Шығыс Қазақстан облысы,
Семей қаласы, Қ.Рысқұлбеков атындағы № 33 орта мектеп
Бастауыш сынып мұғалімі
Кадиркешова Куралай Есимхановна
Ашық тәрбие сағаты
Тақырыбы: «Әдептілік — әдемілік»
Мақсаты:1. Оқушылардың білгендерін бір жүйеге келтіру, толықтыру, сыпайы сөздерді орнымен қолдануға үйрену.
2.Оқушылардың сөздік қорларын молайту, әдептілік пен әдепсіздік туралы өз ойларын қорытып, тұжырымдай білуге үйрету.
3. Үлкенді сыйлауға, адамгершілікке, имандылыққа тәрбиелеу, жақсы қасиетке үйрету, жаман қасиеттен жиренту арқылы адамгершілік қасиетін дамыту.
Көрнекілігі: Сөз жұмбақ, нақыл сөздер, мақал-мәтелдер, ассоц. карта.
Барысы: I. Кіріспе сөз.
II. Сөз жұмбақ.
III. Тақпақтар, нақыл сөздер.
IV. Көрініс.
V. Мақал-мәтелдер. (Әдептілік туралы)
VI. Ситуациялық жағдаяттар.
VII. Ассоц. карта.
«Жалғастыр» ойыны.
VIII. «Зеңгір көктем» ән.
I. Кіріспе сөз.
Әсемпаз болма әрнеге
Өнерпаз болсаң әрқалан!
Сенде бір кірпіш дүниеге
Тетігін тап та, бар қалан!, — деп Абай атамыз айтпақшы бүгінгі заманда яғни сендер «Сегіз қырлы , бір сырлы» болып өсулерің керек. Оның ең бастысы адамгершілік екен. Бір адам болып қалыптасу үшін әр бір бала жеке бас гигиенасын сақтау керек. Мысалы: шашы өспей, тырнақтары алынған, киімін дұрыс ұқыптап киюі керек.
Балалар, болашақ сендердікі сондықтан білім алған жолдарыңнан бастап, мектеп өңірінде болып жатқан тәрбие жұмыстарына назар аударып, ұстаздардың берген тәлімдерін өз бойларыңа жинап, өнегелі болып өсулерің керек.
Яғни адам болып өсу үшін тек өз бойымызға жақсы қасиеттерді жинап өсуіміз керек. «Жақсыдан үйрен — жаманнан жирен» деген сөз.
Ата-анаңның тілегі — сенің жақсы адам болып, азамат болуың.
Сенің Отан сүйгіштігің, оқу мен еңбектегі табыстарың ата-ана үшін шексіз бақыт. Ата-анаңның алдында шыншыл бол! Кішіге мейірімді, досыңа қайырымды бол!
Бойында осындай қасиеттер бар баланы біз қандай бала дейміз?
— тәртіпті, әдепті, үлгілі т.б.
Ақын:Ермек Өтетілеуов шумақтарында былай дейді.
«Жабырқауды білмейміз.
Жалқаулықты сүймейміз,
Біз таланты жас ұлан
Үлгі аламыз жақсыдан», деген екен.
II. Сөзжұмбақ.
«Әдептілік» тобы
1. Анаңның анасы саған кім?(әже)
2 .Оң аяқ, сол аяқ
Кезек оны тебеді.(доп)
3.Бала тәрбиесі (бесіктен)
4. Жеті күн. ( апта)
5. Мектептегі екінші анаң.(ұстаз)
6.Бірлік болмай (тірлік)болмас.
7. Тілі жоқ өзінде,
Сөзі бар өзінде.(қалам)
8. Сүттен жасалатын тағам.(ірімшік)
9. Қабат, қабат қаптама,
Ақылың болса аттама. (кітап)
«Әдемілік» тобы
1. Үйреткен ілімді қырық екі білімді. (әліппе)
2. Жұмыс бізді үш жамандықтан құтқарады.
ауырудан, жоқшылықтан,( зерігуден)
3. Жақсыдан үйрен — жаманнан (жирен)
4. Білім ордасы не? (мектеп)
5. Халықпен халықты, адам мен адамды теңестіретін не? (білім)
6. Бала тілі — (бал)
7. Үлкенге құрмет — кішіге (ізет)
8. Күн күледі,
Түн түледі. (көктем)
III. Тақпақтар, нақыл сөздер.
«Әдептілік» тобы.
Мектепке біз барғанда
Жолыққан бар жандарға
Ақниетпен пейілмен,
Қайырлы таң!- дейміз біз
Күндіз де елді елейміз
Қайырлы күн!- тілейміз.
«Әдемілік» тобы
Тағам дәмді тұзбенен
Үйдің сәні қызбенен
Деген сөзді естігем
Қыз боламын есті мен
Тазалықты қалаймын
Үйдің ішін жинаймын.
IV. Көрініс.
V. Мақал-мәтелдер. (Әдептілік туралы)
1.Әдептілік белгісі — иіліп сәлем бергені.
2.Әдепті бала — арлы бала, әдепсіз бала – сорлы бала.
3.Әдепсіз бала
Ауыздықтан атпен тең
Ақылды қария
Жазып қойған хатпен тең.
4.Әдептің не екенін
Әдепсіз адамды көргенде ұғарсың.
5.Аға әдепті болса,- іні әдепті
Апа әдепті болса, — сіңлі әдепті.
VI. Ситуациялық жағдаяттар.
« Әдептілік » тобы
1. Автор. сіз отырсыз. Үлкен қарт адам кірді.Бос орын жоқ.
Не істер едіңіз?
2. Көшеде бір қарт адам құлап қалды.Не істер едіңіз?
3. Сіз мектепте біреудің сөмкесін тауып алдыңыз.Не істер едіңіз?
«Әдемілік» тобы
1 Сіз дүкенде кезекте тұрсыз.Сіздің артыңызда әжей тұр.
2 Көшеде, мектепте, үйде таныс кісілер, мұғалімдер кездессе не деу керек?
3 Үлкен кісі қолындағы затын көтере алмай келе жатыр оған не деу керек?
VII. Ассоц. карта.
« Әдептілік » тобы
Адамның бойында қандай жақсы қасиеттер болады?
«Әдемілік» тобы
Адамдың бойында қандай жаман қасиеттер болады?
«Жалғастыр» ойыны.
«Әдептілік» тобына. Не істеуге болмайды?
— үлкендердің алдынан кесіп өтуге болмайды;
— кішкене баланы жылатуға болмайды;
— құстарды атуға болмайды;
— сабақтан кешігуге болмайды;
— сыныпта айғайлауға, жүгіруге, шашуға, секіруге болмайды;
«Әдемілік» тобына. Не істеу керек?
— үлкенді сыйлау керек;
— үлкендердің тілін алу керек;
— кішілерге қамқор болу керек;
— оқу құралдарын күтіп, таза ұстау керек;
— сабақты жақсы оқу керек;
VIII. «Зеңгір көктем» әні орындалады. Осымен бүгінгі ашық тәрбие сағатымыз аяқталды.
Әдептілік — тәрбие бастауы.
Әдептілік — тәрбие бастауы.
Мақсаты: Оқушыларды адамгершілікке, әдептілікке, қарапайымдылыққа,, кішіпейілділікке, әдептілікке, жаман әдеттерден аулақ болуға, өз халқының салт-дәстүрін ұйрене отырып, әдеп әліпесін дарыту.
Сабақтың түрі: Топтық, ұжымдық.
Әдіс-тәсілдері: Сұрақ-жауап, көрініс көрсету, баяндау, ой толғау.
Көрнекілігі: Өсиет сөздер, мақалдар, адамгершілікке байланысты суреттер, құпия хат.
Шараның өту барысы:
І. «Әдептілік әдемілік»
Оқушы пікірлерін оқып беру.
ІІ. «Құпия хаттар»
Конверттер бойынша сұрақтар.
ІІІ. « Әдептілік әліппесі».
Тақырыптарын айту, көрініс көрсету.
ІV. Қорытынды.
«Жалғастыр» ойыны.
І. Жүргізуші:
Тәрбие сағатын әдептілік туралы өлең шумақтарымен ашайық.
— Әдептілік дегенді қалай түсінесіз? Сол жөнінде оқушы пікірін тыңдайық.
1 — оқушы:
Әдептілік — әдемілік. Әдепті адам әдемі.Ол өзінің дұрыс киінуі, сыпайы сәлемдесуі, өзін-өзі күте білуімен әдемі.
2 – оқушы:
Мен Айымның пікіріне қарсымын. Әдемі адамның бәрі әдепті бола ма?
Әдептілік дегеніміз өзін-өзі кез-келген ортада ұстай білу. Ол әдемі болмаса да, өзін-өзі ұстай білсе — әдепті.
3 – оқушы:
Үлкен кісілерге «Ассалаумағалейкум» деп амандасып, амандығын, денсаулығын сұрау парыз. Дұрыс амандасудың адамгершілік, имандылық мәні бар. Иманы жоқтың, ұлты жоқ.
4 – Оқушы:
Неге? «Ассалаумағалейкум» деп амандаспасан, үлкендер сәлемімізді алмай ма? Әйтеуір үндемей кетпесек болды емес пе?
5 – Оқушы:
Дұрыс тамақтану, мезгілді ұйықтау, ата мен ананы сыйлау — халықтың дәстүр, халықтың әдеп. Біз осы нәрселерді, адамгершілік қағидaларды сақтай білсек, ұлттық әдепті қорғай білеміз.
6 – Оқушы:
Түнде ұйықтауын ұйықтармын-ау, бірақ теледидардан жақсы кино болып жатса, оны неге көрмеймін. Сонда мен әдепсіз болғаным ба?
7 – оқушы:
Сен дұрыс демалмасаң ерте тұра алмайсын. Әрбір тірліктің өз уақыты бар. Оны дұрыс пайдаланудың өзі әдептілік.
8 – оқушы:
Жақсы амандассам, әдемі киінсем, сыпайы сөйлесем, тек қана дұрыс ұйықтамағаным үшін әдепсіз емеспін деп ойлаймын.
ІІ жүргізуші: Басқа сыныптастарымыз не айтар екен.
9 — оқушы:
Үлкен адамға сәлем беру кіші адамның міндеті. Қазақта «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыс жастағы қария сәлем береді» деген бар. Ал кездескен кезде кіші адам үлкен сәлем бермей кетсе, ол әдепсіздік, көргенсіздік, сәлем беру имандылық, инабаттылық, көргенділік, мәдениеттілік белгісі.
10 – оқушы:
Сәлемдескенде, сәлем бергенде, әркім дауыстың дабырламауына, үнінің үйлесімділігіне, яғни дауыс ырғағына ерекше көңіл аударып, салмақпен, әдеппен сөйлеуге міндетті. Сөз басы сәлем дегеніміз сол.