Сралиева А. А.
І санатты педагогика пәнінің оқытушысы
Орал гуманитарлық колледжі
Сабақтың тақырыбы: Сынып жетекшісінің ата — аналармен жүргізетін жұмысының түрлері.
Білімділігі: Студенттерді сынып жетекшісінің ата — аналармен жүргізетін жұмысының түрлерімен таныстыру, тапсырмалар арқылы білімдерін бекіту;
Дамытушылығы: Студенттерге тапсырмалар орындату барысында танымдық қызығушылықтарын арттыру;
Тәрбиелілігі: Сабақта ұлағатты сөздер, мақал — мәтелдер қолдану арқылы студенттерді адамгершілікке, әділ де өнегелі тәрбиеші болуға тәрбиелеу.
Сабақтың типі: Қайталау, бекіту сабағы.
Сабақтың түрі: Практикалық.
Сабақтың әдісі: Сұрақ — жауап, баяндау, түсіндіру,топтық.
Сабақтың көрнекілігі: Слайдтар, кітап көрмесі.
Пәнаралық байланыс: Педагогика, психология, өзін — өзі тану.
Техникалық құралдар: Проектор, компьютер.
Пайданылған әдебиеттер:
1.С.Ш. Әбенбаев Тәрбие теориясы және әдістемесі, А., 2004 ж.
2.С. Г. Губашева, А.Ж. Отарбай Тәрбие жұмысының әдістемесі, А., 2007 ж.
І. Ұйымдастыру бөлімі:
Студенттермен амандасу, түгелдеу, оқу құралдарын тексеру.
ІІ. Үй тапсырмасын тексеру:
-Өткен сабақта қандай тақырыппен таныстық?
-Сынып жетекшісінің ата-аналармен атқаратын жұмыстарының құрылымы мен мазмұны туралы кім айтады?
-Ата-аналармен атқаратын жұмыстарында сынып жетекшісінің қызметі қандай?
-Ата-аналардың міндеттеріне тоқталыңыздар.
Оқытушы сөзі: Баланың алғашқы тәрбие алатын орны — отбасы. Отбасында баланың мінез — құлқы, әдет — дағдысы қалыптасады. «Жанұя-қорғаным, ата-ана –тірегім» демекші барлық қоғам біткеннің ең арғысы және бірден бір табиғысы-отбасы» деп материалист-философ Жан Жак Руссо айтқандай, қоғам да , мемлекет те үйден, отбасынан басталады.
Жаңа сабақ практикалық сабақ түрінде өтеді.
Ата -аналармен жүргізілетін жұмыс түрлерін қалай ұйымдастыруға болады?
Сабақтың жоспары:
Ата — аналармен жүргізілетін жұмыстың түрлері:
- Ата — аналармен жеке кездесу, отбасына бару;
- Сыныптың ата-аналар жиналысы;
- Ата – аналар лекторийлері мен университеттері;
- Ата-аналар белсенділерімен және ата-аналар комитетімен жұмыс істеу;
- Ата – аналарға арналған конференциялар өткізу;
- Ата-аналар арналған кеңестер.
Түс арқылы топқа бөлу.
І топқа:
Жағдаят шешу:
Бір нәрсеге ашулы 11 жасар ұлы мектептен келе : "Құрысын, мектеп! Мұғалімдердің бәрі әділетсіз" — деп күйіп — піседі. |
Ата-ана ретінде сіздің іс-әрекетіңіз… |
Бұл жағдайда баланың мектепке өкпесі зор. Ол шешесі тарапынан қолдау тапқысы келеді. Түсініп, жағдайын сұрар деп ойлайды.
• Кез келген шешімді қабылдауға асығыстық жасауға болмайды. Балаңыз сіздің оның ісіне немқұрайды қарамайтыңызды көретіндей, оны тыңдауға дайын екендігіңізді байқайтындай болсын.
ІІ топқа:
Аяқталмаған сөйлем:
– Егер баланы үнемі сынап отырса, …
– Егер балаға үнемі күлсе, …
– Егер баланы үнемі мақтап отырса, …
– Егер бала төзімділікте өссе, …
– Егер бала адалдықта өссе, …
– Егер бала қауіпсіз жағдайда өссе, …
– Егер бала кекшілдікте өссе, …
– Егер бала түсіністікте және сүйіспеншілікте өссе, …
Дұрыс жауаптары:
– Егер баланы үнемі сынап отырса, … (оның оқуғы құлқы болмайды).
– Егер балаға үнемі күлсе, … (ол бұйығы болып кетеді).
– Егер баланы үнемі мақтап отырса, … (ол өз қадірі үшін оқиды).
– Егер бала төзімділікте өссе, … (ол басқаларды түсінуге тырысады).
– Егер бала адалдықта өссе, … (ол адал болып жетеді).
– Егер бала қауіпсіз жағдайда өссе, … (ол адамдарға сеніммен қарайды).
– Егер бала кекшілдікте өссе, … (ол қатыгез болып өседі)
– Егер бала түсіністікте және сүйіспеншілікте өссе, … (ол әлемнен махаббат табуды үйренеді).
ІІІ топқа
"Кінәлі сөздер"
1. Сенен ешқандай жақсылық шықпайды, нөлсің.
2. Неге сен басқа балалардай емессің?
3. Неменеге ұсқынсыз болып кеткенсің, шашың дудыраған, үстің кір-кір.
4. Тағы осылай істесең, менен таяқ жейтін боласың.
5. Сенің кесіріңнен өмірі жолымыз болмады.
Дұрыс жауаптары:
Ата-аналар осы сөздерді былай алмастыруына болады:
1. «Сенің де қолын өмірде бір нәрсеге жететініне сенгім келеді. Оқу озаты немесе оқу екпіндісі боласың» — деп, үміт артуы керек.
2. «Сенің де басқалардан өзгеше болуына құқын бар, сенің де қолыңнан келеді» — деп, сенім артуы керек.
3.«Үстіңді ретке келтір, шашыңды тара, киіміңді ауыстыр » — деп, баланың өзін жақсы сезінуіне көмектесу керек.
4. «Біз саған қиыншылықты жеңуге көмектесеміз, екіншілей жаман қылық жасама».
5. «Үлкендердің өмір жолында болып жатқан ыңғайсыз жағдайларға сен кінәлі емессің. Сенің болашағың алда, үлкен ғалым боласың, жақсы дәрігер, білімді ұстаз болуды арманда » және ата-анасын сыйлау керек екенін айтып отыру керек.
IҮ топқа: Әңгіме туралы сіздің пікіріңіз……
"Шегенің ізі"
Мінезі жаман бір жас жігіт болса керек. Ешкім оны түзей алмапты, қателігін айтқан сайын ызалана түсіпті. Бір күні әкесі оған іші шегеге толы бір жәшік беріп: «Маңайындағы достарыңмен әр жанжалдасып қалған сайын тақтайға бір – бір шегеден қағып отыр», — деп табыстапты. Алғашқы күні – ақ баласы тақтайға көп шеге қағып, табыстапты. Келесі күндері де аз болмапты. Осы қарқынымен, әлгі тақтайды толтыруға аса көп уақыт жұмсамапты. Тақтайдың толғанын көргенде әкесі оған: «Енді сол достарыңмен жеке – жеке татулас. Әр татуласқан сайын бір шегеден суырып отыр», — дейді. Біраз күндер өтіпті. Бір күні қараса, қағылған бар шеге суырылып біткен екен. Сонда оны сырттай бақылап жүрген әкесі баласын тақтайдың алдына ертіп әкеліп: «Балам, жарайсың, жарадың, — депті, — алайда мына тақтайға жақсылап тұрып қарашы? Шегелерді суырғанда қалып қойған орындарын, қарайған көп тесікті көріп тұрсың. Тақта әуелгісіндей таза қалпында, әдемі болып қалмады. Достарыңмен төбелескен сайын арада жаман сөздер айтылады. Әр реніш сөз көңілде мына шегенің орны тәрізді бір – бір дақ қалдырып отырады, сондықтан ешкімнің көңліне кірбің ұялатпағайсың, балам», — деген екен ұлын сабырға шақырып, өмірлік ұмытылмас сабақ ұқтырар.
Иә, реніш артынан риясыз кешірілсе жақсы, әйтпесе, көп жағдайда жан сыздатар, еске түскен сайын көңілді қаралап, жанды жаралайтын із тастап кететіні, ащы да болса ақиқат. «Алдыңа келсе, атаңның айыбын кеш» деген бабаларымыз әрқашан кешірімді негіз етіп ұстаған. «Бір ашуыңды маған бер», «Тентегімді жөнге салуды өзіме қалдыр», «Бір білместік өтті», егер бала болса «ісінің шалалығы» деп, жас болса «жастық шақта кімнің басынан не өтпейді» деп, үлкен кісі болса «жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ бола ма» деген секілді сөздермен әйтеуір екі жақты өз рәуішінде бітістіруге, араларын татуластыруға, артын тым ушықтырмауға тырысқан.
Қорытынды:
• Адам өмірінің мәні мен сұлулығы, адамның келешегіне сенімділігі — баланың ата-анасын ардақ тұтып, өзінің перзенттік қарызын бір сәтке де есінен шығармауында. Бұл – жас ұрпақтың мәдениеттілігін, әдептілігінің ғана емес, ең алдымен, адамшылығының белгісі.
• Бала – ата- ана өмірінің жалғасы. «Баламның табанына кірген шөңге менің маңдайыма кірсін» деп әлпештеп өсірген перзенті ауырып не басқа бір қатер төнгенде мойындарына бұршағын салып, «Өзімді алып, баламды аман қалдыр!» деп құдайға жалбарынған.
• Бала тәрбиесі – қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін күрделі процесс.
• Отбасы, ұшқан ұя – жылылықтың, жылулықтың мекені. «Отбасы» атауының мәніне терең үңілер болсақ, оттың да үлкен маңызы бар екенін сеземіз. Сондықтан оттың басы, ошағымыздың түтіні түзу болуы үшін баламыздың жан дүниесіне үңілейік!
Студенттерді бағалау.
Қорытынды:
«Баланы 5 жасқа дейін патшадай күт, 10 жасқа дейін құлдай жұмса, 15 жастан асқан соң, досыңдай сырлас».
Үйге тапсырма: «Жаңартылған білім беру мазмұнындағы сынып жетекшінің моделін» топ бойынша құрастыру.
Сабақ аяқталды, сау болыңыздар.
Орал қаласы.