Пән мұғалімі
1-сабақ 5-сынып
Тақырыбы:
Кіріспе сабақ ТІЛ ТАБЫСА БІЛЕЙІК
Түсінісе білу ─ жақсы қасиет.
Халық даналығы
Мақсаты: «Өзара түсіністік» ұғымының адамгершілік құндылығы ретіндегі маңыздылығын ашу.
Міндеттері:
– өзара түсіністік, өзара сыйластық, тіл табысу туралы түсінік беру;
– балалардың өзін және басқа адамдарды түсіне білу қабілеттерін дамыту;
– балаларды өзара жағымды қарым-қатынас жасай білуге тәрбиелеу.
Көрнекі құралдар:
Шаттық шеңбері
Балалар шеңбер құрып тұрады да, бір-бірімен кезектесіп амандасады.
— Сәлеметсің бе, Азамат!
— Қайырлы күн, Меруерт!
— Сәлеметсіз бе, Әсем Асқарқызы!
— Сәлеметсіңдер ме, балалар, мен сендерді көргеніме қуаныштымын!
Осылайша бір-бірімен сәлемдесу аяқталған соң, төмендегі сөздерді айтады:
— Армысың, сұлу күн! (күнге қарап бас иеді)
— Армысың, ашық аспан! (аспанға қарап бас иеді)
— Қайырлы күн, баршаға! (құшақтарын жаяды).
Әңгімелесу
Әңгіменің негізгі желісі өзара түсіністік, тіл табысу жөнінде болады. Осы мақсатта мұғалім оқушыларға өсиет әңгіме айтып береді.
Алпамыс пен Махаббат ел аралап жүріп бір көңілсіз ауылға кезігіпті. Балалар көптен бері бір-бірімен ойнамақ тұрмақ, сөйлеспей де қойған екен. Балалардың қуанышы мен күлкісінің естілмегеніне көп уақыт өтіпті. Мұндай елде өмір сүру өте қиын ғой… Алпамыс пен Махаббат осы жағдайға қатты ойланып, оларға көмек бермек болыпты. Олар ары ойлап, бері ойлап осы халыққа ақыл-кеңес беруге Данышпан атаны алып келеді. Данышпан ата сол елдің жұртын жинап: «Адамдар бірін-бірі тыңдаса, кешіре білсе, бір-біріне шыдамдылық танытса, бірін-бірі жымиып, күлімдеп қарсы алса, өзара сыйласа білсе, тату-тәтті, достықта өмір сүреді, балалар қуанышқа бөленеді, бақытты болады», -деп айтыпты.
Данышпан атаның ақыл-кеңесін түсінген балалар бір-бірінен кешірім сұрап, тіл табысып, тату-тәтті дос болыпты.
Балалардың өмірлік тәжірибелерімен бөлісу үшін сұрақ қойылады:
• Сендер қандай жағдайда кімдермен татуластыңдар?
Балалардың жауаптары тыңдалып, қорытындыланады.
Әңгімелеу
Өзара сыйластық пен тіл табысудың қажеттілігін ұғындыру мақсатында мұғалім Ж.Мыңтұрғанованың «Әтеш, лақ және күшік» әңгімесін айтады.
Әтеш, лақ және күшік
Ж.Мыңтұрғанова
Әтеш, лақ және кішкентай күшік бұрыннан дос еді. Бір күні ойнап жүріп, Лақ мүйізімен күшікті түйіп қалды. Қорыққан күшік қашып кетті. Енді бірде әтеш лақтың арқасынан шоқып алды. Лақ бақырып жіберді. Бір-біріне көңілі қалған достар жан-жаққа кетті.
Достарын ренжітудің дұрыс емес екенін түсінген лақ күшікке барып:
– Дос болайық! Мен сені өткенде байқамай сүзіп жібердім, кешір, күшік –деді.
– Жарайды, кешіремін, – деді күшік.
Күшік содан соң әтешке барды:
– Дос болайық!
– Сендерді шоқып алғанымды кешіріңдер, достарым! – деді әтеш.
Сөйтіп үшеуі қайтадан достасты. Қазір олар бір аулада тату-тәтті өмір сүруде.
• Әңгімеде Әтеш, лақ және күшік қалай достасты?
• Бір-біріңмен ренжісіп қалғанда қалай тіл табысуға болады?
Балалар сұрақтарға жауап берген соң, мұғалім өзі түйіндеуіне болады.
– Балалар, дұрыс айтасыңдар. Адамдар бір-бірімен ренжісіп қалғанда, бірінен-бірі кешірім сұрайды. Кешірімді міндет етпей, шын көңілден сұрайды. Түсіністік болмай қалған жағдайда болған істі немесе айтар ойын жымиып тұрып, асықпай түсіндіріп айтады.
Тыныштық сәті
– Балалар, денелерінді түзу ұстап, бастарыңды жоғары көтеріп, ыңғайланып отырыңдар. Көздеріңді жұмсаңдар да болады. Ауаны терең жұтып, еркін тыныс алыңдар. Өздеріңнің тыныс алуларыңды бақылап, бақытқа, махаббат пен тыныштыққа толы таза, шипалы ауаның тұла-бойларыңа толғанын сезініңдер. Ал енді көздеріңді ашсаңдар да болады.
Жағдаяттарды талдау
Балалар мұғалімнің көмегімен төмендегідей жағдаяттарды талдап, шешеді.
1-жағдаят:
Әділ мен Мирас бірлесіп әдемі қайық жасапты. Олар қайықты өзенге жүздірмекші болғанда таласып қалыпты. Әділ мен Мирас ренжісіп қалады.
Тапсырма:
– Әділ мен Мирас қалай татуласады деп ойлайсыңдар?
2-жағдаят:
Самал мен Шынар бірлесіп гүл отырғызады. Гүлдері әдемі болып өсе бастайды. Олар гүлдерді суғаратын кезде сусепкішке таласып қалыпты. Самал Шынарға өкпелеп кетіп қалады.
Тапсырма:
– Самал мен Шынарды қалай татуластырар едіңдер?
Оқушылар жағдаяттар бойынша шешімдерін жариялап айтуларына болады.
Дәйексөз
Мұғалім тақтаға «Түсінісе білу ─ жақсы қасиет» деп жазып қояды және осы халық даналығын бүгінгі сабақтың дәйексөзі ретінде түсіндіреді:
– Дұрыс айтасыңдар, бір-бірімен келісіп іс істеген жағдайда ортақ шешімге келуге болады. Адамдардың бір-бірімен тіл табысуы үшін өзара түсіністік пен сыйластық, кішіпейілділік, сабырлылық қажет. Адамдар түсіністікте өмір сүрсе, қуанышқа бөленеді, жақсылыққа кенеледі. «Түсінісе білу ─ жақсы қасиет», – деп халық бекер айтпаған.
Үй тапсырмасы
Дәптерде берілген суреттер бойынша үй тапсырмасын орындау түсіндіріледі.
Тапсырма: Бір-бірімен ренжісіп қалған Арман мен Жанардың татуласуына қандай көмек берер едіңдер?
Жүректен-жүрекке
Мұғалім оқушыларды шеңберге жинап, тіл табысудың қажеттілігі мен маңыздылығын қорытындылайды.
«Балалар, бір-бірімізбен тіл табысу не үшін қажет деп ойлайсыңдар?» деген мұғалімнің сұрағына балалар өз ойларын айтып, кезекпен жауап береді.
Күтілетін жауаптар: бір-бірімізбен дос болу үшін, бір-бірімізді сыйлау үшін, бірге ойнау үшін, тапсырманы бірлесіп орындау үшін, тату-тәтті ұжым болу үшін, жақсы өмір сүру үшін, бір-бірімізді қуанту үшін, т.б.