кезде бала оқыту деген...
Бұрын тек оқуға түсерде ғана беретін едік... Енді ай сайын... сессия сайын... Біресе ақша сұрайды... Біресе соғым сұрайды... Тіпті күріш, консерві сұрайтындары да бар... Бұл институт дегеннің мұғалімдері әбден құтырды.
ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Қазір су тегін оқитын баяғы коммунизм жоқ, ағасы... Айтпақшы институтқа барған болсаңыз айдаладағы бұл станцияда нағып жүрсіз?
БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Осы жерде аталарымыздың ескі қорымы бар еді. Жол үсті болған соң құран оқи кетейін деп түсіп едім, қарағым!
ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Ха-ха! Міне, қазіргі жұрттың бәрі осындай! Біресе күнә жасап пара беремін дейді, біресе мұсылман болып, құран оқимын дейді.. Адамды өстіп ақымақ қылады. Басты қатырмай, анда, басқа вогонға барыңыз. /Вагонға кіріп кетеді/.
Сахнаға саудагер әйел шығады. Екі жеңін түріп, басына орамалды шарт байлаған. Өлген түйедей үлкен қапты сүйреп келеді.
САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Әй-әй, тоқтаңдар... Тоқтай тұрыңдар!.. /билетсіз жолаушыны көріп/. Әй, шал!.. Азамат, кел көмектесіп жібер!..
БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. /өзінше айқайлап/. Ағайындар! Ағайындар! Сұлутөбеге дейін ала кетіңдерші! /Саудагер әйелге/. Артық билетіңіз жоқ па?
САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Қайдағы билет? Осы күні адам пойызға билет ала ма екен? Қане, көтеріс мынаны!..
БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Билет болмаса алмаймыз дейді.
САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Неге алмайды? Бұл не, жекеменшігіне сатып алған әкесінің пойызы ма екен? Бұл үкіметтің пойызы!.. Халықтың пойызы!.. Жүр қане!..
Екеуі түйедей қапты дырылдата сүйреп, вагонның есігінің алдына барады. САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Әй-әй, аш!.. Ашыңдар!
Есіктен Жолсерік келіншек шығады.
ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Айқайламаңдар!.. Неге айқайлайсыңдар түн ішінде!
САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Пойыздан қалып бара жатсақ неге айқайламаймыз? Жолда машинамыз бұзылып, әрең келе жатырмыз.
ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Билет... Билеттеріңді көрсетіңдер!..
САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Мынау не дейді-ей? Билеті бар адам өстіп түн ішінде қап арқалап жүре ме?
ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Билет болмаса – кірмейсіңдер.
САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Ха!.. Кірмек түгілі тайраңдап тұрып кіреміз... Қайда әлгі жалпақ бас, қисық мұрын бастығың! Шақыр соны!
ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Ол кісі демалып жатыр!
САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Білеміз ғой қалай демалып жатқанын!.. Сен сияқты бір тұштақай прәбәдниктің қойнында жатқан шығар тырайып! Былай тұр жолдан! Адамның құнын сұрамайтын шығарсың, береміз қанша болса да!..
Үшеуі де кіріп кетеді.

3

Сегізінші көрініс

АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. /батылсыздау/. Мэлис Әлібаевич!.. Мэлис Әлібаевич, сонымен не болды? Не істейміз?!
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. /шошып оянғандай/. А? Не?!
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Әлгі анау... Біз қателесіп, Мәскеу жаққа кетіп бара жатырмыз.
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. /ойланып, әрлі-берлі жүріп/. Мәскеуге... пойызбен... Мен түсінбеймін...
Неге пойызбен?! Самолет қайда?! Самолет!.. Ұшақ!..
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Қайдағы самолет?!
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Менің самолетім қайда деймін!.. Мен Мәскеуге пойызбен барсам ұят емес пе? Ай, осы сендер қайда қарайсыңдар?! Қазақстанға неге жандарың ашымайды?! Қазақстанның авторитетін неге ойламайсыңдар?! /Пауза/ Айтпақшы, мені қалай қарсы алатынын келістіңдер ме?!
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Не?!
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Қалай қарсы алады дейім?! Кім?! Черномырдин бе?!. Чубайс па?!.
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. /жылап жібере жаздап/. Мэлис Әлібаевич, сізге не болған?! Есіңізді жисаңызшы!.. Ертең біздің Академияға жиналыс... үкімет қатысатын жиналыс... Ал біз болсақ әлі мұнда жұрміз!..
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Жиналыс дейсіз бе?! Ондай жиналысты менімен келіспей өткізуге Академияның қандай хақысы бар?! Осы мен Академияның басшыларын түсінбеймін... Ақша керек болса жүгіріп келеді... Үй керек болса жүгіріп келеді... Ал жиналыс өткізетін болса бір ауыз сөз айтпайды!.. Ақылдаспайды!.. Бұл не сонда?! Айтпақшы, Асай Мүсеевич, сіз осы Президент болуға қалайсыз?!
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Не?!
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Академияға президент болуға деймін?... Осы жөнінде ойланып көріңізші! По моему, сізден артық кандидатура жоқ!
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Ойбай-ау, қайдағы президент?!. Қайдағы президент?!. Ол түгіл корреспондент – мүше болайын деп тұрғанда мұрттай ұшырған жоқ па?!
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Ничего!.. Президент болсаңыз бітті, бәрі шешіледі. Тіпті, өздері жалынып жүріп академик жасайды. Білем ғой оларды!..
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ.Жақсы... жақсы, оны кезінде көреміз... Ал қазір мынау пойыз... пойыз мәселесі!..
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Туһ, Асеке!.. Не надо переживать!.. Пойыз болса пойыз-ақ болсын!.. Өзіңіз де жақсы білесіз, біздің баяғы көсемдеріміз пойызбен жүруді жақсы көрген!.. Иосиф Виссарионович!.. Никита Сергеевич!.. Шаяхметов!.. Пойызбен бүкіл союзді аралаған... Барлық қалада... барлық вокзалда митинг өткізген!.. Айтпақшы келесі тоқтаған жерде митинг бола ма?
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Қайдағы митинг айтып тұрғаныңыз?!
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Асай Мүсееевич, бұл жарамайды!.. Әрине, бұрынғы көсемдерді жамандаған да дұрыс... Бірақ олардың жақсы жақтарын да үйрену керек!.. Сондықтан да қане, бір митинг жасап жіберейік!.. /айналасына қарап/. Қайда бұл халық?!.
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Халық жоқ!.. Халық ұйықтап жатыр!..
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Ұйықтап жатыр?!. Неге ұйықтайды?!. Неге ұйықтайды?!. Жалпы бар ғой, біздің халық ұйқыны жақсы көреді! Өзгелердің бәрі әлдеқашан тұрып, оянып тірлік жасап жатыр!.. Ал біз болсақ... біз болсақ... /ұран салғандай етіп/. Оян, қазақ!.. Оян, қазақ!.. Осыны айтқан мен емеспін ғой дейім, ә?!
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ.Жо-жоқ, сіз емес... Басқа... баяғыда!..
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Өкінішті!.. Осы мен бұрынғыларды түсінбеймін!.. Жақсы сөздердің бәрін солар айтып қойған!.. Ау, сондай да бола ма екен?!. Кейінгілерге де бірдеңе қалдырайық деп ойласа қайтеді?! /купенің есігін ашып/. Әй, оян, қазақ!.. Оян!.. Тұр, митинг жасаймыз!..

Тоғызыншы көрініс

САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Не болды?!. Тағы не болып қалды?!.
БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Не билет бермейді, не ұйқы бермейді – сұмдық қой мынау!
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. /купенің ішіне үңіліп/. Әй, мынау кім-ей жатқан?! Түске дейін серейіп жатқан бұл қайсыссың?!.
БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Ол... ол әлгі, өзіңізбен бірге жүрген... әкімшілікте істейтін...
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Міне, біздің трагедиямыз осы... Ең көп ұйықтайтын қызметкерлер - әкімшілікте істейтін қызметкерлер!.. Сосын біз қалай өсеміз... Қалай өркендейміз...
БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Сіз осы жолы өте дұрыс, тауып айттыңыз!..
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Мен әрқашан да дұрыс айтам! /купеге қарап/. Әй, оян, қазақ!.. Тұр!.. Есіктен қалбалақтап Қошқарбай шығады.
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. /жиналғандарға салтанатпен қарап/ . Қазақстан үкіметі атынан сіздерге жалынды сәлем!.. Ура!..
САУДАГЕР ӘЙЕЛ. /түсінбей/. Не дейіт?!. Үкіметіміздің түрі сендей болса, жетіскен екенбіз!..
БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Ауышқан неме ғой... Жұрт айлық алмай, басы қатып жүрсе, қайдағы бірдеңені айтады!..
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. /Қошқарбайға/. Мен саған айтып тұрмын!.. Үкіметтің атынан жалынды сәлем деп тұрмын!..
ҚОШҚАРБАЙ. /былқ-сылқ еткен күйі/. А-а.. Алматыдан келген құрметті қонақтарға жалынды сәлем!.. Ура!.. /дауысын төмендетіп/. Арақ ішесіздер ме?!. Коньяк ішесіздер ме?!. Арақ ішесіздер ме?!. Коньяк ішесіздер ме?!.
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. /риза болып/. Апырмай, мынау жақсы жігіт қой... тәжірбиесі мол, ысылған қызметкер ғой мынау!..
ҚОШҚАРБАЙ. Е-енді әкімшілікте істеген соң... /кенет әндетіп, билей жөнеледі/. Жасасын біздің үкімет!.
Үкіметіміз жасасын!..
Жасасын барлық аппарат!..
Аппараттағылар жасасын!..
САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Қазақстанның бір министрі шетелге барғанда арақты ішіп-ішіп тырайып қалыпты дегенді бір жерден естіп едім – сол ып-ырас екен!..
БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Ал осыларды біреуге барып айтсаң ғой – ешкім сенбейді!.. Қайта пәле жаптың деп өзіңді сотқа береді.
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Әй-әй, болды, шуламаңдар!.. Митингті бастаймыз! Жасасын демократия!.. Ура!..
ҚОШҚАРБАЙ. Жасасын демократия!.. Ура!..Арақ құяйын ба?!. Коньяк құяйын ба?! МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. /қолын сілтеп/. Қоя тұр!.. Сосын!.. /жұртқа/. Халқым-ай!.. Қайран менің халқым-ай!.. Сендер үшін түн ұйқымды төрт бөлдім-ау мен!..
БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Ана жолы да тура осылай дегенсіз. Бірақ одан ауылымызға бір тиын да пайда тиген жоқ!.. Қайта жағдайымыз бұрынғыдан да қиындады...
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Сенің ауылың – рушыл ауыл!.. Оған сол керек!.. Сауап болған!..
/Қошқарбайға/. Айтпақшы, Қошеке, сіздің ауылда бұл рушылдық мәселесі қалай?!.
ҚОШҚАРБАЙ. Бізде рушылдық құрыған!.. Ініне су құйғанбыз!..
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Өте тамаша! Қане, онда дұрыстап айтып жібер!.. Үйренсін мына рушыл ауылдың қазақтары!..
ҚОШҚАРБАЙ. Айтсам – былай!.. Біздің ауылдың әкімі де – біздің рудан!.. Әкімнің орынбасары да біздің рудан!.. Жақында депутат сайлайық деп отырмыз – құдай қаласа, ол да біздің рудан болады!..
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Сосын?
ҚОШҚАРБАЙ. Сосын – сол!.. Басқа рудың адамы бас көтеріп көрсін – ініне су құйып жіберейік!..
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. О, азаматтар, жарайсыңдар!.. Ал енді жекешелендіру қалай?!.
ҚОШҚАРБАЙ. О да керемет!.. Ауылда жүз мың қой бар еді – соның бәрін жекешелендірдік!...
Ауылда қазір емге қой жоқ!..
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. /Қошқарбайға/. Шырағым, қойыңды қоя тұршы!.. Мәке!.. Мэлис Әлібаевич, алдымен жаңағы пойыз мәселесін шешіп алайық!..
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Пойыз?!.. Қайдағы пойыз? Асай Мүсеевич, осы сіз теріс сөйлеуді қашан қоясыз?!.
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. /шырылдап/. Қашан?!. Қашан теріс сөйледім?!
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Анаң қарашы, ілезде ұмытып қалады!.. /мазақтап/. «Біздің бабамыз бес жасында шешен болған... он жасында көсем болған» Ха-ха!.. Осы сіздер жұртты ақымақ деп ойлайсыздар ғой дейім!..
БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Дұрыс айтасыз, шежіре жаздық деп ойдан шығарып, суқита береді. САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Сосын той жасаймыз, ас береміз деп дымымызды қоймайды!.. Тіпті, жұрттың пенсиясына дейін жинап алады.
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Жинаса – неге бересіңдер?!.. А?!. Сендер өздерің бересіңдар!.. Тып-тыныш отырған адамға өз қолдарыңмен әкеліп бересіңдер!.. /Билетсіз жолаушыға/. Мысалы, сен шал, неге бересің, а?!.
БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Бергенде... бергенде... Ойбай-ау, балаңды оқудан шығарайын деп жатса қалай бермейсің?!.
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Міне, айттым ғой!.. Өздерің... өздерің бересіңдер!.. /Жолсерік келіншекке/. Сен де бересің ғой?.. Айт қане, бересің ғой?
ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. /шошып кетіп/. А-а? Берем, әрине!.. Кез келген уақытта берем!.. Пожалуиста!..
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Міне, естідіңіздер ғой... Жап-жас боп ешқандай ұяты жоқ!
ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. А-а? Бергенде енді былай ғой!.. /Пойыздың бастығына қарап/. Ағай, енді өзіңіз түсіндіріңізші!..
ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Мәке, бергенде – берейін деп бермейді ғой, заставить етеді...
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Кім?.. Кім заставить етеді?!. Сен бе?!.
ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. /Шошып кетіп/. Жо-жоқ, мен емес, жұрттың бәрі!../қарсы шабуылға шығып/. Бұлардың бергенін жалғыз бір өзім ала береді дейсіздер ме? Мен көп болса он-ақ процентін аламын! Қалғаны сіздерге!.. Өзіңіз сияқты үлкен кісілерге!.. бұл пойыз дегенің пойыз емес, басыма пәле болды!..
САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Иә, күнде көріп жүрміз ғой – жағдайы қиын бишаралардың!
ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Кетіп қалайын десең – басқа баратын жерің жоқ! Дым жұмыс жоқ! /жылай бастайды/.
ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Иә-иә, сондай!.. Бүйте берсе бір күні не сотталып құрыймын, не асылып өлем!.. Бала-шағамның обалы сосын сендерге болады!.. /жылауға айналады/.
САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Бәріміз де сол! Бәріміз де сол!.. Өлетін болдық!.. /Жолсерік келіншекке қосылып жылай бастайды. Вагонның іші азан-қазан шу болып кетеді/.
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Апырмау, мынау не болып кетті! Шырағым, мында келші!.. /Пойыздың бастығын оңаша апарып сыбырласа бастайды/.
ҚОШҚАРБАЙ. /есін біржола жинап алып/. Иә-иә, шынында мынау не болып кетті!.. Мынау өзі митинг те емес, жиналыс та емес, басқа бірдеңе болып кетті ғой!.. Ай, қойыңдар!.. Асай Мүсеевич пен Пойыздың бастығы ортаға қайта жақындайды.
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Мэлис Әлібаевич! Мэлис Әлібаевич дейім, бір мүмкіндік болып тұр!.. ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Иә, мүмкіндік!.. «Өзбекстан» пойызы!..
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Иә-иә, сол!.. Алдымыздан келе жатыр!.. соған ауысып мінсек...
ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Сосын не Шымкентке дейін... Не Ташкентке дейін – аржағы оңай ғой!..
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Иә-иә, солай... Тіпті, самолетпен ұшсақ та!..
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Әй, басты ауыртпаңдар!.. Мен өз митингтен шығып, демалайын деп тұрмын!.. Ұйықтауым керек!
Купеге кіріп, қорылдап ұйықтай бастағандай болады.
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Мэлис Әлібаевич!.. Қайдағы митинг?! Қайдағы митинг?! Тұрыңыз дейім!..
Іштегі қорыл бұрынғыдан да күшейе түседі.
САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Аяқ-қолын байлап сүйреп шығарса қайтеді?!.
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Жо-жоқ, болмайды!.. О, таптым!.. Таптым! /купеге жақындап/. Мэлис
Әлібаевич, төтенше тапсырма!.. Жоғарыдан!.. Үкіметтен!
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. /басын купеден сумаң етіп шығарып/. А, үкіметтен дейсіз бе?!.
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Иә-иә, солай... Қазір шұғыл түрде Өзбекстанға... Ташкентке баруыңыз керек!..
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. А, не дейіт! Сіз өзі өтірік айтып тұрған жоқсыз ба?!.
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Құдай ақы рас!..
Өзгелер де «Рас!.. Рас!» деп қоштай кетеді.
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Өте шұғыл!.. Газ!..
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Қандай газ?
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Кәдімгі... кәдімгі – от!.. Өзбекстаннан құбырмен келетін... Өзбектер соны тоқтатамыз дейді!..
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Апырмай, өте қиын болған екен!..
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Сұмдық!.. Бүкіл Алматы... Тіпті, Шымкент... Тараз бәрі, егер газ келмей қалса, құрыды!.. Осы мәселені тек сіз ғана шеше алады деп!..
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. А-а, иә-иә, менің Ташкентте достарым, таныстарым өте көп!.. /купеден сыртқа шығып/. Үкіметіміздің өзі айтқан соң... Біз үкіметке көмектесуіміз керек!.. /Асай Мүсеевичке/ Делегацияның құрамы анық па?!. Кім барады?!.
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Өзіңіз бастап... Сосын – мен!.. Сосын – мына Қошқарбай!..
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. /жұртпен қоштасып/. Ал сау болыңыздар!.. Митингімізді аяғына дейін өткізе алмағанымыз өкінішті!..
САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Иә-иә, солай!.. Айтпақшы анау «Өзбекстан» пойызына айта салыңызшы – есігін тарс жауып алуды доғарсын! Бізді де мінгізетін болсын!..
БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Ендігі жолы депутат боламын десеңіз біздің ауылға тағы келіңіз!..
Жұртқа түсіндірем, өзіміздің рудың адамы екен деп анкетаңызды жаздырып қоям!..
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Иә-иә, жақсы сау болыңыздар!.. /кенет есіне бірдеңе түскендей, Жолсерік келіншекке қарап/. Сіз бізбен бірге жүресіз! Асай Мүсеевич, мына кісіні біздің делегацияның құрамына қосып қойыңыз!..
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Ойбай-ау, Мәке, ол болмайды ғой!..
ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Иә-иә, болмайды!.. Болмайды!..
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Болады!.. Әбден болады! Өйткені, бұл кісі – менің әйелім!..
ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Ах!..
ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Ох!..
САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Бәсе, өзім де солай ойлап ем!.. Күнімен оны несіне жасырып келеді екен?!.
БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Мен де соны айтам-ау. Жұрттың басын қатырып!..
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Әйел дегенде бұл былай ғой!.. Мысалы, делегация болған соң ол делегацияның басшысы болады!.. Басшысы болған соң оның қасында міндетті түрде әйелі болады – солай емес пе?!.
САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Әрине, оны телевизордан күнде көрсетіп жүр ғой!..
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Ал солай болса мен ертең Ташкенттен түскенде сопаң етіп жалғыз басым түссем қалай болады? Жұрт не дейді?!. Қазақстанда әйелдерді кемсіту әлі күнге тоқтамаған екен деген әңгіме тарамай ма?
ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. /Өзіне/. Анаң қарашы, мас болса да логикасы сұмдық!..
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. /не істерін білмей/. Иә, дұрыс қой!.. Дегенмен... /кенет есіне бердеңе түскендей/. Мэлис Әлібаевич, айтпақшы ұмытып барады екем ғой – ол жақтың делегациясында әйел жоқ.
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Қалайша – жоқ!
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Кәдімгідей – жоқ!.. Делегация – бар!.. Делегацияның басшысы – бар!. Ал әйел жоқ.
ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. /түсініп, қоштай кетіп/. Иә-иә, жоқ!.. Протоколда солай!.. Ал дипломатияның заңы бойынша ана жағы әйел апармаса мына жағы да әйел апармау керек!.. АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Иә-иә, бұл дипломатия деген... Ертең бірдеңе болса...
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Иә-иә, бұл дипломатия деген!.. /Жолсерік келіншектің қолын қысып/. Өкінішті!.. Өте өкінішті!.. Сау болыңыз!.. Сау болыңыздар!..
Билетсіз жолаушы мен Жолсерік келіншектен басқалары кетеді. Жолсерік келіншек шелегі мен сыпырғышын алып, вагонды тазалай бастайды.
БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Міне, азаматтар!.. Қандай керемет! Халықты айтқанда... ел деп еңірегенде жылағың келеді.
ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Бір сөзіне де сенуге болмайды!.. Шетінен суайт! Жұртты ақымақ қып, айдалаға қаңғытып, ал өздері қара басының ғана қамын ойлайды!..
БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. /кекесінмен/. Бәрі емес қой енді!.. Бірен-сарандап кездесетіні рас!.. Тіпті пара сұрайтындары да бар!..
ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Үйбай, пара ғана сұраса оған айналайын дейсің ғой!.. Оны бересің ғой!.. Ал олар болса... олар болса – түк ұяттары жоқ.
БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Иә-иә, сәл ыңғайсыздау екені рас!.. Азаматтардың бірақ қателіктері бар!.. Әсіресе, арақ дегенде... әйел дегенде! Бірақ әлі жас қой! Ақылдары аздау! Егемендікті енді ғана алып жатыр деген сияқты... Түзеледі ғой!..
Кекесінді сөйлеген қалпы купеге кіріп кетеді. Мэлис Әлібаевич кіреді. Безіп қашып келе жатқан түрі бар. Жан-жағына алақ-жұлақ қарап қояды!
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Қарындас!.. Жолдас прәбәдник! Мен бәрін тастадым! Қызметті де! Үкіметті де!.. Тіпті бала-шағамды да! Бәрін!.. /Кенет Жолсерік келіншекті құшақтап/. Сіз... сіз қандай сұлусыз!.. Қандай әдемі!... Бүкіл денеңіз... Мүсініңіз!.. Күлгеніңіз!..
ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. /Босануға тырысып/. Сіз... сіз мені жіберіңізші! Өтінем, жіберіңізші дейім!..
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Мен... мен сізді алып кетейін деп келдім!..
ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Қайда, Ташкентке ме?!
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Жо-жоқ, басқа жаққа! Мен сізді Америкаға алып кетемін!
ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Ха-ха!.. Қайдағы Америка? Америкада не бар маған!
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. /сыбырлап/. Өзің ойлап көрші!... Мұнда жүре берсең не бітіресің?! Түк преспектива жоқ!.. Ал Америкада бәрі бар!.. Біз шалқып өмір сүретін боламыз онда!.. Менің онда ақшам бар!.. Сенбейсіз бе?!
ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Жо-жоқ, қойыңыз!.. Америкаңыз да құрысын!.. Өзіңіз де құрыңыз!.. Жіберіңіз дейім!
Пойыздың бастығы мен Асай Мүсеевич келеді.
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Ау, Мәке? Мәлис Әлібаевич, сізге не болған? Адамды әбден әуре қылдыңыз ғой!..
ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Иә, ұят, масқара болды бұл!
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. А, келдіңіздер ме?! Өте жақсы келдіңіздер! Қане, кеттік Америкаға! Жинаңдар барлық жұртты! /Айқайлап/. Қане, шығыңдар бәрің!..
Саудагер әйел мен Билетсіз жолаушы шығады.
САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Ойбай, мынау тағы келген бе? Не жынды емес, не сау емес – бір пәле болды ғой!
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Әй, шуламаңдар!.. Қане, кімнің Америкаға барғысы келеді!..
БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Шырағым, Америкаға барғанда не бітіреміз!..Сенің Америкаңнан құм борап тұрған өзімнің Сұлутөбем жақсы!..
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Міне, қазаққа бір жақсылық жасайын десең ылғи осы! Кері тартады! Бірақ, мен... мен бәрібір! /Пойыздың бастығына/. Әй, бала, тарт пойызыңды Америкаға қарай! ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Асай Мүсеевич, мына кісілерге қой дейсіз ба, жоқ па? Қашанғы шыдауға болады?!
САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Туһ, өздерің құр шуылдағанмен қолдарыңнан түк келмейтін адамдар екенсіңдер!.. Қане, маған жіберіңдерші!.. Біздің үйдегі сұмырай бұдан жаман болатын...
Мен оны сонда бірден... оп-оңай! /Жолсерік келіншекке/. Шырағым, ана шелегіңді берші!..
Суымен бер!..
Жолсерік келіншек еден жуып жүрген шелегін береді.
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Әй-әй, маған тиіспеңдер!.. Тиіспеңдер!.. Басыма бостандық беріңдер!..
САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Қазір... қазір береміз бостандықты! /қасындағыларға/. Қане, ұстаңдар!..
Екі аяғынан ұстап көтеріңдер!
Асай Мүсеевич пен Пойыздың бастығы Мэлис Әлібаевичті екі аяғынан ұстап жоғары көтереді. Басын саудагер әйел ұстайды.
САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Бір-екі! Бір-екі!.. /Саудагер әйел Мәлис Әлібаевичтің басын тығып жібереді. Мәлис Әлібаевичтың су жұтып, тұншыққаны байқалады. Аяқ-қолы тырбаңдап кетеді./. Қане, тағы бір рет!
Басын шелекке қайта тығады. Мәлис Әлібаевичтің аяқ-қолдары қайта тырбаңдап кетеді.
Саудагер әйел басты шелекке бұл жолы ұзағырақ ұстайды. Сосын қайта шығарады.
САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Бітті шаруасы осымен! Жіберіңдер енді!
Бәрі Мәлис Әлібаевичті аяғынан қайта тұрғызады. Мәлис Әлібаевич басынан суы сорғалап біраз тұрады. Сосын айналасына қарайды.
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Мәке!.. Мәлис Әлібаевич, қалайсыз?!
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Жақсы!.. Бәрі дұрыс!..
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Мәлис Әлібаевич, біз қателесіп басқа пойызға мініп кетіппіз...
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. А, солай ма? /залдағы жұртқа қарап/. Мыналар кім?!
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Бұл қазақтар ғой!.. Тойға келген қазақтар!..
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Осылардың бәрі тойға келген бе?! Странно! /Пойыздың бастығына қарап/. Сіз де тойға келген қазақ па?
ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Жо-жоқ, мен пойыздың бастығы боламын!
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. А, бастығы болсаңыз пойызға неге дұрыстап қарамайсыз?! Мынау – не, бәрі тозған... ескі! Ау, анау Американың пойызын көрмейсіңдер ме?! Неге сол Американың пойызындай болмайсыңдар?!
ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Е, боламыз ғой... бірақ ақша бермейді!..
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Міне, ылғи осы!.. Бірдеңе десең бәрі жылай бастайды!.. Ең болмаса, айна бар ма осы пойызда?!
САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Айна дейсіз бе?! Айна бар менде!.. /купесінен шағын айна алып шығады. / Сатуға әкеле жатыр едім.
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Рахмет!.. Ұстай тұрыңызшы! /Саудагер әйелдің ұстап тұрған айнасына қарап, үсті-басын ретке келтіре бастайды/. Демек, бизнеспен айналысасыз ғой?.. Дұрыс, бизнесті үйрену керек біздің қазаққа!
САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Иә, үйрендік қой! Бәрін сатамыз қазір!.. МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Жақсы, сату керек бәрін! /Билетсіз жолаушыға қарап/. Сізді бір жерден көрген сияқтымын!..
БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Сіз... біздің ауылға ана жолы келіп...
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. /сөзін бөліп/. Иә-иә, барғанмын!.. Барып тұрамыз ауыл дегенге! Жұмыс істеу керек!.. Той тойлап, арақ ішіп жүре бермей жұмыс істеу керек!
ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Мәке! Мэлис ағай, сіз маған... әлгі айтқаныңыз... Уәдеңіз...
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. /оны енді байқап/, А, сіз маған бірдеңе айтайын деп пе едіңіз? Арызыңыз бар ма еді?!.. Оны кеңсеге әкеліңіз!.. Канцеляраға апарып тіркетсеңіз маған жібереді... Көреміз сосын... Ал сау болыңыздар!
Тобымен кетеді. Сахнада Билетсіз жолаушы, Жолсерік келіншек, Саудагер әйел қалады. ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Ақсақал, сіз де түспейсіз бе?
БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Түсем ғой, қарағым! Сұлутөбеге жеткен соң түсемін!
ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Сіз мені кешіріңіз... мен сізге шынында сенген жоқ едім... Білесіз ғой, қазіргі адамдар әртүрлі!..
БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Оқасы жоқ!.. Ал мен шынында құран оқып келе жатқам!..
ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Оныңыз дұрыс қой! Ата-баба дегенннің жолы бөлек!..
БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Мен де солай деп есептеп... арнайы барып... қарасам түк те жоқ!.. Бәрін жоқ қып жіберіпті.
ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Нені айтасыз...
БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Әлгі ата-бабамыздың жатқан жерін... Сондай жақсы жер еді... Төбе!.. Тоғай... Соның бәрін тегістеп ресторан жасап жіберіпті... Түсінесіз ғой, ресторанға да жақсы жер керек!..
ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Астафралла!.. Егер шынымен сөйтсе бірдеңеге ұшырайды ғой!
САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Қайдам!.. Кім білсін! Қазір бәрі басқа ғой... Заман да, адам да басқа!..
ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Жоқ, сонда да... сонда да олар бәрібір бірдеңеге ұшырайды!..
БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Қарағым, керегі жоқ! Айтпа ондай жаман сөзді!.. Біз не де болса жақсылық тілейік!..
Сахнаның алыс түкпірінен пойыздан түскен қазақтардың тізіліп кетіп бара жатқан сұлбасы көрінеді.
БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. /Кетіп бара жатқандарға қарап/. Ай, қазақтар-ай! Қайран қазақтар-ай! Барар жерлеріңе аман-есен жетер ме екенсіңдер?! Тағы бір пәлеге ұшырап қалмай, аман жетер ме екенсіңдер?!
Ақырындап музыка ойнай бастайды.

СОҢЫ

Мазмұны