IV ТАРАУ
4 бөлім ТАРИХ ТАҒЫЛЫМЫ
Тағдырыңды тамырсыздық індетінен қалқала,
Мазмұн жоқта мазмұнсыздық шыға келер ортаға.
Әр адамда өз анасынан басқа да,
Ғұмырына етер мәңгі астана,
Демеп жүрер, жебеп жүрер арқада,
Болу керек құдіретті төрт ана:
ТУҒАН ЖЕРІ – түп қазығы, айбыны,
ТУҒАН ТІЛІ – мәңгі өнеге айдыны,
ЖАН БАЙЛЫҒЫ, САЛТ-ДӘСТҮРІ – тірегі,
Қадамына шуақ шашар үнемі,
Және ТУҒАН ТАРИХЫ.
Егер көркем әдебиет ауыр артиллерия болса, публицистика – жеңіл кавалерия.
Шерхан Мұртаза
ШЕРХАН МҰРТАЗА
Шерхан Мұртаза әдебиетке қалай келді?
Шерхан Мұртаза 1932 жылы 28 қыркүйекте
Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Мыңбұлақ ауылында дүниеге келген. 1955 жылы Мәскеу
мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тамамдаған.
1956-1963 жылдары «Лениншіл жас» (қазіргі
«Жас Алаш»), «Социалистік Қазақстан» (қазіргі
«Егемен Қазақстан») газеттерінің тілшісі, әдеби
қызметкері, редакторы болды.
Содан кейінгі уақытта «Жазушы» баспасының, «Жалын» альманахының, «Жұлдыз»
журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар
одағы басқармасының екінші хатшысы, «Қазақ
әдебиеті» газетінің бас редакторы әрі Қазақстан
Жазушылар одағы басқармасының хатшысы болды. 1989-1992 жылдары «Егемен
Қазақстан» газетінің бас редакторы, ал 1992-1994 жылдары Қазақстан Республикасы
мемлекеттік телерадио
компаниясының төрағасы болды. ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты болған.
Шерхан Мұртаза
(1932–2018)
Мұртазаның қандай шығармалары бар?
Жазушының әр жылдары «Табылған теңіз» (1963 ж.), «Белгісіз солдаттың баласы» (1969 ж.), «Ахметжанның анты» (1973 ж.), «Мылтықсыз майдан» (1977 ж.) повестері, «41-жылғы келіншек» (1972 ж.), «Интернат наны» (1974 ж.) әңгімелері, «Қара маржан» (1977 ж.), бес кітаптан тұратын Тұрар Рысқұловтың өмірі жайлы «Қызыл жебе», «Ай мен Айша» (1999 ж.) романдары, шығармаларының 4 томдығы (1990-2000 жж.), 6 томдығы, таңдамалы шығармаларының 7 томдығы, «Елім, саған айтам, Елбасы, сен де тыңда» (К.Смайыловпен бірге) (1998 ж.), «Бір кем дүние»
Шерхан Мұртаза даңғыл жолмен дабырлы да дүбірлі тірлікке бас қойып, қамсыз ғұмыр кешер мүмкіндігінің бәрін Қызыл жебедей дір-дір еткен шындық соқпағының қатерлі сапарына айырбастап, бір сәт те сыр бермей, жел өтіндегі құзар шыңға тура келе жатыр. Біреулер бұл соқпақпен жүруін жүрсе де, о бастағы болмыс-қасиетін шапанының өңін айналдырғандай оңдырып, шындығының қадірін қапелімде жоғалтып алады. Суреткер ретінде де, Азамат ретінде де адалдық, бауырмалдық, жығылып жатқанға жанашырлық секілді о бастағы адами қасиеттерінен танбай, тасып-тасқындамай немесе сарқылып-суалмай, өз-өзінен оқшауланбай, шындықтың соқпағы тағдырлас болмыспен келе жатқан Шерхан ағамыз бүгінгі таңдағы іші де, сырты да қырық құбылып жатқан заманда менің көзіме сонау ертеде, қазақты Қазақ атандырған дәуірде туып, қазіргі қазақтарға үлгі етер тұлға боп көрінеді.
Фариза Оңғарсынова
«Бесеудің хаты» драмасы
Рухы мен намысы сөнген ел - өлген ел.
Күйреген рухты қайта көтеру – міне,
қазіргі таңдағы басты мақсат.
Қып-қызыл өтірікті көтере беретін
осы дүние ғана.
О дүниеде ондай қулық өтпейді.
Шерхан Мұртаза
«Бесеудің хаты» драмасына қай кездегі оқиға арқау болған?
Шерхан Мұртазаның «Бесеудің хаты» атты шығармасы – екі бөлімнен тұратын тарихи драма. Бұл шығармаға арқау болған – 1932 жылы ел басына түскен азапты күндер, қолдан жасалған аштықтан қырылған екі миллион халықтың тағдыры. Қазақ зиялылары БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің бірінші хатшысы Ф.И.Голощекинге хат жолдайды (1932 ж. 4 шілде). Бастапқыда И.В.Сталинге арналып жазылған. Бұл хат елдегі малшаруашылығы тұралағандықтан, елді алапат ашаршылық жайлағандығын айтып қағылған дабыл еді. Хатта қазақ ауылында жүргізілген қайта құрулар бүкілхалықтық қасіретке айналып, күштеп ұжымдастыру мен отырықшыландыру, алым-салық жинаудағы қиянаттар жұрттың жаппай аштық пен індетке шалдығуына, олардың басқа жаққа ауа көшуіне әкеліп соққандығы шынайы баяндалды.
Ресей Федерациясы Халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары – Тұрар
Рысқұлов Ф.И.Голощекиннің «Қазақстанда кіші Қазан» төңкерісін жасау идеясына
ашық қарсы шығады. Кеңестік ұжымдастыру саясатының зардаптарын жою,
Қазақстандағы ашаршылықтың апатынан халықты құтқару жайында И.В.Сталинге нақты
ұсыныстар жасайды.
Кремль. Сталиннің кабинеті. Сталин терезеден сыртқа қарап, трубкасын
әлдеқалай қалт ұстап, тың тыңдап қалғандай. Алыстан талып, куй естіледі –
«Көбік шашқан» әлде «Ақбай». Куй дауылдап барып, басыла бере хор даусы
шығады. Бейтаныс, қаһарлы әрі зарлы әуенге Сталин аң-таң болып тұрған кезде
еңселі, ауыр есік ашылып, ішке Рысқұлов кіреді.
РЫСҚҰЛОВ. Сәлеметсіз бе, Иосиф Виссарионович!
СТАЛИН. (Сөйлеме дегендей, қолымен жасқап, әлі тың тыңдап тұрады.
Хор баяулап бара жатады. Сталин сонда ғана бұрылып) Естідің бе, Тұрар
Рысқұлович? Әне.
РЫСҚҰЛОВ. (Түсінбей) Ол не, Иосиф Виссарионович?
СТАЛИН. (Үндемей, түнеріп, баяулап бара жатқан хорды тыңдап)
Ғажап. Демек, сен естіп тұрған жоқсың?
РЫСҚҰЛОВ. Нені, Иосиф Виссарионович?
СТАЛИН. (Енді Рысқұловқа үнсіз, ұзақ қарап) Әлде радио ма? Жоқ, радио
сөйлеп тұрған жоқ. Қаһарлы, зарлы музыка. (Рысқұловқа тағы тесіле қарап)
Сенімен ілесе келген сияқты әлгі бір ғажап үн...
РЫСҚҰЛОВ. (Таңырқағандай) Мен жалғызбын. Менде қандай музыка
болушы еді? Шаршағандікі шығар, Иосиф Виссарионович.
СТАЛИН. (Жақтырмай қарап) Немене-е, маған қос көрінді деп тұрсың
ба? Сталиннің денсаулығы, құдайға шүкір мықты. Сталин Сталин болуға тиіс.
Егер ол қажыса, не болады? А?
РЫСҚҰЛОВ. Деніңіз әманда сау болсын, Иосиф Виссарионович. Бірақ
бәріміз де өзекті жанбыз. Жұмыс ауыр дегенім ғой.
СТАЛИН. (Сәл жұмсарғандай)Оның рас. Жұмыстың шегі жоқ. СССР - ұлы
мемлекет және оның жауы көп. Сыртта да, іште де! (Рысқұловқа қара трубкасын
кезеп) Сен ғой кезінде Түркістанды басқардың. Айтыстың, тартыстың,
арпалыстың. Кімдермен?
РЫСҚҰЛОВ. Лениндік қағидаларды бұрмалаушылармен, солшыл
эсерлер, максималистер, жергілікті байлармен, басмашылармен, көп қой.
СТАЛИН. Ә, көрдің бе? Бір ғана Түркістанда. Ал, СССР-да ше?
РЫСҚҰЛОВ. Түсінемін, жолдас Сталин.
СТАЛИН. (Бұрқ етіп) Түсінемін? Түсінбейсіңдер! Ұлы мақсат жолында
кесе-көлденең тұрғандарды ысырып тастағаны үшін Сталинді қатал дейсіңдер.
РЫСҚҰЛОВ. Әрине, қатал тәртіп өте керек. Бірақ сол қаталдықтың қатарында
әділетсіздік қайқаңдамаса болғаны ғой.
СТАЛИН. Онымен не айтқың келеді? Қай әділетсіздік айтып тұрғаның?
РЫСҚҰЛОВ. (Ол да ширығып) Қазақстандағы дәл қазіргі жағдай, жолдас
Сталин. Осыдан екі апта бұрын сол жағдайды айтып, мен сіздің атыңызғаекінші рет
хат тапсырғанмын. Қазір де келіп тұрғаным – сол хаттың тағдырын
білу.
Драмадағы кейіпкерлердің іс-әрекеттеріне қандай баға берер едің?
Шығармада әсіресе, БК(б)П Қазақ өлке комитетінің ауылшаруашылығын басқару жөнінде жүргізген қатыгез саясаты сынға алынады. Бірақ құжатта жергілікті жерлерде жіберілген «асыра сілтеушіліктерге» солшыл коммунистер айыпты деп көрсетілді. Елді ауыр жағдайдан құтқарудың жолдары ұсынылды. Хаттың авторлары – жазушы Ғабит Мүсірепов (1902-1985), Қазақ мемлекеттік баспасының меңгерушісі Мансұр Ғатаулин (1903—1938), Алматы Комвузының басшы қызметкерлері Емберген Алтынбеков (1904-1954) пен Мұташ Дәулетқалиев (1904-1982), Қазақ АКСР Мемлекеттік жоспарлау комиссиясының сектор бастығы Қадыр Қуанышев (1906 - өлген жылы белгісіз) қуғынға ұшыратылды. Хаттың жазылуына Халком Кеңесінің төрағасы Ораз Исаев түрткі болған. Бесеудің хаты қазақ зиялыларының тоталитарлық тәртіпке қарсы наразылығының бір көрінісі болып табылады. Драматург сол кездегі биліктің асыра сілтеушілік саясатын нақты тарихи кейіпкерлер арқылы дәлелдеуге тырысады.