VII ТАРАУ

МҰХТАР ӘУЕЗОВ

(1897-1961)

Ұлт туралы толық та, тұтас тусінікті бізге жазушының өнерi береді... Мұхтар Әуезов өзiнiң «Абайымен» менiң қазақ халқы туралы тусінігімді толықтырды, мен ендi ғана хош иiстi самал ескен даланың жұпар ауасын жұтып, қазақ болып кеткен тәріздімін...

Константин ФЕДИН

Мұхтар Омарханұлы Әуезов — қазақтың ұлы жазушысы, қоғам қайраткері, ғұлама ғалым, Қазақстан ғылым академиясының академигі (1946), филология ғылымдарының докторы, профессор (1946), Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1957). Ол қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданындағы Бөрілі деген жерде 1897 жылы 28 қыркүйекте туған. Шыққан руы қожа.
Мұхтардың атасы Әуез ескіше сауаты бар, араб, парсы, ортазиялық түркі әдебиетімен таныс болған. Мұхтар бала кезінде атасының үйретуімен арабша хат таниды. Мұхтардың әкесі Омархан да, Әуез де Абай аулымен іргелес отыратын, құдалы, дос-жар адамдар еді. 1908 жылы Семейдегі Камалиддин хазірет медресесінде оқып, одан кейін орыс мектебінің дайындық курсына ауысады. 1910 жылы Семей қалалық бес кластық орыс қазына училищесіне оқуға түсіп, соңғы класында оқып жүргенде «Дауыл» атты алғашқы шығармасын жазады.
Училищені 1915 жылы аяқтап, Семей қалалық мұғалімдер семинариясына түседі. Семинарияда оқып жүріп Шәкәрім Құдайбердіұлының «Жолсыз жаза» дастанының негізінде «Еңлік-Кебек» пьесасын жазып, оны 1917 жылы маусым айында Ойқұдық деген жерде сахнаға шығарады. Ресейдегі саяси төңкерістер Әуезов өміріне үлкен өзгерістер әкеледі. Ол Семейде «Алаш жастары» одағын құрып, түрлі үйірмелердің ашылуына ұйытқы болады. Жүсіпбек Аймауытовпен бірігіп жазған «Қазақтың өзгеше мінездері» аталатын алғашқы мақаласы 1917 жылы 10 наурызда «Алаш» газетінде басылды. 1918 жылы 5-13 мамырда Омбы қаласында өткен Жалпы қазақ жастарының құрылтайына қатысып, оның орталық атқару комитетінің мүшесі болып сайланады. Әуезов жазушы Жүсіпбек Аймауытовпен бірлесіп, Семейде «Абай» ғылыми-көпшілік журналын шығаруға қатысады. 1919 жылы семинарияны бітіріп, қоғамдық-саяси жұмысқа араласады. 1919 жылы желтоқсанның төртінде Семейде большевиктер билігі орнап, Әуезов Семей губревкомының жанынан ашылған қазақ бөлімінің меңгерушісі және «Қазақ тілі» газетінің ресми шығарушысы болып тағайындалады. 1921 жылы қараша айында Қазақ АКСР-і Орталық атқару комитетінің (ОАК) төралқа мүшелігіне сайланып, онда кадр мәселесімен айналысады. Сол жылы «Қорғансыздың күні» әңгімесі «Қызыл Қазақстан» журналының №3 – 4 сандарында жарияланды. 1922 жылы күзде Ташкенттегі Орта Азия университетіне тыңдаушы болып оқуға түседі әрі «Шолпан» және «Сана» журналдарына жұмысқа орналасады. Осы басылымдарда «Қыр суреттері», «Қыр әңгімелері», «Үйлену», «Оқыған азамат», «Кім кінәлі», «Заман еркесі» («Сөніп-жану») әңгімелері жарияланады. 1923 жылы маусым айында Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) мемлекеттік университетінің қоғамдық ғылымдар факультетінің тіл-әдебиет бөліміне оқуға ауысады. 1924-1925 жылы Семейдегі мұғалімдер техникумына оқытушылыққа қалдырылды. Сонда жүріп «Таң» журналын шығарады. Онда «Кінәмшіл бойжеткен», «Қаралы сұлу», «Ескілік көлеңкесінде», «Жуандық» әңгімелері жарияланды. 1925 жылы Ленинградқа қайтып барып, оқуын жалғастырады. 1926 жылы жаз айында Семейге арнайы ғылыми экспедиция ұйымдастырып, оның материалдары негізінде жазылған «Әдебиет тарихы» монографиясы 1927 жылы кітап болып шығады. 1927 жылы жазда Жетісу өңіріне сапармен келіп, Ілияс Жансүгіровпен бірге болашақ шығармаларына материал жинайды. Ленинградқа қайтып оралысымен, осы материалдар негізінде «Қараш-Қараш оқиғасы» повесін, «Қилы заман» романын, «Хан Кене» пьесасын жазады. 1928 жылы Орта Азия мемлекеттік университетінің аспирантурасына қабылданды әрі Қазақ ағарту институтында сабақ берді.

Қайтқанда

Үш күндiк жолдың бүгiнгi, соңғы күнiне шәкiрт бала барын салды.
Қорықтан күн шыға атқа мiнейiк деп асыққан-ды. Бұны қаладан алып қайтқалы барған ағайыны Байтасты да таң атар-атпастан өзi оятып тұрғызып едi. Күнұзын аттан да түспей, өзге жүргiншiлерден оқ бойы алда отырған. Кей-кейде өзiне таныс Көкүйiрiм мен Буратиген, Тақырбұлақ сияқты қоныс-құдықтардың тұс-тұсына келгенде бала оқшау шығып, астындағы жарау құла бестiсiн ағызып-ағызып та алады. Арттағылар – Байтас пен жорға Жұмабай:
– Мына баланың ауылға асығуын-ай!
– Сорлы бала қыстай iш құста болып қалған-ау, – деседi. Шәкiрт бала ұзап кеткенде бұлар да ерiксiз желе шоқырақтап шауып отырып қуып жетедi. Жорға Жұмабайдың тақымында қара шоқпары бар. Байтастың да аяғының басына iлген ұзын қайың сойылы барды. Тақырбұлақ тұсына келгенде Байтастар баланы жеке шабудан тежеп:
– Ендi бiзден кетпе! Анау Есембайдың жырасын бiлесiң ғой! Ұры жатады…– дедi.
– Сенi мен бiздi манадан көрiп отыр!»қоқырақтап жалғыз шабатын неме екен, түсiрiп атын әпкел өзiнiң!»– дейдi де, сенi төбеден бiр-ақ нұқып, мына бәйге бестiңдi алады да кете барады, – дедi Жұмабай да.
– Е, сендер ше? Сендер берiп жiбересiңдер ме?
– Ойбай, бiзде не қауқар бар? Бiз екеу-ақ.
– Олар самсаған сары қол. Бұл Есембайда ұдайы жау жатады. Тек бiздi өзiмiздiң елдiң адамы деп аман қалдырмаса, жер жаман, – деп Жұмабай шошыта сөйлегiсi келедi. Баланың қытығына тиетiнi. Осы жерi.
– Әйтеуiр сендерден дәрмен жоқ екен, ендеше бiрге жүрдiм не, жеке жүрдiм не? Ал кеттiм!– деп, соқтырта жөнелдi. Бұл – Тақырбұлақтан өте бергенде бастағаны едi. Содан жаңағы қауiптi деген Есембайға жеткенше, артына бiрде-бiр қараған жоқ. Көз ұшына кетiп ұзап алып, ылғи жапа-жалғыз шауып отырған.
Жолдың бұл тұстары ылғи белес-белес болатын. Осы қазiргiдей боп жұрт Шыңғысқа, жайлауға қарай көшкенде елсiз боп қалатын жер. Алыстан жолды бағып отыратын тұрғылары бар. Тақ иекартпадан, өкпе тұстан жүргiншiге жауды қоян-қолтық, құшақтастыра түсiретiн ұры сай, жасырын жыралары да бар.
Бұдан бұрынғы екi күндiк жолда үлкендер жылдам жүрмей, баланың шыдамын әбден тауысқан-ды. Ол сондықтан, бүгiн ауылға жететiн күнi үлкендердi ерiксiз қатты жүргiзудiң айласын тапқанына дән ырза. Күнi бойы осылай етуге байлаған.
– Бала деген қорқар болар едi. Ес бар ма өзiңде, пәруәрдiгер, – деп Байтас бабын таба алмай басын шайқайды.
Жұмабай әбден болмаған соң:
– Қап мынаның баласы! «Мен бөрiнiң бөлтiрiгiмiн» деп келедi-ау! Қой, не де болса қалмайық ендi. Байтас, жүр!– деп шаба жөнелдi. Екеуi де жарыса бастады. Байтастың мiнгенi Құнанбайдың қара жал бурыл аты, дәмелi бәйге аттың бiрi едi. Жұмабайдың астындағы да сол Құнанбайдiкi – Найманкөк деген үлкен ақ көк ат болатын. Екеуi жарыса жөнелгенде, амалсыз егеске түсiп, «мен озам, мен озаммен» тепкiлесiп, созыла бердi. Бiр белден асып екiншi белдiң өрiне қарай тоқтамай жарысып келе жатты. Осы өрде бурыл ат есiк пен төрдей алға түсе берiп едi. Белге шығып алып шауып келе жатып қарағанда, бала көрiнбедi. Бұлар тағы да сiлтесе бермек болды. Сөйтiп, осы белдiң ойына қарай құлай бергенде, жорға Жұмабай арт жағынан, сол иығы тұсынан тасырлатып кеп қосылған бiр дүсiрдi есiттi. Дәл Есембай биiгiнiң тұсы. Және дәл Есембай жырасының өзi екен.
– Әй, кәпiр, содан қосылған болды-ау. Баланы алып, бiздi баққан екен-ау!- деп ақ көк атты тепкiлей бердi. Артына қорқақтай қарап, шала бұрылып, көз қиығын тастап көрдi.
– Мас көзiңдi., мас!- деп, әзiрейiлдей төнiп келе жатқан бiрдеме. Атын да, кiсiсiн де болжай алмады. Әдейi танытпайын деп, бет-аузын таңып алыпты. Бұл өңiрдегi күндiз шабатын ұрының әдетi. Байтаста үн жоқ, өз бетiмен зымғап барады. Қолды болса, болатын жорға Жұмабай.
Ендi не де болса жанды қармайын деп, тақымындағы шоқпарына жабысты. Соны суыра берiп: «Әй, анау да көк желкеденұрады-ау!» – деп жасқаншақтап келе жатыр едi.
Қуғыншы ойлағандай-ақ шоқпарды жөндеп суыртпады. Тақымынан толық шығарып алғанша бастырмалатып кеп, Жұмабайдың қалың қара тымағын көзiне қарай баса кигiзiп жiберiп, солсәтте шоқпарға жармасты. Жұмабайдың басын көтерiп, тымағын түзеуге мұршасы келмедi.. Тартысуға да қорғаншық, шабуға да мүгедек болып қалды. Сүйткенше, жырынды жау мұның жаңағыдай сасқалаңымен пайдаланып, шоқпарды да тартып алды. Ендi, ақ боз ат та бiрдемеге тiрелiп тоқтағандай. Жұмабай зорға дегенде бойын түзеп ап, жаңа ғана тымағын кейiн қайырып қап едi. Қараса, бұның шоқпарын тартып ап, ақ боз аттың алдынан көлденең шығып, қазiр iшек-сiлесi қатып, үнсiз күлiп тұрған бағанағы шәкiрт бала. Өзi айтқан «Құнанбайдың бөлтiрiгi» – Абай екен. Баладан қорыққан ына Жұмабай ұялды да, ыза болды.
– Өй, балам-ау, мына жер – жау жатағы. Бұл ұрының ойнағына кеп алып жаман ырым бастағаның не қылғаның? – деді.
Байтас та күлген бойында қайта оралып келедi екен.
Абай өзiнен үлкен кiсiнiң қорыққанына қатты ырза едi. Жұмабайдың неге ашуланғанын ұғып тұр. Қоңыр жүзi қызарып, төмен қарап қысыла күле берiп, бөркiн айналдыра бастады. Кәдiмгi «жолбасар» ұрыларша шапан-бөркiн айналдырып киiп, мұрны мен аузын қызыл орамалмен таңып алып, Жұмабайды қуғанда тағы сол ұрыларша, «даусымды танытпаймын» деп, мыңқылдап сөйлеп бұйрық берген. Байтас қорықса, қорықпаса да сыр алдырған жоқ. Сондықтан, Жұмабайдың ашуын алыстан танып, мәз болып күлiп келе жатып: – Құла бестiнiң төбелiн де жоқ қыпты, қарай гөр өзiн!– дедi.
Жұмабай да жаңа байқады. Бала бестiнiң төбелiн саз балшықпен баттастырып тұрып сылап қойыпты. Жұмабай кiсiлiктi кiсi. О да күлкi бола бергiсi келмейдi. Ендi бұ да уақиғаны ойынға айналдырғысы кеп, мысқылдап:
– Өй, ұқсамасаң тумағыр!» ұры Тобықты, ұры Тобықты!» деп Керей, Уақ зар қағады. Қаршадай баласына шейiн ұры болудың жөнiн жете бiлiп тұр. Зар қақпай қайтсiн Керей, Уақ!– деп өзi де күлдi.
Жұмабайдың қалаға бұ жолы не жұмыспен барғанын Абай дәлдi бiлмейдi. Бiрақ, оның Байтасқа айтқан бiр сөзiнде Құнанбай тапсырған бiр жұмыспен барып келе жатқаны мәлiм боп едi. Абайдың бұрыннан байқауынша, бұл Құнанбайға қадiрi бар кiсi. Абайға ашуланып, ренжiп барса, алдымен әкесiне шағады.
Осыны еске алып кеп, Абай ендi күлкiден тыйылып, жаңа қатарласқанда: – Жол ұзақ. Ұйқы ашар болсын деп ойнап ем, ғайыпқа бұйырмаңыз, Жұмеке!-дедi. Ендi тiптi сыпайы. Сызылып тұр.
Жұмабай жас баланың пiшiнiне ырза болып қарады да, үндемедi. Байтас Абайды құрбысындай қағытып:
– Жарайсың, «ғайыпқа бұйырмаңыз». Сенiң мынауың, менiң:» Көшкенде жүк артамын сары атанға, айтамын не бетiмдi Ойке апама?!» деген өлеңiм сияқты болды-ау!– дедi. Абай жете түсiне алмады.
– Қалай дейсiң, Байтас аға? Ойке апа деп кiмдi айтасың?
– Е, Ойке апаны бiлмеушiмең?
– О несi екен?!
– Бәсе. Бәсе, Ойке апа деген бiздiң қатын. Былтыр ала жаздай серiлiк құрып, ел қыдырып, қыз-келiншекпен сауық-сайран салмадым ба? Содан, аяғы қызық бiтiп, үйге қайтатын да мезгiл жеттi. Ендi қатынға қалай қарарға да, не деп барарға да бет жоқ. Сонда әдейi бетiнiң зәрi қайта берсiн деп, «не бетiмдi айтамын Ойке апама…» деген өлеңiмдi өзiм ауылға бармастан бiр-екi күн бұрын айтқызып, жолдастарымды жiберiп жатып ем. Сол осы күнi мәтел боп кетiптi, – дедi.
Абай да, Жұмабай да қызығып тыңдасты. Өзi серi, әншi, сұлу Байтасқа екеуi де – бiрi кәрi, бiрi жас бала — қызғана да, тамашалай да қараған едi. Абайдың көз алдына Ойке деген жеңгесi де, Байтастың былтыр жаздағы әншiл, сауықшыл жолдастары да толық елестедi. Естiген әңгiмесiнiң бәрiн еңсесiмен ынтыға тыңдайтын бала бұрын Байтаспен сырлас, әңгiмелес болмаса да, жаңағының аяғы немен тынғанын бiлгiсi кеп, қызығып келе жатты. Байтастың құрбыдай қалжыңдағанын пайдаланып:
– Ал, Ойке апаңа не бетiңдi айттың сонымен, Байтас аға?– деп жабыса түстi. Байтас бұған күлiп, ендi iрiленiп қарап:
– Не бетiмдi айтушы ем? Сорлы қатын алыстан әнмен арыз айтып жатқанға шыдасын ба? Келсем, алдымнан өзi шығып, атымды байлап жатыр, – деп, Жұмабай жаққа қарап, иек қағып қойды.
Абай үндеген жоқ. Iшiнен «алдаған екен ғой» деп байлады. Сол әңгiме жүргiншiлердiң таңертеңнен бергi қатты жүрiсiн Найманкөктiң ақырын бүлкегiне әкеп салған едi.
Шәкiрт бала ауылға асыққан, лепiрген күйiне қайта келiп, тағы да тебiне жөнелдi. – Уә, қой деймiн, бала! Ат зорықтырасың!
– Жапа-жалғыз ұзап кетiп, жауға жем боласың!– деп, екi жолдасы тағы тежей бергiсi келдi. Бiрақ қаладан, жабырқаумедреседен жаңа құтылып, ендi үйiне, ауылға жетуге асыққан шәкiрт бала ол сөздердi тыңдайын деп ойысқан жоқ.
Үлкендер қорыққан Есембай да, тiптi ұрылар да Абайға сондайлық жат, суық боп көрiне алмады. Ұры десе, осы елдiң өздерiндей қазақтары. Көп болса: киiмдерi, ер-тұрманы ғана жаман; қолдарында сойылдары ғана бар. Ондай ұрылар жайында Абайдың естiген әңгiмелерi соншалық көп. Кейде. Тiптi, сары тоқым ұры. Болған – ел iшiндегi үлкендердiң өз аузынан естiген әңгiмелерi де ұмытылмайтын. Қайта бiр кездесiп, дәл жауға шапқан пiшiндерiн көрсем деген, iште жүрген ынтықтығы да болатын.
Ал, «Қарауылбиiгi анау, жасырын жырасы мынау» деген Есембай – Найзатастар болса, ол Абайдың өз аулының аса мәлiм қоныстары. Көктем мен күз уақыттарында, жылында екi рет осы жерлерге Құнанбай ауылдары келiп қонып, ұзақ уақыт отырып, жайлап та кететiн. Анау көрiнiп тұрған төскейдiң сай-саласы, бие бауы, ауыл қонысы, қой өрiсi – барлығы да соншалық таныс, жақын. Тiптi, былтыр боқырауда, күзем үстiнде, қалаға оқуға кеткенде дәл осы қоныстан, Есембайдан, кеткен болатын. Сонда тайға шапқан, асық ойнаған құрбы балаларымен жаяу жарыс жасап, асыр салған ең соңғы бiр ыстық қоныс осы болатын. Қыс бойы ауылды, елдi сағынғанда есiнен кетпейтiн соңғы күндерi дәл осы Есембайда өткен. Ендi кеп: «бұл жерде ұры бар, сұмдық жер, бәле жатқан жер» деген сөздiң қандайы болса да көңiлге дарымайды. Жазықсыз сары биiк, көкшiл қоныс, ақ көделi әдемi өлке мұнарланады. Барлық айналадағы кең дүниеге, әсiресе мынау өзi туған сахара, өлке белдерiне соншалық бiр туысқандық ыстық сезiммен, кешiрiммен де қарайды. Жабыса, сағына сүйедi. Үзiлмей, қатаймай, бiр қалыппен желпiп соққан әдемi салқын қоңыр жел қандай рақат. Осы желмен құлпыра, толқып, су бетiндей жыбыр қағып шалқып жатқан ал күрең көде мен селеу далалары… Дала емес – теңiздерi қандай! Сол даладан көз алмай, тоя алмай, үнсiз телмiрiп, ұзақ-ұзақ қарайды. Шамасы келсе, бұл жерлердi құбыжық көру емес, үрке қарау емес, құшағын керiп аймалар едi. Сылап-сипап: «мен сенi сағындым, өзгелер жаман жер десе, мен олай демеймiн. Тiптi, қойныңа тыққан ұры-мұрыңмен де жатсың, бөтенсiң демеймiн» деп қараған сияқты.
Тағы да шапқылап, қара үзiп, алыстай бердi. Болмайтын болды. – Артында қалып, майырға ерген лаушыдай қашанғы текiректеймiз. Бұл қорлықты көргенше кел, Жұмеке, бiз де аттың басын қоя берейiк, – деп, Байтас бурылатты ағыза жөнелдi. Жұмабай да ерiксiз шапты.
Аздан соң, Абай бұларды тосып алып, ендi үшеуi бiрдей ұзақ-ұзақ жарысуға айналды. Қорықтан шыққалы таңертеңнен берi бөгелместен тартқан үш салт атты, аттарын қан сорпа қылған қалпында, кешкi екiндi кезiнде Көлқайнардағы Құнанбай аулына, Абайдың өз шешесi Ұлжанның отырған аулына, кеп жетiп едi.
Көлқайнар суы мөлдiр мол бұлақ болғанмен, кең қоныс емес. Жайлауға қарай, Шыңғыс асқалы беттеп келе жатқан елдiң үш-төрт аулы қоныпты.
Бұның бәрi «Құнанбай аулы» деп аталады. Өзiнiң аулы мен жақын туысқандарының ауылдары. Көлемi аз бұлақтың айналасына жиi қонған ауылдардың үйлерi де, шұбыртқан малы да, адамдары да кешкi мезгiлде ыю-қию араласып жатқан сияқты. Жер ошақтардан шыққан түтiндерi де бiрiне бiрi қосылып ұласып, тұтасқан көкшiл мұнардай тарайды, үрген иттер, мал қайырған айғайлар, маңыраған қой, қозы шулары араласып жатыр. Кешкi суға келе жатқан қалыңжылқының кiсiней шапқан дүбiрi, шаң-тозаңы болсын, немесе оқта-текте азынай кiсiнеп, үйiрiн iздеп шапқан, мiнуден босаған жас айғырлар дауыстары болсын – барлығы да осы отырған ауылдардың осы кештегi тiршiлiк тынысын бiлдiрген сияқты. Баланың барынша сағынған көрiнiсi. Қазiр жүрегiн аттай тулатып, соншалық қуантып, еркiн алған көрiнiсi. Жүргiншiлер бұлақтың дәл қасына ең жақын қонған ауылға келе жатыр. Ортасында бес үлкен ақ үйлер бар, көп үйлi ауыл – Абайдың екi шешесi Ұлжан мен Айғыздың аулы. Осы ауылдың шеткi үйлерiн сырттап, кешкi жайылымға, батыс жаққа қарай жаңа өрiп бара жатқан бойдақ қойдың iшiн аралап, ортадағы үлкен үйлерге қарай беттеп келе жатқан үш аттыны бұл ауыл тез таныды. Әсiресе қораның ортасында қосақталған қойды сауып отырған қатындар бұрын көрген екен. Етектерiн белдерiне қайырыптүрiп алған, алжапқыш тартқан қалыптарымен, қолдарына шелектерiн ұстасып, жүргiншiлерге қарап: – Қалашылар, қалашылар келедi!
– Анау Абай, Абай ғой, айналайын-ай! Апасына айтайыншы, – дедi бiр қартаң қатын. – Бәсе, Телғара ғой… Жаным-ау, мынау. Телғара! Әпкеме айтайыншы, – деп, тағы бiр жас қатын, жеңге де үлкен үйге қарай ұмтылысқан.
Сағынған баласының келер мөлшерiн Байтас кеткеннен берi шешесi Ұлжан да есептеп, осы бүгiнге ұйғарып жүр едi. Қырықтың iшiне жаңа кiрiп, семiз тартып қалған сары қызыл бәйбiше жаңағы дауыстарды түгел естiдi. Өз үйiнен шығарда, төрде отырған енесi Зеренi де хабарландырып, сүйемелдеп ерте шықты. Құлағы көптен мүкiс тартқан кәрi әжесiнiң ең бiр жақсы көретiн немересi Абай-ды. Оны есiнен шығармай, дұғасына кiргiзiп, тiлеуiн тiлеп отыратын. Аттылар үйдiң сыртына келе бергенде, алдарында, сол үлкен үй мен күншығыс жағына тiгiлген қонақ үйдiң екi арасында, бұларды күткен бiр топ жан тұр екен. Жаңағы шешелерден басқа: жеңгелер, көршi үйлердiң қатындары, бiрен-саран тыстажүрген шал-кемпiр, онан соң осы ауылдың барлық үйлерiнен шығып, жүгiрiсiп келiп жатқан балалар бар. Бұл топқа қарай ауылдың үлкендерi де жан-жақтан дабырлап сөйлеп, ағылып келiп жатыр.
Осы жиынға қараған бетiмен, екi жолдасынан озып кеп бұрын түскен Абайдың атын бiреу алып кете бердi. Бала көп iшiнен, ең алдымен өзiнiң шешесiн көрiп, соған қарай жүре берiп едi, шешесi анадай жерде тұрып:
– Әй, шырағым балам, әуелi аржағыңда әкең тұр. Сәлем бер! – дедi.
Абай жалт қарап барып жаңа көрдi. Анадай жерде, қонақ үйдiң сыртында, қасында екi-үш үлкен кiсi бар – әкесi Құнанбай тұр екен. Ыңғайсыздықпен қысылып қалған бала, шешесiнiң сондайлық салқын сабырының мәнiн ұқты да, әкесiне қарай тез бұрылды. Байтас пен жорға Жұмабай да анадайдан түсiп жаяулап жетектеп, Құнанбайға қарай келедi екен. Бiрақ өңi сұп-сұр, зор денелi, бурыл сақалды Құнанбайдың жалғыз көзi бұларда емес. Батыс жақтан 4-5 атты жолаушы келедi екен. Арты Қыдырдан шыққан жолаушылар тәрiздi. Өздерi өңшең толық денелi, үлкендер сияқты. Құнанбайдың бүгiн әдейi тосып отырған адамдары болу керек. Ол соларға қарап тұр.
Байтас пен Жұмабай тақай бергенде, Абай да қасына кеп қалып едi. Үшеуi бiрдей жамырайсәлем бердi. Құнанбай тез бұрылып сәлемдерiн алды да, қысқа ғана амандық сұрады. Тұрған орнынан қозғалған жоқ. Баласын қасына да шақырмады. Азғантай уақыт Абайға қарап алып:
– Балам, бойың өсiп ер жетiп қалыпсың-ау! Молда болдың ба? Бойыңдай боп бiлiмiң де өстi ме?– дедi. Кекету ме, жоқ күдiк пе? Немесе шынымен жай бiлгiсi келгенi ме?
Бала ес бiлгеннен берi қарай әкесiнiң қабағын жұтаң қыста күн райын баққан кәрi бақташыдай бағып, танып өскен. Әкесi де бұл баласының сондай сезгiштiгiн өзге балаларынан артық санаушы едi. Ұялғанды, жауап айтпағанды кешiрмейтiн әке мiнезi Абайға мәлiм. Ол сабырлы, момын пiшiнмен:
– Шүкiрлiк, әке, – деп бiраз тұрды да – ат барған соң, дәрiс тамам болмаса да, хазiреттiң рұқсатын, фатиқасын алып қайттым, – дедi.
Тiптi ересек адамша сөйлеп қапты. Баланың бұл ерте әзiрлеген жауабы едi. Әкесiнiң қасында тұрған Майбасар мен соның атшабары екен. Майбасар Құнанбайдың тоқал шешесiнен туған iнiсi. «Төрт тоқал» атанған туысқандарының бiр тоқалынан осы Майбасар. Бұны биыл Құнанбай өзi аға сұлтан болғаннан кейiн, осы Тобықтыға болыстық старшын еткен-дi.
Майбасар Абайдың жауабын ұнатып тұрып:
– Өзi, тiптi, көшелi кiсi боп қапты!– дей берiп едi, Құнанбай оның сөзiн аяқтатпастан Абайға:
– Бар, ана шешелерiң жаққа бар, амандас, балам!– дедi.
Абайдың күткенi де сол едi. Әлi тосып, бар қозғалысын алыстан қарап, әңгiме етiп тұрған шешелерге қарай бұрылғанда, Абай қайтадан өзiнiң жасына лайық қуанышты бала қалпына келе қалды. Арт жағында жорға Жұмабай Абайдың бүгiн оны қорқытқанын әңгiме қып жатты. Бала ендi асығып, өз шешесiне қарай жақындай берiп едi, Жұманның қатыны, Қалиқа деген бiр жеңгесi:
– Телғара! Айналайын Телғара! Соқталдай азамат боп кетiпсiң-ау!– деп, мойынынан құшақтай алып, бетiнен сүйдi. Тағы бiр жеңгесi — Ызғұттың қатыны Тобжан да сүйдi. Содан кейiн үлкен қатындар және осы топтағы үлкен еркектiң, ағалардың да бiр-екеуi сүйiп жатыр. Абайды шын балаға айналдырып жiберген осы сүйiстер едi. Ол қысылып қызарғанмен қашып та құтыла алатын емес. Наразы боларын да, құптарын да бiлмедi. Бiрнеше үлкен қатындардың көзiнен жас та көрiндi.
Барлық үлкеннiң құшағына амалсыз кезек-кезек кiрiп болып, ендi сытылып, шешесiне қарай баса бердi. Абайдың өз шешесi Ұлжан мен екiншi шешесi, сұлу жүздi – Айғыз қатар тұр екен.
Бала топтан шыға бергенде, Айғыз күлiп:
– Пай, жаман қатындар сiлекейлеп, баламыздың бетiнен сүйер жер де қалдырмады-ау, – деп паңдана күлдi де, Абайды көзiнен сүйдi.
Кезек өз шешесiне келгенде, ол сүйген жоқ. Қатты бiр қысып, бауырына басып тұрды да, маңдайынан иiскедi. Абайдың әкесiндегi тартымды салқындық шешесiне де көптен берi мiнез болған. Бала осыдан арғыны күтпеушi едi. Бiрақ, бауырына басқанның өзiнде де Абайдың жүрегiн қатты-қатты соқтырған аса бiр өзгеше жақындық бiлiндi. Ана құшағы! Ұлжан көп ұстаған жоқ.
– Әжеңе бар, әнеки!– деп үлкен үйдiң алдына қарай бұрып жiбердi. Кәрi әжесi Зере бәйбiше, таяғына сүйенiп, ұрсып тұр екен.
– Жаман неме, маған бұрын келмей, әкеңе кеттiң-ау «! Жаман неме!– дей берiп, қасына, құшағына немересi барғанда, «жаман неменiң» артынан iлезде:
– Қарашығым, қоңыр қозым… Абайжаным…– деп кемсеңдеп, жылауға айналып кеттi. Әжесi құшақтаған бойында үлкен үйге кiрген Абай, ымырт жабылғанша осында болды. Шешелерi бұған бiресе қымыз, бiресе тоңазыған ет, бiресе шай ұсынып тықпалай берсе де, баланың бойына ас батпады. Жөндеп iшкен де жоқ. Күнi бойғы аштығы да ұмытылған сияқты. Ас бере отырып, бойлары үйренiскен сайын, шеше, жеңгелерi баладан:
– Елдi сағындың ба, кiмдi сағындың?
– Молда болдың ба?
– Оқып болдың ба?– деген сияқтыларды қайта-қайта сұрады. Абай өзге сұрақтарға жөндi жауап берген жоқ. Жалғыз-ақ кiмдi сағындың дегенде:
– Оспан қайда? Ол қайда жүр?– деп өзiнiң кiшi iнiсi, тентек Оспанды бiрнеше рет сұрап едi.
Ұлжан басында ол сұрауын елеусiз қалдырып, артынан тағы бiр айналғанда: – Е, жүр-дағы жынды неме. Бүгiн осында маза бермеген соң әжең екеумiз қуып шыққамыз, – деп әжесiне нұсқады. Әжесi өзiне байланысты бiр нәрсеге ишара қып отырғанды көрiп:
– Не дейдi? Не деп жатырсыңдар, естiмедiм, – деп едi, Абай Оспан жайын айтып кеп, қатты сөйлеп:
– Әже-ау, былтыр мұндай емес ең. Құлағыңа не болған, неге естiмейсiң?– дедi. Көптiң ортасында отырса да, ерiксiз жапа-жалғыз боп оқшауланып қалған әжесiне жаны ашып, құшақтап алдына жантайды.
Әжесi түсiндi де, аз ғана босаңсып:
– Балам-ай, әжеңде кеуде болмаса, не сымбат қалды?– деп, өзiнiң дағдылы мұң-шыңына қарай беттеп едi. Баласы қимады.
– Жазыла ма өзi? Емдесе қайтедi?– дедi.
Үй iшi де, әжесi де құр күлiп қана қойды.
Кәрi шеше күле отырып, баласының талабы қайтпасын дегендей қып:
– Үшкiрсе, кейде ашылып қалады. Үшкiрген жағады, — дедi.
– Үшкiрсе, мына балаң молда боп келдi ғой. Үшкiрт балаңа, – деп Айғыз күлдi.
– Үшкiрсiн, баласы үшкiрiп берсiн.
– Сорлы кәрiнiң көңiлiне о да болса демеу ғой!– деп үйдегi үлкендер, әсiресе, жеңгелер Абайдан шын бiрдеменi дәметкендей.
Абай бұған iшiнен ыза болды. «Үшкiру, iшiрткi жазу, қасида оқу «молдалықтың ел үйренген дағдысы екенi рас. Бала көңiлiне қатты жиренiштi көрiнетiн балгер, құшынаш сияқты, бақсымен тең молда, қожа аз емес. Абай соны еске алып, өз жайынмысқылдағандай болып, аз күлiмсiреп отырды да, бiр кезде оқыстан, әжесiнiң басын құшақтай ап, сыбырлай күбiрлеп, бiр нәрсенi шұбырта жөнелдi. Жұрт аңыра қарап отырып, басында дұғалық оқып жатыр екен деп едi. Кәдiмгi молдадай шарт жүгiнiп алып түсiн томсартып жiберiп, шешесiне төнiп отырып:

Өзі раушан, көзі гауһар,
Лағылдек бет ұшы ахмар.
Тамағы қардан әм биһтар
Қашың, құдрәт, қоли шиға. –
деп, көпшiлiк ұға қоймайтын өлеңдi шұбырта берiп, дауысын «тәбәрәк» оқыған молдаларша ұзайта созды.
Мұбада болса ол бір кәз
Тамаша қылса юзма-юз…
Кетіп қуат, юмылып көз,
Бойың сал-сал бола нига?

деп кеп көзiн жұмып, ернiн жыбырлатып, әжесiнiң құлағын ашып «су-ф» деп қойды. Бұл өзiнiң биыл осы көктемде Науаи, Фзулидi оқып жүрiп жазған өлеңi болатын. Отырғандар әлi де дел-салда. Күдiк етушiден де шын дұғалық екен деушiлер көп. Бала солардың шама-шарқын танып, мысқыл еткендей боп алдаңқырап келдi де, ендi шынын танытпақ боп, даусын ашық етiп қатайтып алды. Тағы да көзiн жұмып, түсiн томсартып, құран аударған молдадай, iлгерi-кейiн теңселе берiп:

Ұшады бозша торғай көдені ықтап,
Басасың аяғыңды нықтап-нықтап,
Кәрі әжем естімейді, нана берсін,
Берейін өлеңіммен шын ұшықтап…–

деп кеп, тағы да «су-ф-ф!» деп қойды. Үйдiң iшi ендi сезiп, ду күлiстi. Соңғы өлеңнiң тұсында әжесi де түсiнген. Ол, үнi өшiп, сүйсiнiп күлiп, баласын арқаға қағып, маңдайынан иiскедi.
Абай күлместен, мысқылдай қарайды. Әжесiне жабысып отырып:
– Қалай, құлағың ашылды ма?– дедi.
– Е, жақсы боп қалды. Өркенiң өссiн, балам!– деп әжесi алғыс айтты.
Үлкендер бала мiнезiне бiр күлiп, бiр таңданып сүйсiнiп қалды. Қара сұр бала көптiң көзi бiр өзiне қадалғанда ендi қысылыңқырап, қызарып едi. Бiрақ, көзiнде жайнай жанған от бiлiнедi. Өзге балаларының ажарынан бөлек, қызулы, саналы оты бар сияқты.
Ұлжан тартымды болумен қатар, сыншы да ана. Баласының жаңағы мiнезiне бiраз ойлана қарап отырды. Биыл денесi өскелеңдеп қалған баласы, мiнез жағынан да ересек тартқан сияқты. Ұлжан көппен бiрге күлген жоқ едi. Ендi байқай отырып, ақырын мырс еттi де:
– Балам-ау, қаладан молдалық әкелдi десем, нағашыңа тартып қайтқанбысың, немене?– дедi. Үлкендердiң бәрiне бұл өте түсiнiктi едi. Жаңағы бала мiнезiнiң дәл шешуi сияқты болып, қайта күлдiрдi.
– Бәсе, Шаншар?
– Битан, Шитан!
– Тонтекеңнiң жиенiмiн деп тұр ғой! – десiп, Абайдың нағашыларын есiне алысты. Өлерiнде:»жазыла-жазыла қожа-молдадан да ұят болды, ендi өлмеске болмас!» деп кеткен Тонтай сөздерi де көптiң есiне түстi.
– Апа-ай, ендi бақсы-құшынаш боп, елтiрi-сеңсең жинағанша, Тонтекеңе тартқаным көш iлгерi емес пе?– деп Абай iле жауап бердi.
– Жарайды, ендеше, ер жетiп қапсың, балам, – дедi шешесi.
Дәл осы кезде Майбасардың атшабары кеп кiрдi. Бұл бағана, кеште Құнанбайдың қасында тұрған қаба сақал, қара Қамысбай едi. Келдi де:
– Абай шырағым, сенi әкең шақырып жатыр,– дедi.
Үй iшi де, Абай да үн қатқан жоқ. Бағанадан бергi еркiн, ойнақы, бала мiнездiң бәрiнен тартынып, бойын жиып шәкiрт бала үндемей үйден шықты да, әкесi отырған үйге келдi. Қонақ үйi шешелер үйiндей емес, сыртынан да салқын, үнсiз. Абай есiктен кiре, үйде отырған үлкендерге ашық дауыспен, айқын етiп сәлем бердi. Үлкендер де мұның сәлемiн дауыстап алды. Кiсi көп емес, Құнанбай мен Майбасар, Жұмабайдан басқа осы өңiрдегi Тобықтының белгiлi үлкендерi: Байсал, Бөжей, Қаратай, Сүйiндiк екен. Және осылардың жанына ерткен жас жолдасы тәрiздi, Байсалдың немере iнiсi – бала жiгiт Жиренше бар. Абайдан жасы үлкендеу болса да, ол құрбыша ашына едi.
Әкесiнiң бағанағы кешке күткен кiсiлерi осы үлкендер болды. Абайдың бала күнiнен сезетiн бiр жайы: мұндай кiсiлермен, әсiресе, дәл осы төрт-бес кiсiмен бас қосу ел iшiнде басталатын бiр үлкен iстiң, оқшауiстiң белгiсi болатын. Оларды әкесi ежелгi дағдысы бойыншаәдейi шақыртып алған сияқты.
Бұрын ондай сөздерiне Абай араласып та, тыңдап та көрмеген. Бүгiн бiрiншi рет әдейi алғызып отыр. Бiр ойдан Абай өзiме бiрдеме айтпақ па екен деп ойлады. Бiрақ еш нәрсенiң қисынын таба алмады.
Абай келiп отырысымен анау үлкендер бұдан: қала жайын, оқу жайын, саушылығын сұрастырды. Өзге үлкендер iшiнде Абайға, әсiресе, көңiл бөлген сөзуар, жарқын жүздi Қаратай. Ол Абайды көре отырып, Құнанбайдың өзге жас балаларын да еске алды.
– Осы, ана Ысқақ бiр жошын! Бiр түрлi пысық та, сергекнеме!– дедi.
– Ол әлгi Күнкенiң қолындағы ма?– деп сұрап алып, Бөжей:
– Рас, құлдырап тұр!– дедi.
– Иә, рас-ау, соның оты бар! – деп, Байсал да қостады. Мұның бәрi қиялап айтқан Құнанбайдың қошеметi.
Үндемей түйiлiп, сұп-сұр боп отырған Құнанбай ол сөздерге көп шiмiркенген жоқ. Қайта, терiс көргендей мойын бұрып, Абайға қарап:
– Одан да, не күтсеңдер де осы жаман қарадан күтсеңдершi!– дедi.
Құнанбайдың мына баласын осында шақыртып алып отырған және жаңағыдай етiп бұларға танытқалы отырғанын өзгеден Қаратай бұрын аңғарған. Ол, дағдылы, майысқақ ептiлiкке салып, ендi Құнанбайдың жаңағы бетiмен Абайды сөз қыла бастады. Бөжей мен Байсалға қарап:
– Сендер мұның сүндетке отыртқанда не дегенiн естiп пе едiңдер?– деп, аз күлiп алды. Абай өзiнiң балалық, шалалықмiнезiнiң бiрiн, мынадай суық пiшiндi үлкендердiң ортасына салғалы келе жатқан Қаратайға тiптi ырза емес едi. Қысылып, ұяла бастады. Бiрақ тоқтар шарасы жоқ. Сондықтан, бар тапқаны – ол бала өзi еместей, үндемей сазарып қалды. Қаратай күле отырып:
– Сүндетке отырғызғанда, ауырсынып жылап жатып:» құдай-ай, бұл қорлықты көргенше, қыз қып неге жаратпадың!» дептi. Сонда шешесi: «ақылсыз-ау, қыз болсаң бала таппас па едiң, содан қиын боп па?» десе, мынау:»Ойбай, онысы тағы бар ма едi?», деп жылауын тыя қойып, шыдай берiптi, – дедi. Үлкендер ақырын мырс-мырс күлiп қойды.
Құнанбай естiмеген сияқты, ешбiр белгi бермедi. Бұл сияқты сөз оны мен Байсалдардың қабағына қарағанда ұзаққа бармайтын тәрiздендi. Абайға жайлысы сол болып едi. Әйтпесе үлкен адамша орталарына шақырып ап, ақымақ бала қып қойып күлгендерiне ырза болайын деген ойы жоқ.
Сөйткенше, сырттан Оспан кiрiп келдi. Кiшкене iнiсi. Ауылға келгелi көп сұраса да, көре алмаған тентек, содыр iнiсi.
Ол сәлем берудi ұмытқан жоқ. Бiрақ, әкесi мен өзге ешкiмге қарамастан, келе Абайды құшақтай алды. Өзiнiң де ең жақсы көретiн туысқаны Абай едi. Екеуiнiң арасы 5-6 жас. Сондықтан Абай қазiр де оған аға есептi. Оспан келе бергенде бұ да құшағын жайып бетiнен сүйдi. Үлкендер бұлардың жаңа көрiскенiн сезiп, мына мiнездерiн кешiргендей. Бiрақ, келесi минутта-ақ Оспан өзiнiң тентектiгiн танытып, абыройдан айрыла бастады. Ол, «қайда жүрдiң» деп ақырын сұраған Абайға жүресiнен отырып, ағасының мойнынан құшақтап, өзiне қарай тартты да, құлағына бiр нәрсе сыбыр еттi. Бұнысы бiр қатты нашар боқтық сөз едi. Шеткi үйде өзiнiң ағасы Тәкежаннан үйренiп кептi. Сағынған ағасымен ең алғаш тiл қатқанының өзi осы. Абай сескенiп, құлағын тартып қап:
– Өй, не дейсiң?– дей берiп едi, Оспан атып тұрып, мұны бас салып құшақтап: – Айтпа, айтпа деймiн анаған! Айтушы болма анаған!– деп, әкесi жақты нұсқап, Абайдың аузын аштырмай, шалқалатып жыға бердi.
Абай бiр жағынан ерiксiз күлiп, екiншiден қысылып, бойын жиып алайын деп едi. Денесi кесек, қолы қайратты Оспан түрегелiп алып, шалқалата жығып салды. Және соның үстiне, ұртына тығып жүрген бiр сiлекейлi қатты нәрсенi әп-сәтте Абайдың көйлегiнiң омырауын ашып, жалаңаш етiне тигiзе тастап жiбердi. Абай сескенiп, тiтiркенiп ырши берген. Үлкен кiсi сияқты боп отырған шәкiртi, мына бала бiр сәтте кiшкене балаша алыстырып, арпалыстырып жiбердi.
Оспан оның тiтiркенгенiне мәз болып, әкесiн ұмытып сақылдап күлiп:
– Бақа! Бақа салып жiбердiм көйлегiңе, – деп, Абайды бұрынғыдан да жаман тiтiркендiрдi. Құнанбай өзiнiң арт жағында отырған балаларының не қып жатқанын байқамаған. Ендi тентек Оспанның дағдылы мiнезi құтырып, үдей бастаған соң ашуланып, шұғыл бұрылып, жалт қарады. Жаңа байқады. Алпамсадай болған, асау қара баласы, Абайдың кеудесiне мiнiп ап тұрғызбай жатыр екен.
Құнанбай өз алдындағы мына бейбастыққа қатты ашуланып, Оспанды сол қолымен өзiне қарай жұлқып сүйреп алды да, жақтан тартып-тартып қалды. Оспан екi бетi нарттай жанып, үлкен көздерiмен әкесiне шоқтай қадалып, сазарып тұрып алды. Ұрғанына титтей мiз баққан да, қалт еткен де жоқ. Бұның бәрiн көрiп отырған Сүйiндiк Байсалға күбiр етiп: – Жаным-ау, қасқыр бала мынау ғой!– дедi.
– Құж, десеңшi. Мынадан ба, мынадан шығар-ау!– деп Байсал да күңк еттi.
Құнанбай атшабарға қатты әмiр етiп:
– Бар, алып кет қарғыс тигендi!–деп Оспанның бетiн бұрды да, итерiп қалды. Бала сүрiнiп құлай бергенде, атшабар да қармап көтере бердi. Оспан дәл соләкеден құтыла берудi күткендей атшабар ендi көтерiп алғанда, үйдегiнiң бәрiне естiрте, арт жағынан жел шығарып, «тырқ» еткiздi де кете барды. Майбасар Қаратайға көз тастап, бiр езуiн тартып, басын шайқады.
– Қап, мына абыройсыз, бар абыройдан бiр-ақ айрылды-ау!– дедi. Қонақтардың кейбiрi ақырын күлiп қалды.
Қаратай, Байсалдар Оспанның кетiсiн өз iштерiнде:» қорқып кеткен жоқ, егесiп кеттi»– деп бағалаған.
Құнанбайдың бұрыннан да түйiлiп, айтар сөзiн бастамай ызаланып отырған қалпы бар едi.
Мынау тұста тағы да суынып, түнере түскендей болды. Үй iшi бiрталай жым-жырт отырып қалды.
Сонымен, бiраз томсарыпотырып барып, қайта қыбырласқанда Құнанбай ойдағы сөзiн бастады.

2

Шытырманда

Абай Қарқаралыдан қайтқан соң атқа мiнiп ел аралаған жоқ.
Көбiнесе Жидебайдағы ауылда шешелерiнiң қасында болды. Көктемге шейiн күндiз-түнi кiтап оқуға салынды. Медреседен қайтқалы кiтапқа анықтап оқталғаны осы едi. Араб, парсы тiлiн, бiрталай сөздерiн ұмытыңқырап, қарайып қалған екен. Алғашқы бiр жұмадай Ғабитханның тәпсiрiне қарап, бұрынғы бiлген тiлдерiн қайта құрастырып алды. Содан әрi мұның қолына түскен әрбiр қалың кiтап соншалық бiр қатты сағынып жолыққан ыстық қымбат досы тәрiздi болды. Ғабитхан да кiтап оқығыш болатын. Соның кiтаптарының iшiнен өзiн қызықтырған көп-көп асыл бұйымдар тапты. Мұнда Абулқасым Туси-фердауси, Низами, Фзули, Науаи, Бабырлар бар. «Жәмшид», «Сеидбатталғази», «Мыңбiртүн», Табары жазған тарих, «Жүсiп-зылихалар», «Ләйлi-мәжнүндер», «Көрұғлы» сияқты хикая дастандар да бар. Абайдың бас алмай оқығандары осылар. Аздан соң, кешкi шайдан асқа шейiнгi мезгiлде Абай кейбiр оқып шыққан кiтаптарын үй iшiне әдемi әңгiме қып айтып берiп отыратын әдет тапты. Бұған әжесi себеп болды.
Зере Абайдың кiтапқа берген ықласын байқап, бiр күнi кешке:
– Қарағым, осының ақыл. Iшкен менен жегенге мәз боп, мойны-басы былқылдап, ақылдан да, өнерден де кенде боп жүрген бай баласы аз ба? Осы ала қағазыңнан айрылма! Ұқсама аналарға! – деген.
Әжесi кiтап қадiрiн жақсы айтқанға Абай риза болып, жаңағы сөзден соң күн сайын бiр тамаша әңгiме айтатын болды. Шешелер, малшылар, балалар боп, баршасы телмiре тыңдайтын. Анда-санда Айғыз да кеп естушi едi. Ол Кәмшат кеткелi қатты жүдеу. Үлкен қара көздерi аларыңқырап, барлық жүзi сұрланып ақшыл тартыпты. Шеке тамырлары көкшiлденiп, әдемi жүзiне уайым көлеңкесi түскен тәрiздi. Үнсiз уайымдаған ана қаралы. Абай бұл шешесiнiң күйiн қабақпен таниды. Ол келген кештерде әңгiмесiн ерекше ықыласпен айтады.
Абай әңгiме айтуға бiр түрлi шешен, шебер боп барады. Ғабитхан, тiптi оқып шыққан кiтаптарды, Абай хикая қып айтқанда, бар бейiлiмен, жақсы iлтипатпен тыңдайтын.
Бiр жаманы, жалғыз-ақ көктем болып, мал төлдей бастаған уақытта қызық кiтаптың бәрi тегiс оқылып, бар әңгiме айтылып қалды.
«Әңгiме, әңгiме», – деп, Абайға емiнiп отыратын үй iшi ендi, алғаш Абай айтқан әңгiмелердi, кейбiр малшы қатынға немесе балаларға қайта айтқызып, қайта тыңдасатын болды. Бiрақ олардың айтуы Абайдай емес, дәмсiз, үстiрт. Ұлжан соларын сезiп, кей кезде тоқтатпақ боп:
– Қыс өттi. Жаз шығып, мал төлдеп қалды. Ертектiң кезi өттi. Әйтпесе, қыс аяғы ұзап кетедi. Қой-ақ қой! – деп қалжың етiп, тоқыратып тастайтын.
Бірақ шешелер оңашада Абайға жақсы кітаптың жақсы хикаяларын қайтадан ескерте беруші еді. Ғабитхан мен Абай екеуі маңайда кітабы бар молда сүрей, кәріден, шала сопылардан бірен-саран кітап тапқызып алысты. Тағы бір кезде Ғабитхан әдейілеп тұрып, Қарашоқыға, Күнкенің аулына барып, екі қоржын басы кітап әкелді.
Құнанбай Қарқаралыда Хасен молда арқылы бірталай қызық кітаптар алғызған еді. Оны елге де жеткізген. Бiрақ Абай бiр рет:
– Бiзге берiңiз!– деп сұрағанда:
– Қасымда отырып, өзiме де естiртiп оқып бер! Сүйтсең берем. Әйтпесе қызығын өзiм көрiп, өзiм ғана бiлем дегенiңе бермеймiн!– деп, бергiзбей қойып едi.
Абай әке қасына барғысы келмегендiктен ол кiтаптардан да құр қалып жүрген. Ғабитхан соның есесiн тауып, бiрер күн сұрап жүрiп, алып келдi. Үй iшiне де, Абайға да Ғабитханның табысы үлкен олжа едi. Бiрақ дәл осы кiтаптар келген күннiң ертеңiнде Абайға шақырту кеп, Қарашоқыға жүрiп кеттi. Күнкенiң аулына Абай келiсiмен, Құнанбай мұны Құлыншақ аулына жұмсады. Әкесiнiң Құлыншаққа айтатын сөздерiн Абай ұғынып ап тысқа шыққанда, мұнымен бiрге барғалы Қарабас әзiр тұр екен.
Құлыншақ аулы алыс емес болатын. Қарашоқының күнбатыс жағы, бұрынғы Қодар қыстауының арғы жапсары Торғай руына тиiстi. Құлыншақ – сол Торғайдың басты кiсiсiнiң бiрi. Қарашоқыны бөктерлеп, Аймаңдай аттың жол жорғасымен жүрiп отырып, Абай:
– Шыңғыстың бөктерi тегiс көктептi-ау!– деп айналаға көз жiберiп келе жатты.
Аласа, ал күрең бетеге, даланы да, бөктер, беткейдi де тегiс көгертiп, жасарта бастаған. Бiрақ, аспан ашық емес.
– Жалғыз-ақ осы бiр суық жел мен бұлт айықпайды екен!– дедi.
Екi-үш күннен берi бұл өңiрде күн бұлыңғыр болған. Және қыстың соңғы салқын тынысы сияқтанып бiр суық жел бiлiнушi едi.
– Е, сәуiр жаңа туды ғой. Сәуiрдiң басы осылай бұлтты суық болатын әдетi ғой!– деп, Қарабас қыстыгүнi қар болатынын айтқандай, мерзiм айтты.
– Неге? Сәуiр қыстың айы емес! Жаздың айы емес пе? Жылда бүйтед деймiсiң?
– Жылда сүйтедi. Сәуiрдi, осы, жұлдызша не дейдi?
– Апрель дейдi.
– Ендеше, сол апрелiң осы. "Сәуiр болмай, тәуiр болмас" деп, бұрынғылар текке айтпаған. Сәуiрдiң басындағы суық бiтпей, жаз шықпайды дегенi, – деп, Қарабас Абайға ай-айдың мәнiн айта бастады.
Бұл жөнiнде Қарабас атшабарда Абай сезбей жүрген көп бiлiм бар екен. Сәуiр - бұл айдың арабша аты. Қазақша – мамыр. Одан соң маусым. Абай қазақша ай атының бәрiн сұрап, қайта-қайта қайырып жаттап алды.
Бiрақ сәуiр турасындағы жаңағы сөздi алғаш есiткенi осы едi. Жазға салымның ең жайсыз кезiн әнеугүнi әжесi "отамалы" деп атап едi.
– Осы "отамалы" немене? Не деген сөз өзi?– деп, Абай соны сұрады.
– Отамалы көкек айының он бiрiнде кiрiп, он жетiсiнде шығады. Желсiз, борансыз өтпейдi. Қыстың ең соңғы зәрi сонда. Отамалы деп атанғаны бiр байдың Отамалы деген қойшысы болған екен. Сол бақыр күн қайырады екен-ау! Көкектiң суығы басталған уақытта, әлгi қойды жайылысқа шығармайық боран болады. Қойдың қыстан титықтап шыққан кезi, малыңнан айрыласың десе, байы бiр дiнi қатты кәпiр екен. Сен тоғышарлық қып алдап отырсың деп, Отамалыны сабап-сабап қойды жайылысқа шығартады. Сол күнi, құдай көрсетпесiн, бiр қатты боран басталып, тақ үш күн, үш түн соғып, бар қой ығып кетiп қырылыпты да, қойдан қалмаймын деп, Отамалы бақыр да үсiп өлiптi. Көкектiң суығы – "отамалы" атанғаны содан дейдi. Әжең бақыр, соны бiледi ғой, – дедi Қарабас.
Осыдан соң:"айдың тоғамы" деген не? "Өлi араның" не мәнi бар? "Қыр күйек" неден қойылған? Абай осыларды да сұрастырып, көп қызық әңгiмелер есiттi. Аздан соң есепшiлер жайын, есепшiнiң тәжiрибесiн де сұрастырып:
– Күн қайырып, есеп айтуға өзiң қалайсың?– дедi, жаңағының бәрiн бiлiп, бәрiн жақсы әңгiме еткен Қарабас есепшiден аман емес шығар деп ойлап едi Абай.
Қарабас күлiп:
– "Күнәң аз болса, күн есепте!" дейдi екен осы күнде молла, қожа. Бiрақ қолдан келсе, есепшi болған жақсы-ақ қой. Мен құнт қылмай., құр қалып жүрмiн. Болмаса, есепшiлердiң айтқаны аумай келетiн жылдар болады, – дедi.
Бiрқатар жол жүрiп кеп, екi салт атты Қодар қорасының тұсына жеттi. Абай, Қодар мен Қамқаның басына бұрылып құран оқып, үндемей, томсарған күйiнде iлгерi тартты.
Анада көрген қатал суық суреттер көз алдына, дәл бүгiн таңертең көргендей боп қайта елестеп едi. Өзiнiң сол күнi аққан ыстық жасы, қасiрет жасы да есiне түстi.
Ауылға кеп түскенде Абайдың түсi үлкен кiсiнiң түсiндей боп томсарған, салқын едi. Құлыншақ аулы әлi қыстауда екен. Күн жылынған кезде тамнан шығып, қыстау жанына кигiз үй тiгiп отыратын әдет болушы едi. Қарашоқыдағы Құнанбай аулы сүйткенмен Құлыншақ олай етпептi.
Өзiн бала көргенмен, Құнанбай жiбергенiн ескерiп, Құлыншақ Абайды үлкен кiсiдей қарсы алды. Қонақтар отырып амандасып болған соң:
– Уай, қатын, қазан көтер мына қонаққа!– деп бұйрық еттi. Құлыншақтың "бес қасқа" деп атанған, бес мықты ұлы болатын. Олардан қазiр Манас қана үйде отыр. Бұл "қасқа" десе дегендей, еңгезердей екен. Жалпақ маңдайлы, нұр жүздi балуан тұлғалы жас жiгiт Құлыншақтың немересi едi. Үндемей отырып, домбырасын тыңқылдатып тартады да, қонақтарға салқын қарап қояды.
Үйде әзiр тұрған шай бар екен. Манастың келiншегi дастарқан жайып, шай жасай бастады. Жүзi жұқалау келген, самай шашы жып-жылтыр, қырлы мұрын, қара торы келiншек аса бiр таза, шапшаң көрiндi. Бар қозғалысында әдемi сыпайылықпен қатар, ширақ сергектiк бар. Отырған үйiне жылылық, жарастық бергендей келiстi әйел.
Соның кiрген-шыққан қимылына қарай отырып, Абай:
– Құлыншақ аға!– деп, сөз бастады.
Құлыншақ Абайға қарай түсiп, үлкен сар шақшасын тырнағымен сыртылдата қағып отырып, бiр кезде көк бұйра насыбайын екi танауына құшырлана тартып қойды.
– Әкем сiзге сәлем айтып едi.
– Сәлемет болсын.
– Айтқаны, мына жердегi Бетқұдық жайы. Бұрын Борсаққа тиiстi қоныс екен. Ақпердi Борсақ қыстауын алған соң, қонысы мен өрiсiн тегiс алдым дейдi ғой. Соған былтыр күздiгүнi қыстауға кiрер алдында сiздiң ауыл қоныпты. Бiрталай отырыпты. Қазiр жаз шыға:"қорасының жаны болған соң, тағы қонып жүре ме? Мен iрге тигiзбей, күздiгүнi пiшенiн шауып алайын деп ем, осыны Құлыншақ маған қиса екен! Қонбаса екен!" деп, әкеме өтiнiш айтыпты.
– Е-е, Ақпердi оны айтсын, ал, әкең не дейдi?
– Әкем Ақпердiнiң осы сөзi орайлы ғой. Құлыншақ қонбаса жақсы болар деп, осы сәлеммен жiбердi, - дедi.
Қысылған да iркiлген де жоқ. Баппенен, үлкен кiсiдей айтып шықты.
Құлыншақ үндемей, басын изеңкiреп отырып мырс ете бердi де:
– Шай iш! Кәне, жақындаңдар!– деп шайға қарай қозғалды. Абай да шай iше бастап, Құлыншақтың жауабын күтiп отыр.
Құлыншақ бiрер шыны шай iшкенше үндемей, сазара түсiп, бiр уақытта Абайға оқыс бұрылды да:
– Уай, балам, әкең осы Бетқұдықтың мәнi-жөнiн ұғынып, түбiн тексердi ме екен? Борсақ отырған кезде мен кезек қоныс етушi ем ғой. Көгi болса бұрын да орылушы едi. Қақ бөлiсушi ек қой. Осыны бiлдi ме?– дедi.
– Оны бiлген көрiнедi. Бiрақ тегiнде, меншiк бар да, келiсiм бар ғой, ақсақал. Даусыз иесi Борсақ едi. Соның меншiгi едi. Құлыншақ иелiк жөнiмен емес, келiсiм ретiмен үлес алып келген едi. Келiссе. Ақпердiмен де соны iстер. Тек, меншiк Ақпердiнiкi екенiн ойласын дедi.
– Е-е, ат иесi Ақпердi десеңшi! Ендеше, алдына ат иесi мiнет те, артына бiздi тiлесе мiнгiзiп, тiлемесе мiнгiзбес. Қыстауыңның iргесiнде, желi асындай жерде тұрса. Да, Бетқұдықтан беттi жу десеңшi – деп, Құлыншақ наразы боп, томсарып қалды.
Абай Құлыншықтың ренжiген жайын ұғады. Өз басы ренжiтейiн деп те ойлаған емес. Басында әке сәлемiмен келсе де, мұның арты үп-үлкен шаруа жайы екенiн онша бағалаған жоқ-ты. Ендi мынандай үлкен, нағыз адамның амалсыз ренiшiне қарай, өзi айтқан жайдың ауырлығын ұқты.
– Менiң әкелгенiм осы бiр сәлем. Арғысын өзiңiз бiлiңiз.
– Қайтпек керек? Ақпердi! Ақпердiге құдай бақ бердi, – деп, Құлыншақ ащы бiр мысқылмен күлiп қойды.
Абай Құлыншақтың сабырлы сықағына қызығып күлiп жiбердi. Тартысам деп келген емес. Және әке қарызынан құтылды. Сондайды шапшаң болжап шыққан Абай жаңағы Құлыншақ қалжыңын iле жөнелiп:
– Бақ берген емей немене.
Борсақтан қалған аз жердi.
Менiкi деп тап бердi деңiз!–
дедi. Абайдың бұл мiнезiне үйдiң iшi тегiс күлдi. Шай құйып отырған Манастың келiншегi, әсiресе ырза болды бiлем, қып-қызыл боп, қатты күлiп жiберiп, Абайға жалт етiп қарап, тамсанып қойды.
Құлыншақ шалқая берiп, Абайға:
– Е, балам-ай, мынау лебiзiң қалай жақсы едi. Тек осыныңды Ақпердi есiткей еттi!– деп, ырза боп қалды.
Осыдан Құлыншақ Бетқұдық әңгiмесiн былай қойып:
– Шырағым, осы анада Бөжейге берген жас бала қалай екен? Айғыз бишара жылап қалды деп едi, ол қалай?– деп, Абайдың үй iшiн, Зере жайын, Ұлжан күйiн сұрастыра бастады. Кәмшат туралы Абай ешнәрсе айтқан жоқ, Құлыншақ қайта оралып:
– Айыпқа мал бермедi деп, Бөжей жағы қомсынады бiлем. Сол кiшкене қарындасыңның күтiмi де келiстi емес деп есiттiм-ау. Айғыз бақыр соны сезiп қайғырады ғой, – деп, қайдағы бiр көңiлсiз, шетiн жайларды қозғай бастады.
Абай бұл арада ол әңгiменiң ешқайсысына сыр берiп iшiн ашпақ емес. Құлыншақ жетектеген сөздерге басқан жоқ.
Азырақ үндемей отырып, өзiнше бiр жөн тауып:
– Ақсақал, осы сiздiң балаларыңыздың "бес қасқа" атанатын себебi не? Соның мәнiн ұқтырыңызшы?– дедi.
Құлыншақ мына баланың жаңағы сөздерге iлеспегенiн түсiндi де, iшiнен. "байыпты бала-ау өзi. Салмақ бар ғой. Сыр ашпайын деп отырғанын қарашы. Бұған да үйреткен екен"...– деп ойлады. Алғашқы сөздерiн тастап:
– "Қасқа дегенi – батыр деп айтқаны" деп болмайды ғой мыналар түге. Жөнiн мынаның өзiнен сұрасаңшы, – деп Манасты нұсқап қойып:- батыр боп кiмдi мұқатып жүргенiн кiм бiлсiн. Әйтеуiр қолтыққа дым бүрку ғой. Болмаса, анау бiр кезде Бөкеншi, Борсақ "Қарашоқыны бермеймiн, өлiсем" деп келгенде, әкеңнiң жалғыз ауыз сәлемiн есiтiп, осы бес баламды ертiп барған мен едiм. Сонда иесi кетiп жатқан иен жерден тым құрыса бiр құдық тиер деп ем. Тигенi мынау ма? Қасқаның тұмсығы тасқа тигенi осы да!-деп алғашқы сөздерiне тағы бiр оралып соқты.
– Бүлiнген елден бүлдiргi алма дегенi қайсы? Бөтен болса бiр сәрi. Бөгде емес, Бөкеншiнi қуып алған кiмге құт болады дейсiз? Өкiнiп қайтесiз?– деп, Абай аса бiр байсалды мәслихат айтты.
Манас пен келiншегi осыны жақсы ұғып ұнатса да, Құлыншақ көнген жоқ. Ол осыдан соңғы әңгiмелерде Құнанбайға өкпелi болған кiсiнiң қабағын бiлдiрдi.
Абай ар жағынан байқап кеп, Құлыншақтың ойы: "Бөкеншi, Борсақтан жер олжа қылмадым" деген арман екенiн бiлдi. Соны ұғынумен қатар, жерден басқаны, жемнен басқаны тыңдағысы келмеген Құлыншаққа iшiнен наразы боп аттанды.
Абай әкесiне Құлыншақтың көнгенiн айтса да, өкпесiн айтқан жоқ. Iстеп келген iсiн қысқа ғана баян етiп едi.
Бөлек жерде Құнанбай Қарабастан да сұрастырған. Абайдың айтқан сөздерiн түгел есiттi. Қарабас Абайдың бүгiнгi мiнездерiне ырза екен.
– Балаңыз сөзге ысылып қалыпты. Тiптi бiр үлкен кiсiдей орамды жатыр. Құлыншақ екен-ау, ұтылады екем-ау!– демедi. Қалай болса да тең сөйлеседi!– деп, мақтай бастап едi. Құнанбай "Жеттi, доғар" дегендей ишарат қылды да, Қарабасты тоқтатып тастады. Осының ертеңiнде Құнанбай Абайды және жұмсады. Қасына тағы сол Қарабасты қосып, ендi Сүйiндiкке жiбердi.
Сүйiндiк аулына Абайлар ел орынға отыра келдi. Өз қыстауынан айрылып, қарауылдың бас жағын – Түйеөркеш деген жердi қыстаған Сүйiндiк аулы қазiр тамда емес, киiз үйде екен. Мал, жан, көп ауыл осы орынды қыстауға лайықтап алғанмен, әлi жаңа қыстау сала алмай, ескiлеу тар қораға сыя алмай, күннiн көзi жылынысымен киiз үйге шығыпты.
Сүйiндiктiң аппақ үлкен үйi жылы екен, iшi тола тiрелген жүк, буулы тең менен сандықтар. Оның ар жағы екi босағаға шейiн текемет, алаша, тұскиiзбен қоршалыпты.
Саптама мен тиiн iшiктi әлi тастамаған Абай бұл үйде тоңазитын емес. Биылғы көктемде алғашқы рет киiз үйге қонғалы отырғаны осы. Мұнда бiр жеңiл салқындық, кең тыныс бар. Көктемдегi киiз үй Абайға әрқашан таңсық болатын.
Үлкен үйдiң ортасында ала көлеңкелеу жанған тас шам бар. Сүйiндiк бәйбiшесiмен және екi баласы – Әдiлбек, Асылбекпен – бәрi де қонақтармен бiрге болды. Бұл үйге әсiресе, өзгеше көктем нұрын енгiзген бiр жан бар. Ол Сүйiндiктiң қызы – Тоғжан. Абай келгеннен берi Тоғжан үлкен ағасы Асылбектiң отауынан осы үйге бiрнеше рет келiп кеттi. Сылдырлаған шолпысы, әлдеқандай былдырлаған тiлменен Тоғжанның келерi мен кетерiн паш етедi. Құлақтағы әшекей сырғасы, бастағы кәмшат бөркi, бiлек толған неше бiлезiктерi – баршасы да бұл өңiрден Абайдың көрмеген бiр сәнi сияқты. Толықша келген, аппақ жүздi, қырлы мұрын, қара көз қыздың жiп-жiңiшке қасы да айдай боп қиылып тұр. Қарлығаш қанатының ұшындай үп-үшкiр боп, самайға қарай тартылған қас, жүрекке шабар жендеттiң жебесiндей.
Тоғжан үйдегi сөзге құлақ салып, не күлiп, не қымсынса, сұлу қастары бiр түйiле түсiп, бiр жазылып толқып қояды. Елбiреп барып дiр еткен қанат лебiндей. Самғап ұшар жанның жеңiл әсем қанатындай. Биiкке, алысқа мегзейдi. Абай көпке шейiн Тоғжан жүзiнен көзiн ала алмай, телмiре қарап қалады.
Қыздың көп кiрiп шығысы қонақтардың қамы екен. Аз уақытта дастарқан жайғызып, күтушi әйелге шай құйғызып, өзi әкесiнiң төменгi жағына отырып, шыныларды әперiп, үй iшiне қызмет көрсете бастады.
Абай Сүйiндiктен де қысылған жоқ. Бала емес, ысылған, ашық, үлкендерше сөйледi.
Тоғжан кеп отырғаннан кейiн, сүйiндiкке қарап:
– Сүйiндiк аға, осы мына сiздiң жердiң алдындағы Қарауыл дейтiн жалғыз биiк не себептi Қарауыл атанды екен?– дедi.
Сүйiндiк:
– Кiм бiлсiн, шырағым, – дей түсiп, аз отырып:– Е, Тобықты мен Матайдың шабуылы, жаулығы қалған ба? Сондағы қуғыншы мен жортуылшының бiрi қойған атыдағы. Өзi өзге таудан бөлiнiп, айдалаға оқшау барып тұр ғой. Содан қарауылдамай, қайдан қаауылдасын!– дедi.
– Сүйтiп, бұл атты Тобықты қойған дейсiз бе? Тобықты келмес бұрын сондай ат жоқ па екен?
– Қайдан болсын! Бұл өңiрдегi барлық атты Тобықтының өзi қойған.
– Әй, бiлмеймiн-ау! Бар атты өзi қойса, Шыңғыс дегенi несi екен? Шыңғыс деген Тобықты бар ма?
– А, жоқ! Мынауың жаны бар сөз. Бәсе, бұ Шыңғыс деген осы үлкен алып таудын аты неге Шыңғыс атанды екен бұл?– деп, Сүйiндiк өзi де ойланып қалды.
Әдiлбек әкесiнiң мүдiргенiн намыс көрiп:
– Шыңғыс деген сөз "шын қыс" дегеннен, қысының қаттылағынан болыпты-мыс деседi ғой!– деп едi.
Абай бұған күлдi де:
– Олай болмас. Шыңғыс деген белгiлi хан аты ғой, – дедi.
– Бәсе, осы сөз менiң де құлағыма бiр тиген едi. Жадымда қалмапты. Кәне, бiлсең өзiң айтшы, шырағым, – деп Сүйiндiк Абайды тыңдағысы келдi.
Жас қонақ Шыңғыс хан жайында өзi бiлген, есiткен әңгiмелерiн айтып кеп, ақырында өз көңiлiндегi бiраз долбарды қосып:
– Тауының "Шыңғыс", биiгiнiң "Хан" аталғаны содан. Және сонау бiр бөлек тауы "Орда" аталғаны да сол Шыңғыс ханның мекен еткен қонысы екенiн паш етедi. Қарауыл демек те сол кезден қалған ат емес пе екен?– деп тоқтады.
Сүйiндiк Абай сөзiн қатты ықыласпен тыңдады. Алдындағы шайы iшiлмей, кесесi суып қап едi. Тоғжан әкесiнiң соншалық тыңдағанын ендi байқады. Ол Абайға таңдана қарап, бiрталайға дейiн көз алмады.
Үй iшi Абай айтқан жаңалықтарды қызыға тыңдап, көңiлденiп қап едi. Асылбек, Қарабастар:
– Қисынды-ақ екен, – дестi.
Шыңғысты былай қойып, тақ осы Сүйiндiк қыстауы Түйеөркештiң қасында тұрған "Хан" биiгiн, онан соң Мамай қыстайтын анау "орда" деген таудың бәрiн де шештi. Соны осы күнге шейiн нелiктен аталғанын бiлмей жүру, мұндағы үлкеннiң бәрiне ендi ғана орасан көрiнiп едi. Сүйiндiк Абайдың шынысын өзi әперiп:
– Жеп iш, Абай!– деп, ендi қонағының алдына жент пен майды да, бауырсақты да молырақ ысырып қойды. Әкесiнiң жас қонаққа жасаған осындай бейiлiн де Тоғжан сезiп отыр.
Бiрер мезгiл Абай өзiне қараған Тоғжанның әдемi қара көзiн байқады. Солғын қарау емес, Абайды анықтап, түстеп, барлай қараған сияқты. Абайдың да әйелге анықтап қызыға қараған жолы осы сияқты. Тоғжан ұзағырақ қадалып, көз алмай отырып ақырын қызғылт тартқандай болды да, көзiн тайдырды.
– Көп жасаған бiлмейдi, көп тоқыған бiледi. Осылайша ұққаның, тоқығаның жақсы, балам!– деп, Сүйiндiк бiр тоқтады. Абай осы сөзге жалғастырып:
– Өзiңiздей кiсiден есiткен сөздер ғой, Сүйiндiк аға!– деп аз отырып,– рұқсат етсеңiз, осы өзiңiз айтқан кейбiр сөздердi де өз аузыңыздан ұғынайын деп ем!– деп Сүйiндiкке қарады. Тұрпайы емес, сыпайы бастап, орамды келдi. Сүйiндiк:
– Е, сұра, айт, балам! Не сұрамақ ең?– дегенде:
– Ендеше, осы жаңағы кiшi Орданың тұсында Көжекбай, Құлжабайдың жер дауына билiк айтқан екенсiз. Сонда:"мен қойдың бөлiгiн бөлмеймiн, құдайдың бөлiгiн бөлемiн"!– депсiз. Осының мағынасы қалай? Соны сұрайын деп ем!– дедi.
Бұл сұраққа Қарабас, Әдiлбек, Асылбек те күлiп жiбердi. Тегi, Абайдан басқаларына жөнi мәлiм болу керек. Сүйiндiк Абай сұрағына аз тiксiнiп, қалта қарап, ойланып қап едi.
– Шырағым, бұл сөздi әкеңнен ұғынсаң еттi.
– Менiң әкем баламен ашылып сөйлей бермейдi ғой. Бiлесiз ғой.
– Бiрақ жаңағы iске әкеңнiң қатысы бар ғой! Оны бiлушi ме едiң?v
Қарабас, Асылбектер әлi күлiп отыр. Олар Сүйiндiктiң қашқалақтағаны мен сыпайылық сақтағанына және Абайдың жансыз әңгiменi қадала сұрағанына күледi.
– Әкемнiң қатысы барын бiлемiн.
– Ендеше, әкең аты араласқан сөздi ең әуелi әкеңнiң өзiнен ұғынғаның мақұл!
– Бәрекелдi! Сүйiндiк аға, оныңыз жақсы ақыл! Бiрақ... Сол билiк тұсы, сiз бен менiң әкем екi араңыздың суысқан тұсы болды, дейдi. Ол рас қой?
– Рас!
– Ендеше, сiзбен қалай араздасқанын мен өз әкемнен ғана бiлiп қойсам, мына Әдiлбек пен Асылбек ағам сiзден ғана ұғынып қойса не болады? Анық шынға жете алмай, сыңар жақ кетемiз ғой. Бiрден, адасамыз. Екiншiден, бала мен бала, мына бiздер, сырттан қырбай, сырттан шалғай кетiсемiз ғой. Сiз маған, менiң әкем бұл кiсiлерге айтып отырса таразының басы тең баспас па едi?
Сүйiндiк те, үй iшi де Абайдың мына дәлелдерiн дұрыс көрдi. Қарабас сүйсiнiп кетiп:
– Дұрыс-ау осынысы баланың?– деп, Сүйiндiктiң әңгiмесiн айтқызуға бейiмдедi.
– Балам-ай, алды-артымды орап алдың-ау осы сен ә?– деп, Сүйiндiк ақырын күле түсiп, екi ойлы боп қалды да Асылбекке қарап:
– Ей, менiң балаларым, мына бала қонағың тартымды жатыр-ау өзi, ойлаймысыңдар?– деп жақсы жадырап, шын бейiлдендi. Тоғжан шай iшiлiп болса да, дастарқанды жиғызбай, күлiмсiрей түседi. Жиi қарап, Абай көзiмен кездескенде, көптен бергi сыйлас танысына жасайтын iлтипат бiлдiредi.
Абай әңгiменi алғаш өзi ойлаған жаққа бұрды.
– Сол менiң әкеммен қырбай боп қалған жерiңiздi өзiңiз ұғындыраңыз, Сүйiндiк аға!
– Өтiнсең, айтайын! Бiле жүр! Сенiң әкең Мамай iшiнде Жамантаймен көңiлдес боп жүрiп, өкiл күйеу болғанда екi жүз қой киген.
– Өкiл күйеуi қалай!
– Өкiл күйеуi шын күйеу емес, тамыр есептi нәрсе.
– Онда "тамыр" деп неге аталмайды?
– Тамырлық құрбылас кiсiнiң арасында болады. Ал жасы үлкен кiсiмен жас жiгiт тамырласам десе, кейде осылайша өкiл күйеу боп аталады.
– Иә, сонымен?
– Бертiнде сол Жамантайдың баласы Көжекбай өзiнiң Құлжабай деген кедей ағайынымен жерге таласты. Мырза:"соған билiк айт, жер бөлiгiн айырып бер" деп, менi апарды. Мен екi жағының сөздерiн ұғынып, өз көңiлiмше әдiлдiгiн топшыладым да, "бөлiк былай болсын" деп жүрiп отырдым. Сенiң әкең өзi де басы-қасында. Арт жағымда Көжекбайлармен бiрге келе жатыр. Мен бөлiктi өз көңiлiме сыйған әдiлетпен бөлмекпiн. Байқаймын, жүрiсiм Көжекбайға жақпайды. Тыжырынып, жарыла жаздап келедi. Аздан соң мырзаға сыбырлап, жалпылдап айта бастады. Әкең сенiң Көжекбайды құп көрдi бiлем, арт жағымнан саңқ етiп дауыстап: "Уай, алапес! Сен қалай жүрiп барасың?" дегенi. Мен екi жағына тең би емеспiн бе? Ыза боп кетiп: "Уай, тәңiр, қойдың бөлiгiн бөлiп келе жатқаным жоқ, құдайдың бөлiгiн бөлемiн" дедiм, – деп тоқтап қалды.
– Я, сонан соң не болды?– деп, Абай ар жағын тағы айтқызбақ едi.
– Арғысын қайтесiн, сол, шырағым? Кеттi ғой әйтеуiр, қым-қуыт, шым-шуыт боп!- деп, Сүйiндiк қолын бiр-ақ сiлтедi де, айтпай қойды.
Абай қып-қызыл боп кетiп, шұғыл ойланып отырып қалды. Шамға қарап қадалып қалған көздерiнде сол шам отындай үлкен қызғылт, алыс от маздап тұрғандай. Тоғжан қонақтың мына пiшiнiне ендi жай ғана емес, тамашалап, қызығып қарады.
Сүйiндiк үйiнде Абайдың үндемей қалғанына iшiнен күлiп отырған да кiсi бар. Ол Сүйiндiктiң кiшi баласы – Әдiлбек. Асылбектей емес, ол ожар, тоң мiнездi болатын. Ендi Абайдың аңырып, дағдарып қалған пiшiнiне қарап өз iшiнен:
"Ал, тiлегенiң сол болса, қарық бол!"– деп, жымиып отыр.
Бiрақ Абай қатты ойланып қалғанмен жасыған жоқ. Аздан соң және өзi бастап екiншi бiр әңгiменi сұрады. Онысы Сүйiндiктiң тағы бiр сөзi. Өскембайға ас берген тұста айтқан сөзi едi. Сүйiндiк оны да айтпақ болды.
– Мырза өз әкесi Өсекеңе ас берем деп, Көкшетауға сауын айтып, қалың елдi жиды ғой. Тобықтының одан үлкен асы болған жоқ. Естiген шығарсың?
– Естiп ем. Соған сiз де бардыңыз ба?
– Әкеңмен ол кезде қырбай едiм! Бармадым. Бiрақ Айдос, Жiгiтектен, тiптi анау Мамай Жуантаяқтан да ел қалған жоқ. Жұрттың бәрi көшiп, сонау Көкшетауға барып, ұлы дүбiр мереке жасады ғой. Сонда Бөжей мен Майбасар келiспей қапты. Майбасар старшын. Жуантаяқтың бiр ұрылары Наймандағы Бөжейдiң нағашыларына барып, көп жылқысын әкеп, қырып тастапты. Соның қуғыншысы келiп, Бөжейге: "есемдi әпер!" дейдi ғой. Бөжей Майбасарға асылады. "Ақылдастыр, малын әпер!"- дейдi. Соған Майбасар:" сандалып, не айтып жүрсiң?" деп, ренжiтiп тастайды. Бөжей өкпесiнiң басы осы едi ғой. "Ажарым өтпейтiн болса, шашпауыңды несiне көтердiм?" деп өкпелеп қалады. Сүйтедi де, ас тарқамай көшiп кетедi. Бұған ерiп Жiгiтек, Байшора, Жуантаяқтан да кеткендер болды. Осы орайда мен үйде жатып, бiр-екi сөз айтып ем, қадағалап отырғаның со ғой.
– Не айтып едiңiз сонда?
– Бiлмексiң ғой, оны да айтайын
Өзге егіз болғанда, құдай жеке,
Алдыңа ата-анаң - ол бір Меке,
Қырық үйліні қырық пышақ қылып едің,
Өз асың да бұзылдьі-ау, Өскенеке?-
деп ем. Жұрт дегеннiң ұмытпай жүргенi со-дағы!- дедi.
Абайға бұл әңгiмеден әрi тағы бiр әңгiме жатқаны ап-анық көрiндi.
– Мынаның ар жағы да бар ғой. Онысын айтсаңыз қайтедi?
– Ар жағың қайсы, балам-ау?
– "Қырық үйлiнi қырық пышақ қылдың" дедiңiз ғой! Ол би атамның iсi ме, жоқ басқаның iсi ме едi?
– Абайжан-ай, қайдағыны айтқыздың-ау! Айыпты Өскен-екеңнiң өзi емес. Тағы сенiң өз әкең едi. Ендi сен маған осыны айтқызып-айтқызып, ертең әкеңмен екеумiздi тағы араз қыласың-ау, сығыр!- деп, Сүйiндiк күлiп қойды.
– Жоқ, Сүйiндiк аға, бiлейiк деп сұрадым. Сiздiң үстiңiзден шағым жиям деп сұрамаймын ғой!
– Рас айтасың, балам! Ендеше "қырық үйлi" деген анау Көкен тауының бауырындағы Уақ болады. Сол ел iшiнара араздыққа басып жүргенде Құнекең араласып, Қонай деген батырды сүйейдi. Егес күшейiп келген кезде, Қонайға ақыл салып, жау жағын шапқызып жiбередi. Қапыда қалған ел қарсыласа алмай, көл жағасындағы қалың қамысқа қашып кiредi екен. Құнекең қамысты өртетiп жiбередi. Сонда өрттен қорқып, қашып шыққан елдi қуғызып жүрiп сабатып, Қонайға жеңгiзiп берген едi. Осыны айтып ем!- деп, әңгiмесiн бiтiрдi. Абай осыдан соң өзге әңгiме сұраған жоқ. Аздан кейiн ет пiсiп, жұрт асқа отырды. Абай мен Қарабасты үй iшi бөгде қонаққа санаған жоқ. Сол себептi күндегi дағды бойынша дастарқан айналасына Сүйiндiктiң барлық балалары да, бәйбiшесi де отырған-ды. Әкесiнiң төменгi жағынан шешесiмен екi ортадан отырған Тоғжан Абайға қазiр бұрынғыдан да жақындай түстi. Абай бағанадан берi Тоғжанға бет алдынан қараса, қазiр көбiнесе қырынан көрiп отыр.
Орташа келген қырлы мұрыны ендi анық көрiндi. Қырынан қарағанда бiртүрлi сүйкiмдi екен. Жұмсақ жұмыр иегiнiң астында жұқа ғана бiр толқындай боп, нәзiк бұғағы бiлiнедi. Жылтырап таралған шашы қап-қара қалың өрiммен, ерекше аппақ, нәзiк мойнына қарай құлап түсiптi. Үлкен де, кiшi де емес, әшекей сырғасы дiрiл қағып, дамыл алмай сiлкiне түсiп тұр.
Әлденеден, белгiсiз себептен Тоғжан пiшiнi қызара түсiп, қайта сұрланады. Толқып қайтып тұрған ұяңдық па, басқа ма? Әйтеуiр өзiнше, өзгеше тыныс алып, лүпiл қағып тұрған бiр сезiм бар.
Қонақасыға әрқашан аса мырза аталған Сүйiндiк үйi бүгiн де еттi келiстiрiп асқан екен. Қарабастың өткiр сары пышағы қыстан қалған семiз жаяны да, алтындай сары уiлдiрiктi де лып-лып сызып, жапырақтап жатыр. Жалғыз сүр емес, сары ала қып асқан екен. Қыс бойы бордаққа байлаған, жаңада сойылған қойдың жас сүбелерi де бар екен. Бапты қып жемек болған семiз қойды жай сойғызбай, үйiткiзiп алыпты. Жас ет, үйiткен қойдың етi болғанда, мына табаққа тағы да өзгеше дәм бiтiрiп, нәр бердi.
Бiрақ ас осындай бапты боп, үй iшi тегiс ерекше көңiлденiп жеуге кiрiссе де, Абай жөндi жемедi.
Тоғжан да бiлезiкке толы аппақ жұмыр бiлегiн табаққа қарай сирек созады. Сүйiндiк пен Асылбек Абайды қайта-қайта:
– Же, шырағым.
– Жесеңшi, Абай! Алмадың ғой!- деп, әлденеше қозғап көрiп едi, Абай жей алған жоқ.
Ет артынан Сүйiндiктiң көптен сауғызып отырған қысырларының сары қымызы да келдi. Оны да жақсы әңгiмелесiп, ұзақ отырып iшiстi.
Бұл кештiң соңғы кезiнде Абай алғашқыдай емес, тартынып қалғандай, баяу едi.
Үй иелерi: "жас қонақтың ұйқысы келдi" деп, соған жорыған. Ақыры, төсек салынатын боп барлық еркектер тысқа шықты. Абай көңiлi бұл кеште өзгеше бiр күштi сезiмнiң әсерiне толы.
Бұрын "ғашық жар" көп оқыған хикаяларда, көп-көп естiлген ауызша әңгiмелерде болса, бүгiн Абайға ең алғаш рет кiтап емес, әңгiме емес, өзiнiң анық, аппақ мүсiнiмен, күлкiсi, қозғалысы, тынысымен: "сол мен едiм ", "мен мұндамын" деп келгендей.
Сүйiндiк әңгiмелерiнiң артынан, әуел кезде көңiлiндегi тұнып жүрген бiр ауыр сезiм ренжiткендей, бiрер төңкерiлiп түстi де, қайта шөгiп қалды.
Ол емес, тысқа шығып өз-өзiмен қалғанда, жұлдызды аспанға аса бiр рақат қуанышпен қарап тұрып, кең тыныс алды.
Орталап қалған ай батысқа таман сызылып барады. Биiк те алысқа тартып брады. Жүректi де ренiштен, лайдан құтқарып, сондайлық биiкке, қазiргi бұлтсыз аспандай алысқа, тазалық рақатқа шақырып, жыраққа мегзейдi.
Түйеөркештен Шыңғыстың жақын биiктерi жартылап қана көрiнедi екен. Қарақошқыл таулар ай астында көкшiл мұнараға оранып, жым-жырт қалғып тұр. Тау жақтан ақырын ғана жел желпiнедi.
Қалың қой қыбыр етпей тыныштық алып, үнсiз ғана тына алады. Асылбек, Әдiлбектер жатуға кеттi. Көгал сайда отырған бес-алты үйлi ақ ауылдың түңлiгi тегiс жабық. Ай астында ақ үйлер де мызғып, қалғып тұр.
Сүйiндiк пен Қарабас аттардың маңында жүр. Абай мынадай көктем түнiнен соншалық бiр тазалық сезiп, таң лебiн танығандай. Бұның жүрегi әдейi арнаған таң лебiн ерекше ұғынып сезiнгендей.
"Махаббат па? Осы ма? Осы болса, мынау дүние мынау маужыраған тынысты нәзiк түн... Бесiгi ғой. Сол сұлу саздың құлақ күйi ғой ".
Сүттей жарық, айлы түн. Таң әлi жоқ. Бiрақ жоқ екенiн бiлсе де, Абай әлдеқандай өзгеше "таңды" сезедi. Күйiк те, үмiт те, қуаныш та, азап та бар, – жүрек таңы. Кеуде толған өзгеше ыстық, өзгеше жұмбақ, мол сезiм. Соның шалқи түсiп шарықтауы көп. Лыпыл қаққан қанаттай тоқтаусыз құбылып, тыныштық ала алмай лепiредi.
"Ненi айтады? Не деп түсiнедi? Не сипатты бұл сезiм? Не боп барам? Тағат, сабырым қайда? Бойына тоңазығандай бiр дiрiл пайда болды. Себепсiз дiрiлдейдi. Жүрегi де тулап кеп, өз-өзiнен қысылып, шаншып кеткендей.
"Таң... Жүрек таңы. Сол таңым сенсiң бе? Жарығымбысың, кiмсiң?"
Көз алдында Тоғжанның аппақ жұмыр бiлегi, жас баланың етiндей, ақ торғындай мойыны! Таң осы да... Өзi ғой!
...Ақ етiң аппақ екен атқан таңдай!
Шынымен бар жанымен құлай табынған сұлуға қарап, бар сезiммен үнсiз жырлап тұрған тәрiздi. Тоғжанға арналған, ең алғашқы "ғашығым" деген жарына арналған жан жарының тұңғыш жолы осы едi.
Ойша екi-үш ауыз махаббат сәлем айтып шықты. Бiртүрлi оңай, рахат боп, өз-өзiнен құйылып тұрған тәрiздi. Бiрақ сол кезде Қарабас үйiне қарай шақырды. Екеуi тыста жалғыз қапты. Абай үйге таман келе жатып, жаңағы өлеңiн қайта есiне түсiрейiн деп едi, "ақ етiң аппақ екен атқан таңдай!" дегеннен басқасы есiне әзiр қайта түспедi.
Қарабас пен Абай үйге кiргенде Сүйiндiк пен бәйбiшесi биiк төсекке жатып қалған екен. Сарғыш шегiрен шымылдық үлкендердiң жататын орнын қоршап тұр. Кең үйдiң төрiне екi қонаққа арналып төсек салынып жатыр. Одан басқа өзге жататын жай сезiлмейдi.
Тоғжанның өз үйi басқа ғой. Ол Сүйiндiктiң кiшi әйелi Қантжанның қызы екен. Жаңа үйге кiрерде Қарабас айтқан. Тоғжан, әрине, өз үйiне кеткен болу керек. Үйге кiрген жерде Абайдың ойлағаны осы. Үйткенi төсек салып жүрген – бағанағы шай құйған сары келiншек.
Абай төрге қарай қозғала берiп едi. Бiр уақытта шегiрен шымылдық толқып барып қозғалды да, есiк жақтағы шетiнен шолпы сылдыры естiлiп, Тоғжанның әсем бойы көрiндi. Қолына бiр торғын көрпенi алып, берi шығып келедi екен. Асықпай, тiптi ақырын қозғалады. Шолпысының ендiгi сылдырынан өзi қысылған тәрiздi.
Келiншек Абай жататын төсектi баптап салып болып қап едi. Тоғжан қолындағы торғын көрпенi кеудесiне көтерiп, бауырына қысыңқырап тұрып, келiншекке әдеппен ғана бұйрық етiп:
– Аяғын, аяқ жағын биiктесеңшi!– дедi.
Абайға бұ да дәл өзiне ғана арналған, өзгеше ықылас сияқты көрiндi. Бiрдеме айтар едi... Айтқысы кеп едi. Бiрақ, жүрегi лүпiлдеп, аузына тығылғандай боп, түк сөз таба алмады. Құр ғана қызарып қысылды да, сырт киiмiн шеше бердi.
Тоғжан ақырын, сыпайы ғана кеп, Абайдың төсегiне торғын көрпенi жазыңқырап қойды да, есiкке қарай қозғалды.
Үнсiз бейiл белгiсiндей үлкен iлтипат жасады. Бiрақ бары сол ғана. "Шын-ақ бары сол ма? "Әлде, тiптi, бар қонаққа iстейтiн дағдылы сыйлық сияқты ма? Сол ғой! Үлкен үйдiң есiгiне жеткенше Тоғжан ақырын басып, келiншектi ертiп кетiп барады. Қайта бұрылмайды. Дәл шығар жерде ғана, өзiнен бұрын есiк ашқан келiншектi iлгерi шығарып жiберiп, өзi бiр түрлi сұлу қозғалыспен сырт айнала берiп, төрге таман ақырғы рет бетiн берiп, үй iшiнен сыртымен шықты.
Тоғжан есiкке қарай қозғалғанда, Абай қадалып, телмiре қарап қалып, бешпентiн екi иығынан шеше берiп едi. Бiрақ Тоғжан бiр қарамағанға қайран боп, кеткенiн қимағандай қалт тұрып қапты.
Ендi Тоғжан есiктен шығар жерде бiр сәтке көз қиығын тастағанда Абайдың тапжылмай сiлейiп тұрып қалғанын көрдi. Бешпентi екi иығынан түсiңкiрептi де, аппақ көйлегi ашылып тұр. Екi қолы бiр нәрсеге таңғалғандай жазылып, ыңғайсыз түрде асылып қапты.

3

Өрде

Құдасынын аулына Ұлжан отыз шақты кісімен келген. Алшынбай бұлар келер қарсаңға мол сулы, кең бір жазыққа кеп қонған екен. Қазыбектің өзінен тараған ауылдар, көрші туысқандары бар, барлығы қырық шамалы ауыл осы жерге сіресе қоныпты.
Қонақ келетін болғандықтан, бұл өлке биелерін де жылдағыдан ерте байлапты.
Дағды бойынша Ұлжан бастаған үлкендер құданың аулына күйеулерден бір түстік бұрын келіп түсті. Ұлжан қасына әйелден Қалиқаны, күтуші келіншек Қатшаны алған еді. Еркектердің үлкені - қазіргі бас кұда - Ызғұтты. Содан басқа, әлденеше ақсақал, әнші жігіттер, атшылар бар. Абайдың қасындағы жас жігіттер саны он екі. Мұның көпшілігі Ырғызбайдың жастары және күлдіргі Мырзахан, атшабар Жұмағұл. Жақын туысқаннан Тәкежан бар. Осы топқа Абай өзі шақырып Ерболды қосып алған. Жеті-сегіз күндік жол бойында Абай мен Ербол үнемі жұбы жазылмай, бірге болған.
Ұлжан Алшынбайдікіне көп қазына әкелді. Келген жылқы, түйеден басқа, жыртыстың бұл-матасының өзі екі үлкен атанға артылып келіп еді. Оның ішінде келінге жасау тігілетін батсайы, мақбал, манат, дүрия, шағи бөлек салынған. Бірер сандық осы қымбаттарға толы болса, өзге теңдері құда- құдағилар сыбағасы. Шапан, кемзал, көйлек, шаршы. Және толып жатқан ырымдар бойынша төленетін сый-сипат. Қалыңмал басы Алшынбайдың өзіне арналған кесек күміс бесік жамбы. Бұл ілу деп аталып еді.
Екі жаққа да мәлім ілу китке орай.
Осыдан он жыл бұрын Алшынбай аулына Құнанбай кеп кұда түсіп, Ділдәні Абайға айттырған уақытта, бас құда Құнанбайға кит деп, Алшынбай аулы күміс тартқан. Ол күмістің аты - тайтұяқ, мына бесік жамбыдан кіші еді. Тегінде есептесіп келсе, әдет бойынша, ілу мен кит құн жағынан қаралас болатын. Бірақ Құнанбай оны есептемей, Алшынбайға өз бергенінің дәл өзін жібермепті. Құда, құдағи келген күні түнде-ақ барлық кең жазық сый құдалардың қандайлық, мырзалықпен келгенін біліп қалған. Сол түннің өзінде Алшынбайдың барды аямай, мырзалыққа мырзалық орай етіп көсілетіні мәлім болған. Құдағи мен күйеулерге арналып, үш үлкен аппақ үйлер оңашарақ тігілген екен.
Сол үйлердің қонақасысы: қысырдың семіз тайынан, құнан қой, ту қойлардан, үйіткен марқадан басталды. Алшынбай Ұлжан отырған үйдің есігін аштырып, тысқа семіз асау құла тайды көлденең ұстап тұрып, қонақтардан бата тілетті.

Абайлар Алшынбай аулының тұсына бір шақырымдай жер қалғанда, иіріле тоқтасты. Енді тобының ішінен Тәкежан, Мырзахан сияқты жасы үлкенірек жолдастар бөлініп, хабар айта кетті. Абай мен Ербол және үш жігіт аттарынан түсіп, қарсы алушы қыз-келіншектерді тосып қалды.
Осыдан осылай толып жатқан күйеу дәстүрі басталатынын мойынға алып, Абай Ерболға:
- Осы үйлену деген ата-анаға да, жастардың өзіне де қуаныш қой. Солай емес пе? Ал ендеше сол қызығына жеткенше, күйеу мен қалыңдықтың жолына ырым-жырым, әдет-дәстүр деп неше алуан құбыжықтар қоятыны несі? - деді. Ербол бұған күлді.
- Рас айтасың, құбыжық екені рас. Дәл осы қазір кім келеді? Қандай асау жеңгелер екен, не бұйырар екен деп, мен де үркектеп тұрмын!
Күйеу қасында қалған жігіттердің бірі Жұмағұл атшабар. Ол өзі әлдеқашан үйленген. Мұндай қиындықтың талайын көріп өткен. Абай мен Ербол жол көрген біреу керек деп, мұны ылғи басшы боп отыруға лайықтап, өз қастарында ұстайтын боп еді.
Жұмағұл ауыл жаққа қарай түсіп:
- Әлі тұра тұр, басыңда үкің жоқ деп қиғылық салады! Тымағыңды көзіңе кимесең, жақтан да ұрады. Екеуің бе? Ербол екеуің талай құқайды көресің. Не қыласың, тек ұсына бер!
Басқа үкі тағу - бар күйеудің әдеті. Ол ғана емес, қызыл манат шапан мен биік өкше етік киіп, елден ерекше ұзын төбе тымаққа үкі тағып алу, бұл өңірдің бар күйеуіне жол болатын.
Абайға ауылдан шығар жерде Зере, Айғыз сондай киімдерді әзірлетіп ұсынған-ды. Кәрі әже әшейінде Абайдың дегеніне көне берсе де, бұл тұста ырық бермей, қатты бұйрық еткен:
- Ата-бабаң жолы осы! Барған елің сені кінәламайды. «Әкесі күйеу, шешесі қалыңдық болмаған ба?» деп бізді мінейді. Ки! - деп, дәл аттанар жерде Абайға жаңағы күйеу киімінің бәрін кигізді.
Абай сол күні өзінің өзгеше қалпын бақсы-құшнаштай көрген. Өз ауылдарынан шығысымен, Ұлжанға кеп:
- Япырау, мен күйеу болсам, Бошанға күйеумін, Тобықтыға, Тарақтыға күйеу емес ем ғой. Жолдағы елдің бәріне мен күйеу деп, жынды кісіше шақыратыным не? Рұхсат етіңіз, барар жерде киейін, әзірше өз киіміммен барам! - деген.
Ұлжан мұны теріс көрсе де, көнген-ді. Сол Абай жаңағы бақсы мен салға ұқсататын күйеу киімін әлі кимеген. Үкілі тымақ, қызыл шапан қоржында. Жұмағұлдың жаңағы айтқаны сол. Арнаулы киімді кимегенге ол өзі ырза емес- ті.
Енді Абайдың сескенгенін әбден түсінген Жұмағұл тағы бір уақыт: - «Құрсаулы жаудан қорықпаған жүрегім, қайынға барғанда жеңгелерден қорықты» деп, Барақ айтқаны қайда? Қорқарын қорқарсын! Бірак, әйтеуір түбі қайыр. Менің білетінім сол-ақ, - деп, Абайларды күлдіріп алды. Ербол бұған бұрын айтқан тілегін қайта айтып:
- Әйтеуір қай жерде тәжім ету керек, қай уақытта тұру керек, қай уақытта тымақты көзден алып, кең отыруға болады, бәрін өзің айтып отыр! - деп өтініп тұр.
Абай Ерболдың енді басқаша міндетке ауысқанына қарап, ойланып қалды. Бүгін Абаймен бірге, күйеу өтетін тар есік, тас босағаның бәрін бұл да өткелі тұр. Соған бар ынтасымен кеткен. Тіпті Абай ойламаған жайдың бәрін де Абай үшін бұл ойлайды. Мұнысы да достығы. Абайға бар ынтамен берілгені. Бірақ мынау Ербол мен анадағы Ербол қайда? Бұл қазір екі кісі сияқтанып барады. Сонда қайсысы ыстық? Қайсысы қымбат?
Дәл осы кешке шейін Абайға таңдатса, анау Ербол, қызыл өгізге мініп, тасқын судан Абай үшін өтіп келген Ербол, аспанда тұрғандай жоғары. Осы жолға ере шыққан күні Ербол Абайға аса бір өзгеше сәлем әкелді. Тоғжан мұның Абай қайнына бірге баратынын естіп отырып:
- Ай батқандай қылды да, адастырып кетті ғой! Бірақ сонда да жолы болсын! Жақсы қызық көрсін, сәлем айт! - депті де, Ербол кете бергенде, орамалымен көзін басып, жылап қапты.
Осыны есіткелі Абай жол бойында бір сейіле алмады. Өзін бір бұйрық қуып, еріксіз әкеле жатқандай көретін. Осындай күйлерде күйеулер тосып тұрғанда, бір шақта, сам жақтан күлкі естілді. Әйелдер күлкісі. Келесі секундте көп шолпының шылдыры да жетті. Күйеу алдынан шыққан қыз-келіншек екен. Қалың топ. Ақ жаулықты келіншектер, үкілі кәмшат бөрікті қыздар көрінеді. Айнала жүгірген балалар да көп.
Абайлар топталып тұр. Жақындай бергенде, келіншектердің алдыңғы қатарында, орта тұсында келе жатқан біреулері:
- Абай қайсы?
- Күйеу қайсы бұл!
-Бәрінің киімі бірдейі несі! Күйеуше неге киінбеген? - десіп, жақындап кеп, амандаса бастады.
Абай жаңағы үндерді естігенде, сескеніп қысылып қалды. Енді біраз бойын жинап, күліп:
- Қайсымызды ұйғарасыз, сонымыз Абай болсын! - деді. Келіншектер күлді де, Абайдың дәл өзін таныды. Бірақ тани сала, бір келіншек:
- Қой, шырағым! Тобықты тымағын аулыңда киерсің. Біздің аулымызда күйеу тымағымен жүр! - деп бұйрық берді.
Осы жайды күлкі етіп, қалжыңдай бастаған келіншек, күйеу киімін іздеп, сұрау салды. Жұмағұл шыдамады. Атының қанжығасынан қоржынын шешіп алып:
- Бәсе, ки десем бір көнбейді. Ал, міне, үйретіп алыңдар! Бар киімі мына менің қанжығамда, - деп, келіншектерге берді.
Осы кезде келіншектерге еріп келген балалар күйеу жігіттердің аттарына екіден, үштен мінгесіп ап, шаба-шаба жөнелісті. Абайдың мінгені, ақжал, сары жорға ат. «Күйеу атымен күл тасы» дейтін әдет бойынша, енді ақжал аттың көзі ашылмайтын мәлім.
- Өзі жорға ғой!
- Ойбай, рақат екен! - деп, мінгесіп алған үш бала соқтырып, тайпалта жөнелген. Алшынбай аулына күйеулер мен барлық қыз-келіншек жаяулап келді.

Тайғақта

Таң алдында бiр ғана сағат мызғығаны болмаса, Абай бұл түндi ұйқысыз өткiздi. Бiрақ әлi талған жоқ. Әлi де кiтап бетiне үңiлуде. Әр алуан тiлдерде туған бұл кiтаптар бүгiн осы жерге оқыс келiп, қызық бас қосқан. Абай жақсы ұғынатын – шағатай, түркi кiтаптарымен қатар, тiлiн Абай қиналып түсiнетiн араб, парсы және олардан көрi де әлi ауырырақ тиетiн орыс тiлiндегi кiтаптар.
Абайдың жайшылықтағы оқуынан бүгiнгi оқуының мақсаты да басқа. Кiтаптан алатын бiлiм нұсқаның бүгiн тiршiлiктiң қолма-қол керегi үшiн асығыс қажет болған бiр шағы едi. Абай соңғы күндерде, әсiресе осы соңғы түнде, өзiне бұрын дағдылы болмаған бiр халде. Ол бiр ескi "ғалымдар" ма, "рауаилар" ма, солардай бiр күйде отыр. Осы жайына өзi таңырқай түсiп, қызығып та қарайды.
Парсы, түркi кiтаптары бұны бiресе Шираздың гүлзарына әкетедi. Самарқанның мазар ғымараттарына қадалтады. Мәру, Мешhедтiң миуалы, бұлбұлды бақтарына, салқын, самал хауыздарына үңiлтедi. Ұлы ақындар мекен еткен Ғырат, Ғазна, Бағдаттың сарайларына, медреселерiне, кiтапханаларына тартады. Осылардан бiр ауық орысша кiтапқа түскенде Орта-азия, Иран Араб жер-суы, шөл-құмы, қала-сауда тiрлiгiн айқын тани түскендей болады. Абайды бүгiн өзiне үңiлдiрген – жаңағы елдер мен уәлаяттардың дәл бүгiнгi көрiнiсi.
Оқи отырып, кей жайларды анық айқын етiп хатқа жазып келедi. Керуен көшетiн сауда жолдары, үлкен базарлар, атақты қалалар, су жолдары – барлығы да бүгiн айрықша керек болған.
Бұл кiтаптардан алған хабардың бәрi қазiр аттанатын жолаушы үшiн керек. Абай оқи отырып, кей кездерде, бала шақтан көп естiген сонау алыс мұнар iшiндегi шаhар, уәлаяттарға беттеп, "осы сапарға өзiм жүрер ме едiм" деп, қызығып та қояды. Көрмек, бiлмекке қызығады.
Ашық терезеден оқыс соққан салқын жел келдi. Үлкен, жеңiл ақ перденi жел үйiрдi. Шалқыта толқытып кеп, жақын тұрған биiк үстелдiң үстiндегi кiтаптарға төндiрдi. Перде бiресе ойнаған баладай боп, Абай оқып отырған кiтап бетiн жасыра бүркеп қалады, бiресе желпи қағып, кiтаптың, жазуларын сыпырып ұшыруға тырысқандай болады.
Абай жаңа байқады, артындағы үлкен есiк кең ашылып, ар жағында келе жатқан бiр сый адамды күткендей екен. Таң атқалы бұл бөлменiң есiгi ашылып, кiсi кiргенi осы едi. Абай бұрылып қарай бере, келе жатқандардың кiм екенiн бiлдi. Жай басып, ауыр тыныс алып, демiгiп келе жатқан өзiнiң шешесi. Бұл күнде денесi ауырлап, жүрiс қозғалысы үлкен қиындыққа айналған Ұлжан есiктен кеп көрiнгенде, оның екi жағынан екi әйел қолтықтап, сүйеп келедi екен. Абай орнынан шапшаң тұрып шешесiне көрпе салды. Түсi Абайға ұқсаған, сәнмен киiнген ақсұр сұлу келiншек жастықтар әкеп қойды. Барлық тұлғасы Құнанбай тектес бұл жас әйел – осы үйдiң келiнi, Абайдың апасы – Мәкiш. Екiншi әйел – Ұлжанның ауылдан ере жүрген жолдасы – Қалиқа. Ол бәйбiшенiң алдына жалтыраған жез шылапшын мен қашқардың әсем, сопақ құманын әкеп, су құйды. Мәкiш кең бөлменiң ортасындағы топсалы үстелдi қайырып жазды да, ашық есiкке қарай дыбыс берiп:
– Ал, әкел жасай бер! – дедi.
Үйге Мәкiштiң өзi құрбылас ақ қызыл жүздi, сұңғақ бойлы келiншек кiрдi. Оқа жақ салған, қара мақпал кемзалы бар, самай шашы майланып, жылтырай таралған, келiстi келiншек дастарқан жайып, қонақтарға арналған таңертеңгi асты жасауға кiрiстi.
Шешесi жуынғаннан кейiн кезек алып, бешпетiн тастап, бетi-қолын жуына бастаған Абай ұйқысыз түнде басының азырақ ауырлап, зеңiп қалғанын ендi сезiп едi. Мәкiш бұны қонақ тұтып сыйлап, қолына су құйып тұрғанда:
– Мәкiш, суың жайлы тиiп барады, сергiп алайын. Басыма да құйып жiбер! – деп, бас-мойнын түгел жуып алды.
Сүртiнiп демiгiн жаңа ғана басқан Ұлжан Абай отырған биiк үстелге көз салып, баласының жайын түсiндi де:
– Абайжан, осы сен түн бойы ұйықтамағанбысың? – деп баласының бетiне қарады. Абайдың өңi ақшыл тартып сұрланып, екi көзi қызарып тұр едi.
– Жоқ, түн ортасында көз шырымын алдым ғой! – дедi.
– Соншалық сарылғанда кiсiнiң ойы шатаспай ма? Қойға қасқыр шапқанын неғып байқамай қалдың, ұйықтадың-ау, дегенiмде бiздiң Қодыға айтып едi:" ұйықтағам жоқ, бiрақ таң алдында көзiме, тiптi, түйенiң өркешi төртеу болып көрiнiп отырған шақ едi. Дәл қасымнан өтiп, сүмеңдеп кетiп бара жатқан қасқырды ит екен деп қораға жiберiп алдым" дейтiн. Сол айтқандай түйенiң өркешi төртеу болған шақта, мең-зең болған басқа бiлiм қона қоя ма екен, балам-ау? – дедi.
Шешесiнiң қалжыңына Абай да, Мәкiш те күлдi. Абай:
– Қодығанiкi рас, апа. Бiрақ уақыт тығыз. Бүгiн жүргiншiлер аттанады ғой! – дедi.
Ұлжан "кiтаптан жүргiншiлердiң қай жолмен жүретiнiн анық бiлуге бола ма екен?" деп сұрастырып едi. Абай "айқын қара жолдай болмаса да, сол атаған жерге жеткiзетiн көш соқпағын" аңғарғанын айтты. Және осы күндерде кiтап жүзiнен аса жақсы қанып, танысып алған бiр жай туралы шешесiне:
– Ал, анау үлкен жерiңiз туралы, бармасам да барғанға жуық қанық болдым.! – дедi. Бұл бiр жаңа тапқан олжасы тәрiздi.
Ұлжан жолдың ұзақ болатынын әбден бiлетiн. Ендi шай үстiнде Абайдан осы жолдың бейнетi, қауiп-қатерi, ауыртпалығы қандай екенiн сұрастырды. Үйде бөтен кiсi жоқ. Абай өзi бiлген шындықты шешесiнен жасыруды еш уақытта қажет, мүмкiн деп бiлмейтiн. Мәкiш те Абайдан осы жөннен жауап естiмекке ынтық сияқты. Ол шешесiнiң сұрауымен қатар:
– Бәсе, соны айтшы, қалқам Абай! – деп қабағын түйiп, қызара түсiп, өз көңiлiнiң ауыр бiр уайымын сездiрдi.
Абай апасының түсiне қарап аз бөгелiп, ойланап қалды. Оның iшiн түсiнедi. Қалада үлкен үйдiң ерке келiнi болғанмен Мәкiш туған жұрағатын, ауыл-аймағын ойлағанда өзгеше бiр қимас ыстық жүрекпен, соншалық тiлеулестiкпен тебiренедi. Бұның дәл бұл халдегi көңiл күйiн жете ұғыну үшiн, жастай жат елге ұзатылған қыз болып, дүниеге соның көзiмен қарау керек. Ол бiр мұңы да, назы да көп, күрсiн арманы да көп, нәзiк сыр.
Уақыт қана емдейтiн, ұзап барып айығатын, әзiрше үзiлмес шер.
Абай Мәкiш күйiн танып, шешесiне айтпақ болған ашық ойларын бұның көзiнше айтпай-ақ қояйын деп едi, Мәкiш ол еркiне қойған жоқ:
– Қазақ баласы емес, тiптi осы жақтан бiрде-бiр жан бармаған жол дейдi. Қайта оралып, аман-есен келе ме, жоқ па? – дедi.
Iркер жайды Мәкiш өзi айтып отыр. Абай бiрер шыны шай iштi де, тоқтап қалды. Астыңғы үйдегi бапты аспазшы пiсiрген ыстық самсаны да жеген жоқ. Түн бойы кiтаптан жазып шыққан қағазын қайта алып, соған қарап отырып, шешесi мен Мәкiштiң сұраған сөзiне ендi жауап айтты. Мәкiшке қарап отырып айтты.
– Мәкiш, әкең оңай сапарға бара жатқан жоқ. Бiрақ тәуекелдi, үмiттi серiк ет! – дедi.
Апасының қатты қиналғанын көрiп, Абай үндемей, тоқтап қалды.
Ұлжан Мәкiшке:
– Әкең балам жасық екен деп аттанбасын! – дедi. Абай үндемей тұра берiп едi, есiк ашылды да, Тәкежан мен Ғабитхан есiкке жiтi басып келе берiп, Құнанбайдың келе жатқанын бiлдiрдi. Ұлжаннан басқа жанның бәрi де орындарынан тұрып, көрпенi, жастықты үлкен үстел айналасына баптап салып, әзiрленiп қалды.
Құнанбай мен Ызғұтты алда келедi екен. Артынан шұбырып, қоршап келе жатқан кiсi көп. Бiрақ, қалың жұрт алдыңғы бөлмеде қалды. Ол да жасаулы, үлкен бөлме едi. Онда да ас әзiрленiп жатқан. Мынау үйге Құнанбаймен iлесе, осы үйдiң иесi Тiнiбек кiрдi. Құнанбайдың көп уақыттан бергi сыйлас құдасы да, досы да өзi. Қала байы, сыпайы, таза киiнген. Отырыста да жайылып отырмайды. Ұлжанға ерсi көрiнген бiр әдетпен бала шәкiртше жүгiнiп отырды. Жоғары шық дегенге шықпай, Мәкiштiң ғана жоғарғы жағынан кеп жайғасқан. Онда да Құнанбайдың шынысын өзi әперiп, қызмет қып отыру үшiн әдейi осы араны алған екен. Имам, хазреттердi күтiп алатын, өздерiнше дағдылы, тәрбиелi отырыс, кiшiлiк отырысы. Ишан пiрдiң алдындағы мүриттер бейнесiндей.
Құнанбай Ұлжан жанына отырды да, Мәкiш пен Абайдың жүздерiне қарады. Үй iшiнiң қабағын әрқашан сергек, танығыш көзбен болжай қарайтын әдетi едi. Бұл жолы балаларын әсiресе барлағандай. Құнанбайдың өз түсi бұл кезде кәрiлiктiң алғашқы ызғарына анық iлiнгендей. Кешеңдеп кеп ағара бастаған сақал-шашы, жетпiске iлiнiп болғанша, бурыл ғана боп келiп едi. Қазiр ағы деңдептi. Бет, маңдайында ажымы тереңдеген. Бiрақ бойы әлi сұңғақ, әлi етiнен арылған жоқ. Жүрiсте, отырыста Құнанбай әлi тiп-тiк.
Қазiргi бет ажарында қобалжу да жоқ. Өз ойын өзi қинап, алаң еткен кiсi емес. Мәкiштiң екi көзi қызарып, өңi қуқыл тартқанын көрдi де, жылағанын бiлдi. Алдыңғы бөлмеден жаңа кiрiп, бiрiндеп келiп үстел жанына отырып жатқан жақындар iшiнде Тәкежан, Оспан, Жақып, Майбасар, Ғабитхан бар едi.
Бұл жолға Құнанбай бiр жыл бұрын бекiнген болатын. Бекiнумен бiрге былтырғы көктемнен берi қарай, жаз бойы, күз, соғым кездерi босын, бәрiнде қайта-қайта мал сатқызып, ақша жиып әзiрленiп келген.
Сүйтiп, пұл – уайым емес. Қиын сапар уайым болса, ол – кәрiлiктiң тақаулығы, қайрат қайтқандығы. Соны әсiресе көп ойлап, Құнанбай осы жолға өзi баратын ниеттi Ызғұттыға да ниет етiп, оны қасына жолдас еткен. Ол көптен бергi сенiмдi серiгi болатын. Жол киiмiн осы қалада Мәкiшке су жаңа қып тiккiзiп киiнген Ызғұтты, қазiр де Құнанбайдың дәл өз қасында отырғаны сол. Жасы қырықты жартылап асып бара жатқан Ызғұтты әлi күнге жиырма бестегi жiгiт күйiндей ширақ, қайратты, сергек болатын.
Тыстан келген соң Құнанбай аз уақыт үндемей отырып, шай iшiп, ыстық самса жеп, тоңазыған ет жеп тойып алды.
Дастарқан басына отырмаса да, бұл үйге кiрiп Құнанбайдың жүрер алдында қасында отырып қалғысы келген жақындар бiртiндеп кiре түсi, көбейiп келе жатыр. Жүрер шақта үй-iшi, бала-шағаға оңашарақ айтпақ бiр сөзiн Құнанбай осы бөлмеде, осы үстел басында айтармын деп едi. Ендi аз бөгелсе, жұрт тағы кернеп кететiн сияқты.
Мәкiшке тағы бiр рет көз тастап, ойлана түстi де Құнанбай үн қатты:
– Ей, менiң балаларым, дос-жарым, iнi-туғаным! – деп, ойлы, салқын көзбен айнала жұртты шолып өттi. Үй-iшi жым-жырт, шай да құйылмай тоқтап қалған едi. Құнанбай кеудесiн көтерiңкiреп, қарсы алдына жалғыз көзiн салмақпен қадай отырып, сөйлеп кеттi: – Сендер менi осы сапарға қимайтын сияқтанасыңдар. "Қартайған шағында қайда шырқап барады, қайта оралып көрмеймiз-ау, кеткенi-ау" деп, есiркеп қарайсыңдар! Осыларың мынау жолға менi қимау емес, маған осы жолды қимау болады. От басында немереге, ас басында келiнге, мал басында малшыға "әй, өй" деп отырып өлетiн бай-бай шал боп өтсем, не мұратқа жетер ем!? Бұл сапар менiң ендiгi қалған тiрлiгiмнiң мұраты. Бәрiңе айтар бiр өтiнiшiм, осы жолда ақ бұйрықты ажал сағатым жетiп, қаза тапқаным естiлер болса, сол шақта да бiрде-бiрiң менi аяп, мүсiркеп: "әттең өкiнiп өлдi-ау, арманда кеттi-ау" деп еске алма. Оларың маған достық емес. Сендер ұзақ жасар жастықты мен де армансыз жалын құшып, жасап өткем. Әлi сендер алда татар балды да, зәрдi де татып өткем. Аз ба, көп пе, бұйрықты күндердi туыс боп, бауырлас боп, бiрге кештiк. Сол маған қанағат. Үбiрлi-шүбiрлi боп, тiршiлiк кешiп жүргенмен, әрқайсымыздың өлiм қазамыз өз бетiмен, оқшау келедi. Тобыңнан, шоғырыңнан айыра келедi. Ол келген соң, қай жерде келгенiнде, қай сәтте келгенiнде не таңдау бар? Қуыс шатты ең соңғы мекенi еткен кәрi арқардың келте соқпағындай.аз тiрлiгiм қалды. Менiң ендiгi қысқа жолыма сендер де ендi кешiрiм етiңдер. Жыламастан-сықтамастан аттандырыңдар! Айтпағым осы. Ал ендi, бiздi аттандырудың қамына кiрiсiңдер! – дедi.
Ызғұттыға қарап, қамыңа кiрiс дегендей белгi еттi. Ол орнынан тұра бергенде Тәкежан, Ғабитхан, Оспан сияқты жастың бәрi iлесе тұрды. Абай да әке қасынан тұруға ыңғайланып едi, Құнанбай бұны тiзесiнен алақанымен ақырын басты да:
– Жә, тапқаның мен танығаныңды сен мәлiм етшi, балам! – дедi.
Абай қалтасынан сиямен жазылған бiрталай мол қағазды шығарып, Ызғұттыға көз салып:
– Менiң тапқаным бәрi осы қағазда. Ызғұтты аға, осыны жаныңда сақтағайсың! – дедi.
Абай Ызғұттыға осы қағазын берiп жатқанда, Құнанбай жолдағы үлкен шаhарлардың атын тағы бiр рет қайта сұрады. Абай қазақ даласындағы құм, шөлдi Қарқаралыдан қосылатын Өндiрбай қалпенiң өзi бiледi деп, жолдың бер жағын сөз қылған жоқ. Тәшкенге шейiн қазақ iшiмен барысады. Одан арғы қалалардан анықтап атап, көп қайырып айтып бергенi – Самарқан, Мәру, Мешhед, Асфаhан, Абадан едi. Осыдан ары жол не Арабстанның сахарасымен өтпек. Болмаса тiптi жайлысы, кемемен айналып жүрiп отырып, Мекенiң өз тұсынан апарып түсiрмек. Қысқасы, бұл жерден ең төтесiн атағанда, көп кiтаптан Абай байлаған жол сорабы осы едi. Әкесiне күнбе-күн оқып бiлген дерегiн бүгiн ғана емес, бұдан бұрын да айтқан-ды. Жолдағы елдердiң өзге тiрлiктерiн, географиялық жағдайларын, кәсiп, шаруа салттарын көп-көп әңгiмелеген болатын.

Мазмұны