«Бағдаршамның» грамматикалық қызметі
Нарық заманында дәстүрлі және дәстүрлі емес оқыту әдістері бәсекеге түсіп тұр. Бірі грамматикаға, екіншісін шетелдік практикаға
басымдық береді. Бірақ екеуінің нысаны да, мақсаты да бір. Грамматика тілдік ережелерді, практика оны қолдануды үйретеді. Сондықтан екеуін астарлас пайдаланудың жаңа әдістері қажет-ақ.
Тіл үйренудің бастапқы кезеңінде оқушының көру, есту, оқу, оқығанын айту дағдылары қалыптаса бастайды. Бұл кезеңде көрнекіліктерді пайдаланудың тиімділігі зор. Біздің жағдайда қазақ тілінің грамматикалық кестелерін пайдаланымз. Бірақ кестелер тақырыпты түсіндіру кезінде жұмысқа қосылып, өзге уақытта елеусіз қалатыны ойландырады.
Біздің ойымызша, грамматикалық кестелер теориялық қағиданы бейнелеумен шектеледі. Яғни практикада қолдану тетіктері қамтылмаған. Сонымен бірге кесте мұғалімнің түсіндіру құралы болғанымен, оқушының жаттығу құралы бола алмай келеді. Шын мәнінде кесте оқушыға қызмет етуі үшін оның сұранымына бағдарланып құрылуы тиіс. Оқытудың инновациялық әдістері осыны талап етеді. Осы орайда грамматикалық «бағдаршам» кестесі туралы сөз қозғамақпыз.
Кесте инновациялық оқытуда тілдің төл заңдылықтарын практикада қолдануға үйрету құралы болып табылады. Осы мақсатта негізгі педагогикалық ұстанымдарды басшылыққа алады. Тіл заңдылықтарын игеруде таныстан бейтанысқа, қарапайымнан күрделіге, талдаудан жинақтауға көшу, одан қорытынды шығару, нәтижесінде теорияны практикада қолдануға үйрену сияқты практикалық әрекет тетіктерін іске қосу көзделеді.
Оның бір амалы – дайын кестені пайдаланбас бұрын оны оқушылардың өздеріне қайта жасатып үйрету. Бұл оқушыны шығармашылық белсенділікке тартады. Өзі жасаған дүние түсінікті де ыстық болғандықтан, оқушы оны пайдалану рахатына
бөленеді.
Келесі амал – кестемен жұмыс барысында туындаған сұрақтарға оқушылардың өздеріне жауап іздетуі өзіндік ізеністеріне түрткі салу. Мұғалім бағыт сілтеуші, кеңесші рөліне көшеді.
Кесте оқушы әрекетінде бағдаршам қызметін атқарады. Әрине бағдаршам түстері бәріне аян: қызыл – тоқтау, сары – абайлау, жасыл – алға жүру белгісін білдіреді. Бұл жерде бағдаршам оқушыны грамматика шиырында дұрыс бағдарлануға баулиды.
Кестеде тіл дыбыстарынан бастап, құрмалас сөйлем түрлеріне дейін қамтылып, қосымша түсіндірмемен жабдықталады. Сөйтіп, оқушыға кестені өзбетімен пайдалану мүмкіндігі беріледі. Сонымен бірге терминдер мен түсіндірмелердің екі тілде беріліп, қазақ және орыстілді аудиорияларды қатар қамтиды.
Оқушы қажетін қанағаттандыра алатын негізгі грамматикалық мағлұматтар осы сегіз кестеде толық бейнеленеді. Сондықтан ол оқушының қажет сәтінде пайдаланатын қолкестесіне (настольная таблица) айналады.
Кестеде тіл заңдылықтары практикалық қолданысқа бейім берілді. Оқушы жаттығу орындауда кестеге сүйенеді. Дағдыланған сайын оқушының оған тәуелділігі жойыла береді. Сөйтіп, тілдік категория автоматты деңгейге дейін меңгеріледі.
«Бағдаршам» кестесі және оны пайдалану әдістері алдағы мақалаларда қарастырылады.