ДАРЫНДЫ БАЛАНЫ АНЫҚТАУ НЕГІЗІНДЕ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ШЕБЕРЛІКТІ ШЫҢДАУ
Пірманова Гүлжамила Әлзаққызы
Бастауыш класс мұғалімі
Қызылорда облысы, Қазалы қаласы, Басықара ауылындағы №182 мектеп
Қазақстан Республикасының 2005 – 2010 жылдарға арналған мемлекеттік білім дамыту бағдарламасында «Кәсіптік мектеп бағдарламасы оқушының жеке тұлғалық ерекшелігін дамытуға, оның дара қабілеттігін ашуға бағытталған» делінген. Талабы таудай, қабілеті мол, ізденімпаз жастар көбейіп жатса, ол еліміз үшін абырой. Ендеше талантты да, қабілетті, ерекше дарынды жасқа айрықша назар аудару қажет.
Дарынды бала – бұл болашақта жаңа технология шығарушы, әділ саясаткер, рухы биік адам.
Бүгінгі тәуелсіз еліміздің дамып, одан әрі өсіп — өркендеуі мен Елбасымыз атап айтқандай бәсекеге барынша қабілетті болуы, ең алдымен жастардың білімділігі, мәдениеттілігі, саяси саналығы мен өмірге бейімділігіне байланысты болса керек. Жеке адамның дамуы мен оны дұрыс тәрбиелеу, педагогикалық және психологиялық бағыт – бағдарға тікелей байланысты. Сол себепті балаға тәлім – тәрбие беріп, оны білім – ғылымға баулитын ұстаздары мен тәрбиешілердің міндетті түрде білікті, көрегенді, әрі өнегелі болғаны дұрыс. «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез» — деп Абай атамыз айтқандай, ақыл – ой тәрбиесінде пікірлесу, пікірталас арқылы ой дамыту, оқушы тұлғасының өзіндік ерекшеліктеріне сәйкес оның дарынын дамытуға, интеллектісін арттыруға ат салысатын адамның өзі осыған сай болғаны дұрыс.
Қазіргі әлеуметтік – экономикалық жағдайда кәсіби жетістікке жалпы және арнайы қабілеттілік, білімділік, шығармашылық арқылы ғана қол жеткізуге болады. Сондықтан ата – аналардың, мұғалімдердің алдына жаңа міндеттер жүктеледі: балалардың жеке қабілеттілігін, білімділігін анықтау және оны дамыту, соның негізінде олардың болашағына бағыт беру. Осы орайда «Дарынды балалармен жарқын болашаққа» айдарымен көптен бері жұмыс жасап келемін.
Мақсаты : 1. Дарынды балаларды анықтау мен іріктеу, оқыту мен дамыту,
жетілдіру.
2. Мемлекетіміздің зерделі әлеуетін қалыптастыруға үлес қосу.
Бұл жерде негізгі тұлға – ұстаз. Ал ұстаз қандай болу керек? Ол- зерттеуші, дамытушы, жаңашыл, яғни жаңалық ашатын және тәрбиелеуші.
Негізгі бағыттарымыз :
- Дарынды балалардың дамуына тиімді жағдайлар жасау.
- Мұғалім мен оқушының жеке тұлға ретінде шығармашылық ынтымақтастықта өз — өздерін дамытуы.
Дарынды балаларды анықтаудың ұстанымдары :
- Түрлі ақпарат алу көздерін пайдалану, бала қабілетін кең көлемде қамту, баланың мінез – құлқын, іс — әрекетін жан – жақты бағалау.
- Баланы танып – білу мен зерттеудің ұзақтығы баланың түрлі жағдайындағы іс — әрекетін кең көлемде бақылау.
- Баланың қызығушылығы мен бейімділігіне барынша сәйкес келетін қызмет аясына баланың іс — әрекетіне талдау жүргізу, арнайы ұйымдастырылған пәндік, ойындық сабақтарға, түрлі іс – шараларға қатыстыру.
Баланың психологиялық кедергілерін жоюға мүмкіндік беретін тренингтік әдістерді пайдалану.
- Жұмыс нәтижесін талдау, бақылау, әңгімелесу, мұғалімдер мен ата – аналардың сараптамалық бағалары.
Оқушыларының жас ерекшеліктеріне сай қабілеті олардың белгілі бір іс — әрекетке бейімділігі арқылы көрінеді, яғни оянып келе жатқан қабілеттің алғашқы белгісі. Сондықтан да біздіңше балалық кезде ерекше көзге түсетін бейімділіктердің келешекте олардың қабілеттерінің көрсеткіші екенін ескеріп, оны дер кезінде көре біліп анықтау біздің міндетті борышымыз екенін ұмытпауымыз керек. Мысалы: «Компьютердің пайдасы мен зияны» тақырыбында өткен тренинг сабақта оқушылар өз ойларын ашық айтып, жекелеген оқушылар дараланып шыға бастады, яғни баланың лидерлік қабілеті оянды деуге болады.
Келесі өткізілетін сабақтарда балаларға тапсырма берсем, оқушылардың белсенділігі, қызығушылығы басым болып, шығармашылық қабілеті, ізденушілігі жоғары деңгейде көрінді.
«Кім көп біледі» сабағымда, сыныптан тыс жұмыстың мәнін ашуда түрлі әдіс – тәсілдерді пайдалану арқылы жұмысты оқушылардың өздеріне тапсырдым. Олар 3 топқа бөлінді. Жасылдар, сарылар, көкпеңбек тобы. Әр топ өздерінің тақырыптарын қорғады. Бұл сабақ ұйымшылдықпен орындалып, сыныптан тыс жұмыс түрлері толық талқыланып, айқындалды. Өз бетімен жұмысты тиімді ұйымдастыруда жол ашатын қолайлы жағдай – бұл оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес өзіндік бейімділігі. Өйткені бұл кездегі оқушылардың ойлау қабілеті жоғары және қиялдау, елестету, шығармашылық жұмысқа талпынысы басым болады. Сол себепті де тиімді түрде ұйымдастыра білген мұғалімге оның берерлік маңызы зор, бұл мұғалімнің шеберлігіне байланысты. Сол себепті де балалардың өзіндік дамуына жете көңіл бөлінуі керек.
Мұғалім оқушы өзгешеліктеріне зер сала білуі керек. Ол үшін мұғалімнің жеке бір шығармашылық табысы болғаны жақсы. Мысалы: орындаушылық, сурет өнері, музыкадан. Дарынды балалармен жұмыс барысында мұғалім әр қырынан көрінуі шарт. Сол арқылы педагогикалық шеберлігі шыңдалады. Кез – келген сабақ кезінде мұғалім оқушы алдында тығырықтан шыға білсе, бұл мұғалімнің шеберлігі. Өз тәжірибемде байқағаным оқушылар бір сарынды сабақтан жалығады. Оларға үнемі сабақты түрлендіріп, ойын арқылы сабақты түсіндіре білсең, сол сабақтың қалай тез өткенін байқамай қаласың.
Дарынды балаларда күшті дамыған шыншылдық сезімі болады. Ой – арманы, қиялы күшті әрі кең өрісті болады. Сонымен, дарынды бала ойлау дербестігіне ие, ол жаңа мәселелер мен проблемаларды қоя біліп, оларды тың әдістермен шеше біледі. Сондай тәрбие жұмысының бірі «Ана тілін ардақтай біл» атты ғылыми конференция. Конференцияда балалар тіл туралы өз ойларын ғылыми тілде дәлелдей білді. Бұл оқушылардың шығармашылығын, дарындылығын анықтауға мүмкіндік берді. Дарынды балаларды анықтау үшін оқушыларға арнайы жеке тапсырмалар беріп, пәнге деген психологиялық қызығушылығын арттыру керек. Ол үшін дарынды оқушыларға қойылатын арнайы талап деңгейінде жұмыстар жүргізілуі тиіс.
Дарынды балалармен жұмыс жүргізгенде мұғалімдер оқушыларға ғылыми негізде жұмыс істеуге баулу қажет. Сондықтан оларға күнделікті ағымдағы жұмыстармен шырмалмай, тапқырлықпен, шығармашылықпен жігерлі түрде еңбек етуге мүмкіндік жасау – бүгінгі өмір талабы.
Балалар ерте кезден бастап белгілі бір іс — әрекетке қабілеттілік байқатады. Мысалы : сурет салады, билейді, өлең айтады, белгілі бір музыкалық құралда ойнайды, мүсін салады. Бірақ бұл қабілеттерді қалыптастырып, жүйелі дамытып отырмаса, ол қасиет жас өскен сайын бірте – бірте жойыла бастайды, жас жеткіншектің болашақ кәсіби өміріне бағыт – бағдар бере алмайды.
Дарынды балаларға берілетін білімнің теориялық жақтары едәуір тереңдетіліп және кеңейтілген түрде берілуі қажет.
Әр мұғалімнің маңызды міндеттерінің бірі әр оқушының бойындағы қабілетті, икемдікті көре білу болып табылады. Кейбір оқушылардың қабілеті ерте ашылған гүл сияқты жұрттың бәрін таңдандырып жарқырап көрінеді де, ал екіншілерінің мінез – құлқына, темпераментіне байланысты көзге көп түсе бермейді. Ал мұғалімнің міндеті көзге түсе бермейтін қабілетін көре білу.
Дарынды балалармен жұмыс жасайтын мұғалімдерге мынадай талаптар қойылады :
— кең пейілді, нақты болу;
— іскерлігімен қызықтыратын тақырып ауқымы кең болуы;
— белсенді, тынымсыз мінез – құлық икемі;
— әзілдесе білуі;
— өзін — өзі жетілдіру барысында көзқарасын өзгертуге әзір болуы.
Шәкірттерді шығармашылық бағыттағы, өздігімен жұмыстарды орындауға баулу, олардың қабілеттерін шыңдаудың ең тиімді және сенімді жолы болып табылады.
Дарынды балалармен жұмыс барысында мұғалім әр қырынан көрінуі шарт. Алдымен кәсіптік қабілетіне талап қойылады.
ХХ ғасырда А. Выготский, А. Леонтьев, В. Давыдовтар «Бала оқу арқылы дамиды» дегенді алға тартты. Дарындылықты айқындау, оларды дамуына қолайлы жағдай жасау, мектеп, отбасы, мұғалімдердің ролін анықтау үшін бағдарлама қажет. Бағдарлама мақсаты – балалардың жеке бас ерекшеліктерінің дамуына жол ашу, қабілетіне қарай шығармашылық тұлға қалыптастыру.
Балаға әсер ететін орталар : ата – ана, мұғалім, мектеп, жұртышылық, жолдастары.
Жұмыс істеу барысында баланың осы орталармен байланысын жете бақылап отыру керек. Ол үшін арнайы тесттер жасалады. Дарынды балалармен жұмыс істеудің соңғы нәтижесі білімді өз еркімен, өзі игере алатын нәтижеге жеткізумен аяқталады.
Ата – аналар дарынды балалар туралы ақпаратты және міндеттерді орындай отырып, мұғаліммен тығыз байланыста болып, бірлесіп жұмыс жасайды. Тәрбиенің белгілі бір нүктесі жоқ, адам мінезі өзгерген сайын адам бойындағы тәрбие де өзгеріске ұшырауы мүмкін. Адам бесіктен өседі, әке – шешеден, яғни отбасынан тәрбие алады. Кейбір ата – ана «Баланың тамағын тоқ, киімін бүтін етсем болды, білімді тәрбиені мектеп, мұғалім беруі тиіс» — деп ойлайды. Осындай ойда болған ата – ананың баласын оқытып жүрген керісінше «Білім берсем болды, тәрбиесін ата – ана берер» — деп ойлар болса, баланың болашағына балта шапқанмен бірдей. Сол үшін «Бала біздің болашағымыз» деген қағиданы естен шығармай, ата – ана, мұғалім болып бала тәрбиесіне бірігіп көңіл аудару қажет.
Ата – аналарды мектеп қызметін жоспарлау және ұйымдастыру ісіне тарту, түрлі іс – шараларға ата – аналар мен балаларды бірлесе қатыстыру қажет. Барлық деңгейдегі әдістемелік жұмыстары мектеп пен отбасының ықпалдық тәжірибесін, отбасы тәрбиесінің озық тәжірибелерінен түрлі байқаулар, сайыстар, жарыстар т.б. өткізу арқылы айқындау.
Бүгінгі кезде оқушы болашақ маман деп қарастырар болсақ, қазірден бастап олардың өмір жолының бағыт – бағдарын айқындауына, мектеп бітірісімен өз қалауларымен қабілет – қарымына қарай мамандық таңдауы үшін оған жан — жақты көмектесу, әрдайым рухани жетілдіріп отыру қажет.
Жаңа ғасыр табалдырығын білім мен ғылымды инновациялық технология бағытымен дамыту үлкен үміттің басты нышаны болып табылады. Жас ұрпаққа сапалы, мән – мағыналы, өнегелі тәрбие мен білім беру – бүгінгі күннің басты талабы. Қазіргі кезеңде жалпы білімнің міндеті – баланың жалпылама дамуын қамтамасыз ету ғана емес, ең бастысы оларды жастай өз қабілеті мен қызығуына қарай белгілі бір мамандыққа арнайы әзірлей білу.
Мұғалімнің міндеті бар мүмкіндікті пайдаланып, баланың қабілет дарынын ашу. Бала бойындағы ерекшелікті, қабілетті мұғалім танып, соған бағыттап білім мен тәрбие берсе, баланың болашағының іргетасы дұрыс қаланатыны сөзсіз.
Баланың дарындылығын анықтау, дамыту үшін бақылауды асығыс жүргізуге болмайды. Ол үшін белгілі бір педагогикалық, психологиялық әдістерді қолданамыз, яғни мектеп психологімен байланыс жасай отырып жүзеге асады.
Баланың табиғатын ұқпаған кісі, оны қанша әурелегенмен еш нәтиже шығара алмайды. Яғни мұғалім үшін бала жанын түсіну үлкен өнер.
Біз өзімізге сеніп тапсырған әр ата – ананың үміт күтетін перзентін салауаттылыққа бейімдеп, әдеппен сөйлеуді, үлкен кісіні сыйлауды үйретіп қана қоймай, тұлғаның бойына игі іс әрекеттер мен адамгершілік қасиеттер алтын арқау боп өрілсе екен дейміз.
ХХІ ғасырды білімділер ғасыры десек, ғылым мен білім саласында еңбек ететін жастарымыздың алдында үлкен жауапкершіліктер тұр. Демек, сол жастарға кәсіби құзыретті маман болып қалыптасуына бағдар беру – басты мақсатымызға айналуы тиіс.
Бүгінгі таңдағы білім беру жүйесіндегі негізгі мәселе, негізгі талап – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқанындай, «Бәсекеге сай білімді де, өркениетті елдің ұрпағын дайындау.»
Бар ғылымның бастауы – мектеп. Сондықтан біздің басты мақсатымыз — білім сапасын жақсарту. «Елдің болашағы жастардың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздың қолында» — деп атап көрсеткендей, Елбасы бізге үлкен міндет артып отыр. Ал оны орындау — бәріміздің қасиетті борышымыз. Егемен еліміздің болашағы, оның әлемдік өркениеттегі, өз орны ең алдымен білім мен тәрбиенің бастауы болатын ұстаздың қолында. Ендеше бәсекеге қабілетті, білімді тұлғаны дамытып қалыптастыру баршамыздың ісіміз екенін бір сәт те естен шығармауға міндеттіміз.
П а й д а л а н ы л ғ а н ә д е б и е т т е р :
1. «Қазақстан – 2030» бағдарламасы
2. Қ. Жарықбаев «Психология» Алматы «Білім» 1993 жыл
3. «Білім туралы» Заң
4. «Бастауыш мектеп» журналы № 5, 6 2008 жыл
5. «Қазақстан мектебі» журналы № 6, 10 2008 жыл
6. «12 жылдық білім беру» журналы № 2, 7, 11 2007 жыл
7. Б. Ш. Тұрғынбаева «Кіші жастағы оқушылардың шығармашылық
қабілетін анықтау» Алматы, 1999 жыл