I ТАРАУ

МАЗМҰНЫ

1 бөлім. ҚАЛЫҢ ЕЛІМ, ҚАЗАҒЫМ

Абай Құнанбайұлы
«Сегізаяқ» өлеңі
«Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» өлеңі
«Лай суға май бітпес қой өткенге» өлеңі
Абайдың қарасөздері. Он жетінші сөз
Отыз екінші сөз,
«Масғұт» поэмасы
«Қалың елім, қазағым»
бөлімі бойынша жиынтық бағалауға дайындық тапсырмалары

2 бөлім. ҚАЗАҚТЫҢ ҚАНЫШЫ

Медеу Сәрсеке
«Қаныш Сәтбаев» роман-эссесі
«Қазақтың Қанышы» бөлімі бойынша жиынтық бағалауға дайындық тапсырмалары

3 бөлім. ПАРАСАТ ПАЙЫМЫ

Айгүл Кемелбаева
«Шашты» әңгімесі
Талап Сұлтанбеков
«Көшпелі алтын» ғылыми-фантастикалық әңгімесі

Оразақын Асқар
«Шетте жүрген бауырластарға» өлеңі
«Парасат пайымы» бөлімі бойынша жиынтық бағалауға дайындық тапсырмалары

4 бөлім. ТАРИХ ТАҒЫЛЫМЫ

Шерхан Мұртаза
«Бесеудің хаты» драмасы
Жәркен Бөдешұлы
«Жалғыз» поэмасы
«Тарих тағылымы» бөлімі бойынша жиынтық бағалауға дайындық тапсырмалары

5 бөлім. КЕҢІСТІК ПЕН УАҚЫТ

Оралхан Бөкей.
«Атау кере» повесі
Тағдыр тәлкегі
Айна
Ана
Оралу
Серт
Таған
Соңғы сапар

Жарасқан Әбдірашев
«Дала Сенің ұлыңмын!» поэмасы
«Туған дала...»
КЕҢІСТІК ПЕН УАҚЫТ бөлімі бойынша жиынтық бағалауға дайындық тапсырмалары

6 бөлім.ЗАМАН ШЫНДЫҒЫ

Баққожа Мұқай
«Өмірзая романы» 3-тарау
4-тарау
9-тарау
16-тарау
49-тарау
52-тарау
53-тарау

Ерболат Әбікенұлы
«Пәтер іздеп жүр едік әңгімесі
Терезесіз лашық
Қайнаға
Жарнама
ЗАМАН ШЫНДЫҒЫ бөлімі бойынша жиынтық бағалауға дайындық тапсырмалары

7 бөлім.ҒАСЫРЛЫҚ ТУЫНДЫ

Мұхтар Әуезов
Көркем шығармалары
«Абай жолы роман-эпопеясы
Бірінші кітап. Қайтқанда1
Қайтқанда 2
Шытырманда 1
Шытырманды 2
Өрде 1
Екінші кітап. Тайғақта 1
ҒАСЫРЛЫҚ ТУЫНДЫ бөлімі бойынша жиынтық бағалауға дайындық тапсырмалары

8 бөлім.ТАБИҒАТ ЖӘНЕ АДАМ

Қадыр Мырза Әлі
Қадыр Мырза Әліның шығармашылығы
Қызыл кітап поэма 1
6 бөлім
9 бөлім
10 бөлім

Сұлтанәлі Балғабаев
Қоғамдық қызметі
«Тойдан қайтқан қазақтар пьесасы
Бірінші бөлім. Бірінші көрініс
Екінші көрініс
Сегізінші көрініс
Тоғызыншы көрініс
Бірінші көрініс
ТАБИҒАТ ЖӘНЕ АДАМ бөлімі бойынша жиынтық бағалауға дайындық тапсырмалары

ГЛОССАРИЙ

І­ ТАРАУ

ҚА­ЛЫҢ­ ЕЛІМ,­ ҚАЗА­ҒЫМ

Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,
Ұстараcыз аузыңа түсті мұртың.
Жақсы менен жаманды айырмадың,
Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың.

Абай

Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты, Өткізбей қараңғыда бекер жасты

Міржақып Дулатұлы

Асыл сөзді іздесең,
Абайды оқы, ерінбе.
Адалдықты көздесең,
Жаттап тоқы көңілге!
С.Торайғыров

АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫ

Абай қандай отбасында дүниеге келген? Неше ағайынды болған?

Абай Семей облысындағы Шыңғыс тауын жайлаған Тобықты руының ішінде 1845 жылы туған. Абайдың өз әкесі Құнанбай, атасы Өскенбай, арғы атасы - Ырғызбай. Аталарының барлығы да ру ішінде үстемдік жүргізген. Абай әкесінің 41 жасында дүниеге келген. Құнанбай – көп әйел алған кісі. Үлкен әйелі – Күңкеден Құдайберді деген баласын көрді. Екінші әйелі - Ұлжан. Ол Құнанбайдың інісі Құттымұхамбетке айттырылған қалыңдық екен. Інісі қайтыс болған соң Құнанбай келінін алған. Ұлжаннан туған балалары: Тәңірберді, Ибраһим (Абай), Ысқақ, Оспан. Үшінші әйелі Айғыздан Халиолла, Ысмағұл деген балалары болған. «Атадан алтау, анадан төртеу» дейтін Абайдың өлеңінің мәнісі осы. Құнанбайдың төртінші әйелі – Нұрғанымнан бала болмаған.

Абай Құнанбайұлы

(1845-1904)

Абай қайда білім алды?

Әкесі Абайды 10 жасқа келгенде Семей қаласындағы оқуға берген. Мұнда алғаш Ғабдұлжапар деген татар имамынан сауатын ашады. Содан соң әкесі одан шығарып алып, Ахмет Риза деген имамға тапсырған. Екеуінің де мешіттерінің жанында медреселері болған. Оқушы шәкірттің көбі медреседе жатып оқыған. Мұнда, негізінен, дін сабағы, араб және парсы тілдері оқытылған. Медреседе үшінші жыл оқып жүрген уақытта Абай жалғыз мұсылманша оқумен шектелмей, Семей қаласындағы «Приходская школаға» түсіп, орысша да оқи бастаған. Бірақ мұндағы оқуы ұзақ болмайды. Бас-аяғы үш-ақ аймен орысша оқуы бітеді. Үш жылмен мұсылманша оқуы да доғарылады.

Әдебиетіміздің негізіне қаланған бірінші кірпіш — Абай сөзі, Абай аты боларға керек. Қазақ халқына сәуле беріп, алғашқы атқан жарық жұлдыз – Абай... бірінші ақынымыз деп қабіріне халқы жиі-жиі зиярат етер, халық пен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз, бiрақ біздің рухымыз сезер, қуанар.

Міржақып Дулатұлы

Абайдың қоғам ісіне араласуы неден басталды?

Осылайша Абай 13 жасқа толғанда әкесі оқудан шығарып алып, ел билеу жұмысында өзіне серік қылмақ болып, баули бастайды. Сонымен, Абай 1870 жылдарға дейін, бір жағынан, әкесінің ығында болса, екінші жағынан, сол әкесінің басындағы міндеттерді, барлық жаулары мен талас-тартыстарының бәрін өзіне аударып, жауапкершілігіне ала бастайды. Зере әжесі мен анасы Ұлжанның халық ауыз әдебиеті мен қазақтың ежелгі салт-дәстүрін жақсы білуі оның жастайынан ел даналығын тануына үлкен мектеп болады. Қазақтың халық даналығын жақсы меңгерген адам жүйрік ой мен шешен сөзге жетік келеді. Мұны Абайдың «Әліпбимен жазылған тілекхат», «Тайға міндік», «Сап, сап, көңілім» сияқты өлеңдеріне қоса, «фольклор көлеміндегі Дулат, Шөже» сияқты жастық шағында ауызша айтуға машықтанған «Көкбайға», «Қыздарға», «Қара қатынға», «Масақбайға», «Көжек- байға», «Күлембайға» деген тәрізді толып жатқан эпиграмма, әзіл өлеңдерінен көруге болады. Абай шешендігі оның ел ісіне араласа бастағанда, Құнанбайдың сөзге жүйрік тұрғыластары мен дос адамдарына қайтарған жауабынан да көрінеді.

Абай лебі, Абай үні, Абай тынысы заман тынысы, халық үні. Бүгін ол үн біздің де үнге қосылып, жаңғырып, жаңа өріс алып тұр.

Мұхтар Әуезов

Абай орыс тілін қалай үйренді?

Абай жасы 30-дан асқан соң, бұрынғы аздыкөпті білгенін есіне түсіріп, орыстың тілін жат- тайды. Қалада жатып, азын-аулақ сөздерді меңгеріп, кітап оқуға кіріседі. Содан біраз жыл өткенде Абайдың күнделікті өмірінде үлкен орынды кітап оқу алады. Семейде, бір жағы, ел жұмысымен, екіншіден, әдейі қала кітапханасынан кітаптар алу үшін де қысқы айларда ұзақ уақыт жатып, өзі ізденіп, оқи бастайды.
Абай 1880 жылдарда Петербордан (Санкт-Петербург) айдалып келген төңкерісшіл, халықшыл Е.П.Михаэлиспен танысады. Е.П.Михаэлис ол кезде жас, Петербор университетінің студенті екен. Ол сол замандағы орыстың төңкерісшілдік пікірінде жүрген адамдардың басшысы, атақты Н.Г.Чернышевскийдің жақын танысының бірі болған. Е.П.Михаэлис Семейдің кітапханасынан өзіне керек бір кітапты іздеп келіп тұрғанда, Абай да Л.Н.Толстойдың кітабын сұрап тұрады.

Қазақтың бас ақыны Абай сөзінің дұрыс емес, қате айтылған, теріс айтылған, жұмбақ қылып, ашпай айтылған еш нәрсесі жоқ. Дұрыс, түзу, тиісті орнында айтылған сөздер. Оған оқушылар түсінбесе, ол Абайдың үздік ілгері кетіп, оқушылары шаңына ере алмағанын көрсетеді. Абайды қазақ баласы тегіс танып, тегіс білу керек!

Ахмет Байтұрсынұлы

3

Е.П.Михаэлиске қыр қазағының толстойшылдығы таңсық көрінеді. Сондықтан ол Абайға келіп, «Толстой неге керек?» деп сұрағанда, Абай Л.Н.Толстойдың кітабын оқығысы келгенін айтады. Содан екеуі кітапханадан бірге шығып, әңгімелеседі. Мұның арты сыйластыққа, достыққа ұласады. Абай Е.П.Михаэлис арқылы адвокат А.Гросс, жас доктор Н.И.Долгополов сияқты халықшылдармен де араласады. Абайдың ақындыққа ден қоюы қай кезеңнен басталды? 1884-1885 жылдары «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» сынды бірді-екілі өлеңдерді шығарса, 1886 жылы Абай нағыз ақындыққа бет бұрып, көп көңіл бөле бастайды: 16-17 өлең шығарады. 1882 жылдан бастап, әсіресе 1885–1886 жылдарда А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтовтан бірен-саран өлеңдерді қазақшаға аударып та байқайды. 1880 жылдардан бұрын кітап оқуға кіріскен Абай ел ішіндегі шаруалармен айналысса да, кітабын тастамаған. Сонымен бірге 1886 жылдан 1889 жылға дейін тағы да ел жұмысымен, кітап оқумен қатар өлеңдерін де жазып отырған. 1889 жылы шамамен 25 өлең, 1890-1891 жылдарда жиырма шақты өлең дүниеге келеді. Абай бірнеше рет болыс болған. Күшік Тобықты еліне 1866-1868 жылдары, содан соң 1872-1874 жылдары болыстыққа сайланады. 1876-1878 жылдары Қоңыркөкше еліне, 1893 жылы Шыңғыс еліне болыс болады. 1885 жылы Қарамола деген жәрмеңкеде бірнеше дуан (округ) елдің бас қосқан төтенше құрыл- тайына төбе би сайланады.

Тобықты ішінде жер дауы, жесір дауы, құн дауы сияқты салмақты мәселелерде жау жағы Абайға келіп билік айтқызуға әрқашан ынтық болады екен. Тіпті Құнанбай заманынан бері қарай ұдайы жаулықпен күн кешкен Жігітек те үлкен даудың тұсында алдымен Абайға баруға өзі ұмтылады екен. Осындай істерге билік айтқанда Абай үнемі өзіне жақын кісілерге кесіктің ауыр салмағын көбірек салып, өзі түсінген әділдік шарты толық болсын деп, жау жағына кеңірек қарауға тырысады екен.
Осылайша 1898 жылдарға дейін Абай ел сөзі мен ел жұмысынан шыға алмай, көбінесе әділ билікпен тыныштық орнатып, тым болмаса дау-шарды тоқтатармын деген үмітте болған. Мұндай жолға Абайдың түскені тек соңғы айтылған жылдарда ғана емес, бұдан көп бұрын - 1880 жылдардан басталған. Бірақ уақыт өткен сайын, ел сөзінен шынымен қашып жүрсе де, еріксіз кірістірген уақытта көп еңбегін осы жаққа салады:

Болды да партия -
Ел іші жарылды.
Әуремін, мен тыя,
Дауың мен шарыңды, - дейді.

1898 жылы Абайдың философиялық даналығын көрсететін атақты «Өлсем, орным қара жер» жазылған соң ғана өзінің бұдан бұрын жазған барлық өлеңдерінің жиналғанын қалайды. Абай 1899 жылға дейін өлеңді едәуір көп мөлшерде жазады. Абай қандай сынақтарды басынан өткізді? 1891 жылға дейін ел іші біраз уақыт тыныш болып келіп, дәл сол жылдың жазында Оспан мен Оразбай қайтадан ерегесіп, араздаса бастайды. Абай басында екеуін татуластырмақ болады, бірақ екеуі де алған бетінен қайтпай, жауласып кеткен соң, інісі жаққа шығады. Осы жаулық тоқтамайтын болып, ұлғайып өсіп, тағы да Шыңғыстың шегінен асып, Тобықтыға жетіп, одан басқа сырт елдерге де жайылады. 1892 жылы Оспан қайтыс болады. Ол Абайды ел істерінің барлығынан босатып, өз мойнына алған еді. Өзге туысқан ішінде ең жақсы көрген інісі болғандықтан, бұл қаза Абайға өте ауыр тиеді. 1892 жылғы өлеңдерінің көбінде Абай Оспанның өлімімен уланып дерттенген жүрегін жиі сездіреді. Әбдірахман Абайдың қатты сүйеніш көріп, үміт қылған баласының бірі еді. «Михайловская-артиллерийская школаны» бітіріп, енді әскери артиллериялық академияға түскісі келіп жүргенде, құрт ауруымен науқастанып, 1895 жылдың қаңтарында қайтыс болған. Оспанның қазасынан соң Абайды қатты күйдірген өлімнің бірі осы еді. Мағауия Абайдың жасынан денсаулығы нашар болғандықтан, қаладан толық ілім-білім ала алмаса да, әкесінің тәрбиесін бойына сіңіріп өскен баласы еді. Елден шықпай отырса да, Еуропа тәрбиесін алған адамдай, ақыл-мінезі, адамгершілігі түгелімен мәдениетті кісінің деңгейінде болған. Ол да әкесі сияқты қырда отырып-ақ, өзі ізденіп, көп оқып, мол білім алған жан еді. Ел жұмысына кіріссе, әкесінің ісін өз мойнына алатын. Жұмсақ мінезді болғандықтан, елдің көпшілігіне аса жағымды болған. Осындай ақылды да абзал баласы - Мағауия қатты науқастанып, қайтыс болған соң, Абай құса болып, ауруға шалдығады. Төсек тартып жатып қалмаса да, ешбір жанмен сөйлеспейді де, еш нәрсемен өзін алдарқатпайды. Ауруын ешкімге көрсетіп емдетпейді де, мұның бәрін қажетсіз деп біледі. Осылайша

Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес,
Бір сөзің мың жыл жүрсе, дәмі кетпес.
Қарадан хакім болған сендей жанның
Әлемнің құлағынан әні кетпес!
Ай, жыл өтер, дүние көшін тартар,
Өлтіріп талай жанды, жүгін артар.
Көз ашып, жұртың ояу болған сайын,
Хакім ата, тыныш бол, қадірің артар.

Мағжан Жұмабаев

Мағауия қазасынан кейін 40 күннен 23 маусымда 1904 жылы жаны жаралы ақын жарасы мен өмірде татқан уларын өз ішіне жиып, дүниеден өтеді. Оның сүйегі Жидебайдағы өз қыстауының жанына қойылады.

Абай есімі – қазақ халқының ұлттық соң, санасының оянуы мен рухани қайта жаңғыруының қоғамның озық күште-рінің өркениеттілікке ұмтылысы мен әлеуметтік әділдіктің символы.

Зәки Ахметов

«Сегізаяқ» өлеңі


Толғауы тоқсан қызыл тіл,
Сөйлеймін десең, өзің біл.
Абай

«Сегізаяқ» өлеңі несімен ерекшеленеді?

«Сегізаяқ» өлеңі (1889 ж.) - оқшау тұрған соны туынды. Абайдың қазақ поэзиясына 8 тармақты етіп, тыңнан қосқан шумақ өрнегі. Өлеңнің өзі сегіз тармақты 25 шумақтан тұрады. Мұндағы басты ерекшелік - әр шумақтың сегіз жолдан қайырылуында. Сондықтан өлең «Сегізаяқ» деп аталады. Соңғы екі тармақта айтайын деген ойын қорытындылап отырады. Бұл шығарманың ырғақтық құрылысы да өзгеше. Шумақ 5 буынды тармақтар мен 7-8 буынды тармақтардың жүйелі түрде үйлесуі арқылы түзілген. Мұнда 4 түрлі дыбыс үндестігіне негізделген «а абввбгг» деген үйлесім бар.

Алыстан сермеп,
Жүректен тербеп,
Шымырлап бойға жайылған; Қиуадан шауып,
Қисынын тауып,
Тағыны жетіп қайырған,
Толғауы тоқсан қызыл тіл,
Сөйлеймін десең өзің біл.
Өткірдің жүзі,
Кестенің бізі,
Өрнегін сендей сала алмас.
Білгенге маржан,
Білмеске арзан,
Надандар бәһра ала алмас.
Қиналма бекер, тіл мен жақ,
Қайнайды қаның,
Ашиды жаның.
Мінездерін көргенде,
Жігерлен, сілкін.
Қайраттан, беркін,
Деп насихат бергенде,
Ұятсыз, арсыз салтынан,
Қалғып кетер артынан.

«Сегізаяқ» өлеңінің шумақтық өрнегі қазақ поэзиясына жаңа түр болып қосылып, қалыптасты. Мәселен, ХХ ғасырдың бас кезінде осы түрді Ш.Құдайбердіұлы, А.Байтұрсынұлы, С.Торайғыров пайдаланса, 1970 жылдары сатирик-ақын Қажытай Ілиясұлы «Сегізаяқ» өлшемінің негізiнде «Өгіз аяқ» деген өлең жазып, қазақ пародия жанрына жаңаша серпін берді.
«Сегізаяқ» – сатиралық өлең. «Қайнайды қаның, Ашиды жаның, мінездерін көргенде» деп Абай қазақтың мінез-құлқының жағымсыз жақтарын сынап, кемшілігін бетіне баса отырып, биік тұғырға, өрелі ойға жетелейді. Мұнда тұнып тұрған әлеуметтік пәлсапа бар. Мысалы:

«Толғауы тоқсан қызыл тіл,
Сөйлеймін десең, өзің біл»;

«Білгенге маржан,
Білмеске арзан»;


«Көп айтса - көнді,
Жұрт айтса – болды –
Әдеті надан адамның»;


«Бойда қайрат, ойда көз,
Болмаған соң, айтпа сөз»;
«Көңілсіз құлақ - ойға олақ»;


«Еңбек қылсаң ерінбей,
Тояды қарның тіленбей»;


«Біріңді, қазақ, бірің дос,
Көрмесең, істің бәрі бос»;


«Тамағы тоқтық,
Жұмысы жоқтық,
Аздырар адам баласын»;


«Не ол емес, бұл емес,
Менің де күнім - күн емес»;
«Ғылымды іздеп,
Дүниені көздеп,
Екі жаққа үңілдім»;


«Жартасқа бардым,
Күнде айғай салдым,
Онан да шықты жаңғырық»;


«Атадан алтау,
Анадан төртеу,
Жалғыздық көрер жерім жоқ»;


«Моласындай бақсының,
Жалғыз қалдым - тап шыным!».


Міне, осындай өлең жолдарының көпшілігі бүгінгі күнде афоризмге айналып, халықтық сипат алып кетті. «Сегізаяқ» - Абайдың көзі тірісінде халық арасына кең таралып кеткен әндерінің бірі. Сондықтан оның сегіз түрлі нұсқасының болуы заңдылық және бұлардың барлығын әншілер мен Абайдың көзін көрген туыстары түпнұсқалық сипатын сақтай отырып, біздің заманымызға жеткізген.

4

«Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» өлеңі

Осы мен өзім - қазақпын.
Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе?
Егер жақсы көрсем, қылықтарын
Қостасам керек еді.

Абай

Ақын қалың елі – қазағына не айтқысы келген екен?

1886 жылы он бір буынды қара өлең ұйқасымен жазылған бұл өлеңде халық мүддесі, ақынның өзі өмір сүрген қоғамның тарихи шындығы бейнеленеді. Абай «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деген бір сөйлемге соншама үлкен мағынаны сыйғызған. Мұнда туған халқына деген шексіз сүйіспеншілік сезімі жатыр. Оны «Бет бергенде шырайың сондай жақсы, Қайдан ғана бұзылды сартша сыртың» деген өкінішті сөзінен де байқауға болады. М.Әуезов те: «Жоғын жоқтап, мұңын мұңдап отырғаны – «қалың елі, қазағы»... Оны «қайран жұртым» деп, бар жанымен ынтыға сүйеді», – деп көрсетеді. Абай дерті - елдігінен айырылып, берекесі қашқан қалың елі қазағының тарихи трагедиясы. Ресей империясының отарына айналып, «өз малын өзімдікі дей алмай», етекбасты күн кешкен қазағының ауыр халі жанына батып, қанын қайнатты. Ұлттық мінез психологиясына түскен өзгерісті Абай қоғам қасіретімен байланыстырады.
Ғасырлар бойы көшпелі тұрмыс кешкен, тіршілігінің тиегі төрт түлік мал болған халықты күштеп отырықшылдыққа көндіру қазақ жеріне үлкен қасірет әкелді. Патшалық Ресейдің қазақ даласын билеу жөнінде сол кездегі үш дүркін жасаған реформасының (1822, 1824, 1868) әуелі елдік ұйытқымызды жойып, ұлттық тұтастықтан, содан кейін әр ұлысымызды бөлшектеп, әр бөлек губернияға теліп, аумақтық тұтастықтан айырғанын көреміз.

Әсіресе Ресей патшалығының 1867-1868 жылдардағы реформасы нағыз бюрократтық, әскери-отаршылдық саясатының ең жоғарғы биігі болды. Міне, қазақтың «екінші ұртының қан болып, ұстарасыз мұрты аузына түсетін» себебі сол. Өйткені «бұратана» елге қолданған бірнеше ғасырға созылған отаршылдық саясаттың соңы Абай заманында заңды түрде орнықты, енді Ресей патшалығы қол астындағы жұртты ұршықша үйіріп, айтқанына көндіре бастаған. Абайдың «Жақсы менен жаманды айырмайсың» дегені – бір ұрты май, бір ұрты қан – сол тұстағы әлеуметтік құрылымға байланысты туындаған пікір. Сондықтан да ақын замfна туғызған келеңсіз құбылыстарды сынамай түра алмайды. Қазіргі тілмен айтқанда елдің сиқын бұзып жүргендер – мансабы жоғары шенеуніктер. Оларды Абай «Бас-басына би болған өңкей қиқымға» теңейді. Өйткені бұларда өз бастарының қамынан өзге мақсат жоқ, ұлтының қолынан шығып бара жатқан ырықты ұстап қалудың жолын ойлап, әуре болмайды әрі «өңкей қиқымнан» жиналған, яғни шала сауаттылардан құралған тобырдың тайталасуға өресі де таяз. Осындай қазақтың өз ішінен шыққан «өңкей қиқымнан» құралған шенқұмар, мансапқор сатқындардың саны артып, күннен-күнге көбейді. Сондықтан Абай ел ішіндегі алауыздыққа, берекесіздікке, екіжүзділікке, тұрлаусыздыққа зығырданы қайнап, «мұртың, ұртың, сыртың, қыртың, ұйқың, тыртың, бұртың, қиқым, сиқын, ырқың, құлқын, байлығың, шырқын, қырқың, қылпың, жыртың-жыртың, астыртын» деген бірыңғай ұйқасым тапқан сөздермен қатты сынайды.

Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,
Үстарасыз аузыңа түсті мұртың.
Жақсы менен жаманды айырмадың,
Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың.
Бет бергенде шырайың сондай жақсы,
Қайдан ғана бұзылды сартша сыртың?
Үқпайсың өз сөзіңнен басқа сөзді,
Аузымен орақ орған өңкей қыртың.
Өзімдікі дей алмай өз малыңды,
Күндіз күлкің бүзылды, түнде - ұйқың.
Көрсеқызар келеді байлауы жоқ,
Бір күн тыртың етеді, бір күн – бұртың.
Бас-басына би болған өңкей қиқым,

Мінеки бұзған жоқ па елдің сиқын?
Өздеріңді түзелер дей алмаймын,
Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың.

Былайғы уақытта ауызға ілінбейтін қарапайым сөздерге жан бітіп, әрқайсысы кекті, айбарлы, сұсты сөздерге айналған. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп басталған тұнып тұрған сезім-күй лирикасы осылайша өткір сатираға ауысады. Мағынасыз «жыртың-жыртың» етіп, бірліксіз, берекесіз, өзара шуылдасқан көпшіліктің ұлттың басына төніп келе жатқан «бодандықпен» шаруасы жоқ, тығырықтан шығудың жолын да іздемейді. Осыны ойлағанда ақын амал жоқ, халқының кемшілігін бетіне баса отырып, кесір-кесапат пен қалың сордан құтылудың жолын «ызалы жүрек, долы қол, улы сия, ащы тілмен» жеткізеді. Өлең ағылшын, араб, әзербайжан, қарақалпақ, қырғыз, татар, түрікмен, орыс, ұйғыр т.б. тілдерге аударылған.

«Лай суға май бітпес қой өткенге» өлеңі

Көкірек толы қайғы кісінің өзіне де билетпейді,
бойды шымырлатып, буынды құртып,
я көзден жас болып ағады, я тілден сөз болып ағады.

Абай

Терең философиялы ақын өлеңінің мағынасы неде екен?

Бұл өлең ақынның ұлы Әбдірахманның қазасына байланысты шығарылған. Халқын надандықтан арылтып, жарқын болашаққа бастар деп үміттенген баласы қайтыс болғанда ақын жанына таяныш таба алмай, дінге сүйенгісі келеді. Осы кезеңде (1895 ж.) жазылған «Лай суға май бітпес қой өткенге» өлеңінде де Абай ойшылдығы мен сыршылдығы терең үндестік табады. Өлең өте күрделі. Ең алдымен «Лай суға май бітпес қой өткенге» деген өлең жолының өзінде үлкен мағына жатыр. Абайдың мысалға жылқы немесе сиырды алмай, қойды алуының өзіндік себебі бар. Қойдың етінің де, сорпасының да қуаты күшті болады. «Қойдың еті – қорғасын» делінетіні содан. Ал қойдың майы, әсіресе, құйрық майы – бірден-бір ем. Қойдікіндей құнарлы май басқа төрт түлікте болмайды. Сондай қасиеті болса да, лай судан қаншама қой өткенімен, өзгеріс жоқ. Судың мөлдір емес, лай болуында да мағына бар. Бұл жерде Абай жаратылыс құпиясына мән беріп отыр. Лай суды надандыққа теңесек, надан адамға ілім қонбайды, яғни «май бітпейді».

Өлеңнен Абайдың ішкі рухы, наным-сенімі, жан дүниесі, түсінік-түйсігі анық көрінеді. «Көңілдің жайлауынан ел кеткендей, қасқырша алақтап, түк таппаған» ақын көңілі бір Аллаға деген сенімі арқылы ғана тиянақ табады. Ақын Алланың құдіретіне шек жоқ, лай судан миллиондап қой айдап өтсең де, бәрібір май бітпейді және сол лай қалпында қалады деген ой түйеді. Өйткені Абай 38-сөзінде де: «Алла тағала өлшеусіз, біздің ақылымыз өлшеулі. Өлшеусіз бен өлшеуліні білуге болмайды» деген. Мұнда да осы пәлсапалық ой басқа қырынан қайталанады: өлшеулі дүние мен өлшеусіз дүниені таныпбілу мүмкін емес. Бұл – тек бір Аллаға ғана тән сипат. Бұған жаратылыстағы тірі жанның «ақылы жетпейді», «ақыл-оймен білем десе де адасады». «Ойменбілген нәрсенің бәрі дәһрі» болады, мұндай дінсіз, құдайсыз адам дүниенің астан-кестенін шығарса да, сол мақұлық күйінде қалады.

Лай суға май бітпес қой өткенге,
Күлеміз қасқыр жалап, дәметкенге.
Сол қасқырша алақтап түк таппадым,
Көңілдің жайлауынан ел кеткен бе?
Көңілге шек шүбәлі ой алмаймын,
Сонда да оны ойламай қоя алмаймын.
Ақылдың жетпегені арман емес,
Құмарсыз құр мүлгуге тоя алмаймын.

Жаратылысты адам баласы қанша өзгертуге тырысқанымен, лай су бәрібір бұлақ бастауындай мөлдір болмайды. Өйткені «Алла тағала өлшеусіз» деген 38-сөзіндегі ойды мұнда «ләмәкән» арқылы ұғындырып тұр. Ал адамзатқа мекен берген, өмір берген Алла тағаланың өз мекені - ләмәкән, яғни мекені жоқ, мәлім емес. Оны білуге қанша ұмтылғанымен, адамзаттың қолынан келмейді. «Өлшеусіз бен өлшеуліні білуге болмайды» деген пәлсапалық ойдың түйіні осында:

Мекен берген, халық қылған ол ләмәкән
Түп иесін көксемей бола ма екен?
Және оған қайтпақсың, оны ойламай,
Өзге мақсат ақылға тола ма екен?

Міне, Абай Аллаға шек келтірмейтінін, күмәнсіз сеніп, бір сәт есінен шығармайтынын «Сонда да оны ойламай қоя алмаймын» деген сөздермен жеткізеді. Абай Құдайға құрғақ жалбарынбайды, өйткені тіршілік иесі «тар соқпақтың» бір басын ғана иемденсе, Хақ тағала екі жағын да «иілтіп ұстайты- нын», сондықтан екі дүние қызығын да қатар ойлап, тура жолдан таймай, «Имек жолда тиянақ, тегістік жоқ, Құлап кетпе, тура шық, көзіңе бақ», - деген түйінмен аяқтайды. Абайдың діни танымы, көзқарасы, мақсаты, құдіретті күшке шүбәсіз сенетіні, пәни дүние мен дүниенің «әділет, шапағатын» қатар ұстағаны осы өлеңде айқын көрінген. «Оны құлап кетпе, тура шық, көзіңе бақ» деген шешімінен де тануға болады.

5

Абайдың пәлсапалық лирикасында орын алған басты мәселе – түп иені танып білу. Абай ой танымындағы сөз болатын пәлсапалық ой-пікірлердің бәрі де осы мәселе төңірегіне жинақталған... Түп нені ақылмен тани алмайсың, жүбақи рекпен сезесің дегені сопылық таным ның өзекті пәлсапасына соғады екен.

Мекемтас Мырзахметұлы

Абайдың қарасөздері. Он жетінші сөз

...Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ.

Абай. Бірінші сөз

Абайдың қарасөздерді жазуына не себеп болды екен?

Абайдың қарасөз дейтін мұралары көркем прозаның өзіне бөлек, бір алуаны болып қалыптанады. Бұлар –сюжетті шығармалар емес. Бұрынғы жазушылар қолданған естелік, мемуар да емес. Стиль, мазмұн жағынан алғанда, осы шығармалар – Абайдың өзі тапқан, бір алуан көркем сөздің түрі. Кейде бұлар сыншылдық, ойшылдық және көбіне адамгершілік, мораль мәселелеріне арналған өсиет, nолғау тәрізді.

Мұхтар Әуезов

Абайдың адамгершілік, имандылық, адалдық, парасаттылық, еңбекқорлық, қайырымдылық сияқты ізгі қасиеттер жайындағы ойлары «Он жетінші сөзінде» (1893 ж.) де айқын ашылады. «Қайрат, ақыл, жүрек үшеуі өнерлерін айтысып, таласып келіп, ғылымға жүгініпті». Осы қасиеттердің барлығын Абай пәлсапалық ой түйіндеу арқылы ғылымға төрелік айтқызады. «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстаса», аяғына бас ұрып, табынатын қасиетті адам сол екенін ескертеді. Бірақ үшеуі ала болып, басы бірікпеген жағдайда тым болмаса жүрегіңді таза сақта, құдайшылық, яғни мейірбандық сонда деген түйін жасайды. Адам баласы өмірге келгенде әртүрлі мінезбен келеді. Егер тәрбиесі дұрыс болмай, теріс ақыл үйренсе, бойындағы қайратына ие бола алмай, жамандыққа бой алдырса, бір мезгіл жүректі тыңдау керек деген ой тастайды. Өйткені ақыл мен қайрат жүре пайда болады, қолмен ұстап, көзбен көруге келмейді, бұлар – абстрактілі ұғымдар. Ал жүректі сезіне аласың, дүрсілін естисің, суретін көресің. Жүрек – сенің жаратылыстағы қалпың. «Көзімнің қарасы» деген өлеңінде Абай:

Ақылсыз би болмас,
Сәулесіз үй болмас.
Жүректе оты жоқ,
Адамда ми болмас, дейді.

Сондықтан осы ісім дұрыс па, қате ме деп бір мезет жүректі тыңдау керек, «жүрекке әмір жүрмейді» деу бос сөз. «Осы үшеуің басыңды қос, бәрін де жүрекке билет» деген сөзді Абай ғылымның аузына тегін салып тұрған жоқ. Оқыған адам – ақылды, оқыған адам қайратын дұрыс жұмсай алады, оқыған адам жүректің әміріне құлақ аса алады, тыңдайды. Дойырлыққа, надан, нашарлыққа бармайды (М.Әуезов).
«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей» ұстаған «толық адамнан» еш уақытта жауыздық шықпайды. «Ғылым таппай мақтанба» деген өлеңінде Абай: «Дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл берсеңіз» - дейді емес пе? Мәтін мазмұны парасат-пайымға тұнып тұр. Абай нұсқаған жолмен жүру өмірлік бағытыңды белгілейді, адаспайсың, тіршілікке ұмтыласың, өйткені ол – адамзаттың барлығына ортақ құбылыс. Абайды оқысаң, өмірден жаза баспайсың. Сондықтан «Абайды оқы, таңырқа», «Абайды оқы, ерінбе».

Отыз екінші сөз

Білімдіден шыққан сөз,
Талаптыға болсын кез.
Нұрын, сырын көруге,
Көкірегінде болсын көз.

Абай

ХІХ ғасырда өмір сүрген ақын ғылымға неге ынтық болды екен?


«Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде «Дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл берсеңіз» деген Абай 1895 жылы жазған «Отыз екінші сөзінде» білім-ғылым үйренудің нақтылы жолдарын көрсетті. Мұнда ғылымға жетудің алты түрлі шарты болатындығын атады.
Абай ең алдымен, білім-ғылымды ұсақ-түйек пайда үшін жеке бастың есебімен үйренудің адамға келтіретін зиянына тоқталады. Ғылымға шын мейірлену керектігін ескертеді. Өйткені Абайша айтсақ: «Шала мейір шала байқайды». Сондықтан да ғылымды «ондай-мұндай іске, дүниенің бір қызықты нәрсесіне» жаратар едім деген мақсатпен іздемеу керек. Әуелі білім-ғылым үйренбекке қызығушылық болу керек. Әрбір білмегеніңді білген сайын дәулетке кенелгендей сезінгенде ғана адам бойында ризашылық, рахатшылық сезім оянады. Міне, сол рақат сезімді берік ұстаған жағдайда білімге деген құмарлық, ынтызарлық пайда болады. Шын жүрекпен құмартып игерген ғылым ғана адам баласына туған шешесіндей мейірленіп келеді, ал шала үйренген ғылымөгей шешенің мейіріндей толық болмайды. Сол себепті адамды шала сауатты болудан сақтандырады.

Бұл ғылым үшін де, талапкердің өзі үшін де аса қауіпті болатындығын ескертеді. Сондықтан «Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түсетін» жағын ойластыру керек.
«Екінші – ғылымды үйренгенде, ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбек керек» деген Абай ғылымның ақиқат жолына жұмсалуын насихаттайды. «Бес саусақ бірдей емес», адам баласының барлығы бірдей дарынды болып тумайды. Абайдың пайымдауынша, ғылымға қабілеттілігі әртүрлі адам ұмтылады. Ішінде «мен кімнен кеммін» деп өзін басқадан артық санайтын бақас та(күншіл) болуы мүмкін. Абай ондай адамдардың көбеюінен сескенеді, өйткені олар «адамды түземек түгіл, бұзады». Ең қорқыныштысы, жеке бастың қамын күйттегеннен басқа мақсаты жоқ адамдар ештеңеден тайынбайды. Олар бірдеңенің шетін білсе, соған дандайсып, өзімшіл пиғылын жасыра алмайды. Өзі соған сенгендіктен, көзі жетпесе де өтірікті те, өсекті де жасқанбай айтып, тіпті төбелеске дейін баруы мүмкін. Бұлардың адамдар арасында зияны зор, күндеу- шiлiктi зорайтқаннан басқа, ешкімге пайдасы тимейді.
«Үшінші – әрбір хақиқатқа тырысып иждихатыңмен көзің жетсе, соны тұт, өлсең айрылма! Егер де ондай білгендігің өзіңді жеңе алмаса, кімге пұл болады? Өзің құрметтемеген нәрсеге бөтеннен қайтіп құрмет күтесің?» дегенде ғылым жолындағы ақиқатқа анық көзің жетсе, соны «көздің қарашығындай» қорғап, қадіріне жете білу керек деген ой айтады.
«Төртінші – білім-ғылымды көбейтуге адамның ішінде екі қару бар: бірі –мұлаxаза (ойласу), екіншісі – мұхафаза (сақтау). Бұл екі қуатты зорайту жаһатінде (күш жұмсау) болмақ керек. Бұлар зораймай, ғылым зораймайды» дегені де адамның ғылым жолындағы төзімділігі мен ізденістерін көрсетеді.
«Бесінші - осы сөздің он тоғызыншы бабында жазылған ақыл кеселі деген төрт нәрсе бар. Содан қашық болу керек. Соның ішінде уайымсыз салғырттық деген бір нәрсе бар, зинһар (қалайда), жаным, соған бек сақ бол, әсіресе, әуелі -құданың (құдайдың), екінші халықтың, үшінші – дәулеттің, төртінші - ғибраттың, бесінші – ақылдың, ардың - бәрінің дұшпаны. Ол бар жерде бұлар болмайды» деп, ғылым жолына түскен адамға кесел келтіретін зиянды нәрселерден саналы түрде сақ болуды тапсырады. Абай «Он тоғызыншы сөзінде» адам дүниеге келгенде есті болып тумайтындығын, үйрене келе есті болатындығын айта келіп, ол үшін естілердің айтқан сөзін ынта қойып тыңдау, ұқпаған жерін қайта сұрау, түйсіну, үлгі алу керектігін айтса, «Отыз бірінші сөзінде» төрт түрлі «ой кеселдерінен» сақ болуды атап көрсетті. Олар: 1) уайымсыз салғырттық, 2) ойыншы-күлкішілдік, 3) қайғыға салыну, 4) құмарлық пайда болу. Міне, болашақ ғалым осы зиянды нәрселерден сақ болса, құдай алдында адалдықпен ғұмыр кешіп, ел бетіне тік қарап, дәулеттің, ғибраттың, ақылдың, ардың иесі болатындығына кәміл сенетіндігін білдіреді.
«Алтыншы – ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты бар. Сол мінез бұзылмасын! Көрсеқызарлықпен, жеңілдікпен, я біреудің орынсыз сөзіне, я бір кез келген қызыққа шайқалып қала берсең, мінездің беріктігі бұзылады. Онан соң оқып-үйреніп те пайда жоқ. Қоярға орны жоқ болған соң, оларды қайда сақтайсың? Қылам дегенін қыларлық, тұрам дегенінде тұрарлық

мінезде азғырылмайтын ақылды, арды сақтарлық беріктігі, қайраты бар болсын! Бұл беріктік бір ақыл, ар үшін болсын!» - деп Абай намысты болуға тәрбиелейдi. Бiрсөзділікті, тұрақтылықты, ұстамдылықты Абай ақыл мен ғылымның сауытына теңейді. Бір нәрсені бастап, аяқсыз қалдыру, әр нәрсенің басын шалу берік мінезді бұзатындығын айта келіп, ғылымға деген адалдықты, төзімділікті, қайсарлықты насихаттайды. Жалпы Абайдың қарасөздерінде ғылымға барар жолдың екі түрлі жағдайы көрсетіледі. Бірі – адамның ең қажетті ішкі жағдайы, яғни ынтамен оқу, мейірленіп іздену, жігерленіп талаптану, есіткенді ұмытпау, төзімді болу, т.с.с., екіншісі – өмір сүрген ортасы мен тұрмыс жағдайы. Міне, Абай даналығы сонда, ол осы «Отыз екінші сөзінде» адамның сыртқы жағдайы емес, ішкі жағдайына байланысты талаптанушыларға арнап ізденудің алты түрлі шартын көрсетіп берді.

6

«Масғұт» поэмасы

Абай жазған 4 поэманың даңқты болатын себебі олардың тұтастығы бар, іштей терең байланысы бар.

М.Әуезов

Абайдың қандай поэмалары бар?

Абайдың Шығыс классиктерімен арақатынасын М.Әуезов екі кезеңге бөлген еді. Бірінші кезең – ақынның жастық шақтағы еліктеу, 1860–1865 жылдарды қамтыса, екінші кезең 1886 жылдан өмірінің соңына дейін ақындық кемеліне келіп, таланты әбден толысқан кезiн қамтиды. Осындағы екінші кезеңге жататын Абайдың «Ескендір» поэмасы мен «Мың бір түн» желісі негізінде «Масғұт», «Әзім әңгімесі» деген поэмалары белгілі. Мұнда Абай Шығыс әдебиетінен өзінің гуманистік-ағартушылық идеяларына тікелей үндесетін оқиғаларды ғана алып, поэмаларына арқау етті. «Ескендір» мен «Масғұт» Абайдың 1909 жылғы жинағында жарық көрсе, «Әзім әңгімесі» мен «Вадим» поэмаларын Абай жинағына алғаш рет 1933 жылы М.Әуезов енгізген. «Вадим» поэмасы Абай шығармаларын ұқыптап көшірген Мүрсейіт Бікіұлы қолжазбасынан табылған, ал «Әзім әңгімесін» 1927 жылы Ысқақ Ырысайұлы деген кісі Абай шығармаларын жинаушыларға табыс еткен. Содан бері Абайдың екі томдық шығармалар жинағында бұл поэмалар үзбей жарияланып келеді. Абайдың «Вадим» атты төртінші поэмасы М.Ю.Лермонтовтың «Вадим» атты аяқталмай қалған повесінен алынған. Орыс қаламгері бұл туындысын нағашы әжесі Е.А.Арсеньевадан естіген әңгімелері бойынша жазып шыққан. Бұл шығарманы зерттеушілер Е.Пугачёв көтерілісіне байланысты оқиғалардың сипатталуымен байланыстырады. Бірақ шығарма аяқталмағандықтан, Е.Пугачёв көтерілісі толық қамтылмайды. Ал Абайдың басты ерекшелігі, біріншіден – қара сөзбен жазылған шығарманы өлеңмен айшықтап шығуында. Екіншіден – шығарманың сыншылдық жағынан гөрі романтикалық сипатына назар аударуында. Мұнда Абай түпнұсқаның ұзын-ырғасын ғана алып, жалпы мазмұнын еркін аударған. Түпнұсқа да, Абай аудармасы да аяқталмай қалған.

«Масғұт» поэмасының мазмұнына қандай оқиға арқау болған?

«Масғұт» поэмасы шығыстық сюжеттер желісінде жазылғанымен, ақын қаламына тән адамгершілік ойларымен астасып жатыр:

Арун-Рашид халифа заманында
Бағдатта бір жігіт бар, аты – Масғұт.
Шаһардан бір күн Масғұт шықты тысқа,
Барды ма кезі келіп бір жұмысқа?
Бір ұры бас сап тонап жатқан жерде
Кез болды бір бишара шал байғұсқа.
Шал байғұс айғайлады аттан салып,
Айырып алған жан жоқ оны барып.
Кім де болса, бір ерлік қылайын деп,
Масғұт ұшты ұрыға оңтайланып.
Масғұтты ұры шапты қылышпенен,
Тəуір-ақ жан сақтапты жұмыспенен.
Есен-аман шал-дағы құтылыпты,
Масғұттан жау қашқан соң ұрыспенен.

Кәрі шалды қарақшылардан құтқарып қалған жігітке риза болған шалдың ақ, қызыл, сары алманы таңдатып, «біреуін ал» деген сюжет орыс жазушысы И.Тургеневтің 1883 жылы жазған «Восточная легенда» атты шағын әңгімесінде де кездеседі. Абайда – Масғұт қызыл алманы таңдаса, Тургеновте Жапар (орысшада Джиаффар) деп аталған бас кейіпкер сары алманы таңдап, уәзір болады.

Тегінде адам басы сау бола ма?
Бойында тексерілмес дау бола ма?
Ері ашу айтса, әйелі басу айтып,
Отырса, бұрынғыдай жау бола ма?
Соны ойлап, қызыл жеміс мен таңдадым,
Берсеңіз, жемек болып бел байладым.
Топа-тoрсақ бұл сөзді айтқаным жоқ,
Басында-ақ ойлап тегін абайладым.
Бұл сөзге салып тұрды шал құлағын:
Ендеше тауып айттың, же, шырағым.
Ақыл, дәулет әуелден өзіңде екен,
Өміріңше артылсын, жаным, бағың!
Бұл шал бөтен шал емес, Қыдыр еді,
Ебін тауып даруға кезі келді.
Сөзіне, ақылына, қылығына
Разы болғаннан соң, бата берді.
Сол Масғұт Қыдыр шалдан бата алыпты,
Соңында Шәмсі-жиһан атаныпты.
Мағынасы: «бұл дүниенің күні» деген,
жетіліп бізге ғибрат сөз қалыпты.

Абайдың «Масғұт» поэмасында сөз болған екі түрлі сюжет әртүрлі шығармаларда осылайша баяндалған. Ал Абай бұларды Шығыс аңыздарына қарай бейімдеп, өзінше пайдаланып, тың туынды құрастырған. М.Әуезов «Абай Құнанбаев» атты монографиялық зерттеу еңбегінің «Абай поэмалары» атты тарауында «Масғұт» тақырыбын Шығыс халықтарының аңызынан алынғандығын поэмадағы «оның тіршілік еткен шаһары - Бағдат, заманы - Һарун Рашид халифтің тұсы» деген деректерге қарап шамалайды. Бірақ М.Әуезов мұнда Масғұттың идеясы шығыс аңызының идеясы емес екендігін айта келіп, оған «...ескі Бағдат тонын кидіргенше, өз тұсындағы қазақтың өзіндік тіршілігінен алып, сюжетті сол болмыстан құрастырып қиюластырса, шығарманың басты идеялары оқушыларына орағытып жетпей, төтелей жеткен болар еді» деген ой айтады.
Шығарманың бас кейіпкері – Масғұт. Ақын шығармасында ол Бағдатты билеген Һарун ар-Рашид халифа заманында ғұмыр кешкен ер жігіт бейнесінде суреттеледі. Мұндай нақтылық Тургеновте де, Бирма ертегісінде де жоқ. Абай ертегідегі аты-жөні белгісіз патшаға – Һарун Рашид халифа, жұлдызшы уәзірге Масғұт деген нақты есім беріп, оқиғаны уәзір арқылы өрбітеді. Поэма басталған бетте Масғұттың адамдық болмысы бірден көзге түседі. Жазатайым бір ұрының қолына түсіп, соққыға жығылған бейшара шалдың аянышты даусына дәті шыдамаған Масғұт қорғансызға араша түседі. Бейтаныс шалды қарақшының қанды шеңгелінен құтқарып қалған Масғұттың осы әрекеті арқылы оның адамгершілігін тануға болады. «Жақсылыққа жақсылық жасалып, осы қамқорлығының арқасында қарапайым Масғұтқа- бақ қонып, барлық арманына қолы жетіп, «Шәмсі-жиһан» «Бұл дүниенің күні» атанады. Ол- төрткіл дүниеге аты жайылған халифаның уәзірі - болып қызмет істеп, қалың жұртқа ақыл айтатын дәрежеге жетеді. Міне, осы тұста оған тағы да Қыдыр ата көмекке келеді. Ол жеті күн жауған жаңбыр суында кесапат бар екенін айтып, «Жеті күн жынды болар суын ішкен» деп сол суды ішпеуге аян береді. Бірақ поэмада Қыдыр мен халифаға ғана арқа сүйеген Масғұт көпшілікті соңынан ерте алмайды, ақыры «жынды суды» патшаға да ішкізіп, өзі де ішіп, көпшіліктің ырқына көнуге мәжбүр болады. Бұл оқиға Абайдың «Сократқа у ішкізген, Иоанна Аркті отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім? Ол – көп, ендеше көпте ақыл жоқ. Ебін тап та, жөнге сал» деген «Отыз жетінші» қарасөзіндегі оймен сабақтасып жатыр. Сондай-ақ «Сәулең болса кеудеңде» атты өлеңіндегі: «Единица жақсысы, Ерген елі бейне нөл... Единица кеткенде, Не болады өңкей нөл», деген ойымен де астасады.

Абайдың «Масғұты» қысқа сюжетті оқиға байланысы, дамуы, шарықтау шегі, шешуі барына поэма. Поэмадағы шал мен Масғұт арасындағы және хан мен Масғұт-араларындағы диалогтер мен ерлік қимылдарын баяндау арқылы Масғұт ұнамды қаһарман, ерлігі не ақылы сай, парасатты адам бейнесінде суреттеледі. Өзінің ақылының арқасында ол «Шығыстың күні» деген атқа ие болды деп қорытады ақын. Ал поэманың негізгі идеясы – әйелдің қоғамда атқаратын рөлін дәріптеу.

Қажым Жұмалиев
Мазмұны