Сыныптан тыс іс- шара сценарийі.
Тақырыбы: «Дәстүрім- асыл қазынам».
Мақсаты: Ата — бабамыздың бізге қалдырған дәстүрін ұмытпай насихаттап, оны қастерлеп, құндылықтарын өсіп келе жатқан ұрпаққа жеткізу.Қандай отбасы болмасын, балаларды отбасылық дәстүр негізінде тәрбиелей отырып, еліміздің Жас ұрпақтарының бойында адамгершілік, әдептілік, имандылық, ұлттық сана-сезімі мол, рухани жағынан дамып, қалыптасқан тұлға тәрбиелеу. Оқушыларды жан жақты жетілдіру , халықтың дәстүрлерге деген құрмет сезімін дамыту және халық педагогикасы арқылы бойларында адамгершілкке деген сүйіспеншілікті қалыптастыру. Оқыту мен тәрбиелеудің біртұтастығын, сонымен қатар баланың шығармашылық қабілетін шыңдау.
Өтетін орны: акт залы.
Жабдықтар: нақыл сөздер, киіз үй, дастарқан жабдығы.
Барысы:
Сахнада киіз үй көрінісі, киіз үйдің ішінде дөңгелек үстел, дастархан басында ата, әже, болашақ нәрестенің әкесі, ағасы, апасы шай ішіп отырады.
1- Жүргізуші:
Қазақ өте балажан халық. Дүниеге сәби келсе, қазаққа одан өткен зор қуаныш жоқ.
Бар нәрсенің ләззаты,
Ата-ананың жаннаты,
Бұл дүниенің мұрасы,
Перзентіңнің ырасы.
Дүниеге келген жаңа өмір иесінің қуанышына әйел босанған күні кешке ауыл жастарының шілдеханаға жиналып таң атқанша, сәбидің анасын ардақтап ән салып, күй тартуы, кейде шілдехананың үш күнге дейін созылуы осы қуаныштың белгісі. Бұндай шілдеханаларға тек жастар ғана қатысатын болған. Себебі, жаңа туған нәрестені түрлі жын-шайтан, перілердің салқынынан қорғап, күзету халқымыздың сенімі бойынша тек қана жастардың міндеті саналған.
1-Жүргізуші:
Қандай бір жаңалық болса да қазақтың сүйінші сұрау әдеті бар. Ал бала туған кезде нәрестенің ата-әжесінен, әкесі мен туған-туысқандарынан сүйінші сұраудың орны тіптен бөлек. Жақсы хабар жеткізіп сүйінші сұраған адамға бағалы сыйлықтар берген. Сүйінші хабарды жеткізуші қанша алыс жер болса да баруға даяр болған.
Сахнаға бала жүгіріп шығып,
Сүйінші, сүйінші,
Жеңешем ұл тапты, – дейді.
Үйде отырғандар қуаныштары қойындарына сыймай,
Атасы: Қазақтың саны тағы бір балаға өсті.
Әкесі: Мен әке атандым!-деп қуанып, балаға сүйіншісін беріп аттандырады.
Сахнаға ұлттық киім киген оқушылар шығып, үй иелеріне:
— Бауы берік болсын!
— Сәби ұзақ ғұмырлы болсын,
— Өмірі көркем көңілді болсын.
— Ата-анасына мейірлі болсын,
— Ағайын жұртқа пейілді болсын деп, — дастарқан басына отырады.
2- жүргізуші:
Қазақтар есім таңдауды халықтық болмыстың діңгегі – үлкенді сыйлау арқылы жүзеге асырып отырған. Сондықтан нәрестеге ат қоюды елдің сыйлы адамынан өтінетін. Балаға ат қою – қазақта аса салтанатты жағдай. Әдемі, атақты, құрметті адамдардың атын қоюға тырысады. Сол атқа лайықты болуын қалайды. Нәрестенің атын сыйлы құрметті адамға қойғызады. Ат қойған адам сәбиге батасын береді.
Ортаға 2 оқушы шығып:
Бүгін мұнда ән бөлек,
Себілетін дән бөлек.
Ағын судай сарқырап,
Төгілетін ән бөлек.
Тамылжыған шапағы,
Балқып атқан таң бөлек.
Айдай туып ақ бөбек,
Шаттандырды елді ерен.
Бәйшешектей құлпырған,
Құтты болсын, бал бөбек!..
Осы кезде дастарқан басына жаңа туған нәрестені әкеледі.
Әжесі:
— Қария, ауылымыздың сыйлы ақсақалдарының бірісіз. Мына немереме ат қоюды сізден өтінемін. Азан шақырып баланың атын қойып беріңізші.
Төрде отырған ақсақал баланы алып:
— Сүйінбай атамыздай кемеңгер ақын, халқының аяулы азаматының бірі болсын деп, балаға «Сүйінбай» деген есім (ат) бергім келіп отыр. (Барлығы қарияның таңдаған есімін қоштайды)
Сенің атың- Сүйінбай,
Сенің атың- Сүйінбай,
Сенің атың- Сүйінбай- деп азан шақырып, балаға ат қояды.
Ақсақал баланы көпшілікке көрсетіп, ақ батасын береді:
Әнет бидей еліңнің ағасы бол,
Халқыңның Қазыбектей данасы бол.
Жер, суды жау қалмақтан қорғап қалған,
Бөгенбайдай жұртыңның панасы бол.
Ер Сырымдай халқыңның көсемі бол,
Тоқсан бидей үш жүздің шешені бол.
Керейде Белгібайдай білекті бол,
Беріште Исатайдай жүректі бол…».
1- Жүргізуші:
Шілдехана өткеннен кейін баланың әке-шешесі бесік тойын жасайды. Нәрестені алғаш бесікке бөлеуге байланысты жасалатын ғұрыптық салтанат. Баланың кіндігі түсіп, кіндік жарасы жазылысымен бесікке салады. Бесік той, негізінен, тұңғыш балаға жасалынады. Одан кейінгі балаларға «бесікке салу» кәдесін ғана атқарады. Бесіктің жасауын баланың нағашылары дайындайды және олар ана мен балаға киім-кешек әкеледі. Осы әкелінген дүние мен бесікті көрсету мақсатында ауылдың ұрпақ өсірген қадірменді әжелері, әйелдер шақырылады.
Әжесі бесікті аластайды.
«Алас, алас әр пәледен алас. Асқар-асқар таумен кет!
Ағыны қатты сумен кет! Тастай қараңғы түнмен кет! Ұйқың қатты болсын, күлкің тәтті болсын!»
(Бесікке бөлу дәстүрі көрсетіледі).
Әй, әй бөпем, әй бөпем,
Ән айтайын бал бөпем.
Ән тыңдағың келсе егер,
Және айтайын жан көкем.
Бөпем менің ай ма екен,
Шекер ме екен, бал ме екен.
Ойнақтап бір бәйгеден,
Озып келер тай ма екен.
1- Жүргізуші:
Туғанына қырық күн толғанда баланы қырқынан шығарады. Қырқынан шығаруға жиналған әйелдер баланы теңге, сақиналар салынған тегешке шомылдырады. Әйелдердің үлкені «Отыз омыртқаң жылдам бекісін, қырық қабырғаң жылдам қатсын» деп, баланың үстіне қырық қасық су құяды. Сақиналарды баланы шомылдыруға қатысқан әйелдер бөліседі. Келесі кезекте баланың шашын, тырнағын алады. Шашын шүберекке түйіп, киімінің иығына қадайды. Тырнағын адам баспайтын жерге көмеді. Бала қырқынан шыққанға дейін киген ит жейдесіне тәттілерді түйіп, иттің мойнына байлап қоя береді. Балалар итті қуып жетіп, тәттілерді бөліседі. Туған-туыстар жиналып, қырқынан шыққан сәбиге ақ тілектерін айтады.
(Қырқынан шығару дәстүрі көрсетіледі)
Сәбиді қаз тұрғаннан кейін тез жүріп кетсін деген тілекпен жасалатын ғұрып,ырым.Ол үшін арнайы ала жіп дайындалады.Бұл біреудің ала жібін аттамасын деген ұғымнан шыққын.Сол жіппен баланың аяғын тұсап,оны жылдам басатын әйелге қидырады.Сүріншек,жайбасар адамдарға кестірмейді.Тұсауы кесілген баланың қолынан ұстап,тез жүгіртеді,шашу шашылады.Баланың ата-анасы тұсау кесушінің кәдесін береді.Тұсаукесердің арнаулы жыры айтылады.
Осы кезде ортаға баланың әжесі, анасы және тұсауын кесетін ардақты әже, тағы бірнеше көрші әйелдер ортаға шығып, баланың тұсауын кесу дәстүрін көрсетеді.
Тұсау кесуші әже арнайын жырды айтып, тұсауын кеседі.
Қаз-қаз балам, қаз балам
Қадам бассаң,мәз болам.
Тағы,тағы баса ғой,
Тоқымыңды жаз балам.
Қаз баса ғой қарағым,
Құтты болсын қадамың!
Осы кезде шашу шашылып, құттықтаулар айтылады.
Тұсауын кесіп, батасын береді.
Тұсауың кесілді, құлама,
Тізеңді жаралап жылама.
Құлындай құлдырап жүгірші,
Кәніки өзіңді сына да.
Секірсең құздардан сүрінбе,
Шыңдарға шыққанда бүгілме.
Болаттай қабырғаң қатайып,
От ұшқын ойнасын түгінде,
Ұзақ боп Иншалла өмірің,
Тасысын шаттықтан көңілің.
Жарқырап күн санап өсе бер,
Жарқылдап семсердей сенімнің.
Әумин.
Нәрестенің әжесі баланың тұсауын кескен әжеге кәдесін беріп, алғысын білдіреді.
1- Жүргізуші:
Қазақ халқының көнеден келе жатқан салт – дәстүрлері, ырымдары өте көп. Қазақ «қазақ» деген атын осы кезге дейін қазақи салт — дәстүрлерімен, ырымдарымен, той – мереке, тағы басқа да жол – жосындарымен талай елді таң қалдырып келеді. Ата- бабамыздың қалдырған асыл мұрасын қадірлеп, жоғалғанды жаңғыртып, қайта жаңартатын ендігі болашақ ұрпақтың өз қолында.
Сахнаға оқушылар шығады.
1- Оқушы: мейірімді болуға тәрбиелеген
2- Оқушы: тіл алғыш ,елгезек бол деп үйреткен ;
3- Оқушы: адалдық пен шындыққа ;
4- Оқушы: білгір бол, көпті көрген данышпанды , қарттарды тыңда
5- Оқушы: ата-анаңды , үлкенді сыйлауды өзіңе міндет етіп қой.
6- Оқушы: ел қорғаны бол, халқыңа адал қызмет ет ,бар өнеріңді соған жұмса.
2- Жүргізуші:
Қонақжайлық салтымыз,
Оқып-біліп жатырмыз.
Ата-салтын сақтасаң,
Арта берер даңқымыз.
Сау болыңдар көргенше,
Қайта оралып келгенше.
Жиі келіп тұрыңдар,
Қоштасайық ендеше- дей отыра, біз сіздермен қоштасамыз! Қош сау болыңыздар!