Балалардың тілін дамытуда синоним, омоним, антоним, архаизм мен неологизмді оқыту, сөздерді үйретіп, оны жазба және ауызекі сөйлеу тілінде қолдандыра білудің маңызы зор. Бұл тақырыпты оқытуға байланысты ана тілінде синоним сөздердің алатын орнына ерекше тоқталғаны жөн. Қазақ тіліндегі синоним сөздердің саны жағынан да, синонимдік қатарының молдығы жағынан да бай екенін, кейде бір ұғымды білдіру үшін ондаған синоним сөздерді қолдануға болатынын айтып түсіндіргені жөн. Сондай-ақ синоним сөздерді дұрыс қолдана білудің жазба жұмыстарында да, ойларын жүйелі айтып беруде де алатын орнын, маңызын айту керек.
Синоним сөздерді оқыту
Балаларды шебер сөйлеуге дағдыландырып, тәрбиелеу үшін оларды тіліміздегі синоним сөздерді дұрыс пайдалана білудің жолдарын әр сабақта іске асыруды міндеттеу керек. Ол үшін, ең алдымен, мектептерде оқушыларды білетін сөздердің мағыналарын дұрыс танып, дәл жұмсай білуге дағдыландыру қажет. Әсіресе, синоним сөздердің алуан түрлі мағыналарын қалай ажыратып, оны қалай түсініп қолданатындықтарына зер салып, қадағалау керек. Балаға сөзді қалай болса, солай қолдандырмай, орынды, дұрыс қолдана, білуінше мүмкіншілік жасап, жаттығу жұмыстарын түрлендіріп отырғаны жөн.
Синоним сөздің не екенін балаларға түсіндіргені жөн. Ол үшін мына сөйлемдегі қарамен жазылған сөздерді пайдалана отырып, бұл сөздердің бір-бірінен айырмашылығының неде екенін балаларды қатыстыра отырып талдау керек.
1.Станциядан күнде товар пайызы өтеді.
1.Асқар-Сәлімнің үлкен баласы
2.Пассажир пойызы өтеді.
2.Айша-Сәкеннің тұңғыш қызы.
Бірінші қатардағы үш сөйлемдегі баяндауыш формалардың бірнеше қайталанып, берілетін ойдың аса көрікті болмай тұрғанын баса айту қажет. Екінші қатардағы сөйлемдер біріншіге қарағанда әрі тартымды, әрі айтылатын ойдың мазмұнын ашыңқырап, әрі дәлелдеп беріп тұрғанын салыстыра түсіндіру қажет. Демек, бірінші сөйлемдерде өтеді деген сөз үш рет қолданылса, екінші қатардағы «үлкен» деген сөздің мағынасы «тұңғыш, бірінші» сөздері арқылы біріне-бірі жуық сөздермен беріліп тұрғанын, сондай-ақ «баласы» деген сөзді «қызы, ұлы» деген сөздер арқылы тьүрлендіріп, ойды дәл, ұғымды, көріктендіріп тұратынын салыстыра түсіндіру пайдалы. Бұдан кейін мұғалім бірінші, тұңғыш, үлкен деген сөздердің мағынасы бір-біріне жуық жақын екенін, бірақ олардың әртүрлі формада келетінін мұндай сөздерді синоним сөздер деп атайтынын қортындылап, жинақтағаны жөн.
Енді мұғалім бірінші қатардағы сөйлемлердің өтеді деген баяндауыш формасының бірнеше рет қайталанып тұрғанын айтып, балаларды қатыстыра отырып, өтеді деген етістіктің синонимдерін таптырып, сөйлемдерді екінші қатардағыдай етіп құрастыруды талап етуі қажет. Сонда ол былай орындалуға тиіс: Станциядан күнде товар пойызы өтеді. Пассажир пойызы да тоқтайды. Күніне бір рет экспресс те келеді. Міне, осы сөйлемдерді бірінші қатардағы сөйлемдерменсалыстыра отырып, балаларға оқытып, қайсысының әрі құлаққа естілуге, әрі жазуға ыңғайлы екенін дәлелдеу қажет. Демек, бұл сөйлемдердегі өтеді, тоқтайды, келеді деген сөздердің сөйлемге көрік, ажар беріп тұрғанын таныту қажет. Тапсырманы балалар мынадай бағытта орындауға тиіс: дидар-бет,жүз, келбет,табиғат-жаратылыс, құбылыс, болмыс
тағам-ас,құрмет-сый, ат-есім, мұғалім-оқытушы, дәреже-атақ, даңқ.
Бұл сөздерді балалар сөздік дәптерлеріне жазады.
Бұдан соң осы сөздерді пайдаланып сөйлем құрастыру тапсырылады. Олар бұл тапсырманы былай орындауға тиіс:
Дидары аса жылы адам екен. Оны бет-әлпетінен тани кеттім. Әлімнің жүзі суық адам. Табиғаттың сырын зерттегелі көп ғасырлар өтті. Жаратылыс құбылысы өзгергіш, құбылғыш болып келеді. Адам жейтін тағамның түрі көп. Ас- адамның арқауы. Еңбек адамды құрметке бөлейді. Ерінбей еңбек еткен адам сыйлы болады. Бұл баланың аты –Айбек. Сенің есімің Болат қой, т.б. Бұл жұмыс түрі сыныпта оқылып, талдау жасалады. Балалардың әр сөзді қандай мағынада қолданғаны тексеріліп, кемшіліктері көрсетілуі қажет.
Мұғалім уақыттың мүмкіндігіне қарай, балаларды стильдік қатерден сақтандыру мақсатында мынадай грамматикалық тапсырманы ұйымдастыруына болады.
Тақтада мына сөйлемдер жазулы тұрады.Балалар орынсыз қолданған сөйлемді тауып, оның орнына керекті сөздерді жазуы тиіс.Мысалы: Кешке жақын ауылдан алыс жердегі өзенге түйемен бардық. Олар бізден алыс тұрады. Асқардың үйі қаладан алыс тұрады. Олар темір жол бойынан алыс тұрады. Балалар сөйлемдегі алыс деген сөздің бірнеше рет қайталанғанын біліп, олар мына сөздерді жазуы тиіс: қашық, алыс, шалғай, аулақ, т.б.
Бұл сабақта балаларды ауызша сөйлетіп үйрету мақсатында синоним ойынын былайша ұйымдастыруға болады. Мұғалім негізгі сөзді өзі айтып тұрады да, оның синонимін балалар табады. Тақтада екі оқушы бұл ойынның нәтижесін жазып тұрады. Сонда: кедей-ештеңесі жоқ, нашар, жақын-таяу, келешек-болашақ, жылдам-тез, шапшаң.
Синоним сөздерді оқытуға байланысты тіліміздегі қос сөз ретінде кездесетін сөздердің бір сыңары ерекшесіне синоним болатын түрлерімен таныстырып, ондай сөздердің этимологиясына түсінік беріп отырғаны жөн. Мысалы: жылау-еңіреу, сықтау деген сөздердің қос сөзбен келген түрі-жылап-сықтап; некен-жалғыз, жарым, саяқ, оның қос сөзбен келетін түрі –жора-жолас.
Балалардың сөздік дәптеріне мынадай сөздердің этимологиясын жаздыруға болады: жылау-сықтау , сықтау-алтай тілінде жылау, еңіреу деген сөз. некен-саяқ-
некен-қалмақ тілінде бір, жалғыз деген сөз- жора-жолдас
жора-түркмен, өзбек, қырғыз, ұйғыр тілінде жолдас деген сөз.
Сөйтіп, мұғалім синоним сөздер деп мағынасы жағынан бір-біріне жуық, өзара мәндес, бір ұғымды әртүрлі жақтан белгілейтін атауларды білдіретінін қортындылап айтады. Сондықтан балалардың синоним болатын сөздерді жете білу керектігін лексикасы синонимдерге бай адам сөз мағыналарының арасындағы айырмашылықтарды дұрыс түсініп, оның жазғаны немесе сөйлеген сөзі дәл, анық, тартымды, әрі келісті, мәнерлі болатынын баса айтып түсіндіреді. Сондықтан оқушыларға синоним сөздерді жазу және сөйлеу тілінде жиі, көп қолдануды міндеттеу қажет.
Омоним сөздерді оқыту
Синоним сөздер сияқты, омоним сөздерді үйретудің маңызы зор. Омоним сөздерді үйретудегі негізгі мақсат-баланың сөздік қорын дамыту, тілімдегі түрі бірдей, мағынасы басқаша, бөлек болып келетін сөздерді таныту, үйрету.
Ең алдымен, «омоним» деген терминнің не екенін түсіндіруі қажет.Яғни, омоним деген сөз грек тілінің «бірдей, біркелкі» деген мағынадағы homos деген сөзі мен «ат, атау» деген мағынаны білдіретін «onyma» деген сөздерінен жасалған термин екенін айту керек, сондай-ақ мұғалім қазақ тілінің омоним сөздерге бай екенін айтуы тиіс.Омоним болатын сөздердің сыртқы түрі (формасы) бір, ұқсас болғанымен, олардың беретін мағыгнасы басқа, бөлек болатынын түсіндіреді. Мысалы, ай деген сөздің бірнеше мағынада қолданылатынын балаларға ауызша түсіндіру қажет. Ай Жерді, Күнді айналып, түнде жерге жарық сәуле беретін аспандағы планета. Мысалы: Желсіз түнде жарық ай, сәулесі суда дірілдеп (Абай). Ай- бұл да заттың атауын білдіреді. Жылдың он екіден бір бөлігін көрсететін мезгіл (30 күн). Мысалы, қаңтар айы суық келеді. Мысалы:
жүз-сан есім. Ауылдың жүз жылқысы бар.
жүз-өң, әлпет, бет. Мысалы: Оның жүзі суықтан тотығыпты.
жүз-етістік-малты. Балық суда жүзеді.
Міне, мұғалім ай, жүз деген сөздердің осындай бес түрлі орында қолданылатынын түсіндіреді.
Оқушылардың омоним сөздерді қалай меңгеретінін байқау мақсатында келесі грамматикалық тапсырма береді. Оны балалар дәптерлеріне орындайды. Мысалы:, қол, бас, ер, ашық деген сөздер қандай мағынада қолданылады? Сөйлеммен мысал келтіріңдер. Балалар бұл тапсырманы былай орындауға тиіс: Асқар қол алысып амандасты. Батыстан қалың қол қаптап келеді. Айша басына жалаң орамал салыпты. Аяғыңды жайлап бас. Менің артымнан ер. Атқа ер сал. Ол батыр, ер адам. Оның қолы ашық болды. Дүкен ашық екен. Екі-үш баланың жұмысы сыныпта талданады.
Үйге тапсырма ретінде «дәрі, сыр, сүз жирен» сөздерінің қандай мағынада қолданылатынын біліп, сөйлем құрап келуді тапсыруға болады.
Антоним сөздерді оқыту
Антоним сөздерді оқыта отырып, балалардың тілін дамытудағы пайдасы зор. Тілімізде мағынасы қарама-қарсы сөздердің көп екенін айта келіп, мұндай сөздерді антоним сөздер деп айтатынын,антоним грек тілінен «анти» -«қарсы» және опута –«ат, атау» деген сөздерінен түсіндіру артық етпейді.
Балаларға тіліміздегі антоним сөздерді түсіндірудегі, үйретудегі негізгі мақсат-нәрсенің, заттың нақты мағынасын, оның қарама-қарсы мағынасы арқылы түсіндіру, сондай-ақ балаларға антонимдердің стилистикалық қызметі жағынан алатын орнын, маңызын түсіндірген жөн. «Қарама-қарсы құбылыстарды салыстыруда, оларды бір-бірімен қатар қойып, шеңдестіруде және оны тәсіл арқылы айтылатын ойды тайға таңба басқандай етіп түсіндіруде антонимдер айрықша қызмет атқарады». Қазақ тіліндегі антоним сөздер есім, үстеу, етістіктерден де ұшырасады. Антоним сөздер мақал-мәтелдерде де жиі қолданылатынын да оқушыларға сабақ үстінде айту артық етпейді.
Мұғалім мына сөздердің балалардың сөздік дәптерлеріне жаздырып, оның қарсы мағынасын таптырады. Мысалы: кәрі-жас, кең-тар, биік-аласа, жақсы-жаман, таза-лас, жылы-суық, жұмсақ-қатты, пайда-зиян, бай-кедей, шын-өтірік, дұрыс-бұрыс т.б.
Антоним сөздерді балаларға көбірек үйрету,білдіру мақсатында мынадай сөздердің қарсы мағынасын сөйлем арқылы таптыру қажет. Мысалы, тату, бақ, тарлық, ерте, жоғары, қалың, шаш, қорқақ, түн, кещ т.б. Сонда балалар сөздердің қарсы мағынасын мынадай сөйлемдер арқылы беруі мүмкін: Ербол інісі Айбекпен тату ойнайды. Адамның бағы –оның білімі. Ол бұл кітапты білуге тарлық білдірді. Ерте тұрып мектепке бардым. Біздің үй мектептен жоғары тұрады. Хайуандардың ішіндегі ең қорқағы-қоян. Түн қараңғысы енді басталды. Иса бүгін үйге кеш оралды, т.б. Ауызша тіл дамыту мақсатында зат есімнен болатын антоним сөздерді балаларға ойдан таптыруына болады. Оны балалар дәптеріне жазады.Мысалы, мынадай зат есімді атауы мүмкін: өмір-өлім, алғыс-қарғыс, пайда-зиян, өтірік-шын, бақ-сор, оңтүстік-солтүстік, қосу-алу, т.б.
Архаизм мен неологизмді оқыту
Тіліміздегі ескірген және жаңадан пайда болған сөздерді балалардың активті сөздігіне енгізіп, олардың тілін дамытуға болады.
Мұғалім архаизм тақырыбын оқыта отырып, оны түсіндіруі қажет. Егер бала архаизмді дұрыс түсініп меңгерсе, келесі оқылатын грамматикалық жаттығуларда, мәтіндерде әдебиеттік оқу материалдарында кездесетін көнерген сөздердіжинап, оларды білуге ынтасы артады. Сондықтан бұл тақырыпты өту барысында тіліміздегі бірқатар архаизм сөздерді түсіндіріп, олардың мағынасына талдау жасаған жөн.
Би-дау-жанжалға билік айту үшін үстем таптың қолдауымен сайланған өкіл.
Мысалы:
Би болған, болыс болған өнер емес,
Еңбектің бұдан өзге бәрі жалған.
(Абай)
Бұдан кейін неологизм сөздерді түсіндіру қажет.Мұғалім неологизм сөздер деп жаңа ұғымдарға байланысты пайда болған тың сөздерді атьайтынын түсіндіруі қажет. Мысалы, кеңес, комсоиол, пионер, зауыт,, фабрика, Кеңес Одағының Батыры, Социолистік Еңбек Ері, ғарышкер, ғарыш айлағы, зымыран, жер серігі, айға ұшу, айға қону, т.б.
Мұғалімнің балаларға осы сөздерді кірістіріп сөйлем құрастыруына болады.