Шығыс Қазақстан Облысы
Семей қаласы
Қ. Рысқұлбеков атындағы № 33 орта мектебінің
Ибраева Жангуль Бауыржановна
Сабақтың тақырыбы: Торғай мен түлкі.
Сабақтың мақсаты: Ертегі мазмұнымен таныстыра отырып, кейіпкерлердің іс-әрекетін талдауға үйрету. Сын тұрғысынан ойлауды дамыту – шығармашылық қиялдарын, сөздік қорларын молайтып, тіл байлықтарын дамыту. Сыйластық, адамгершілік қасиеттерді тәрбиелеу.
Сабақтың әдістері: СТО әдістері-ой қозғау, венн диаграммасы, Шаталов технологиясы негізінде құрылған суретті-сызба әдісі.
Көрнекілігі: Торғай, түлкі, ит, бидай, егін шаруашылығының суреттері
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі.
«Шаттық шеңбері»
II. Қызығушылықты ояту. Ғажайып сәт әуен
Тәрбиеші: Балалар, мына үйшікте кім тұрады екен? Мен таптым. Бірақ мына үйшікте кім тұратынын менің жұмбағымды шешіп өздерің тауып көріңдер.
Өзі айлакер, өзі бір қу,
Жүрген жері айқай да шу. (түлкі)
Қосымша сұрақ: жануарлардың ішінде қайсысы қу?
Балалар жұмбақты шешкеннен кейін түлкі шығады.
Түлкі: Сәлеметсіңдер ме, балалар? Сендер мені таныдыңдар ма?
Педагог: Әрине, түлкіжан. Біздің балалар сен туралы көптеген ертегілерді біледі.
Түлкі: Кәнекей, балалар! Мен туралы қандай ертегілер білесіңдер?
(Балалар түлкі туралы өткен ертегілерді айтып береді)
Түлкі: Жарайсыңдар, көп ертегі біледі екенсіңдер.
Педагог: Балалар мен ертегімді бастамас бұрын сол ертегінің тағы бір кейіпкерін жұмбақ арқылы жасырғым келіп тұр. Қане, бәріміз жұмбақты тыңдайық.
Итпен бірге таласып,
Табаққа қонып қоймайды.
Білесің бе, кәне, айта ғой,
Танисың ба, . . . . . (торғайды)
Қосымша ой салу: Ол құс …..
(Балалар ойланып, естеріне түсіріп жұмбақтың шешуін табады)
Педагог: Жарайсыңдар, торғай туралы не білеміз? (Балалар жауабы)
Педагог: Жарайсыңдар, дұрыс айтасыңдар. Ендеше біздің бүгінгі тыңдайтын ертегіміз «Торғай мен түлкі» деп аталады. Мен бұл ертегіні айтып берейін, ал сіздер жақсылап отырып тыңдаңдар, жарай ма!
(Балалармен қосылып түлкі де ертегіні тыңдайды)
III. Мағынаны тану.
Ертегідегі жаңа сөздердің мағынасын ашу.
Тәрбиеші: Түлкіжан, «таң сәрі» деген не деген сөз?
Түлкі: Таң сәрі – таңертеңгі мезгіл.
Тәрбиеші : Ал «бұлттың жөңкеле көшкені» дегенді қалай түсінеміз?
Түлкі: Ой, ол бұлттардың тез жылжуы.
Педагог : «Шоңқиып отыру» дегенді балаларға қалай түсіндіресің?
Түлкі: Бұл аяғын бүгіп отыру деген сөз.
Тәрбиеші: Рахмет саған түлкіжан! Біз бұл ертегінің ішіндегі түсінбей жүрген сөздерді сен арқылы түсіндік.
Ертегіні бөлікке бөліп оқу. Педагог ертегіні бөлікке бөліп оқиды.
I бөлімде: Түлкі мен торғай дос болған. Екі дос егін егіп, жинауға кіріседі.
II бөлімде: Түлкі торғайды алдайды. Егінді торғайға жинатады. Торғай түлкінің айтқанын тыңдайды, түлкі өтірік айтады.
III бөлімде: Торғайды ренжітеді, егінді аз береді. Торғайға ит кездеседі. Ит түлкіге ашуланып, түлкіге барады. Түлкі иттен қорқып қашады.
Түлкі: Ой мен қатты ұялып отырмын. Кешіріңдер, енді ешкімге де қулық жасамаймын. Мен тез арада бұл жерден кетіп қалайын. (сыбырлап, ортадан шығып кетеді).
Қулық ойлап түлкі,
Ортада болды күлкі.
Жүгірді де жылдам,
Асып кетті қырдан.
IV. Сергіту сәті:
Орнымыздан тұрайық,
Сергіп кәне, алайық.
Торғай болып ұшайық,
Кәне, қанат қағайық.
Шоқып жемді алайық,
Орнымызды табайық.
V. Тірек – сурет бойынша жұмыс. Сурет арқылы суретті-сызбаны құрастыру (Түлкі мен торғай. Түлкі мен торғайдың егін егуі. Түлкінің төбе басында шоқиып отыруы. Торғайдың егінді жинауы. Торғайдың ренжігені, итке кездескені. Иттің түлкіні аңдуы,жазалауы)
Тәрбиеші: Жарайсыңдар, демек ертегінің не туралы екенін және мазмұнын түсіндіңдер ғой, солай ма балалар?
VI. Қорытынды. Балалар, біз бүгін кіммен кездестік? Түлкі мен торғай шын дос болды ма? Түлкі қандай қулық жасады? Торғай неге өкпелеп кетті? Түлкі мен ит қай жерде кездесті? Олай болса ертегі кейіпкерлері қандай?