Қызылорда облысы,
Арал ауданы,
№61 орта мектебінің
информатика пәнінің мұғалімі
Төлеуова Сәнімкүл Шалабайқызы
Тәрбие сағатының тақырыбы: Алдыңғы буын – ағалар, кейінгі буын — інілер
Тәрбие сағатының мақсаты: Оқушыларға ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылына байланысты алдыңғы буындағы ағаларының ерліктерін, қайсарлығын, өжеттігін насихаттау және олар халқының бостандығы үшін құрбан болғандарын түсіндіру, ұғындыру.
Тәрбие сағатының көрнекіліктері: Ағалар туралы қанатты сөздер, ағалардың суреттері, компьютер, интерактивті тақта, кітаптар көрмесі, шарлар.
Тәрбие сағатының формасы: ұжымдық
Тәрбие сағатының жоспары:
1. Кіріспе.
2. Тарих тағылымы – ұрпаққа мирас.
3. Ар – намысым, қасіретім, мақтанышым – желтоқсан.
4. Көрініс. Азаттық жолындағы ерлік
5. Сұрақ – жауап.
6. Қорытынды.
Құрметті оқушылар! Бүгінгі ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығына арналған
«Алғашқы буын – ағалар, кейінгі буын — інілер» атты тәрбие сағаты өткелі отыр.
І. Кіріспе сөз:
ХХ ғасырдың қалдырған мұрасын талдау мен таразылау аға ұрпаққа қолдау көрсету, өткеннің тәжірибесі мен алдағы жүз жылдықтың келбетін сомдау, осы бағдардың негізгі өзегі, себебі еліміз сындарлы кезеңнің босағасын басып, өтіп барады. Бүгінгі тарихымызды білу үшін кешегі тарихымызды білу керек. Қазақстандағы экономикалық саяси-мәдени үрдістерді әрқилы пайымдайтын жаңа жағдайға түрліше бейімделетін әр түрлі ұрпақтар арасындағы түсіністік қажет. Аға, орта буын өкілдері мен кейінгі жас толқынның арасындағы іс – қимыл бірлігін тұтастығын сақтау үшін елімізде ауқымды
іс – шаралар жүргені дұрыс деп ойлаймын.
Ұрпақ пен ұрпақ арасындағы сабақтастықты сақтауда Сыр елінің ежелден қалыптасқан дәстүрі бар. Үлкеннің өмір тәжірибесі арқылы әлімсақтан ұлы нұсқа болып қалыптасқан.
Осы тұрғыда жастарға өнеге боларлық шешендік сөздер, ерлік еңбектері жетерлік. Бұрыннан бар бірлікті бүгінгі заманда жүйелі түрде жүргізудің пайдасы ұшан – теңіз.
1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс июнь жарлығына байланысты болды. Патшаның жауыздығы, қиянаты қазақ халқының ашу – ызасын тудырған. Осы кезде жетісудағы бұхара халықты бастап, көп ортасынан суырылып шыққан қолбасшы ер, батыр – Бекболат Әшкеев болды. Бекболат жақсылықты келешектен күтетін, сол жақсылық таңының алыс емес екеніне мейлінше сенген адам. Ол патшаға қарсы шығып оны құртпақ болды, бірақ патшаның қалың әскері Бекболаттың жалғыз өзін қолға түсіреді, одан қасындағы жолдастарын сұрайды, бірақ қаһарманды қанша алдап – арбағанмен, қорқытып – үркіткенмен сұраққа жауап бермеді.
Көрініс: Бекболаттың патша алдында сұраққа жауап беруі. Бұл көріністен Бекболаттың қара басының тағдыры қыл үстінде тұрған кезде өз өмірін халық мүддесі үшін қиып, мұндай сөздерді айту үлкен жүректі адамның, қас батырдың ғана қолынан келетін іс екенін көруге болады. Бұл сөздер тек ашынған елдің, қаһарман халықтың, оның қаһарға мінген батыр ұлының аузынан ғана шығады.
Мұның өзі шын мәніндегі ерліктің бір сипаты. Осындай өжеттігінен оны дарға асып өлтіреді. Ол ұлт – азаттығын көксеумен қатар, патша үкіметінің қазақ шаруаларын езіп отырғандығына шыдай алмағаннан ер болды.
«Ел – жұртым, аман болғын жамағатым,
Жалғыз – ақ, менің болар жаман атым.
Көп үшін жаным құрбан – демедім бе?
Еркек деп біздерді де тапқан анам».
Оқушыларға қойылатын сұрақтар:
1. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстағы Бекболаттың мақсаты не?
2. Осы көтерілістің қолбасшысы Бекболатты қандай адам деп ойлайсын?
«Аман бол, ағаларым!» әні орындалады.
Құрметті оқушылар!
Тарихтың ойлы – қырлы белестерінде халықтың жүрегінде сақталып, жадында жатталып қалатын, қоғамдық дамуға айрықша әсер етіп, ұлтық сана – сезімге қозғау салатын аса маңызды оқиғалар болды. Ғасырлар бойы жүргізілген ұлт – азаттық көтерілістің заңды жалғасындай болған ең шешуші, әрі бүкіл Орта Азия мен Европадағы демократиялық қозғалыстың қолбасшысы ретінде тарихта қалған 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасының бас қаһарманы Қайрат Рысқұлбековті айтпасқа болар ма? Желтоқсан оқиғасының болу себебі: Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевты қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы қызметінен босып, оның орнына Колбиннің жасырын түрде тағайындалуы болды. Осыған байланысты алаңда үлкен бір қан төгіс болған, сол кезде көзге түскен Қайрат Рысқұлбековті жазықсыз тұқтқынға алады, сондағы Қайратқа халық жасақшысы С.А.Савицкийдің өміріне қастандық жасадың – деген жала болды. Сөйтіп, бірінші 3 жылға, содан соң 15 жылға бас бостандығынан айырсын – деп, ақырында ең жоғары өлім жазасына, атуға кесілсін деген үкім етуді сот алқасы, одан кейін өлім жазасын 20 жылмен ауыстырады.
Көрініс: Қайраттың сот алқасы алдындағы «Ақтық сөзі». Сонымен, ол 21 жасында қыршынынан қиылды. 21.01.1988 жыл
Оқушыларға қойылатын сұрақтар:
1. Сен желтоқсан оқиғасы болған кезде неше жаста едің?
2. Егер дәл сол кезде ешқандай қан төгілмесе не болар еді? Сен сол кезеңге тап болсаң не істер едің?
3. Желтоқсан ұлттық тұтастыққа ұмтылған күрес пе, әлде басқару жүйесіне қарсы бағытталған бас көтеру ме?
4. Желтоқсанға қозғалысына қатысқан туысқаның бар ма?
Келесі кезекте Қайраттың жаралы жүрегін жарып шыққан нақыл сөздерімен, өлеңдерін тыңдайық. «Арман қудың ба, алдыңа қара, артыңа алаң болма! Өміріңнің өткелін іздеп таптың ба, белді шеште кешіп өт, көзді жұмда кесіп өт!»
Салт-санадан айырылып,
Орнынан сүйреп алмасын!
Арақтан ұрпақ азбасын,
Үміт еткен Мәскеуден
Ел көркейтер азамат
Қарадай көңілің қалмасын,
Барлық ұлтпен тең болып,
Ешкімнен көңілің қалмасын!
Қызғаныштан тозбасын!
«Желтоқсан желі» әні орындалады.
Бұл әннен қозғалыстың барша қазақ халқына зиялы қауымға әсер ететіндігін көріп отырмыз. Міне, оқушылар! Кеңес империясының темір құрсауын тас – талқан етіп, қазақ ұлтының ғана емес, бұрынғы ашқан, жарты әлемді темір шеңгелде ұстаған коммунистік жүйенің ыдырап, бұрынға соцалистік елдердің азаттық алуына қозғау салған Желтоқсан оқиғасы ХХ ғасырдағы ұлт – азаттық қозғалыстың ұлы белесі ретінде тарихтың төрінен орын алды.
Желтоқсанда жас өмірін жалау еткен қазақтың қайсар ұлы Қайрат Рысқұлбеков сияқты халқымыздың ұлттық батырының қайсар рухын мәңгілік есте қалдыру арқылы жас ұрпаққа тәрбие беруге мүдделіміз!
Олай болса, бұл Желтоқсан ұлт-азаттық қозғалысының бастамасы ХХ ғасырдың
І жарты жылдығындағы 1916 жылынан бастау алған қозғалыс болды. Бұл сол кездегі ұлттық рухтың жаңғыру, қайта түлеу кезеңінің басы еді. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысында ұлт қырғынға ұшырады, оның рухының қаймағы маңдай алды өкілдері жойылды. Ұлт-азаттық қозғалыс өз қанымен тұншықты. Алайда, халық өзінің жауынгерлік рухын жоғалтпады.
Міне, оқушылар! Еліміз Тәуелсіздікке, Егемендікке осындай қиындықтармен келіп отырған ағаларымыздың көзінің жасы, төгілген қаны бекерге кетпей, елеулі ерліктің, қажыр – қайраттың нәтижесінде көк жүзімен астасқан қасиетті Көк Байрағымыз асқақ желбіреп тұр!
Қорытынды: Оқушылар! Бүгінгі «Алдыңғы буын – ағалар, кейінгі буын — інілер» атты тәрбие сағатында алдыңғы буын ағаларымыздың халқы үшін құрбан болған ерліктерімен таныстыңыздар. Тәуелсіз еліміздің болашағы, тірегі – жас толқын, жаңа ұрпақ, сіздер! Сондықтан, сіздер, білімді, білікті, салауатты, ұлтжанды еліміздің жеке тұлғасы болыңыздар! Егемендігіміз бен Тәуелсіздігіміз мәңгі жасасын!
Көк туымыз мәңгі желбіресін! Еліміз, халқымыз аман болсын!