«Тәуелсіздік-тұғырым» 6 сынып

«Тәуелсіздік-тұғырым»

ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІНЕ

арналған ашық презентация сабағы

 Сабақтың мақсаты:

1.Білімділік: оқушылардың Қазақстан Республикасы туралы алған білімдерін пайдалана отырып, сөздік қорларын толықтыру,ауызекі тілде еркін жеткізуді қалыптастыру.

 2.Дамытушылық:

 оқушының алдыңғы, өткен сабақтарды қайталай келіп, тілдерін, ой-өрістерін, дұрыс сөйлеу дағдыларын, қабілеттерін дамыту.

 3.Тәрбиелік:

 Қазақстан елінің жері, рәміздері, тіл саясатына, тәуелсіздік жолындағы белестерге тоқталып, оқушылардың туған елге деген сүйіспеншілігін тудыру.

 Сабақтың түрі: қайталау, таныстыру сабағы

  Қолданатын әдіс-тәсілдер: сұрақ-жауап,сөйлеу.

 Сабақтың көрнекілігі: карта, Қазақстан туралы кітаптар,интерактивті тақта.

  Пәнаралық байланыс: қазақ әдебиеті, география, тарих, ән сабағы.

 Сабақтың барысы:

 I Ұйымдастыру кезеңі

 Сәлемдесу, оқушыларды түгендеп, назарын сабаққа аудару.

 -Бүгінгі сабағымыз күндегіден өзгеше, әрі ерекше өтеді. Біз сендермен Қазақстан туралы көп мәліметтер алдық. Бүгінгі сабағымыз алған білімдеріңді сынап, пысықтап, қорыту үшін арналады.

Құрметті қонақтар, ұстаздар, оқушылар!

Біздің Отанымыз – Қазақстан. Қазақстан Республикасының өз Президенті, елтаңбасы, әнұраны, туы бар.

Қазіргі таңда еліміз өз тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен кейін мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі болып бекітілді. Қазақстан Республикасы 1991 жылы Тәуелсіздігін алды, содан бері міне, 20 жыл өте шықты, ендеше 20 жыл ішінде қандай жетістіктерге қол жеткіздік, соған тоқтала өтейікші.

2 жүргізуші шығады.

Дамира: — Қайырлы күн, құрметті ұстаздар және оқушылар! Бүгінгі  ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІНЕ АРНАЛҒАН «Сандар жырлайды» атты сынып сағатымызға қош келдіңіздер .

Перизат: — Сабағымызды  бастамас бұрын, Дамира , саған жұмбақ қояйын деп едім.

Дамира — Ол қандай жұмбақ? Қане айтшы.

Перизат: — 1,2,3,4,5,6,7,8,9,10

Дамира: — Бір деген- Тәуелсіздік.

            Бостандыққа қол жеткіздік!

Екі деген – Елім,

Далам, Тауым, Көлім!

            Үш деген – Елтаңба,

            Оны білмей қалма!

Төрт деген — әнұран,

Жүректегі ұран!

            Бес деген – жалау

            Желбіреген алау.

Алты деген – Ана тілі,

Міндетті түрде оны біл!

            Жеті – деген Елбасы,

Өрлеп тұр оның тасы.

Сегіз деген – Астана,

Республикаға бас қала

            Тоғыз деген – тарих,

            Толық оны таниық!

Он деген – болашақ,

(Екеуі бірге)

Біз жасайтын келер шақ!

 

Перизат :

Жарайсың,  Дамира

Уа, халайық, көсіле шабар жерің бар,

Тау көтерген ерің бар,

Қол боларлық елің бар,

Атадан қалған сара жолың бар,

Тәуелсіздіктің қадірін біліңдер!

2 слайд.

Дамира:  ХХ ғасырдың ұлы жемісі – қазақ халқы үшін Егемендіктің көк туы желбіреуі. Ата- бабаларымыз көксеген, армандаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Ендігі мақсатымыз – ұлттық рухты көтеру, халқымыздың аса бай рухани қазынасы – ана тілімізді ардақтау. Еліміздің аяғынан нық тұруы, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және экономикамыздың жедел қарқынмен дамуы — қазіргі таңда негізгі стратегиялық бағыттар. Бүгінгі Қазақстан – тек өзі орналасқан аймақта ғана емес, бүкіләлемдік проблемаларды талқылауда және шешуде ықпалды рөл атқаратын ел.

 

Перизат.1991 жыл — еліміздің Қазақстан деген атпен бүкіл әлемге алғаш қадам басқан жылы. Сол сәттен бері міне 20 жыл да өте шықты. Қазіргі Қазақстан әлем сахнасында мақтанарлықтай беделге ие. Жас мемлекетіміз осындай аз ғана уақыттың ішінде көптеген ірі экономикалық, саяси және әлеуметтік жетістіктерге қол жеткізді. Қазіргі таңда Қазақстан жас мемлекет бола тұра, көптеген елдерден әлдеқайда алда.

3 слайд.

Дамира:

Нұрсұлтан атам — Алатаудың шыңы,

                           Халқымның айтар үні.

                           Аспанымдағы жарқыраған күнім,

                           Жердегі жайқалған гүлім.

                           Нұрсұлтан атам — Таудай биік алып,

                           Көп үміт күтеді сізден халық

                           Жақсылық шарапатыңыз тиіп елге,

                           Біліп жатыр оны елі танып.

                           Нұрсұлтан атам – жер бетіндегі алып,

                           Нұрсұлтан атам –бәйгеден озған тұлпар.

                           Қастерлеп оны халқым құптар,

                           Биіктерге ұшқан сұңқар.

                           Қастерлеп оны халқым құптар,

                           Жұлдызымен шаттанады.

                           Сұңқарымен мақтанады.

 

1991 жылы 1 желтоқсанда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев  Қазақстан Республикасының

 Президенті болып сайланды.

 

4  слайд.

Перизат:

Шарықта, шарла көкті көк Байрағым,

 Арманым, Азаттығым, көпке айғағым.

 Мен сенің салтанатты сағатыңа,

 Өлеңмен алтын шашақ шоқ байладым.

Көк Байрақ, көгерт менің көсегемді,

 Аспандат Атам қазақ Аруағын!

Ал самға әлем кезіп, Әнұраным,

 Қалықта Елтаңбасы — шаңырағым.

Әрбір егеменді елдің өзіне тән мемлекеттік рәміздері болады. Оған Ту, Елтаңба және Әнұран жатады.

1-     Оқушы:       Ту ортасында шұғылалы алтын  күн астында қалықтап ұщқан қыран бейнеленген , сабының тұсында ұлттық өрнек нақышталған тік жолағы бар көгілдір түсті мата. Тудың біркелкі көгілдір түсі бірігу идеясын , бейбітшілікті , тыныштық пен жарқын болашақтың белгісі саналатын бұлтсыз ашық аспанды еске салады.Шұғылалы алтын күн тыныштық пен байлықты  бейнелесе  , дала бүркіті – қазақстандықтар ұғымында – дарқандық пен қырағылық , биіктік белгісі .Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының авторы – суретші Шәкен Ниязбеков.

 

5 слайд.

2-     Оқушы:

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының негізіне шаңырақ  алынған.Ол Елтаңбаның жүрегі секілді. Шаңырақ әлемнің біртұтастығын,  мемлекеттің бастауы – отбасы ошағын бейнелейді.Қанатты пырақ – мәңгілік өмір сүріп жатқан халықтардың рухани байлығының белгісі. Елтаңба  төбесінде  бес бұрышты жұлдыз бар . Әр адамның  өмірінде жол көрсетер өз жұлдызы болады ,  мемлекеттің де осындай жұлдызы болуы керек. Елтаңба  авторлары Жандарбек Мәлібекұлы, Шот-Аман Ыдырысұлы Уалихан

 

6 слайд.

3-     Оқушы.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранының авторлары:

Сөзін жазғандар:   Жүмекен Нәжімеденов    Нұрсұлтан Назарбаев

Әнін жазған:   Шәмші Қалдаяқов

Қазақстан Республикасының азаматтары сондай-ақ елімізде тұрып жатқан кез келген адам Мемлекеттік туды, Елтаңбаны және Әнұранды құрмет тұтуға міндетті. Олардың сипаттамасы және ресми пайдалану тәртібі Конституциялық Заңмен белгіленеді.

 

7 слайд.

Перизат:

Тәуелсіздік алғандағы алғашқы әрекеттердің арасында мемлекетіміздің ұлттық валютасы — теңгені енгізу еді.

 

4-Оқушы.

 (1993 жылы 12- қарашада ҚР- ның Президенті Н.Ә. Назарбаев “ҚР- ның Ұлттық валютасын енгізу туралы” жарлығын шығарды. Ұлттық валюта теңге- 1993 жылы енгізілді. Алматы қаласында банкноттар шығарыла бастады.

Өскемен қаласында монета сарайында  тиын шығарыла бастады. Теңгеде 18ге  жуық құпия белгісі бар.Ұлттық теңге- дербес ел болғанымыздың белгісі.2011 жылы 15 қарашада Ұлттық валютаға 18 жыл толды.

 

Дамира:

8 слайд:

Өмірден әділдік пен бақ табатын,

Құқығым қорғалды деп шаттанатын,

Өзіңдей жас өркендер келеді өсіп

«Бұл біздің – Ата Заң» деп мақтанатын!

 

8- слайд

5-Оқушы:

Конституция, Ата заң — мемлекеттің Негізгі Заңы, елдегі барлық басқа заңдарға қатысты жоғары заңды күшке ие заң немесе заңдар тобы. Конституция осы заманғы мемлекеттіліктің маңызды белгісі, мемлекеттің бастапқы саяси және құқықтық құжаты. Қазақстан — 1995 жылғы 30 тамыздағы республикалық референдумда қабылданған Конституция бойынша — өзiн демократиялық, зайырлы,  әлеуметтік мемлекет ретiнде орнықтырды.

 

Перизат:

9- слайд.

Жайнай бер, жаңа Астанам,

Ертегідей ғажап бас қалам.

Ынтымақтың тербеп бесігін,

Тәуелсіз ел көшін бастаған.

Сәулеңді шаш еліңе,

Нұрыңды төк жеріңе.

Киелі менің Елордам,

Бақ болып қонған төріме.

 

Оқушы:

1997 жыл Ақмола Қазақстан Республикасының астанасы болып жарияланды. Астана — Қазақстан Республикасының елордасы.

Астанада 697 257 адам тұрады . Қала Қазақстанның орталық бөлігінің солтүстігінде Ақмола облысында, Есіл өзенінің бойында  орналасқан.Астана жаңа Қазақстанның мақтанышы. Астана – барша Қазақстан халқының мақтанышы.

Дамира:

      Дала да думан,қала да думан жыр бүгін,

      Ғасыр бойы аңсайда күткен бұл күнім.

      Жасай бер, жаса, асқардан аса әрқашан,

      Кеудеме әкеп қалдырған бақыт бұл бұлым.

Ұзақ жылдар бойы жолында қан да, жас та, тер де төгілген тәуелсіздік – біздің халқымыз үшін аса қымбат. Тәуелсіздік – ата тарихымызды, ана тілімізді, дінімізді, даламызды қаз–қаз тұрғызып, «қазақ» деген атауға қан мен жан кіргізді. «Отан» деп жүрегімізді қақтырды, «Елім» деп елеңдетіп, «Жерім» деп желпіндірді.  Аз ғана уақыттың ішінде елімізді,  халқымызды шар-тарап танып үлгерді. Бірде жүгіріп,  бірде жығылып жүрген қазақ елі енді еңсесі биік, көңілі көтеріңкі, қадамы мығым, «Менің тірегім — байтақ Қазақстан» деп маң–маң басатын болды.

Перизат.

  Біздің алға қойған мақсатымыз: өткенімізді білетін, бүгінді түсінетін, ертеңімізге сеніммен қарайтын азамат болу. Жақсыдан үйренейік.  Жаманнан жиренейік.

  Қазақстанның   Ең бақытты, ең ақылды, ең білімді азаматы болайық!

Бір сөзбен айтқанда қалайтынымыз бейбітшілік, тыныштық, бостандық, еліміздің босағасын нығайту. Тәуелсіздік біздің алдымыздағы жарқын болашаққа жол ашып берді. Біз сол жолмен алға баса береміз.

Бекіту  сұрақтары:

1.Қазақстан қай жерде орналасқан? (Карта арқылы көрсету)

 Жауап: Еуразия құрылығында.

 2.Батысы , шығысы, онтүстігі,солтүстігі қай елдермен шектескен?

 3.Қазақстанның жер аумағы неше шаршы километр?

 4.Қазақстан елтаңбасында нелер бейнеленген?

 5.Пырақтар нені бейнелейді?

 6.Шаңырақ нені білдіреді?

 7.Елтаңбаның авторлары кімдер?

 8.Мемлекеттік байрақтың түсі нені білдіреді?

 9.Байрақтағы қыран құс қандай құс болып есептеледі?

 10.Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны неше рет қабылданды?

 11.Қай жылы өзгеріске енді, авторлары кімдер?

 12.Қазақстан Республикасының елбасы қашан сайланды?

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған

Сынып сағаты

 

Тақырыбы:

«Тәуелсіздік-тұғырым»

6 сынып

 

Өткізген Шахтинск  қаласының

№ 5 гимназияның  қазақ тілі мен әдебиет мұғалімі

Саттыбаева Гүлсара Төлеутаевна

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Шахтинск қ.

Добавить комментарий