ӘДЕБИЕТ ТЕОРИЯСЫ

Аллегория мен кейіптеу

Әдеби шығармаларда жансыз табиғат құбылысы тірі кісінің қылығымен ауыстырыла суреттелетіні көптеп кездеседі. Құбылтудың мұндай түрі кейіптеу деп аталады.
Кейіптеу – ауыз әдебиетінде жиі кездесетін тәсіл. Мысалдарда құбылту көбінесе аллегория түрінде кездеседі. Астарлы, тұспалдау арқылы суреттеу аллегория немесе пернелеу деп аталады. Мұнда дерексіз нәрселер деректі нәрсеге ауыстырылады. Мәселен, мысал жанрында әрбір кейіпкер белгілі бір қасиеттің немесе бейненің иесі ретінде алынады: есек — топас, қасқыр – жауыз, қой – момын, түлкі айлакер бейнесін көрсетеді.

Аударма шығармалар

Аударма бір тілде жазылған мәтінді екінші тілде дәл, түсінікті етіп жеткізу. Аударманың дәлме-дәл аударма, еркін аударма, сәйкес аударма, балама аударма сияқты түрлері бар. Аударудың бірнеше тәсілі бар. Соның біреуі – калька. Бұл әдіс кейде сөзбе-сөз аудару арқылы тәржіменің оқылуын қиындатады. Аударманың тағы бір түрі – нобайлап аудару. Еркін аударма аталатын бұл аударма түрі бөтен тілдегі мәтіннің мағынасын ғана беруді көздейді. Ең тиімді аударма түрі – аударманың балама түрі. Мәтін авторының ой өрбіту, сөз сөйлеу мәнерін сақтау.

Әдеби ағымдар

Әрбір әдеби шығарма оқырманға оны жазған автордың шығармашылық ерекшелігін танытады. Оны шығарма тілінен де, тақырып пен идеядан да байқауға болады. Әдеби ағымды да дәл осы тұрғыдан пайымдау керек. Әдеби ағым көбінесе көркемдік әдіс, стиль орнында қолданылады. Әдеби ағым - ұқсас сырлар мен ұқсас ерекшеліктердің бір емес, бірнеше жазушының шығармашылығында кездесіп, көркемдік бірлік құрауы. Әлем әдебиетінде әрбір әдеби ағымның пайда болуын, дамуын әдебиет тарихы қарастырады. Әдебиетте классицизм, сентиментализм, натурализм, футуризм, модернизм т.б. әдеби ағымдар бар.

Әңгіме

Әңгіме - оқиғаны баяндап айтуға негізделген, қара сөзбен жазылған шағын көркем шығарма. Әңгімеде әдетте бас-аяғы жинақы, тиянақты аса маңызды деген қысқа оқиға суреттеледі. Әңгіме кейіпкерлері көп болмайды. Сюжет желісі бір арналы ширақ келіп, тақырыбы мен идеясы айқын болады. Ол аз сурет арқылы көп жайды аңғартады, жазушыдан көркемдік шеберлікті талап етеді. Мұнда бір айтылған жайларға қайта оралуға, баяндауға, ұзақ суреттеуге орын жоқ. Онда адам, оның өмірі мен тағдыры т.б. жайттар нақты беріледі. Қазақ әдебиетінде балаларға арнап тұңғыш әңгімелер жазған – Ыбырай Алтынсарин.

Баяндау, суреттеу, диалог, монолог

Жазушы өз туындысына негіз болған оқиғаны, жағдайды жай ғана хабарлай салмай, көркем түрде әсерлі жеткізу үшін әртүрлі әдеби әдістерді пайдаланады. Олардың қатарына баяндау, суреттеу, диалог, монолог сияқты әдістер де жатады.
Баяндау дегеніміз – көркем шығарманың оқиғасын желілі түрде әдеби тілмен көркемдегіш құралдар арқылы әңгімелеп жеткізу. Баяндау автордың атынан немесе шығарманың негізгі кейіпкерінің атынан да баяндала береді.
Суреттеу - шығарма оқиғасын баяндау барысында оқиға болған жермен, кейіпкерлермен, оған қатысты нәрселермен таныстыру барысында қолданылатын көркем әдеби әдістің бір түрі. Суреттеудің пейзаж, портрет, мінездеме деп аталатын түрлері бар.
Диалог - әдеби шығармаларда екі кейіпкердің немесе бірнеше адамның сөйлесуі, яғни оларды сөйлету тәсілі. Көбінесе сахналық қойылымға арналған пьесалар, драмалық шығармалар диалогтен тұрады.
Монолог – сөз өнерінде кейіпкердің ішкі жай-күйін, толғаныс-тебіренісін бейнелеу мақсатында қолданылатын тәсіл, сөйлеуші өз ойын бір немесе бірнеше адамға арнап айтатын ауызша сөйлеу әрекеті. Монологтің ерекшелігі – бір адамның ойы, сөзі көрініс табуында. Сахналық монологте кейіпкер өзімен-өзі сырласқандай болып, тыңдаушы көрерменнен жауап күтпейді. Монологте кейіпкердің ой-тұжырымдары айтылып, оның жай-күйі айқын аңғарылады. Мәтінде монолог диалог үлгісінде де, диалогпен араласып та келе береді. Монолог жазбаша түрде де кездеседі. Екі жағдайда да (ауызша және жазбаша) негізгі ерекшелігі – бір адамның сөйлеуі немесе бір адамның ойы. Монолог -әдеби шығармаларда, әсіресе драмалық туындыларда кейіпкердің ішкі көңіл-күйін білдіретін толғау сөзі, кейіпкерді сөйлету тәсілі.

Дастан жанры

Дастан – ауыз әдебиетіне жататын жанр. Дастан Орта Азия, Таяу Шығыс халқы мен қазақ халқының арасында кең тараған. Қазақ дастандарын тақырыптарына қарай тарихи жырлар, батырлар жыры, лиро-эпостық жырлар, қиссалар деп бөлуге болады. Ауыз әдебиетінің мұралары «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын», «Қамбар батыр» т.б. жырлары батырлар жырының қорын молайтса, «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Еңлік-Кебек» дастандары ғашықтық жырлардың қатарынан орын алды. Жазба әдебиет пайда болған соң, авторы белгілі дастандар дүниеге келе бастады. Мысалы, Нұрпейіс Байғаниннің «Қанды жорық», Жамбыл Жабаевтың «Замана ағымы», Қалқа Жапсарбаевтың «Орақ батыр» дастандарында өмір шындығы жырланған.

Жанрдың пайда болуы

Жанр үнемі дамып отырады. Әрбір тарихи дәуір әртүрлі жанрдың түп негізін сақтай отырып, оған өзгешеліктер енгізіп отырады. Ол ерекшеліктер, бір жағынан, әдебиеттің ұлттық сипатымен байланысты болса, екінші жағынан, әр жазушының ерекшелігіне, алатын орнына байланысты. Жанрлар дүниеге келіп, өзгеріп, жоғалуы, жаңадан пайда болуы әдебиеттің тарихи дамуымен тығыз байланысты. Мәселен, қазақ эпосы бір кезде батырлар жыры түрінде көрінсе, уақыт өте келе лиро-эпосқа көшті, одан келе жанрлық табиғатын мүлде жаңартқан жаңа поэмаларға ауысты. Әрбір көркем шығарманың жанрлық ерекшеліктері сол шығарманы жазған автордың қаламгерлiк ерекшелігіне тәуелді. Әр қаламгер өз қалауынша жазады, өзінің жеке стилі болады, жанрға бұрын-соңды болмаған жаңалық енгізіп, түрлендіре түседі. Жанр эпос, лирика, драма болып, үш топқа бөлінеді.

Ирония мен сатира

Сөздерді қарама-қарсы мағынада, кекесін мағынасында қолдану ирония деп аталады. Шығарма кейіпкерлерінің мінез-құлықтарын жан-жақты көрсету үшін астарында зілді кекесін жататын мақтау, мадақтау сөздерді қолданған шығармалар бар. Бұл - әдебиеттегі ирония тәсілі болып табылады. Бұл тәсіл С.Торайғыров шығармаларында жиі кездеседі. Көркем шығармаларда өмірдің, адамдардың жағымсыз мінез-құлықтарын күлкі ете мысқылдай суреттеуді сатира деп атайды.

Кейіпкер

Кейіпкер – персонаж – көркем шығармада суреттелетін адам, әдеби образ. Әдебиетте адамның көркем образын жасағанда жазушы оның кескін-тұлғасын, іс-әрекетін, мінезін сол ортаның, дәуірдің өзгешеліктерін танытатын сипаттарымен қатар, өзіне ғана тән ерекшеліктері де анық байқалатындай етіп суреттейді. Кейіпкер бейнесін суреттеу үшін қоғамдық өмірді жан-жақты, терең зерттеп білу шарт. Әр кейіпкердің көркем бейнесі оның өз сөзі арқылы ашылады. Көркем шығармада жан-жақты толық суреттелетін негізгі тұлға – басты кейіпкер.

Кең көлемді эпикалық жанрлар

Кең көлемді эпикалық шығармалар жекелеген эпизодтарды суреттеумен ғана шектелмейді, әдеби шығармаға арқау болған адам мен қоғам тіршілігін кең қамтып, жан-жақты суреттейді. Адам мен қоғам өмірінің шындығын көрсетіп, оқырманның көз алдына өзгеше бір әлем, бүтін бір тіршілік дүниесі пайда болады. Кең көлемді эпикалық жанрға роман, эпопея жатады. Роман – ойдан өрбіте баяндалған тарихи дәуір ұғымын береді. Романның көлемі үлкен, мазмұны қат-қабат, сюжеті мен композициясы өте күрделі. Романның түрлері: тарихи роман, авантюралық роман, ғажайып оқиғалы роман, детективті роман, психологиялық роман, тұрмыстық роман, педагогикалық роман, сатиралық роман.
Тарихи роман – белгілі бір тарихи оқиғаға байланысты туған шығарма. Тарихи шығармаларда оқиғаның дәлдігі сақтала бермейді, әр кезеңнің тарихи-әлеуметтік, қоғамдық-саяси бет-бедері көркемдік тұрғыдан қорытылып бейнеленеді. Бұл жанрда жалпыхалықтық мемлекеттік мүдделер басты сипат алады. Тарихи роман негізін тарихта болған оқиға желісі құрайды. Тарихи роман кейіпкерлері де өмірде болған адамдар.
Роман-эпопея - күрделі, ірі оқиғаларды ұлттық-тарихи тұрғыдан суреттейтін, өмірді, оның әр алуан құбылыстарын, адамдар арасындағы қарым-қатынастарды кең қамтып, терең бейнелейтін роман.
Авантюралық роман - кейіпкерлері қауіп-қатерлі аса қорқынышты халдерді басынан өткізеді және ол қиыншылықты жеңіп шығады.
Ғажайып оқиғалы роман – оқиғасы тез дамып, қиыннан шарықтап, оқиға барған сайын шиеленісе береді. Бұл роман жұртты тез қызықтырып, көңіл аулау үшін жазылғандықтан, ондағы оқиғалар көпшілігінде тек қызықты ету мақсатымен құрылады.
Детективті роман - тыңшылық істер жөніндегі роман.
Психологиялық роман - оқиғаны адамның ішкі сезімін, терең, барынша күйзелту жағдайында дамытады.
Тұрмыстық роман – негізінен үй тұрмысы, сол заманның салты, әдеті көрсетіледі. Мұндай роман ХІХ ғасырда көп болды.
Педагогикалық роман - романда негізгі оқиға желісі педагогикалық тәрбие беру мақсатында жасалады.

Қара өлең

Қара өлең - қазақтың ежелгі өлең түрлерінің бірі. Түркітілдес қырғыз, өзбек, татар, қарақалпақ, башқұрт, түрікмен поэзияларында да кездеседі. Қара өлең 11 буын, 4 тармақ, а-а-б-а түрінде келеді.
Қара өлең әнге салып айтуға ыңғайлы. Әннің ырғақ ерекшеліктеріне қарай өлең жолдарындағы бунақтар орнын ауыстырып отырады. Әр шумақта жеке ой жатады. Мұндай ой жеңіл әзіл-сықақтан бастап, өмірдің мәні мен сәнін, ел қамы мен халық тағдырын қамтиды. Өлеңнің алғашқы екі жолындағы ой соңғы жолдардағы негізгі ойға қызмет етеді.

Қара сөз

«Қара сөз» деген атау өлең сөзден бөлек шығарма мағынасын білдіреді. Өлең өнерін қазақ қара сөз демейді. Қара сөз «проза» деген мағынада айтылған. Қара сөз – еркін ой білдіру формасы.
Қара сөздердің кейбірінде очерктік, шежірелік, зерттеушілік сипат болса, енді бірінде өсиет-өнеге, философиялық немесе көсемсөздік ойтолғау сарыны бар, тағы бірі көпшілікпен, оқырманмен кеңесу, сұрақ-жауап түрінде әңгімелесу үлгісінде жазылған. Абай қарасөздерінде өз тұсындағы қазақ қоғамындағы түрлі өзекті әлеуметтік, моральдық т.б. мәселелерді: халықты өнер-білімге, ынтымақ-бірлікке үндеу, еңбек пен кәсiп, ұрпақ тәрбиесі, адамгершілік жайы, ұлт бойындағы ұнамсыз, кеселді қылық, мінез, дағдыларды сынау мәселелерін көтереді.

Лирика

Лирика (гр. lyra - ежелгі гректер үніне қосылып ән салған музыка аспабы) - әдебиеттің Аристотель заманынан бері келе жатқан дәстүрлі үш тегінің бірі, шындықты адамның ішкі көңіл күйіне бөлеп, ойы мен сезіміне астастыра суреттейтін терең психологиялық шығармалардың түрі. «Лира» — грекше музыкалық аспаптың атауы. Лираға қосып айтатын өлеңді «лирика» деп атаған.
Лирика – ақынның сезімін, көңіл күйін, қуанышы мен сүйінішін, арманын, өмірге деген көзқарасын, ішкі толғанысын, дүниетанымын сыр ғып шертетін өлең, әдебиет тегінің бір түрі. Лирикалық шығарма өлеңмен жазылады, онда автордың немесе кейіпкердің дүниеге көзқарасы оның сезімін, нақты ойын, көңіл күйін суреттеу, әсерлеп бейнелеу арқылы көрсетіледі.
Лирикалық шығармалар тақырыбына, мазмұнына қарай: саяси-азаматтық лирика (тақырыбы да, мазмұны да әлеуметтік мәні зор ірі мәселе- лерді сөз етеді); махаббат лирикасы (сүйіспеншілік, махаббат туралы, кейде қуанышты, кейде қайғылы болуы мүмкін); философиялық лирика (ақын лирикалық өлеңін философиялық терең мазмұнға құрады); табиғат лирикасы (әр алуан табиғат құбылыстарын жырлауға арналған) болып бөлінеді. Лирикалық өлеңдердің мазмұны да, түрі де, оларда байқалатын көңіл күйлері де ақынның өмірге көзқарасына байланысты.

Лириканың түрлері

Табиғат лирикасы – ақынның ішкі жан дүниесінің әртүрлі табиғат құбылыстарын сезінуі, бейнелеп суреттеуі арқылы танылатын, адамның табиғатпен етене жақындығын көрсететін өлең-жырлар. Философиялық лирика - қоғамдық болмыстың өзекті мәселелерінің ақын-жазушылардың шығармаларында көрініс табуы. Философиялық лирикаға жататын өлеңдерге философиялық толғаныстар, азаматтық-ағартушылық әуендер, адам және оның жан дүниесі, көзқарасы туралы сипат тән. Азаматтық лирика - лириканың заман жайын, әлеуметтік мәселелерді қозғайтын үлкен бір саласы. Өмір жөнінде, халықтың тағдыры туралы ой толғамдар ақынның өз көңіл күйімен терең ұштасып, өзінің өмірге қатынасын суреттеу арқылы көрінеді. Көңіл күй лирикасы — лирикалық өлеңнің жан толғатып, көңіл тербететін, сезім оятқыш түрі. Ақындардың көңіл күй лирикасы автордың өз тағдырын, қуаныш қайғысын қоғамдық өмір, заман, дәуір туралы ой толғаныстарымен терең қабыстырып ұштастыра білуімен құнды.

Лирикалық кейіпкер

Лирикалық кейіпкер – поэзиялық шығармалардағы адам бейнесі. Лирикалық туындылардың бас қаһарманы – ақынның өзі. Сондықтан ақынның өзі лирикалық кейіпкер болады. Лирикалық кейіпкердің ой-сезімі, тағдыры өз заманында суреттелсе, соғұрлым ол типтік қасиеттері мол, сомдап жасалған ірі тұлғаға айналып, дәуірдің көрнекті өкілі болып шығады. Ақын өлеңді өз атынан айтқанда лирикалық кейіпкердің бейнесі жасалады. Себебі ол ақынның өз бейнесі – жинақталған лирикалық кейіпкердің бейнесі болып шығады. Ақын қоғам өмірі, заман, адам туралы толғанғанда, өзін «мен», «біз» дей отырып, сол ортаның адамы, белгілі бір ұрпақ буынының өкілі ретінде сезінеді.
Лирикалық поэзияның осы ерекшеліктері Абай өлеңдерінде толық көрінеді. Абай лирикасынан ақынның көңіл күйін, жан дүниесін, толғанысын сезініп қана қоймаймыз, сол арқылы қазақ қоғамына, жалпы адам баласына тән сипаттарды, дәуір, заман келбетін танытатын қасиет-белгілерді де молынан табамыз.

Мақала

Мақала – өмірдің әлеуметтік, экономикалық, өндірістік, ғылыми, сондай-ақ басқа да рухани өмір деректерін арқау ететін шығарма түрі. Мақаланың түрлері көп: баяндау, пайымдау, түсіндірме, қиял және т.б.

Метафора немесе ауыстыру

Метафора немесе ауыстыру – сөз мәнін өңдеп, өзгертіп айту. Суреттеліп отырған затты не құбылысты айқындай, ажарландыра түсу үшін оларды өздеріне ұқсас өзге затқа не құбылысқа балау, сөйтіп мағынасын үстеу, мазмұнын тереңдетіп, әсерін күшейту. Метафораның жасалу жолдары: 1. Бір нәрсені жалғаусыз, жұрнақсыз екінші нәрсеге балау, салыстыру, ұқсату арқылы жасалады.
2. -мын, -мін, -бын, -бiн, -пын, -пін, -сын тәрізді жіктік жалғаулары арқылы жүзеге асады. Мысалы: Мен жаралы жолбарыспын (Абай).
3. еді, әдім, едің, екен, ем сияқты көмекші етістіктердің көмегімен туындайды. Мысалы: Сен жаралы жолбарыс ең, мен киіктің лағы ем.
4. бейне, тең, секілді сөздер арқылы жасалады. Мысалы: Қайғың болар шермен тең, Қара көңілім жермен тең (Абай).

Мотив

Мотив – қазақ әдебиетінде «сарын» деген сөзге жақын. Мотив әдеби термин ретінде 20-жылдардан бері А.Веселовский, В.В.Пропп еңбектерінде зерттеле бастады. Бұл зерттеулер әр халық әдебиетінде бұрыннан келе жатқан, бір әдебиеттен екінші әдебиетке, дәуірден дәуірге көшіп жүрген сюжетті сарындарды түгендеп қарайды. Ұқсас сюжеттік сарындарды өз дәуірінен, нақтылы шығармалардағы көркемдік шешімнен, ұлттық әдеби үрдістен бөліп алып, жеке қарастыруға болмайды, себебі ұқсас сарындар көп жағдайда өмірдің өзінен туады, оларды халық тұрмысындағы ұқсас жағдайлардың әдебиеттегі көрінісі деуге болады. Кейде олар сараланып, іріктеліп, қалыптасқан дәстүрлі сарындар болады. Немесе шығармалардың құрамындағы бір айшық жеке бөлігі сияқты болып келеді, мысалы, ауыз әдебиетіндегі сиқырлы айна, әкесі мен баласының жекпе-жегі, абжыланның ханшаны ұрлап әкетуі. Кейбір жанрларда тұрақты сарындар, мотивтер ұшырасады. Мысалы, эпопея мен авантюралық романдардағы саяхатқа шығу, кеменің күйреуі, көреген қарға, өліктің тірілуі және т.б. Мұндай сарындар кейде жеке-дара ашылып, бертін келе автордың өзіндік суреткерлік шеберлігімен, дүниетанымымен, көркемдік шығарма құрылымымен ұштастырылады.

Мінездеме

Жазушы өз шығармасындағы кейіпкерлердің мінез-құлқын айқындап, оқырманына даралап көрсету үшін әртүрлі шеберлік қырларын іздейді. Кейіпкердің бейнесін сомдауда және өзіндік бағалауын жеткізуде ақын, жазушы қолданатын өнімді тәсіл – кейіпкерге мінездеме беру. Кейіпкердің мінезінен сипаттаманы автор түсінігі арқылы танып, оның өсу жолдарын бағдарлаймыз. Көркем шығармада кейіпкерге баға беруді әр кейіпкерге сай даралау мен жинақтау, кейіпкердің мінез-құлқы, жүріс-тұрысы, іс-әрекеті арқылы автор жан-жақты ашып, сипаттап көрсетеді. Сол арқылы көркем шығарманың идеясы ашылып, кейіпкердің мінез-құлқы, қарама-қайшылықтары арқылы жазушы тілінің шеберлігін аңғарамыз.
Мінездеу - кейіпкердің мінез бітімі, көркем образдың өзегі, негізгі арқауы. Кейіпкердің рухани әлемін, жан сырын, идеясын, күрес жолын, мақсатын, іс-әрекетін нанымды бейнелеу арқылы ашады. Әдебиетте тура және жанама мінездеу деген түсінік бар.
Тура мінездеу – бұл автор мінездемесі. Адамды бір сөзбен де мінездеуге болады. Мысалы, сараң болса – Қарабай, аңқау болса — Мырқымбай, өтірікші болса - Судырахмет. Кейіпкерге қатысты құбылыстар мен заттарды суреттеу арқылы қаһарман бейнесін ашып көрсетуді жанама мінездеу дейді.

Өлеңдегі буын, бунақ және ырғақ

Өлең дегеніміз – белгілі бір өлшеммен, үйлесімді ырғақпен ұйқасып келетін поэзиялық жанр түрі.
Өлеңнің құрылымдық жүйесі болады. Өлең тармақтардан, яғни өлең жолдарынан, тармақ бунақтардан тұрады. Бунақтар өлеңнің ырғағын құрайды. Ал тармақтардың соңғы сөздері үндесіп келіп, өлең ұйқасына әсер етеді. Бұлардың барлығы жеке жүйе құрап, өлеңнің шумағы деп аталады.

Өмір және көркем шындық

әдебиет «өмірдің сырлы суреті, халықтың көркем тарихы» болғандықтан, шығарма арқауы шындық болып табылады. Өмірдегі барлық нәрсе көркем шығармаға өзек, оқиға бола бермейді. Жазушы өмір шындығынан өзінің суреткерлік мақсатына қажетін ғана таңдап алып, шығармасына арқау етеді. Ол өмір құбылыстарын өзінің дүниетанымы мен әлеуметтік көзқарасы, азаматтық ұстанымы тұрғысынан саралайды. Ал суреткердің дүниетанымы мен әлеуметтік көзқарасын ол өмір сүріп отырған қоғамдық орта белгілейді. Көркем шығармада суреттелген шындық, алға тартқан келелі мәселе халық мақсаты мен мүддесіне сай шешілуі керек.

Пейзаж

Пейзаж (фр. «мекен», «өлке») – белгілі бір жердің, мекеннің, табиғаттың көрінісі. Пейзаж – әдеби шығармаларда жаратылыстың, яғни табиғаттың әсем көрінісі, көркемдік бейнесі. Тақырыпты толығырақ ашу үшін пейзаж кескіндеме жанрының басқа түрлерінде де (портрет, баталия жанры т.б.) қолданылады. Пейзажда суретшінің сезімі, көңіл күйі, түсінігі, табиғатқа деген эстетикалық, этикалық көзқарасы аңғарылады.

Портрет

Портрет – француздың «бейнелеу», «бейнеленген» деген сөзінен алынған, өмірдегі немесе өмірде болған бір адамды немесе адамдар тобын бейнелеу немесе суреттеп жазу. Портрет – әдеби кейіпкердің сырт көрінісін, кескін-кейпін, бой-түлғасын суреттеу.
Портрет бейнелеу өнерінде кескіндеме, мүсін, графика, фото өнерінің басты жанрының бірі болып табылады. Нақты адамның түр-сипатын бейнелеу портреттің негізгі белгісіне саналады.
Көркем әдебиеттегі портрет адамның сыртқы тұрпатын сипаттаумен ғана шектелмей, оның рухани ішкі әлемін ашумен қатар, сол тарихи дәуірдің, ұлттың, әлеуметтік ортаның қайталанбас өкілі екендігін шынайылықпен бейнелейді.

Поэма

Поэма (гр. «туынды») – орта көлемді эпикалық түрге жататын, өмірде болған, не болуға тиіс күрделі құбылыстар мен келелі оқиғаларды, алуан-алуан адамдар тағдыры мен заман шындығын көлемді, желілі эпикалық не лирикалық сипаттағы өлеңмен суреттейтін жанр.
Поэмалар сюжетті, сюжетсіз болып бөлінеді. Образдарын эпикалық, лирикалық, романтикалық, реалистік т.б. деп бөлуге болады.
Поэма белгілі бір оқиғаны жыр, толғау түрінде өлеңмен баяндайды.
Поэмада оқиға желісі ширақ өрістеп, кейіпкерлердің образдары олардың іс-әрекеті, ішкі сезімі, жан дүниесі арқылы ашылады. Қазақ әдебиетіндегі поэманың алғашқы нұсқаларына батырлар жыры жатады.

Прототип

Прототип (гр. түп, төркін, негізгі бейне) – әдеби шығарма кейіпкерінің бейнесін жасауға тірек, негіз болатын өмірде бар адам, яғни түпкі тұлға. Мысалы, Ж.Аймауытұлының «Әнші» әңгімесіндегі Әмірқанның прототипі – әнші Әміре Қашаубаев.
Көркем шығармада тарихта болған адам есімі сол күйінде емес, өзгертіле алынады, сол сияқты ел, жер аты да басқа атаулармен алмастырылады.

Роман

Роман – күрделі және дамыған сюжетті, көбінесе, қара сөзбен кейде өлеңмен жазылған көлемді эпикалық әдеби шығарма.
Роман-дилогия (гр. di – екі және logos – сөз) – бір-бірімен жалғастырылып, бір идеялық ой-тұжырымдар негізінде жазылған, басты кейіпкерлері ортақ, бірақ композициялық тұрғыдан дербес екі шығармадан құралған көркем туынды. Роман-трилогия (гр. tri - үш, logos – сөз) – мазмұн-мағынасы, сюжеті жағынан бір-бірімен тығыз байланыста, негізгі кейіпкерлері ортақ келетін, өзара жалғасқан, тұтас үш бөлімді туынды.
Дилогияны да, трилогияны да құрайтын әр шығармада баяндалатын оқиға тиянақталып, көбінесе, негізгі кейіпкердің өміріндегі белгілі бір кезеңді қамтиды. Сондықтан бұл шығармалардың әрқайсысы өзінше аталып, жеке кітап болып та басыла береді. Әр бөлімнің жеке аттары болғанымен, оның сюжеттік желісінде, композициялық құрылымында тұтастық болады. Алғашқы бөлімдегі кейіпкерлер кейінгілерінде де әрекет жасап, авторлық идеяны ашуға қызмет етеді.
Роман-эпопея бір немесе бірнеше тарихи дәуірдің типтік оқиғаларын кең көлемде суреттейтін, бірнеше ұрпақ өкілдерінің іс-әрекеттерін көркемдік тұтастықта баяндайтын поэзиялық не прозалық кесек туынды. Мәселен, М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы қазақ әдебиетінің биік идеялық-көркемдік жетістігі саналады.
Роман-хамса (хамса – бес, бестік) – Шығыс әдебиетінде, соның ішінде түркі тілдес халық әдебиетінде ертеден орныққан дәстүр бойынша бір-бірімен жалғас, сабақтас жазылатын бес туынды. Мәселен, Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» романы роман-хамсаға жатады.

Риторикалық айшықтау

Айшықтау «сөз тіркестерін дағдылы синтаксистік қалыптан гөрі өзгешелеу орaммeн, айрықша айшықпен құру. Мұндағы мақсат біреу – сөздерге ерекше леп, екпін, тыныс беру, сөйтіп, олардың оқырманға әсерін күшейту».
Сөз айшықтары – сөйлеудің әсемдігін, мәнерлілігін, экспрессивтік мәнін күшейтетін синтаксистік құрылымдардың формалары, ұзақ уақыт бойы қалыптасқан, жиі қолданылатын амал-тәсілдер. Оларға: шендестіру, қайталау, параллелизм, риторикалық сұрақ-жауап, дауыс ырғағы т.б. жатады. Сөз айшықтары адамның сөйлеу шеберлігін, зерделілігін, тіл байлығын көрсетеді.
Айшықтаудың бір түрі — риторикалық айшықтар. Мұнда қойылған сұрақтардан автор жауап күтпейді, өйткені олар ешқандай жауапсыз-ақ түсінікті, өзінен-өзі айқын болады.

Стиль

Стиль (гр. stylos – стиль) деген терминнің мағынасы әртүрлі: көне римдіктер сырлы тақтаға сөз жазатын бір ұшы қалақша, бір ұшы сүйір таяқшаны стиль деген болса, кейін әркімнің қолтаңбасы, жазу өрнегі, бертін келе сөз мәнері, сөйлеу машығы, әр суреткерге тән өнер ерекшелігі стиль атанған.

Суреткер қиялы

Талантты адамдар әрқашан халықтың құрметіне, сүйіспеншілігіне бөленген. Дарынды суреткер болу үшін адамға тума қабілет, табиғи дарын керек. Шығармасы тартымды, қызықты болуы үшін қаламгер кейбір кейіпкерлерді, оқиғаларды ойдан қосады. Оны біз шығармашылық фантазия деп атаймыз. Академик З.Қабдолов «Ойдан шығару жоқ болған жерде, жалпы әдеби шығарма болуы мүмкін емес» дейді. Қиял барлық шығармашылық өнерге тән сипат.

Сөздің көп мағыналылығы

Көп мағыналылық – сөздің екі немесе одан да көп мағынаға ие болуы. Тілдің байлығы мен даму дәрежесі сөздік құрамдағы сөздердің саны көп болуымен ғана өлшеніп қоймайды, сонымен бірге ондағы сөздердің көп мағыналы байлығымен де ерекшеленеді. Сөздердің сапа жағынан дамығандығын көрсететін бірден-бір белгі – оның көп мағыналылығы. Бұл – сөздік қордағы сөздерге тән қасиет. Сөздік қордағы сөздер ең алғашқы пайда болған кезде аз мағыналы болғандығы байқалады. Кейін олар бұрынғы мағынасының үстіне жаңадан тағы бір немесе бірнеше қосымша туынды мағыналарға ие болған. Адам санасындағы белгілі бір зат туралы түсінік басқа бір затпен де ұқсастырылып, байланысып тұрады. Соның нәтижесінде екі заттың екі сапасында, яки атқаратын қызметінде жалпы ұқсастық пайда болады. Сол ұқсастықтың негізінде адамдар ұқсас келген екі, не бірнеше затты бір атаумен айтатын болған. Мысалы: «судың асты» мағынасындағы «түп» сөзінің қазіргі қазақ тілінде мынадай мағыналары бар: 1. Бір заттың төменгі, ішкі қабаты (ыдыстың түбі).
2. Өсімдіктің жер астындағы бөлігі (томардың түбін қопардық).
3. Өсіп тұрған немесе қазып алынған өсімдік (бес түп отырғыздық).
4. Түкпірдегі, шеткі (түпкі бөлмеде отыр). 5. Адамның шыққан тегі, арғы заты («Мен сол керей ішіне сіңген аз атаның баласы едім, түбім қызай». М.Әуезов). 6. Бір нәрсенің жаны, қасы (Мәскеу түбінде фашистер талқан болды). Сөздердің семантикалық құрылысы неғұрлым күрделі әрі бай болса, соғұрлым олардың тілдегі атқаратын қызметі де күшейе бермек. Әсіресе көп мағыналы сөздер сөздік құрамындағы синонимдердің көбеюіне үлкен ықпал етеді.

Силлабикалық өлең жүйесі

Силлабикалық (гр. silabе – буын) өлең жүйесінде буын шешуші рөл атқарады. Ырғақ пен шумақ, тармақ пен бунақ бәрі де буынға негізделеді. Силлабикалық өлең жүйесі буын санының мөлшерін тұрақты санайды. Бұл өлең жүйесі чех, француз, итальян және барлық түркітілдес халықтардың поэзиясында кездеседі. Бұл өлең құрылысының басты сипаттарын қазақ өлеңдерінің құрылымынан табуға болады. Өлең құрылысының ұлттық сипат белгілері халықтың ұлттық тілімен тамырласып жатады. Қазақ өлеңі, алдымен буынға негізделіп, ырғақ пен тармақ та, ұйқас пен шумақ та буынға бағынады.

Сюжет және композиция

Көркем шығарма біртұтас жүйені құрайды. Жүйелілік пен тұтастық белгілі бір заңдылықтарға бағынады. Ол - сюжет. Сюжет (фр. - «зат») - өзара жалғасқан оқиғалар тізбегі, біртұтас желісі. Оқиға дегеніміз - адамдардың басынан кешкен жағдайы, бірнеше адамның қарым-қатынасының көрінісі.
Сюжеттің негізі – өмірлік тартыс, кейіпкерлердің қарым-қатынасындағы қақтығыс. Сюжет пен кейіпкерлер іс-әрекетінде тығыз байланыс, сабақтастық бар.
Сюжет – көркем шығарманың мазмұнын ашып, мазмұнды пішінге көшірудің негізгі түрі, жолы, тәсілі. Көркем шығармадағы оқиғалардың рет-ретімен баяндалып, бір-бірімен байланысып, біртұтас желі құруын сюжет дейміз. Сюжет болмаса, шығарма да болмайды. Кез келген шығарманы алатын болсақ, онда суреттелетін оқиғаның басталуы, дамуы, аяқталуы бар. Оқиғаға қатысты адамдар да үйлесімді әрекеттерге түседі.
Сюжеттің басталуы оның кіріспесі тәрізді: мұнда әдеби қаһармандар өзара қарым-қатынасқа көшпес бұрын хал-жағдай, тіршілік, қоғамдық орта, болашақ оқиғалар орны суреттеледі. Бұл – экспозиция деп аталады.
Сюжеттік байланыс - адамдар арасындағы әрекеттің басы, шығарма арқауындағы негізгі оқиғаның туындау себебі. Сюжеттік дамудың ең жоғары сатысы – шығарманың шарықтау шегі. Мұнда адамдар арасындағы қимыл-әрекет күшейіп, барлық оқиғалар мен құбылыстар шоғырланады. Шығарма сюжетінің шешуші кезеңі – шешім. Бұл - суреткердің өзі суреттеп отырған өмір шындығына шығарған «үкімі», түрлі тартыстан туған нақты нәтиже. Көркем шығармадағы оқиғаның басталуы, олардың байланысы, шарықтау шегі, шешімі шығарманың құрылысы немесе композициясы болып табылады. Композиция – (құрастыру) сюжеттік дамудың кезең-кезеңдерін бір жүйеге келтіріп, реттеп, қиыстырып тұратын нәрсе. Композиция сюжетпен тығыз байланыста болғанымен, одан бірқатар айырмашылықтары бар. Сюжет барлық шығармаларда бола бермейді, ал композиция барлығында кездеседі. Композиция сюжеттің даму кезеңдерін жүйеге түсіріп қана қоймайды, сюжеттен тыс нәрселерді де өзара қиюластырып, белгілі бір арнаға түсіреді. Солардың бірі –пролог (алғы сөз) – көркем шығармадағы кіріспенің бір түрі. Эпилог (соңғы сөз) - көркем шығарманы қорытудың бір түрі.
Әр суреткер өз шығармасының сюжетін өз қалауынша құрайтыны сияқты, композиция әр авторда әртүрлі болуы мүмкін. Композиция көбінесе, классикалық үлгіде экспозициядан басталса, енді бірде шығарманың шарықтау шегінен, прологтен, авторлық шегіністерден басталады. Композиция құрамдас бөліктері бірлікке ұштастырылған, бір-біріне және жалпы мүддеге бағындырылған мақсатты көркем құрылым.

Тарихи роман

Тарихи роман белгілі бір тарихи оқиғаға байланысты туған шығарма. Тарихи шығармаларда оқиғаның дәлдігі сақтала бермейді, әр кезеңнің тарихи-әлеуметтік, қоғамдық-саяси бет-бедері көркемдік тұрғыдан қорытылып бейнеленеді. Бұл жанрда жалпыхалықтық мемлекеттік мүдделер басты сипат алады. Тарихи роман негізін тарихта болған оқиға желісі құрайды. Тарихи роман кейіпкерлері де өмірде болған адамдар.

Теңеу

Көркем шығармаларда ақын-жазушылар оқиғаның, көріністің дәл сипатын беру үшін әртүрлі сөз өрнектерін қолданған. Солардың қатарына теңеу мен эпитет жатады.
Теңеу дегеніміз – көркемдеп суреттеуде затты, құбылысты екінші бір затпен, құбылыспен салыстырып бейнелеу. Мұнда суреткер заттың, құбылыстың ерекше белгілерін көрсетпей-ақ, оны басқа затпен, құбылыспен салыстыра суреттейді. Теңеу салыстырмалық мәнге ие болып, теңеудің көпшілігі зат есімге, есімше етістікке жалғанған -тай (-тей), дай (-дей), -ша (-ше) және -дайын (-дейін) жұрнақтары арқылы жасалады. Мысалы, төрт түлікке арналған өлеңдерде Шопан ата: «Ай мүйізді шоқпақтай, Шуйделері тоқпақтай» болса, Ойсыл қара: «Көзі жарық жұлдыздай, Мойыны піл қозыдай, Құйрығы бар қамшыдай, Шудасы бар жамшыдай»,- деп суреттеледі.

Терме

Терме лирикалық өлеңдердің үлгі-өнеге, ақыл-кеңес, өнеге-насихат ретінде келіп, белгілі бір ырғақпен орындалатын түрі.

Типтік бейне

Көркем шығармада адамның өмірі, басқа адамдармен өзара қарым-қатынасы, наным-сенімдері, ойы мен сезімдері, мінез-құлықтары жинақтала суреттеледі. Жазушы өз шығармасында бір адамның ғана сипатын көрсетіп қоймай, сол адамның өмір сүрген ортасына, оны қоршаған адамдарға тән сипаттармен толықтырып, жинақтайды. Көркем әдебиеттегі жинақталған адам образы - типтік бейне деп аталады. Көркем туындыдағы типтік образ қаламгер суреттеп отырған қоғам мен дәуір туралы да түсінік береді. Мысалы, М.Мағауиннің «Бір атаның балалары» деген шығармасындағы Ахмет шалды типтік образға жатқыза аламыз. Ол соғыс кезінде жетім қалған балаларға қамқор болған адамдардың жиынтық бейнесін береді және соғыс кезіндегі қазақ ауылының тұрмыс-тіршілігіне тән ерекшеліктерді де көрсетеді.

Ұйқас. Абай енгізген ұйқастар

Ұйқас – тармақтың соңғы сөздеріндегі үндестік. Қазақ өлеңдеріндегі ұйқас түрлері: қара өлең ұйқасы, ерікті ұйқас, шұбыртпалы ұйқас, кезектес ұйқас, шалыс ұйқас, аралас ұйқас, егіз ұйқас, осы күнгі ерікті ұйқас.
Қара өлең ұйқасы бұрыннан келе жатқан ұйқастың бір түрі. Қазақ халқының фольклорындағы тақпақ, бір ауыз өлеңдерінің көбі осы ұйқаспен құрылған. Бұл ұйқасты күні бүгінге дейін көп жайылған ұйқас деп айтуға болады. Қара өлең ұйқасының ерекшелігі 1, 2, 4-жолдары ұйқасады да, 3-жолы ылғи ұйқассыз, бос қалып отырады.
Шұбыртпалы ұйқаста өлеңнің барлық жолдары да ұйқасып отырады. Ұйқаспайтын жол не бір, не екi, онда да, ой бітер жердегі аяққы жолы ғана ұйқастан тыс қалады. Бір шумақтағы жолдардың бәрі бір ұйқаспен келеді. Ой толқынына қарап, керекті жерінде ұйқастыра салушылықты ерікті ұйқас дейді. Кейбір өлеңдерде шумақтың бір жолы ұйқаспай, екінші жолы ұйқасып келсе, ондай ұйқасты кезекті ұйқас дейміз.
Кезекті ұйқас өлеңнің шумағына қарай осы ретпен келе береді. Егер өлеңнің бір шумағы 4 жолдан тұрса, онда 1, 3-жолдары бос қалады, ұйқасатын 2, 4-жол- дары болады. Ал шумақ бірнеше жолдан тұрса, үнемі тақ жолдары ұйқассыз қалып, жұп жолдары ұйқасып отырады.
Шалыс ұйқас түрінде 1-жол мен 3-жол, 2-жол мен 4-жол ұйқасады. Өлеңнің шумағы төрт жолдан аспайды. Абайдың көп өлеңдерінде ұйқастың жаңа түрін, жоғарыда келтірген өлең ұйқастарынан өзгеше түрлерін кездестіреміз.
Бұл - Абайдың «Сегізаяқ» атты өлеңі. Бір шумағы 8 жолдан құралады.
1, 2-жол: «сермеп-тербеп» болып ұйқасады да, 3-жолдан ой аяқталмай: «шымырлап бойға жайылған» болып, ашық қала тұрады. 4, 5-жол «шауып-тауып» болып, бір ұйқасады. Ой бітпей, уақытша ашық қалған 3-жол 6-жолмен ұйқасады. 7-жол 8-жолмен ұйқасады да, ой бітеді. Келтірген үзіндінің айтылып өткен шалыс ұйқастан өзгешелігі: 1, 3-жолмен, 2, 4-жолмен ұйқаспайды, ұйқастары үздіксіз жұп-жұп болып келеді. Және шумағы не сегіз, не алты жолдан құрылады.
Ұйқастың бұл түрін егіз ұйқас дейміз.
Бір шумақтың бірнеше тармағы шалыс ұйқастан, бірнеше тармағы шұбыртпалы ұйқастан, не егіз ұйқас, не басқа ұйқастардан құралады. Сөйтіп, бір шумақтың өзінің ішінде басқа ұйқастың тармақтары қосылып кеп, жаңаша бір ұйқас туғызады. Осындай ұйқастарды аралас келетін ұйқас деп атайды.

Шағын көлемді эпикалық жанрлар

Шағын көлемді эпикалық жанрларға жататын әдеби туындыларда, негізінен, өмір шындығы бір немесе бірнеше ықшамды эпизодты қамтиды. Оқиға жинақы, шағын суреттеледі. Адам мінезі шағын көлемді шығармаларда көбіне қалыптасқан, дайын қалпында көрінеді. Шығарманың сюжеттік арқауы ұзақ желілі емес, қысқа қайырылған суреттер түрінде беріледі; композициясы да жинақы, ширақ келеді. Шағын көлемді эпикалық шығармаларға миф, әңгіме, аңыз, ертегі, мысал, новелла, әңгіме, очерк, фельетон, памфлет, эссе жатады.

Шендестіру, баяндау, суреттеу

Шендестіру немесе антитеза – бір-біріне кереғар құбылыстарды, мән-мағынасы әр тарап ұғымдарды, түр-түсі әр бөлек нәрселерді өзара бетпе-бет қою арқылы бұлардан мүлде басқа бір құбылыстың, ұғымның, нәрсенің суретін, сыр-сипатын, кескін-кейпін анықтау, аңғару, елестету. Әдеби тілдегі құбылтудың бір түрі – ұлғайту немесе гипербола. Ұлғайту ауыз әдебиетінде, әсіресе батырлар жырында көп кездеседі.

Шығарма тақырыбы мен идеясы

Шығарманың тақырыбын оның идеясынан бөліп қарауға болмайды. Жазушының шындық болмыстан таңдап, толғап алып, өзінің көркем шығармасына негіз, арқау еткен өмір құбылыстарының түйіні - тақырып.
Жазушы шығармашылық үрдістің алғашқы кезеңінде өмірдің әр алуан құбылыстарын зерттейді, тексереді. Әрине, бұл құбылыстардың ішінде ірісі де, ұсағы да, маңыздысы да, маңызсызы да, күрделісі де, кездейсоғы да – бәрі де бар. Осының бәрі – болашақ шығарманың материалы. Бірақ жазушыны өмірде болатын кез келген құбылыс жаппай қызықтыра бермейді. Ол өз мақсатына керек құбылысқа ғана қызығады. Болашақ көркем шығармаға негіз болатыны – суреткер қызыққан құбылыс. Мысалы, М.Әуезовтің «Көксерек» әңгімесінің тақырыбын таңдап алуының бір себебін жазушының жұбайы Валентина Әуезова былай деп еске алады: «Бірде мен қабырға күнтізбесін (1929 жылдың) сатып алдым. Сол күнтізбе Мұхтардың жазу үстелінің тұсында ілулі тұратын еді. Сонда белгілі суретшінің салған суреті бар болатын - қысқы түн, қар жамылған меңіреу дала, сонау алыста көз ұшында қар басқан кішкентай деревняның оттары көрінеді. Ең алдыңғы қатарда түнде жортқан қасқыр тұр. Міне, сол сурет Мұхтар Әуезовтің сонау жас бала кезінде кәнігі аңшылардан естіген әңгімелерін есіне түсірген болу керек, осылайша күн сайын көз алдынан осы суреттегі көрініс кетпеген Мұхтар өзінің «Көксерек» әңгімесін жазған болатын». Бұл - жазушының таңдаған тақырыбы.
Қандай шығарма болсын, белгілі пікірді - идеяны үндейді. Идеясыз көркем шығарма болмайды. Тақырып, оқиға және оның құрылысы, шығармаға қатысушылардың араларындағы тартыс, оларды суреттеу әдістері жазушының сол шығармадағы айтайын деген идеясына бағынады. Тақырып жазушы суреттеп отырған өмір құбылысы болса, идея – жазушының сол өзі суреттеп отырған өмір құбылысы туралы айтқысы келген ойы, сол өмір құбылысына берген бағасы.

Фольклор, миф туралы түсінік

Фольклор - халық шығармашылығының жемісі, оған мақал-мәтел, қиссадастан, жұмбақ, жаңылтпаш, аңыз бен миф т.б. жатады. Кез келген халықтың әдебиеті халық ауыз әдебиетінен бастау алады. Фольклорлық шығармалар ауызша шығарылып, ауызша тарайды. 1846 жылы дат ғалымы Вильям Томсен ауыз әдебиетінің ғылыми атауына «фольклор» терминін ұсынды. Содан бері ауыз әдебиетін зерттейтін ғылым «фольклортану» деп аталады.
Миф - көне аңыз, әңгіме. Миф табиғат құбылыстарын, адам не қоғам өмірінің сан алуан сырын қиял-ғажайып оқиғаға айналдыра бейнелейді. Мифтік шығармалардың негізінде алғашқы қауым адамдарының дүниені, жаратылысты қабылдау ерекшеліктері жатыр. Миф халықтардың бәрінде бар, бірақ ең алғаш Грекия мен Римде пайда болған. Түркі халықтарында Көк бөрі, Ұмай ана, Келіншектау, Қорқыт ата, Қожанасыр, Алдар көсе т.б. туралы мифтер бар.

Эпизод

Эпизод (гр. «кірістіру») – әдеби шығарма сюжетіндегі өз мәні бар жеке оқиға немесе шығарманың бас-аяғы тиянақты бір бөлшегі.

Эпитет

Эпитет – заттың, құбылыстың айрықша сипатын, сапасын айқындайтын, анықтайтын суретті сөз. Эпитет болатын сөз көбіне сын есім, кейде зат есімдер мен есімше, көсемше етістіктер арқылы затты анықтайтын сөздер. Тұрақты эпитеттермен қатар, қазақ поэзиясында күрделі эпитеттер де қолданылады. Өздеріңе таныс Абайдың «Күз» деген өлеңінде ақын мезгілді сипаттайды. Ал жазушы Қ.Ысқақ күзді: «Қоңыр күз болатын. Ақ жауын себелеп тұр. Жол лайсаң. Алтай өңірінің ең бір жудең шағы, көңілсіз шағы», – деп суреттейді.

Эпос

Эпос (гр. баяндау, әңгімелеу) – көркем әдебиеттің байырғы, негізгі тектерінің бірі, дәлірек айтқанда өмір шындығын мейлінше мол қамтып, кең суреттейтін, адам мінезін мүмкіндігінше терең ашып, жан-жақты танытатын іргелі, күрделі жанр.

Эссе

тұрақтанған, қалыптасқан тұжырымдарға жаңа қырынан қарап, көне соқпақтардан бөлек, тың болжамдар мен түйіндеулерге құрылатын философияның, эстетиканың, әдеби сынның, көсемсөздің, көркем әдебиеттің жанры.
Эссеге батыл болжамдар, өткір ұсыныстар, талас тудыратын пікірлер, ойлар, қозғау саларлық байламдар тән. Эссенің басқа әдеби жанрлардан ерекшелігі – оның ерекше пікірлерге көбірек мән беріп, оқырманды ойландырып, толғанысқа сүйрейтін, тың, тосын, өзінше ойлау-сезіну қажеттілігін туғызатындығында.
Эссе (фр. essai – «тәжірибе», лат. exagium – «құрау») – философиялық, әдеби, тарихи, публицистикалық, әлеуметтанулық, саяси және тағы басқа саладағы ғылыми емес, автордың жеке көзқарасын білдіретін прозалық мәтін. Жанр ретінде енгізген XVI ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген француз философы 1580 жылы Мишель Монтень болатын, ал «эссе» сөзін бірінші рет қолданып, осы жанрда 1597 жылы Фрэнсис Бэкон кітаптарын жазып шығарды. Орыс әдебиетінде эссе үлгісін қалыптастырған – Ф.Достоевский.

Мазмұны