Сарғайса да тарихтың ақ парағы

Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрлігі
Орал гуманитарлық колледжі

\»Сарғайса да тарихтың ақ парағы,
Ол күндер мәңгі есте сақталады\»

Ұлы Жеңіске 70 жыл мерекесіне арналған кездесу кеші

Ұйымдастырушы: Абдрахманова Э.Қ.
Орал – 2015

Сарғайса да тарихтың ақ парағы,
Ол күндер мәңгі есте сақталады

Елі үшін жанын қиған,
Ерлер есте сақталады.
Жас жүрекке жалын құйған
Ерлік есте сақталады
С.Мәуленов

Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына арналған ардагерлермен кездесу кеші

Қатысушылар:
Жүргізушілер, көркемсөз оқушы
Безендірілуі: Жүргізушілер алдыңғы жақта сол жақта, көркемсөз оқушы оң жақта тұрады. Кейбір музыкалық үзінділер аудиобаспадан ойналады.

Сахнада жүргізушілер, көркемсөз оқушы
Жүргізуші 1: Уақыт тарих бетін парақтайды. Күн тізіліп, ай алмасып, зымырап жылдар өтеді. Ешбір уақыт ұзақтығы, мерзім межесі көмескіленіп “көзден таса, көңілден ұмыт, қалдыра алмайтын жылдар, оқиғалар болады. Сондықтан халық соғыс әкелген қайғы-қасіретті, миллиондаған адамның өмірін қиып, өркениеті кейінге қайтарған, адам қолымен жасаған ұлы құндылықтарды талқандаған қантөгіс, сұрапыл соғысты ешқашан ұмыта алмайды.
Жүргізуші 2: Иә, соғыс өзінің сұмдықтарын бүгінгі күнге дейін ұмыттырар емес. Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына міне, 70 жыл болды. Бірақ, сол жылдар жаңғырығы адамзат жүрегін әлі сыздатуда. Иә, уақыттың тарих атты өз төрешісі бар.
Жүргізуші 1: Құрметті ұстаздар, студенттер, ардагерлеріміз «Сарғайса да тарихтың ақ парағы, Ол күндер мәңгі есте сақталады» атты кездесу кешімізге қош келдіңіздер. Алғашқы сөз кезегін Орал гуманитарлық колледжінің директоры Туленов Ерлан Амангелдіұлына береміз.
Жүргізуші 2: « Ер өлсе де еңбегін ел өлтірмес.
Неше мың жыл өтсе де тарих білмек,- деп Сұлтанмахмұт Торайғыров жырлағандай бүгінгі өміріміз үшін құрбан болған ерлеріміз ешқашан естен шықпайды, ұмытылмайды. Біздер соғыс қайталанбауы үшін, оның сұмдықтарын ұмытуға еш құқымыз жоқ. Біздер сол кезде біздің өміріміз үшін жанын қиған солдатты ұмытуға құқымыз жоқ. Біздер барлығын есте сақтауға міндеттіміз…
Көркемсөз оқушы:
Айтып болды дүние талай әнді,
Аспан жүзін таң алды, арай алды.
Жетсек деген бір сөзбен ел оянды.
Төрт жыл бойы жел соғып, дауыл келді,
Қала көрді қиындық, ауыл көрді.

Жеңіс, Жеңіс! Әке мен оның ұлын

Кездестірмей қойғаның ауыр болды.
Менде шықтым көшеге қарап елге,
Есікбай қарт ер салды қарагерге.
Жеңіс! Жеңіс! Анамның көз жасы боп,
Тамып түсіп жаттың сен қара жерге.
Састырды ғой сол төрт жыл сабырлыны,
Сарғайды ғой, ананың сағым мұңы.
Келмейтінін әкемнің біліп анам,
Зар жылаған екен-ау сол бір күні…
Қуанышқа кетті бір толып менен,
Желік басқа бүгінгі, көрік бөтен.
Тойға бардым мен мәз боп өз әкемді
Көрмеймін деп мен ойлап көріп пе екем.
Қандай ауыр болсаң да Жеңіс едің,
Аялайды арманың мені сенің.
Аямайды кәмпитті, береді аға,
Бәрін билеп ап кетті тегі сенім.
Бір жыр қалсын сонау бір ауыр кезден,
Әдет өзге ол кезде, ғұрып өзге.
Баққа сендік келетін көп кешікпей,
Бәрімізге қарайтын жылы көзбен.
Шуақты күн, мөлдір көл, мөлдір дала,
Шын бақыттың келгенін сендірді аға.
Жеңіс күнін тойлады біздің ауыл,
Өз әкесін ойлады әрбір бала.
Уақыт өзі бағасын берер кейін,
Құс боп ұшуға-дағы өлең бейім.
Жеңіс күні келгенде сол Жеңіспен
Әкем бірге келердей елеңдеймін…
(Т.Молдағалиев «Жеңіс күні»)

Жүргізуші 1: Осы соғыста Кеңес одағының басқа республикаларымен бірге біздің Қазақстан Республикасы да жан аямай шайқасты. Даңқты қарулы күштердің және еңбек армиясының құрамында 1 млн 870 мың қазақстандықтар болған. Соғыс жылдары-ақ қазақстандық бес әскери құрамаға гвардиялық деген құрметті атақ беріліп, олардың кеуделеріне әлденеше рет ордендер қадалды. Олардың жауынгерлерінің ерлігі аңызға айналды. Соның ішінде атақты панфиловшылар дивизиясы бар. Оның құрамынан шыққан батальон, кейіннен дивизия командирі болған Бауыржан Момышұлының, Мәлік Ғабдулиннің есімдері соғыс тарихынан мәңгілік орын алды. Ат ауыздығымен су ішкен, ер етегімен су кешкен сұрапыл соғыста ерлермен бірге қолдарына қару алып, Отанын қорғауға біздің батыр апаларымыз Шығыс жұлдыздары Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова ерлік көрсетіп, батырлықпен қаза тапты.
Ән: «Әлия»
Жүргізуші 2: Бүгінгі кешіміздің қонағы құрметті ардагерлерімізге сөз кезегін ұсынайық.
Жүргізуші 1: Соғыс кезінде оқ атылмады демесе, ауылдағы тіршіліктің қиындығы майдандағыдан кем болған жоқ. Осы қиыншылықтың бәрін ана мен балаға, ақ сақалды қарттарға қайыспай көтеруге тура келді… Соғыс жағдайы қаншалықты ауыр болғанмен әрбір жұмысшы мен әрбір ауыл адамы өзінің шама-шарқынша соғыстағы жауынгерлерге көмектесуді өздерінің ең бірінші, негізгі және ең басты борышы деп санады. Еңбек ерлігі… Бұл Ұлы Отан соғысының ерекше беттерінің бірі.. Жұмысшылар тәулік бойына дерлік заводтарда қару, техника жасады, әскерлерге киім тікті. Сол кездегі халық аузындағы ең негізгі ұран «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» еді. Станоктың жанында 12-14 жасар балалар жұмыс істеді.
Жүргізуші 2: Жеңіс күні! 1418 тәулікке созылған азаттық күрестің соңғы күні! Аспан көгін салюттер шұғылаландырған, құшақтарға көктем гүлдері толған көптен күткен ұлыстың ұлы күні!
Иә, біздер жеңіске жеттік. Біздермен бірге бүкіл Еуропа халқы да жеңіске жетті. Біздер жербетіне жеңіс туын тіктік. Бұл күнді аңсап мыңдаған, жүз мыңдаған боздақ көз жұмды. Жеңіс жолында жанын пида етті. Тірі қалғандар көзінен жасы парлап тұрып сол күні қуанды. Жеңіс күні Сұлтан, Нүркен, Әлия, Мәншүк, Бауыржан, Мәлік, Төлеген бастаған батырларын, жас өмірлерін қиған өзге де қыршындарын еске алу орынды. Соларды еске ала отырып, 9 мамырды Жеңіс мерекесі дейміз.
Жеңіс күнін жақындатуға тылдағы миллиондаған еңбекші халық маңдай терін төкті, табан етін тауысты. Ұлы Жеңстен кейін ел есін жиды, етегін жапты. Миллиондаған халық соғыста қираған қалалар мен шаруашылықты қалпына келтіру үшін аянбай еңбек етті. Бүгінгі заманға жеттік. Қазақстан көп ұлтты мемлекет, бұл ұлы соғысқа жүздеген ұлт өкілдерінің барлығы қатысты. Бұл соғыс сол кездегі кеңес халқының басына келген нәубет еді. Сол апаттың бетін барлық халық бірігіп қайтарды.
Жүргізуші 1: Ұлы Отан соғысындағы ұлы Жеңіс достық пен бірлікті жырлаған, ер намысы мен боп атылған, ел даусысы боп шақырған жеңіс. Арын жалау етіп, жанын алау етіп жауға аттанған ел ұландары жерін қорғады, халқының өмірін қорғады, өзі туған өңірін қорғады, ақ сүт берген анасын қорғады, ақ самал ескен даласын қорғады. Осы соғыста қасық қанын қиып ұрыс даласынан қайтпай қалған қаһармандар қаншама! Солардың қасиетті рухы бүгінгі бейбіт тірлігіміздің нұрындай мәңгі шуағын шашпақ!

Дәл осынау жадыраңқы жай күні,
Болса дағы қай ғасырда, қай күні.
Ұлы Отаным басын иіп бір минут,
Есіне алмақ сол бір апат қайғыны.
Аталарымыздың ерліктеріне тағзым ете отырып, бір минут үнсіздікті жариялаймыз (барлығы тұрады).
Жүргізуші 2: Иә аспанымызда Жеңіс туы желбірегеніне — 70 жыл. Соғыс өрті өшіп, қайғы мұңнан арылып, бейбітшілік орнап, бақыт гүлін тергенде — 70 жыл.
70 жыл — бейбіт көктем таң атқалы,
70 жыл — шуақты күн таратты әнін.
Талай құс содан бері қайта оралды,
Талай бақ әлеміне қайта оранды.
Соғыста өлгендер тек оралмайды,
Тек ұрпақ олар жайлы айтады әнді.
70 жыл — жауыздықтың ажал оғы,
Біздің елдің үстінен ұшпағалы.
Ән: «День Победы»
Жүргізуші 1:
Жеңіс деген жақсылықтың сыңары,
Жігер менен құштарлықтың құралы.
Күрескердің арманы мен ұраны,
Қуаныш пен мерекенің бұлағы – дей отыра бүгінгі кездесу кешіне келіп, сонау сұрапыл соғыс кездеріндегі естеліктерімен бөліскен ардагер аталарымызға алғысымызды білдіре отырып, кешімізді жабық деп жариялаймыз.

Добавить комментарий