Езулік дыбыстар \»Бағдаршамы\»

Езулік дауыстылар «Бағдаршамы»

(Кестеге үйрету әдісі)

 Бұл материал тіл дыбыстарын жіктеп үйренуге арналады. Әрине, оқушы тіл дыбыстарын жақсы біледі. Бірақ біздің мақсатымыз – оларды өздік жұмысқа баулып, шығармашылық белсенділікке тарту. Ол үшін кестені өздерімен
біріге отырып, қайтадан жасаймыз. 

Алдымен мұғалім тақтаға былай жазып, ортасын сызықпен бөледі:

Жуан:     

Жіңішке:

Мұғалім: «Әліпбидің бәрімізге таныс 1-әрпін атаңдар». Жауап: «А».

Мұғалім: «А» дыбысы дауысты ма әлде дауыссыз ба?». Жауап: «Дауысты».

Мұғалім: «А» дыбысы жуан ба әлде жіңішке ме?». Жауап: «Жуан».

Мұғалім: «А»-ның орны қай қатар жуан ба, жіңішке ме?». Жауап: «Жуан».

«А» әрпі жуан қатардан орын алады:

Жуан:           А

Жіңішке:

Мұғалім: «Мысал келтіріңдер». Оқушылар мысал келтіреді.

Мұғалім: «А» әрпі қай көріністе тұр: сөздің басында, ортасында, соңында ма?».

Жауап: «Барлық көріністе тұр: сөздің басында, ортасында, аяғында».

Мұғалім: «А» сөздің барлық жерінде жұмыс істейді екен. Ол белсенді ме әлде енжар ма (жалқау ма)?». Жауап: «Белсенді».

Мұғалім: «Дұрыс айтасыңдар, белсенді әріптің жолы ашық болу керек. Бағдаршамның қай түсі жолдың ашық екенін білдіреді?». Жауап: «Жасыл».

Мұғалім: «Онда белсенді «а» әрпіне бағдаршамның қай түсі лайық: қызыл, сары, жасыл?». Жауап: «Жасыл».

Мұғалім: «Тамаша. «А» әрпіне жол ашатын жасыл түс берейік».

«А» әрпіне жасыл түс беріледі:

Жуан:           А

Жіңішке:   

Мұғалім: «А» дыбысының жіңіше жұбы қай әріп?». Жауап: «Ә».

Сұрақ: «Сенімдісіңдер ме?». Жауап біраузды: «Иә-ә».

Мұғалім: «Ә» дыбысы дауысты ма әлде дауыссыз ба?». Жауап: «Дауысты».

Мұғалім: «Ә» дыбысы жуан ба әлде жіңішке ме?». Жауап: «Жіңішке».

Мұғалім: «Ә»-нің орны қай қатар жуан ба, жіңішке ме?». Жауап: «Жіңішке».

«Ә» әрпі жіңішке қатардан орын алады:

Жуан:           А

Жіңішке:   Ә

Мұғалім: «Ә» дыбысына мысал келтіріңдер». Оқушылар мысал келтіреді.

Мұғалім: «Ә» әрпі сөздің басында ма, ортасында ма, соңында ма?». Жауап: «Сөздің басында және ортасында».

Мұғалім: «Қараңдаршы, «ә» әрпі қай буында тұр?». Жауап: «1-буында».

Мұғалім: «Сөздің соңында бар ма?». Жауап: «Сөз соңында жоқ».

Мұғалім: «Ә» әрпі енжар (жалқау) екен. Сондықтан 1-буыннан әрі оған жол жабық. Бағдаршамның қай түсі жолдың жабық екенін білдіреді?». Жауап: «Қызыл».

Мұғалім: «Еріншек «ә» әрпіне қай түс лайық?». Жауап: «Қызыл».

Мұғалім: «Келістік, еріншек «ә» әрпіне тоқтау белгісі — қызыл түс берейік».

«Ә» әрпіне қызыл түс беріледі:

Жуан:           А

Жіңішке:   Ә

Мұғалім: «Жаңа «а» дыбысының жіңішке жұбы «ә» дедіңдер ме?». Жауап: «Иә».

Мұғалім: «Онда мысалдарыңды көпше түрде жазыңдар». Оқушылар «әжелер», «әкелер», «әндер», «әтештер» деп жазады. Бәрі дұрыс.

Бірақ мұғалім дағдарған кейіп танытады. Бірдеңе түсініксіз…

Мұғалім: «Бұл қалай?.. «А» дыбысының жіңішке жұбы «ә» демеп пе едіңдер? Онда «әжеләр», «әкеләр», «әндәр», «әтештәр» деп жазуларың керек еді ғой.

Енді оқушылар дағдарыста. Бәрі дұрыс еді. Бірақ мынау не сұрақ?.. Бұл қалай? Жауап іздеп әлек. Іздесін. Мұғалім тыңдап, бақылап, тиісінше бағдар сілтейді.

Мұғалім: «Өз мысалдарыңды қарастырайық. «Ә» сөздің түбірінде тұр ма әлде жалғауда ма?». Жауап: «Түбірде».

Мұғалім: «Дұрыс. Сөздің басында ма, соңында ма?» Жауап: «Басында».

Мұғалім: «Жақсы байқадыңдар. Бірақ тағы тексерейік. Тапсырма орындаңдар.

Тапсырма: Көп нүктенің орнына жақшадағы сөздің дұрыс нұсқасын қойыңдар.

1. «Ә» дыбысы …………………… (түбірде, жалғауда)  ғана кездеседі.

2. «Ә» дыбысы сөздің ….. ………………(соңында, басында) жазылады.

3. «Ә» дыбысы жалғауларда …………………..  (кездеседі, кездеспейді).

4. Жалғауларда «а»-ның жіңішке жұбына  ….. (ә, е) әрпі алынады.

Нәтижесінде оқушылар мынадай қорытындыға келуі тиіс:

1. «Ә» дыбысы  түбірде ғана кездеседі.

2. «Ә» дыбысы сөздің басында ғана жазылады.

3. «Ә» дыбысы  жалғауларда мүлде кездеспейді.

4. Жалғауларда «а» әрпінің жіңішке жұбы «ә» емес, «е» әрпі болады.

 

Мұғалім: «Бәрекелді! Сонымен, «ә» әрпі:

1) түбірде болады;
2) сөздің басында ғана кездеседі;

3) жалғаударда мүлде кездеспейді;

4)  жалғауларда «а» әрпінің жіңішке жұбы «ә» емес, «е» әрпі болады екен.

Мұғалім: «Олай болса, «е» әрпіне мысал келтіріңдер». Мысалдар жазылады.

Мұғалім: «Е» әрпі қай көріністе: сөздің басында, ортасында, соңында ма?».

Жауап: «Барлық көріністе: сөздің басында, ортасында, аяғында».

Мұғалім: «Е» сөздің барлық жерінде жұмыс істейді екен. Ол белсенді ме әлде енжар ма (жалқау ма)?». Жауап: «Белсенді».

Мұғалім: «Ендеше белсенді әріптің жолы ашық болу керек. «Е» әрпіне бағдаршамның қай түсі лайық?». Жауап: «Жасыл».

Мұғалім: «Олай болса, «е» әрпіне жол ашатын жасыл түс берейік».

«Е» әрпіне жасыл түс беріледі:

Жуан:             А

Жіңішке:      Ә   Е

Мұғалім: «Жарайсыңдар! Өздеріңе «бағдаршам» жасап алдыңдар. Енді осы бағдаршамдарың бойынша «а/е, ә» дыбыстары туралы қорытынды жасайық».

Оқушылар мынадай қорытындыға келуі тиіс:

«А»: дауысты, жуан дыбыс. Ол барлық көріністе (сөздің басында, ортасында, соңында) жазылатын белсенді жасыл әріп. Ол түбір, жұрнақ, жалғаулардың бәрінде кезеседі.

«Е»: дауысты, жіңіше дыбыс. Ол барлық көріністе (сөздің басында, ортасында, соңында) жазылатын белсенді жасыл әріп. Ол түбір, жұрнақ, жалғаулардың бәрінде кезеседі. «Е» дыбысы «а»-ның жіңішке жұбы болады.

«Ә»: дауысты, жіңіше дыбыс. Ол сөздің басында (1-буында) ғана жазылатын енжар қызыл әріп. Қосымшаларда кезеспейді.

Мұндай әдіс оқушыны шабыттандырып, өзіндік әрекетке баулиды.

Кестені әрі қарай жалғастырып, мынадай қалыпқа келтіруді өзіңізге тапсырамыз:

Жуан:           А        Ы         (ый)

                                              И

Жіңішке:     Ә   Е       І          (ій)

Іске сәт!

Сұрақ, пікір, ұсыныстарыңызды «Комментарий» бөліміміне салыңыз, хабарласамыз.

Кәкімбек

Добавить комментарий