ІІІ ТАРАУ

3 бөлім ПАРАСАТ ПАЙЫМЫ

Біздің бойымызға біткен қасиеттердің ішіндегі ең маңыздысы және ең ізгісі — парасат.

Габриэль Мабли

Жазушы ізгіліктің иесі болуы тиіс.

Айгүл Кемелбаева

АЙГҮЛ КЕМЕЛБАЕВА

Айгүл Кемелбаева қай жерде туып-өсті?
Қайда білім алды?

Айгүл Кемелбаева 1965 жылы 21 наурызда Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы Құндызды ауылында туған. 1984-1987 жылдар арасында Қаз ҰУ-дің журналистика факультетінде оқыған. «Қоңырқаз» әңгімесі шығармашылық кон- курстан өтіп, 1989 жылы Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтының негізгі (проза) бөліміне қабылданып, оны 1994 жылы бітіріп шығады.

Айгүл Кемелбаева

(1965 жылы туған)

Айгүл Кемелбаеваның қандай шығармалары бар?

Айгүл өз туындыларында саналы түрде еуропалық, мифтік есімдерді де кіргізіп қояды. Онысы эксперимент болғанымен, өте сәтті пайдаланылған амал. Өйткені дүниежүзілік әдебиетті біле отырып, сол деңгейде ойлана отырып, қазақша стильдік тәсілдерді дүниеге әкелуде.

Айгүл Ісімақова

«Жетінші құрлыққа саяхат» атты балаларға арналған хикаяты, «397 нөмірлі снайпер» және діни тақырыпқа арналған «Тобылғысай», «Ғибадат», «Қияда» атты әңгімелері мен «Мұнара» атты романы бар. Кемелбаеваның «Мұнара» романы зоологиялық прозаға да жатады. Автордың өзі бұл туралы: «Мұнара» атты шағын романымда зоологиялық проза тәсілін қолдандым. Мен үшін зоологиялық прозаның ең мықты өкілі - Герман Мелвилл, оның «Моби Дик немесе ақ кит» атты романын қайталап, сүйсіне оқыдым. Хайуанаттар этимологиясына асқан сүйіспеншілікті Мелвилл үйретті. Қазақ ауыз әдебиетінен бері хайуанаттар туралы анималистік проза дамып кеткен. Тегінде прозаның мүмкіндігі поэзиядан гөрі шексіз», – деп жазады.
«Мұнара» романының ерекшелігі – автордың көзқарасының берілу тәсілінде. Жазушы адамзатты табиғаттың бір бөлшегі ретінде оны табиғат-анамен салыстыра қарастырады. Сондықтанавтор романның екінші бөлігінде сананы тұрмыс билеген әлемнен табиғаттың қойнына сүңгиді.

Оқырмандарына табиғатқа қамқорлық танытпаса, апатқа ұшырайтындықтарын әдеби шебер тілмен жеткізе біледі. Мұнда адамның бергі санасы мен бейсанасындағы егес көрсетіледі. Магиялық проза саласында «Майя» атты повесть пен «Ер Төстіктің дүниеге келуі» атты әңгімесі жарық көрді. Жазушының «Көкенай мен Қалқаман» атты эпикалық прозасы Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қалқаман-Мамыр» поэмасының желісімен, нәзирашылдық дәстүрде жазылған. Жалпы республикалық баспасөзде 200-ге жуық әдеби-зерттеу мақалалары, эсселері, аудармалары жарияланған. Шығармалары орыс, әзербайжан, белорус тілдеріне аударылды.

Жазушының еңбегі қалай бағаланды?

1983 жылы «Жалын» баспасының республикалық жабық конкурсында балалар әдебиетіне арналған ІІ жүлдені, 1997 жылы М.Әуезовтің 100 жылдық мерейтойы құрметіне жарияланған шығармашылық конкурста ІІ орынды иеленді. Жастар одағы мен Журналистер одағының Баубек Бұлқышев атындағы сыйлығының лауреаты (1998 ж.). Сорос-Қазақстан - Дебют конкурсының лауреаты. Сорос-Қазақстан қорының «Қазіргі заманғы қазақстандық роман» атты конкурсының жеңімпазы (2000 ж.). Сондай-ақ бірнеше дүркін республикалық, халықаралық бәйгелердің жеңімпазы болған: Халықаралық Виктор Шнитке атындағы әдеби конкурсының лауреаты (2012 ж.) атанып, «Ресей немістерінің әдебиеті туралы әдебиеттанығыш жұмысы» атауы бойынша I дәрежелі дипломына ие болған. Халықаралық «Алтын асық» конкурсының проза атауы бойынша лауреаты (2014 ж.) атанды.

«Шашты» әңгімесі

Қазақ әдебиеті өзінің ұлттық мазмұны арқылы әлемдік әдебиетке шығады.
Айгүл Кемелбаева

Шығарма кейіпкерлері кімдер?

Айгүл Кемелбаеваның «Шашты» әңгімесі - ежелгі Түрікпен елінің Әмударияны бетке алып, Сыр бойы қыпшақтан алған қалың жылқыны дүркірете қуып, онымен қоса он бір жасар баланы құлдыққа жегуінен басталатын шығарма. Он бір жастағы Кенжебек атты баланы Түрікпен елінде қандас бауыры Тасқұл шалға тап қылады.
Шығарманың негізгі сюжеті осы екі кейіпкер айналасында өрбиді. Екеуара диалогтен баланың Тасқұлға көмекші ретінде қалдырылғанын ұғамыз. «Қай ноғайсың?» деп жөн сұраған шалға: «Аға, біз - қыпшақ, атам аты - Ерторы, әкем аты – Құлпейіс, анамның сүт кенжесі Кенжебекпін» деп жауап береді. Көңілі босаған балаға «Ай-Күн жарықсыз болмас» деп, дем берген шал ат құлағында ойнап өскен қыр баласына сүйсіне қарайды. Баланы осылайша таныстырған жазушы енді «Қай ноғайсың?» деген сөзді Кенжебектің аузына салады. Оған шалдың: «Тегін сұраған жат болмайды. Қаңлы десем, көгім қазақ дегенім, қарағым» деген сөзіне қарап, жылқышының да қазақ екенін білеміз. Тасқұл –шалдың шын аты емес. Бұл – басына түскен тағдырына назаланып, азбанқұлға айналған шалдың өзіне-өзі қойып алған аты. Шал шын атын да, шыққан тегін де айтқысы келмейді. Жылқышы қосында оңаша отырып, әңгіме-дүкен құрған екеуінің тағдыр тауқыметі ұқсас. Айырмашылығы – тағдырына көндігіп, еті өліп кеткен шал мен сол тағдырды қайталауға мәжбүр болып тұрған бала.
Қос мұңлықтың ұқсас тағдырын суреттеу арқылы жазушы ұстанымы айқындалады. Бұл – адам бойындағы туған жерге деген ыстық сезімнің ешуақытта тарқамайтындығы. Қанша рет қашуға әрекеттенсе де, жолы болмаған шал өзінің ауыр тағдырын балаға қайталатқысы келмейді. Сондықтан ол қабырғасы қатып, буыны бекімеген баланы үнемі қайраттандырып отырады. Жанын жасытуға, өмірден күдер үзуіне жол бергізбейді. Жылқы сырына қанық шал алда болатын аламан бәйгені сылтауратып, түрікпеннің боз жүйрігін арнайы баптап, сол бәйгеде баланы қашуға дайындайды. Кенжебек сияқты бала күнінде қолға түсіп, жат жерде қартайған шалдың ендігі арманы – баланы туған жерге аттандыру.

«Шашты» әңгімесінің негізгі идеясы қандай?

Әңгімеде қазақ халқы мен көршілес жатқан түрікпен елінің салт-дәстүрінің ұқсас тұстары сөз болып, екі елдің де мәрт мінездері ашылады.

Оны мына үзіндіден көруге болады: «Алпыс жыл табыннан шашау шығармай, жылқысын ерен адал баққан егде қазақтың шегір көзіне көзі түскенде Атажан байдың ыза-ашуы күрт басылып, табан астында өзгеріп шыға келді. Ол жалшысына ләм-мим демей, кері шегінген. Шабандозға шығарған құл баланы отандасы еліне қашыртып жібергенін әуелден баршасы ұқты. Ер екен. Түрікпен бай есігіндегі құлақ кесті құлды сол сәт қимас бауырындай сезініп, жүрегі алапат сыздап кетті. Ұлдарын атқа баулыған, жыл он екі ай ат арқасынан түспей, жылқысын баққан адал қазақтың өзіне ерекше қымбат жан екенін бай сезінгендей, кенет алай-түлей күй кешті. Атажан әлекедей жаланған ерегескен топқа жылқышысын жазалатқан жоқ, олар тым құрыса, Тасқұлды сабап кеткісі келген. «Бас жарылса, бөрік ішінде», - деді бай. Атажан ертесінде қос атқа қоржын артып, өр қазаққа азаттық беруге бұйырды. Ер азаматты шексіз құлданғанына құдайдан сөйтіп рақым сұрағысы келген. Айтулы ердің соңындай, оның бір жат қылығын кешпесе, өзін несін мұсылман санайды. Теке руы бір жүйрікті жоғалтса, несі бар екен». Бірақ бұған жылқышы селт етпейді. Өйткені өзі жете алмаса да, Кенжебек арқылы көздеген мақсатына қол жеткізді. Арманы орындалды. Тасқұлдың еліне кетер ойы жоғын білгенде Атажан бек іші жылып, қатты қуанады. Өйткені ат үстінен түспейтін Тасқұл кетпесе, «Қамбар атадай жылқысы дүр сілкініп бірдей жусайды, енеден туған бір құлын өлмейді».
Басты кейіпкер - Кенжебек қарт жылқышының өсиетін жадынан шығармай, алыс жол мен қиындықты еңсеріп, еліне аман-есен оралады. Оның қаймықса да қорықпай, алға қойған мақсатына жетуі - басты кейіпкермен жасы қарайлас мына сендер үшін үлкен үлгі.
Бір жыл бойы алынбаған шашы арқасын жауып кеткен балаға жеңгелері «Шашты» деген ат қояды. Тілекші дуананың: «Шашың өлең шөптей қаулай өсіп, еліңе шашты болып келдің, Алла тағала жар болып, ұрпағың шашыңдай көп болып, өсіп-өнсін! Әумин!» деген батасы қабыл болып, Шашты еліне қадірлі азамат болып, балалы-шағалы бақытты ғұмыр кешеді.

2


Менің фантаст жазушы болуыма Абыралының тауы мен тасы себепкер болды. Тау биігі қиялымды шарықтатып, ұшар қанатымды қомдаған-ды.

Талап Сұлтанбеков

ТАЛАП СҰЛТАНБЕКОВ

Талап Сұлтанбеков қай өңірде, қандай отбасында туып-өсті?

Талап Сұлтанбеков 1930 жылы 1 қыркүйекте Алматы облысының Ақсу ауданында мұғалімдер отбасында дүниеге келген. Талап Сұлтанбеков – ақын Ілияс Жансүгіровтің немере інісі, яғни Ілиястің атасы Берсүгірдің екінші баласы - Сүлейменнің немересі. Анасы Дәмеш Берсүгірова – қазақтың белгілі ақындарының бірі. Дәмештің атасы Нияз – батыр, болыс болған кісі.

Сұлтанбеков қандай қызметтер атқарды?

Талап Сұлтанбеков

(1930 жылы туған)

Тоғызқұмалақ ойыны да шахмат, дойбы ойындары сияқты тапқырлықты, мол фантазияны талап етеді. Алайда бұл ойынның есебі ерекше, өзіне ұқсас ойындарға қарағанда анағұрлым күрделірек. Оның басты себебі – тоғызқұмалақ ойынын немесе оның кейбір жеке позицияларын тақтаға қарамай, абстракты түрде ойлау аса қиын.

Талап Сұлтанбеков

Т.Сұлтанбеков Қазақ мемлекеттік университетін бітіріп, бұрынғы Семей облысы Абыралы ауданы Қайнар ауылындағы мектепке мұғалім болып орналасады. 1955-1959 жылдары облыстық «Жетісу» газетінде, 1962-1970 жылдары «Білім және еңбек» журналында жұмыс істеген. 1970-1985 жылдары «Қазақфильм» киностудиясында еңбек жолын жалғастырған, 500-ден астам көркем фильмдердің қосалқы туындыгері болды. 1985-1991 жылдары Бүкілодақтық «Киноорталық» бірлестігінің қазақ бөлімінің директоры қызметін атқарады. Шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ ойындарын насихаттаушы және республикалық дәрежедегі төреші, Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы болады. Т.Сұлтанбеков – журналист-жазушы, Қазақстан Киноматографистер одағының мүшесі.

Жазушы қазақ әдебиетінің қандай саласына үлес қосты?

Жазушының алғашқы шығармалары спорт тақырыбына арналды. Мысалы, «Дойбы деген не?», «Дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ» атты аталмыш ойын түрлерін насихаттайтын кітаптарды жазады. Ол «Химия болашаққа шақырады» деген кітабымен химияның ғажайып сырына үңілткісі келеді. Талап Сұлтанбеков, сондай-ақ қазақ әдебиетінде фантастика жанрының негізін салушылардың бірі болды. Осы жанрдағы жазушының кітаптары: «Көшпелі алтын», «Жүрек тулайды», «Жұлдыз ат», «Лұқпан Хакім», «Тізгін», «Темір еліне саяхат» деп аталады..

«Көшпелі алтын» ғылыми-фантастикалық әңгімесі

Алтын көрсе, періште жолдан таяр.
Мақал

Фантастикалық әңгімелердің жазылу ерекшелігі қандай?

Талап Сұлтанбековтың «Көшпелі алтын» атты шығармасы ғылыми фантастика жанрында жазылған. Бұл туынды үш бөлімнен тұрады - «Таудағы от», «Шайтантауға сапар», «Үңгірдегі сыр». Әр бөлім атауына сәйкес әңгіме сюжеті де бағытын өзгертіп отырады. Негізгі кейіпкер қарапайым мектеп оқушысы –Сәмен.

Табиғаттың тылсым құбылыстарына байланысты қандай аңыз білесің?

Әңгімедегі оқиға желісі Сәменнің тау бөктерінен «көшпелі алтын» атты ғажайыпты жолықтырғанынан бастау алады. Қоскөл ауылының тұрғындарына ертеден таныс алтын туралы аңыз басты кейіпкердің ойына оралғанымен, қапелімде не істерін білмей, аңтарылып қалады. «Сәмен Шыңбұлақ сайынан желе жортып өте бергенде кенет астындағы торы осқырынып жалт берді. Аяқ астынан үріккен аттың жалын құшып қалған ол әнтек құламай қалды. Тізгінді күшпен тартып, торыны әзер тоқтатып, артына бұрылғанда тұла бойы түршігіп, шошып кетті. Қараса, сайды құлдилай жалт-жұлт етіп бір от кеде Үлкендігі аттың басындай. Балқыған қызғылт-сары. Жер бетінен метрдей биікте ешбір сүйеусіз, ешкімнің көтеруінсіз қалықтап жүріп келеді. Жолжөнекей ұшқын ұшып түсіп жатыр. Бұл не деген керемет! Сәмен аузын ашып аңқиып тұр. Қозғалуға дәрмен жоқ. Сәменнің ойына бір кезде атасынан естіген ескі аңыз түсті. Көшпелі алтын! Бұл көшпелі алтын ғой! Ол ой түкпірін қазбалап, есіне аңызды түсіре берді. ...Бір кедей жігіт болған екен. Ол түнде ұйықтап жатса, үйіне көшпелі алтын кіріпті. Ол жалма-жан орнынан тұрып, алтынды қумақ болады. Сөйтсе, алтын «аяғын» сытыр-сытыр «басып», кірген есігінен қайта шығып кетіпті. Жігіт артынан қуа шығады. Алтын жайлап жүріп отырып, үй артына кетеді. Жігіт жан қалтасынан кездігін алады да, шынашығын тіліп жіберіп, кетіп бара жатқан алтынның үстіне бір тамшы қан тамызады. Сөйтсе, алтын сатыр-сатұр етіп жарылыпты да, жерге сіңіп кетіпті. Жігіт үйден күрек әкеліп, жалма-жан жаңағы жерді қаза бастайды. Белуардан қазғаннан кейін бір қоңыр тасқа паналаған ат басындай алтынды көріпті. Соншама мол қазынаға кенелген жігіт содан кейін байып кеткен екен» дейді аңызда.
Оқиғаның қызықты өрбуіне арқау болған осы бір сюжет желісі әрі қарай жас оқушының қиялын жетелеп, құпия сырды ашуға ынтықтырады. «Не істеу керек? Аңыздағы сияқты қуайын ба, әлде қайда барар екен, бақылайын ба?». Осы екі сұрақ Сәменді әрі-бері жібермей, арпалыстырып тұр. Бірақ ғажап көрініс оны күтпеді. Алтын сайды құлдилап келді де, суға еңкейе құлап тұрған жақпар тасты айнала беріп, ғайып болды. Сәмен көп аялдамады, алтын қонған жерді белгіледі де, қызыл арайланып келе жатқан таңды бетке алып, ауылына тарта жөнелді».
Психологиялық паралеллизим арқылы жазушы табиғат көрінісінің әдемі суретін адам жанының сол кездегі құбылысына, кейіпкер ойының ашылуына қарай көркемдеп отырады. Мәселен, «Шайтантау қойнауы елсіз, күнсіз, иен шатқал. Етегі қып-қызыл қорым тас. Ал оның шырқау шыңына бұл уақытқа дейін тірі пенде аяқ басып көрмегенге ұқсайды...». Осы үзіндіде берілгендей ерекше жер-су аттары да оқырманды ерекше қызықтырады.

Сәмен қандай шешім қабылдайды?

Ертеден келе жатқан, туған мекені жайындағы аңыз оқушы Сәменді де баурап алады. Дегенмен ғылыми-танымдық әдебиеттерді көп оқитын Сәмен бәрін өзі тексеріп көруді ұйғарады. Досы Қажытаймен бірге «алтын сапарына» аттанады.

Жазушы Шайтантауды сипаттау арқылы оқырмандарын алда болар оқиғаға ынтықтырып қояды: «Шайтантау қойнауы елсіз, күнсіз, иен шатқал, малшылар да қонып көрген емес. Етегі қып-қызыл қорым тас. Ал оның шырқау шыңына бұл уақытқа дейін тірі пенде аяқ басып көрмегенге ұқсайды. Жұрттың айтуынша тек қана байларды конфискациялау тұсында қашқан-пысқан ұры-қарылар тығылып жүретін үлкен-үлкен үңгірлер бар дейді тау басында. Елді мекеннен әрі қашық, әрі кісі қызығарлық дәнеңесі жоқ болғанымен, бұл таудың ғажап құпия сыры ел аузында талай аңыздар тудырған. Шайтантау деген ат бұған тегін берілмепті. Мал қарап шыққан талай жылқышылар бұл таудың басынан, етегінен жарқылдаған оттар көрген. Екінші бір ғажабы, тау оншалықты биік болмаса да, бауырына бұлттар шөгіп жатады екен». Осылайша деміңді ішіңе тартып, бір ғажайып оқиғаға дайындаласың.
Соңғы «Үңгірдегі сыр» деп аталатын бөлімде балалар сауалдарында ғылыми түрде нақты жауап алады. Мұнда жұмыс істеп жатқан ғалымдардың бірі Сералы Әйтиев жұмбақтың сырын ашады. «Сендердің тауда көргендерің, әрине, көшпелі алтын емес. Оның сырын осы тауға келгеннен кейін-ақ түсінген боларсыңдар, -деді Әйтиев. - Ол – кәдімгі найзағайдың бір түрі. Оны орысша «шаровая молния»дейді. Біз мына өзіміз отырған биіктаулық лабораторияда жұмбақ сыры көпке дейін белгісіз болып келген осы көшпелі найзағайдың сырын ашу жолындамыз. Алдымен лаборатория ішінде, кейінірек кәдімгі табиғи түрде жасауды игердік. Соның өзінде осындай найзағайдың бірнешелеген түрі бар екен.
Электр туралы, оның оң және сол зарядтарының бар екендігін және олардың бірін-бірі тарту, тебу қасиеттері жөнінде өздерің білесіңдер. Найзағай табиғаты атмосфералық электрде жатыр. Өзіміз күнде аяғымызбен басып жүрген жер мен оны қоршаған атмосферада электрдің адам игілігіне жаратылмаған орасан зор қазынасы бар. Мұның өзінде жердің үстіңгі қабатының көпшілік бөлігі сол зарядпен зарядталған. Өздеріңе мәлiм, найзағай қарама-қарсы зарядтардың арасында ғана болады. Ол үшін жерден биік оң зарядталған дене болуы қажет қой. Оның рөлін кәдімгі жауын бұлты атқарады. Ауа үйкелісінің әсерінен бойына оң заряд жинаған бұлт онысы шекті мөлшерден асып кетсе, жердегі қарама-қарсы заряды бар бір затқа (қарсы зарядтардың бірін-бірі тарту заңдылығы бойынша) өз бойындағы жиған-тергенін таратып береді екен. Ал ауа өзі тұрған жағдайында электр тогын өткізбейді емес пе? Міне, осы кезде атыс басталады. Бұлт өзінің зарядын шоқтап, алыстан ұшқын атқызып жеткізеді. Мұны бұлттың разрядталуы дейді. Разрядталу кезінде найзағайдың оты көрінеді. Шар найзағай міне, осы разрядталу кезінде электрленген ауада кейбір жағдайларда ғана пайда болады».
Дегенмен Әйтиев тауда алтынның болу мүмкіндігін жоққа шығармайды: «Бірақ аңызда негіз бар. Мәселен, бізден бұрын да басында найзағай ойнап келген Шайтантау, осы бір жақпар тастар темір рудалы кварциттен тұрады екен. Ал алтын кварцитті кендерде болады ғой. Біз зерттеп қарап едік, таудың астынан көп алтын таптық. Бұл алтынды бізге нұсқаған – найзағай. Сонымен бірге аңыздағы жігіттің де алтын табуы мүмкін. Бәлкім ол ішкі магмадан теуіп үстіңгі қабатқа ін ағып келген магнетитті сшеге і болған шығар. Кейде ондай өзектерде де алтын кездеседі. Магнит өрісінің әсерінен көшпелі найзағай мүмкін сол жерде разрядталған шығар. Жігіт қазып жіберіп, бұрыннан жатқан алтынға тап болған ғой...».

Әңгіме балалардың физика саласында терең мағлұмат алуларымен аяқталады. Олар әлбетте өздері ойлаған көшпелі алтынды кезіктірмейді. Алайда оқушылар алтыннан да қымбат білім алып қайтады. Әңгімеде айтылған табиғат қорын пайдалану жай қиялдың жемісі емес: «Ғылымға беретін бірінші пайдамыз, әрине, адам еркінен тыс табиғатта пайда болып жататын орасан мол электр қуатын кәдеге жарату, екінші – найзағайлы бұлттарға құрық салып, оны адамның дегеніне жүргізу. Үшінші – көшпелі найзағайдың қуатын пайдалану».

3

Артық, кем айтқаным емес, Оразақын – қазақ тіліне жетпіс пайыз байлық әкелген кісі.

Ғафу Қайырбеков

ОРАЗАҚЫН АСҚАР

Ақын қай өңірде туып-өсті?

Оразақын Асқар 1935 жылы 16 мамырда ҚХР Шығыс Түркістан өлкесінің Іле аймағына қарасты Мүкей-Қаратас деген жерде дүниеге келген. Бастауыш білімді Сарыбұлақ мектебінде алып, Құлжа қаласындағы «Білім жұрты» деп аталатын гимназияда оқыған. 1951 жылы Үрімші қаласында ашылған Ұлттар институтының Тіл және әдебиет факультетіне түсіп, оның екінші курсын аяқтағаннан кейін «Шыңжаң газеті» редакциясына қызметке тұрады. Шыңжаң аймағының орталығы Үрімші қаласында шығып тұратын орталық газет-журналдарда жұмыс істеуі оның әдебиетке төселуіне үлкен әсер етеді. Бұл жылдары «Шыңжаң газетіне» және «Шұғыла» журналына өлеңдері жиі жариялана бастайды.

Оразақын Асқар

(1935-2019)

Оразақын Асқар атамекенге қашан қоныс аударған?

Адал перзент ана сүтін ақтаған, Ана-Отанын жаудан қорғап, сақтаған. Өзге тілден оңдырады не тауып, Өз тілінен інжу-маржан таппаған.

Оразақын Асқар

Оразақын 1955 жылы атамекені Қазақстанға көшіп келеді. Жастайынан өлең-жырға бейім болашақ ақын атамекенге келгеннен кейін де қолынан қаламын тастамайды. Ол өзі сүйіп оқитын ақын Хамит Ерғалиевті іздеп, Жазушылар одағына барады. Ақынға «Сурет салған ой», «Орыс деревнясы» деген өлеңдерін оқып береді. Жас ақынның өлеңдерін ұнатқан Х.Ерғалиев сол кезде шығып жатқан жинаққа енгізуге көмектеседі. Жинақты шығарып жатқан Ғафу Қайырбеков пен Жәрдем Тілековке хат жазып береді. Осындай ағалардың аялы алақанының арқасында 1955 жылы жарық көрген «Қос жүрек» атты жас ақындардың ұжымдық жинағына тұңғыш өлеңдері жарияланады. Бұл оның әдебиетпен біржола айналысуына үлкен жол ашады.

Ақынның шығармашылық жолы қалай дамиды?

1961 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін бітіріп шығады. Біраз жыл Ұлттық ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, этнография және археология институтында кіші ғылыми қызметкер, одан кейін Қазақстан Жазушылар одағының көркем әдебиетті насихаттау бюросында нұсқаушы, республикалық Кітап палатасында бөлім меңгерушісі, «Жалын» баспасында аға редактор болады.
Оразақын Асқар қазақтың қара өлең түрлерін ұзақ жылдар бойы ел ішінен жинап, жиырма мың жолдық екі кітабын жариялады. «Балауса» баспасында «Әдеби мұра» бағдарламасына орай «Әлем балалар әдебиеті» атты қазақ тіліндегi елу томдықты шығару жұмысына қатысып, «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша «Ғылым» баспасынан шығып жатқан 100 томдықтың 2 томын жинап бастырды.
О.Асқардың жыр жинақтарының көпшілігі «Балауса» баспасынан шыққан. Балалар әдебиетінің ең көрнекті өкілдерінің бірі – Оразақын Асқардың бала тәрбиесіне қосқан үлесі зор болды.

Ақынның еңбегі қалай бағаланды?

Оразақын Асқар – Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және Мұқағали атындағы сыйлықтың лауреаты. «Ерен еңбегі үшін», «Тәуелсіздіктің 10 жылы» медальдарын алған. Алматы облысы Панфилов ауданының «Құрметті азаматы».

Оразақынның қандай кітаптары бар?

Оразақын Асқардың «Тұңғыш» (1964 ж.), «Мейірім» (1969 ж.), «Ләйла» (1977 ж.), «Көкорай» (1979 ж.), «Балқарағай» (1981 ж.), «Сәулет» (1984 ж.), «Таудай бол!» (1984 ж.), «Белжайлау» (1985 ж.), «Өркеш» (1987 ж.), «Керімсал» (1991 ж.), «Бар көрнеу» (1992 ж.), «Құран хикаялары» (1992 ж.), «Жарапазан» (1995 ж.), «Суретті әліппе» (1996 ж.), «Орбұлақ» (2000 ж.), «Тәуелсіздік тартулары» (2001 ж.), «Отан деп оянғанда» (2004 ж.), «Атамекенге оралғанда», «Ұяда нені көрсең», «Сүт сыйлықтары», «Ұлттық ойындар», «Жаңа баталар» (2005 ж.), «Алтын абдыра» (2007 ж.), «Елеулі елу ертегі, жебедей жетпіс жұмбақ» (2007 ж.), «Біздің мерекелер», «Ел ішінде», «Інжу-маржан», «Балаларым – бақытым», «Логопедтік әліппе» (2008 ж.) т.б. сияқты жинақтары жарық көрді.

Тіл дегеніміз – бұл ұлт- тың жаны, ділі, тағдыры, тарихы ғой. Тілін, жерін мемлекетін құрметтеген әрбір азамат «Ана тілінің» жанашыры болуы керек. Мемлекеттің өркендеуі де тікелей ана тілімізге байланысты. Тәуелсіздігіміздің негізгі тұтқасы да – тіл.

Оразақын Асқар

«Шетте жүрген бауырластарға» өлеңі

Ат айналып, қазығын табар, Ер айналып, елін табар.
Халық мақалы

Қазақтар қай елдерде тұрады?

1992 жылы жазылған Оразақын Асқардың «Шетте жүрген бауырластарға» атты өлеңі бүгінгі күннің өзекті мәселесін қозғайды. Бұл – шетелдегі барша қазақты атамекенге шақырған үндеу іспетті өлең.
1991 жылы 16 желтоқсан Тәуелсіздік күні болып жарияланғаннан кейін ТМД және Қытай мен Моңғолия және Түркия мен Ирандағы, сондай-ақ басқа да шеттегі мыңдаған қандастарымыздың атамекенге орала бастағаны – тарихи шындық. Осы орайда 1992 жылы 29 қыркүйекте Алматыда Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы өткенін ерекше атап айтуға болады. Бұл құрылтайға 33 елден 800-ге жуық адам қатысты. Жиында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылып, жарғысы қабылданды. Міне, өлең мазмұны осы тұсқа сәйкес келеді.

Шетелге кетсеңдер де бауыр басып,
Құтты орын тепсеңдер де ауырласып,
Атажұрт шақырады тұқымым деп,
Құшағын байтақ дала, тауың да ашып, -

Шетелге кетсеңдер де бауыр басып, деп ақын шеттегі жерлестеріміздің елге оралуына үн қосады. «Тіпті шетелде жүріп байлыққа белшеден батып, атақ-даңққа кенелсеңдер де, ұрпақ қамын ойлаңдар, сондықтан көшті атамекен жаққа бұрыңдар» деген тастайды. «Уақытша көрсеңдер де қиыншылық, Мың артық күн кешуден қорқып- бұғып» деп көші-қон кезінде кездесетін ауыртпалыққа мойымауды, қажымауды, тек алға ұмтылуды табыстайды. Туған жерде көрген қиыншылық бұғауда өмір сүргеннен әлдеқайда артық екенін айта келіп: «Қожа боп өз жеріңде өз еліңе, Не жетсін тер төгуге соны ұғып», – дейді.

Шетелдегі әрбір қандасымыз – қазақ елінің бір түйіршігі.

Нұрсұлтан Назарбаев

Қазағың жетті ежелгі арманына,
Жағдайдың қарамаңдар бар, жоғына,
Ілінбеу үшін елдік бірлік керек
Ешқашан енді ешкімнің қармағына.

Уақытша көрсеңдер де қиыншылық,
Мың артық күн кешуден қорқып-бұғып,
Қожа боп өз жерінде өз еліңе
Не жетсін тер төгуге соны ұғып.

Астында өз аспаның, өз туыңның,
Өз ауа, нәрін жұтып өз суыңның,
Қандастар қапы қалма, орны бөлек
Күнде өз әнұраныңмен оянудың.

Мәнге ие сәттерің көп елде өтетін,
Озбыр жоқ сыбағаңнан кенде ететін.
Бәріміз ұйымдасып көркейтейік
Қазақтың бейбіт, дербес мемлекетін.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2011 жылғы халыққа Жолдауында: «Біз талайы заманда тарыдай шашылып кеткен қандастарын атамекенге жинаған әлемдегі үш елдің бірі болдық. Осы жылдары шетелдерден 800 мыңнан астам отандастарымыз келіп, халық саны бір жарым миллионға артты», - деп көрсетті. Міне, ақынның «Бәріміз ұйымдасып көркейтейік, Қазақтың бейбіт, дербес мемлекетін» деген арманы белгілі мөлшерде жүзеге асқанын көруге болады.

«Шетте жүрген бауырластарға» деген өлеңнің бүгінгі күнде де маңызы зор. Қазіргі уақытта оқумен болсын, кәсіппен болсын, шетелге кетіп жатқан жастарымыздың елге оралмай, барған жерлерінен қайтпай қалып қоятын жағдай кездесіп жатады. Ақын идеясы «шетелде жүріп сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген мағынамен астасады. Бәріміз бір кісідей жұмылсақ, барымызды бағалап, жоғымызды түгендей түсеміз, елімізді көркейтеміз.
«Шетте жүрген бауырластарға» өлеңі дүниежүзіне тарыдай шашылып кеткен барша қазақты атамекенге шақыруымен, қазақ тұтастығын насихаттауымен құнды. Ал мұның өзі – ғасырлар бойы ата-бабамыз аңсаған тәуелсіздіктің жемісі.

Мазмұны