Сейтек Оразалыұлының «Сексен ер» күйі

Сейтек Оразалыұлының «Сексен ер» күйі

КҮЙ ӨНЕРІНЕ БАУЛУ МЕКТЕПТЕН БАСТАҒАН ДҰРЫС

Зейнуллин А.Ф.
Батыс Қазақстан облысы, Бөкейордасы ауданы.
Домбыра сыныбының оқытушысы

Сабақ тақырыбы: Сейтек Оразалыұлының «Сексен ер» күйі
Сабақтың мақсаты: Күйшілік дәстүрдің мән-мағынасын түсіну, күй жанрына деген
қызығушылығын арттыру.
Білімділік: Күйші Сейтек Оразалыұлының өмірі мен күйлерін таныстыру.

Тәрбиелілік: Сейтектің күй өнерінде алатын орныжәне ұлттық патриотизмді қалыптастыруға тәрбиелеу.

Дамытушылық: Оқушылардың күйді ойнаған кезде, дұрыс ойнау, есте сақтау,
қорытындылау, қабілеттерін дамыту.
Сабақтың түрі: Жеке оқушымен саз мектебінде өткізуге арналған.
Сабақтың әдіс-тәсілі: әңгімелеу, сұрақ-жауап, Венн диаграммасы.
Көрнекілігі : Атақты күйшілердің суреттері, буклеті, кітаптары.
Сабақ жоспары:
I. Ұйымдастыру бөлімі.
II.Үй тапсырмасын тексеру.
III.Жаңа сабақ. Сейтек Оразалыұлының «Сексен ер»күйі.
1.Сейтек Оразалыұлының өмірбаянымен,
шығармаларымен таныстыру.
2. «Сексен ер» күйінің шығу тарихын баяндау.
3. Күйдің орындалуы
4. Күйді талдау.
Сабақ барысы.
І. Ұйымдастыру бөлімі.
ІІ. Сұрақ- жауап әдісімен үй тапсырмасын тексеру.
1. Қандай күйшілік дәстүрлерді білесің?
2. Батыс Қазақстан өңірі қандай күйшілік дәстүрге жатады?
3. Бөкей ордасынан шыққан қандай күйші-композиторларды және
олардың қандай күйлерін білесің?
4. Дәулеткерей Шығайұлы, Дина Нұрпейісова , Құрманғазы
Сағырбайұлы, Сейтек Оразалыұлының күйлеріне қысқаша шолу.
5. Үй тапсырмасын тексеру.

Жаңа сабақ. Сейтек Оразалыұлының «Сексен ер» күйі
1. Сейтек Оразалыұлының өмірбаянымен, шығармаларымен таныстыру.

Тірі кезінде аты аңызға айналып, есімі ел ішіне тараған Сейтек Оразалыұлы
Бөкейордасы ауданының Саралжын ауылында 1861 жылы 15 мамырда дүниеге келген.
Сейтектің әкесі Оразалы әр байдың малын бағып күнелткен. Сейтек бала кезінен-ақ
музыкаға өте қабілетті болады. Ол ағаш домбыра тартуды ағасы Сұлтанғалидан,содан кейін
Шошақ деген домбырашыдан тәлім алған. Кейін Әлікей, Макар, Салауаткерей, Тұрып сияқты
домбырашылармен танысып, олардың өнердің бай әлеміне құлақ  құрышын қандырады.
Домбыраға айрықша ден қойып, өз жанынан күй шығара бастайды. Сейтек жастайынан
жоқтықты көп көрген, кедей -кепшіктің қамын ойлаған, өмір сүрген заманының ауырлық-тауқыметін көп көрген күйші.Оның азатшыл рухы, әділет сүйгіш, болмысы кең, заманның
кесапатты қалпымен бітіспей өткен.
Сейтек замана әділетсіздігіне қарсы шыққаны үшін  өмірінің көбін қуғын-сүргінде
өткізген. Сейтек, Орда, Үркіт,Астрахань Москва түрмелеріне қамалған. «Саяси аса қауіпті»
деген айыппен 1897 жылы Сібірге жер аударылған. Осы кезде “Айдау”, “Түңілдім”, “Арман”
атты күйлерін шығарды. Содан да болар, Сейтек күйлері ішкі мазмұнға бай, талғамдары
терең, әуез-сазы мұңды болып келеді. Бұған қоса, ол домбыраның бар мүмкіндігін еркін
пайдалана білген.
”Сейтек перне”  аталып кеткен бас пернемен тартылатын оқшау сарындағы
күйлерімен де Сейтек, күй сүйер қауымды айрықша тәнті етеді. Ол Дәулеткерейдің күйлерін
тыңдап өнерпаздық қазынасын молайтып отырды.
Сейтек күй анасы Динамен құрдас, екеуі Нарын құмында талай кездесіп, шығармашылық
байланыстарын жетілдіріп отырған.
Сейтектің 20-дан астам күйлері жиналып баспа бетінен жарық көрді.

Сейтек Оразалыұлының «Сексен ер» күйі

Сейтек Оразалыұлы  қазақ төкпе күйлерінің негізін салушылардың бірі. Оның күйлері
Қазақстан композиторларының шығармаларынан кең орын алды және де көптеген күйлері халық аспаптар оркестрінің негізгі репертуарына енді.
Құраманғазы  бабамыздың  қасында  жүріп,  домбыра  тартудағы  қол  алысына,
саусақтарының пернені бойлап, сан құбыла жорғалауына разы болған күйші өнерінің есімі
ешқашан ұмытылмайды. 2. «Сексен ер» күйінің шығу тарихы 1919 жылы Ордада тұңғыш қазақ атты полкі құрылады.Уақыт өткен сайын атты әскер
полкінің қатары көбейе береді. Қатарға жаңа қосылған жастардан құрылған 130 адамнан
тұратын  бөлімшені  Бейсен  Жәнекешов  басқарған  еді.  Осы  бөлімше  1919  жылы
15желтоқсанда Ордаға келіп аялдайды. Ал бұл кезде ішкі жаулар мен бандылардың жасырын
әрекеттері әлі де тоқтамаған еді. Қолдарында қаруы , әскери тәжірбиесі жоқ жаңадан
құрылған осы бөлімшенің Ордаға келгенін халық жауы Мылқайдар біліп, Анохинның
бастауындағы бандыларға хабарлайды. Түн ортасы ауа Анохинның бандылары бейқам
жатқан 130 жігітті қоршауға алады.
Тірідей жау қолына түсуді ар көрген қызыл әскерлер қарулы жаумен арпалысады. Осы
соғыста 50 адам тірі қалады да, 80 жігіт қаза табады. Осындай, халықтың азаттығы мен
бостандығы жолында құрбан болған 80 жігіттің қазасына, Бейсен Жәнекешов:

Аттанып Нарынқұмға баралық та,
Қылышты қызыл қанға малалық та,
Кешегі құрбан болған сексен жігіт,
Жолына Мылқайдарды шалалық та,-

деп тірі қалған сарбаздарды ертіп Нарынқұмға аттанады. Құмдағы шағыл арасында
жасырынып жүрген Мылқайдарды тірідей ұстап, сексен ердің кегі үшін құрбан шалады.
Сексен жігіттің өліміне қатты қайғырған Сейтек: ”Қайран қапыда кеткен ерлерім-ай”- деп,
«Сексен ер» атты күйін мұңая отырып тартады.
3. Күйдің орындалуы (өз орындауымда)
4. Күйді талдау.

Сейтек Оразалыұлының «Сексен ер» күйі

Оқушыға түсінікті болу үшін буындарға бөліп қайтадан ойнап көрсетемін. Скрипка
кілтінде қандай альтерация белгілері мен өлшемдер кездесетінін анықтап алу.
Өлшем өзгеріп тұратындықтан ноталарды санап ойнатамын. Бас буындағы «Сейтек
пернесі» деп аталатын үстіңгі ішектегі ойналатын сегіздік ноталарды ерекше, нақтылай
орындалуын көрсетемін. Күй негізінде көбіне түйдек қағысы мен (пvп), алма кезек (пvпv)
қағыстарымен орындалады.
Орта буыннан кіші сағаға түскен кезде үстіңгі ішектегі ойналатын сегіздік ноталарды
ерекше жұмсақ орындап, оң қолдың қағыстарын жеңіл ойнап, әрі соңына дейін тыңдап
орындау қажеттігін айтып өтемін. Орта буындағы көп ойналатын сегіздік ноталарды ерекше
вибрациямен (саусақты   пернеде сәл тербете) ұстап, келесі дыбысты орындағанда жәй
жұмсақ орындауды қадағалаймын.
Күй орындалған кезде динамикалық негіздерге, фаршлагпен дыбыстарды әдемілеп
ойнауға көңіл бөлу.
Күйдің coda-сын дыбыстарды ұстаңқырай келе pp-мен аяқталу қажеттігін көрсетемін.

IV. Сабақты қорытындылау.
Сабақты қорытындылай келе тақырыпқа байланысты сұрақ-
тапсырмалар беріледі:
1. Күй кімдерге арналған?
2. Қандай көңіл-күйді білдіреді?
3. Күйді тыңдаған кезде нені елестетуге болады?
4. Венн диаграммасын құру

Сейтек Оразалыұлының «Сексен ер» күйі

V. Үй тапсырмасы. «Сексен ер» күйін берілген жерге дейін
шығарып, жаттап келу.
VI. Оқушыны бағалау.

Автор туралы қысқаша мәлімет:
Зайнуллин Азамат Файзоллаұлы Орал   қаласындағы   Дәулеткерей атындағы Өнер Институтында оқып білім алған. 1999 жылдан бері Аудан орталығындағы саз мектебінде ұстаздық етіп, оқушыларды күй өнеріне баулып келеді.   Аудандық, Облыстық, Республикалық байқауларда талай топ жарған Азамат Файзоллаұлы 2005 жылы Дәулеткерей атындағы Республикалық байқаудың лауреаты болды. Домбыраның құлағында  ойнайтын оқушылары  талай  рет облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардың жүлдегері атанды. Олардың  алды ұстазының жолын қуып, еліміздің әр түкпірінде Алматы, Астана, Орал қалаларынды
ұстаздық етіп жүр, ал кейінгілері саз колледждерінде, консерваторияда білім алуда.

Добавить комментарий